Қолдан жасалған қате

Жанар ӘБДІШОВА

1950 жылы дүниеге келген. Тұңғыш әңгімелері 1984 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Арман қанатында» атты жас жазушылардың жинағында жарық көрген. 2014 жылы «Өмір сүргім келеді», 2017 жылы «Өмір сүрсем…кеш емес» атты әңгімелер топтамасы жарық көрді. Оқырмандар жылы қабылдады. Туындылары мерзімді басылымдарда жиі жарияланып тұрады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ыстық күннен шаршап шалдыққан, жолаушылары аузы мұрнынан шыға толған автобус ыңыранып, Райымбек батырдың кесенесінің қасынан өтіп бара жатқанда, орта жастағы әйел сөмкесін кеудесіне қысып, алақанын жайып: «Бисмилла Рахман Рахим, ля иллаһи илла Алла! Иә, Жаратқан Ием! Райымбек атамның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас болсын. Біз сияқты үрім бұтағын желеп жебеп жүрсін!» − деп, күбір етіп, бетін сипап, «Аумин!» деді. Қасында отырған жігіт:
− Күнаһар болмаңыз! – деп гүр ете түсті.
− Иә, ненің күнәһары!? – деді әйел аңтарылып.
− Неге сіз аруақтан көмек сұрап, жалбарынып, ширик жасайсыз? – деді өңі сұрланып. – Неге аруақты Аллаһқа жабыстырып, теңейсіз? Ол – күнә! Бахара сүресін оқыңыз, сонда түсінесіз! – деді алая қарап.
− Әй, інішек! Мен Алла Тағалаға аруақты теңеп тұрған жоқпын. Екеуінің пенденің жүрегіндегі орны екі бөлек! Сен менің сөздерімді бұрмалама! Сосын… осыншама кең даламызды жаудан қорғап, ұрысқа шыққанда, ата-бабамыз аруақ шақырып, рухтанған ғой… Енді, сен, немене, «бүйректен сирақ шығарып», көктен түскендей болып отырсың? Қайдан шыққан немесің? Қазақсың ба? І і м… – дей беріп еді, Жігіт көзі адырайып:
− Мұсылманмын. Мұсылмандар бөлін-бейді. Сіздікі – ширик! – деді ширығып, түкірігі шашырап.
− Фу, ары қарап сөйлеші! – деді әйел жақтыртпай, беторамалын алып, тыржиып, бетін сүртіп.
− Жоқ! – деді жігіт өзеуреп, әйелдің сөзін бөліп, − айтыңызшы, әкеңіз бар ма? – деді. Әйел мырс етті, оған мысқылдай қарап:
− Көп болды… бақилыққа кеткеніне, –деді.
− Міне, айталық, осы әкеңіз сізге не көмек береді? Айталық, сізге тиын тебен бере ме? – деді жеп жіберердей төне қарап.
− Жоқ, − деді ол, − материалдық көмек бермесе де, түсіме жиі кіріп, ылғи қорғап қоршап, желеп жебеп жүреді, − деп, үнсіз қалды.
…Есіне баяғыдағы оқиға түсті… Жұмысқа орналасқаннан соң, қасында отыратын, жасы қырыққа таяп қалған кәрі қыз Мәнсия қит етсе бұған тиісе беретін болды. Қасындағылар ыржаң қағып, оны қоштайды, себебі ол − бастықтың балдызы. Ол сөзін: «Күйеуге тиген сен болсаң…»… – деп бастайды. Біресе шашын, біресе арықтығын, біресе киімін тілге тиек етіп, кекетіп мұқатып отыратын болды.
Басында не дерін білмей, бір жағы қалжыңы шығар деп, үндемей жүрді. Ол кезде нарық заманындағыдай әр жерде дүкен жоқ, алда жалда нан ала алмай қалсаң, көршіден нан сұрап жей беретін кез. Бір күні үй толған қонаққа бес алты бөлкені бірден алып келген бұған қарап, ығы жығы, сап сары тістерін көрсетіп, ішін басып, қиқылдап, ал, күлсін кеп, ал, күлсін кеп… «Желкеңде бір қолың болса, тағы төрт бөлке нан алар едің, қап қап… Күйеуге тиген осы болса…», − деп, тіпті, түкірігіне қақалып қалды.
−Мәнсия, − деді бұл өнебойы ашудан қалтырай түсіп, − сен құсап, тапқан таянғанымды бетіме он қабат опа қылып жағып, он құты иіс су себініп, бәрін үстіме жапсырып, жұмысқа келсем, бүкіл еркек атаулы менен көзін ала алмай қалар еді. Қанша сылансаң да, ат басқан сары бақа құсап тұрсың… Түріңнен жүрегім айниды. Сыртыңды сылай бергенше, жандүниеңді байытсаңшы. Сонда, мүмкін, қалай болса солай сөйлемес едің.
Ата енемді, екі кішкентайымды бағып, күнде шақырылмаған он шақты қонақты күтіп, пәтер жалдап, ит өлген жерден жұмысқа келіп жүрген менде не жұмысың бар? Иә, шаршап жүрмін. Қиын болып жатыр. Ал, сен ше? Ішің пысқаннан кімге тиісеріңді білмей, аласұрып отырсың. Шал да болса, біреудің етегінен ұстасаңшы. Сонда білесің, әйел болудың, ана болудың, нан тасудың, шаршаудың не екенін!? – деді сұрланып.
Соншалықты салмақпен, соншалықты баппен айтқаны сондай, кабинеттегі он шақты әйел бастарын көтеріп қарап қалды. Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Осы кезде Мәнсия қолындағы қаламын лақтырып жіберіп, ботадай боздап, сыртқа жүгіре жөнелді. Артынан шашбауын көтеріп жүретін екеуі кетті бүлкілдеп… Жасы үлкен әйелдер кінәлап, «Сонша қатты айтқаның не?» дегендей кінә артты. Сонымен бәрі басылғандай болды. Мәнсия да бұрынғыдай бұған қараптан қарап ұрынбайтын болды. Жұмыс орнын нөсердің алдындағы тымырсық тыныштықтай бір күй, бір үнсіздік жайлап алды.
Бір күні таңертең жұмысқа келгенінде, кабинеттегілердің өзіне қадала қарап, тағатсыздана күтіп отырғанын байқады. «Кешіктім бе?» деп, сағатына қараса, әлі бір екі минут бар екен. Соның арасынша бастығы:
− Бар, жүгір, директор шақырып жатыр, − деді.
Жүрегі бір жамандықтың болғанын сезгендей суылдап кетті. Бастықтың кабинетіне бара жатып, түндегі көрген түсін есіне түсірді. …Жұмысқа асығып, үйден шығып барады екен дейді. Асығыс үсігіс костюмін киеді, кетіп бара жатып, қалтасын сипаса түйреуіш түйреулі тұр. «Жұмыстағылар көрсе, күледі ғой…» деген оймен оны шешіп, қалтасына қолын салса, бір қағаз тұр. Ашып қараса, арасы үзілмей, моншақтай тізілген ірі-ірі әріптер көзіне оттай басылады. Соншалық анық, соншалық таныс әріптерге, әкесінің жазуына, қолтаңбасына қадалып қарап, тұрып қалыпты. «Әкем қайтыс болды емес пе? Әлде… мен шатасып қалдым ба? Бұл хат қайдан келді?» деген ой жан-дүниесінің астан-кестеңін шығарып жатыр екен, дейді.Тіпті, денесін тер басып, жүрегінің атойлап, кеудесіне симай қатты соққаны, дүрсілдегені өзіне ұйықтап жатса да, анық естілгені есіне түсті… Ол кісі өзіне арнап, былай деп хат жазыпты. «Қызым! Қандай қиыншылық болса да, мойыма! Бәрі аққан судай өтеді де кетеді!» депті… «Ой, тоба ай, бәрі жақсы болса болды ғой… Әкемнің аруағы, өзің қолдай көр!» − деді ішінен күбірлеп. Есікті қақты.
− Кіріңіз! – деген бастықтың дауысын естісімен, имене басып, ішке кірді, амандасты.
Бастық бұған шатынай қарап, амандықтың орнына, қолындағы кітаптың бүктелген бетін ашып, қатқыл дауыспен:
− Көр! – деді ұсынып.
Аздап діріл жайлаған денесін әрең игеріп, кітапты алды. Асты қызыл қарындашпен сызылған «Социалисік, Отын» деген сөздер көзіне шоқтай басылып, кеудесін күйдіріп барады. Қарап тұрып, көзі қарауытқандай болды. Денесі дірілдеп кетті. Тіпті, тізесі ұстамай бара жатқандай болған соң, столға сүйенді. «Ой, Алла ай, қалайша редактор да, мен де осындай үлкен әріптермен тасқа басылып, бадырайып тұрған сөздердегі қатені көрмей қалдық!» – деген ой санасын прожектордай осып-осып кетті. Маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті. Үңіліп көрді.
− Сен тексердің бе осы жұмысты? Қасыңдағы әріптестерің «Шаршап шалдығып, ұйқылы ояу жүреді!» дейді ғой сені…
− Алдында екі рет оқығанымда да, кейін қарағанымда да бұндай қателер болмаған, − деді бастыққа жалтақтай қарап, даусы әрең шығып.
− Онда қайдан шықты? Арызыңды жаз! Бір күн де ұстай алмаймын сені, мынандай қатеден кейін… Осы, сен, КазГУ-ды қызыл дипломмен бітірдің емес пе? – деді бастық зілденіп. Бұның жауабын күтпей: – Өз еркіңмен кетесің жұмыстан, қателерің үшін еңбек ақыңды ұстап қаламыз! – деді.
Бұл болса, еденге шегеленіп қалғандай, бағжиып, кітаптағы қате кеткен сөздерге қадалып қалыпты. Ол қателер дірілдей соққан жүрегіне шегедей қадалып, кеудесін қақырата сөгіп, жазылып жатқандай әсер етті. Миында да, үні шықпаған тілінің ұшында да, бүкіл болмысында…турникте шыр айналған спортсменнің сұлбасындай «Қалайша!? Қалайша? Мүмкін емес!» деген сөздер сан мәрте қайталанады…
− Бара бер! Арызыңды жазып алып кел! – деді бастық шаршаңқы дауыспен. Сол кезде телефон шылдыр ете түсті.
− Ассалаумағале е йкум! Аға! – бастықтың даусы жарқын шықты. – Менің қызымның халі қалай дейсіз бе? А а, Майгүл ме? Фамилиясы?… Жақсы, аға! Иә, жұмыс істеп жүр. Жарайды, аға! Қамқорлық жасаймын. Қам жемеңіз! – деген сөздерді естіді.
Лып етіп шығып кетуге шамасы келмей, бар күшін жиып, ілбіп есікке жетіп, тұтқаны ұстай бергені сол еді… бастық телефонның тұтқасын орнына қойып жатып, саусағын елбірете көтеріп, «тоқта!» дегендей ишара жасады.
− Ақан аға саған кім болады? – деді таң қалған кейіппен бұған қадалып.
Қалтиып тұрып қалған Майгүлдің тілі таңдайына жабысып, үні шықпай қалды. Әрең дегенде, жұтынып барып, бәсең үнмен:
− Менің ағам, − деді.
− Онда, анау Алтынбек неге сені «орналас-тырып бер!» деп жүгіріп жүр? – деді әлденеге көңілі толмағандай қоңылтақсыған үнмен.
− Ағам ол кісіні шақырып алып, «Сен ақынсың, мына қызымды саған тапсырамын, «жазушы боламын» деп, талаптанып жүрген талантты жастардың қатарынан… ақын досыңа апарып, жұмысқа орналастыр, қамқор болып жүр!» деп тапсырма берген, − деді үні әрең шығып.
Бастық қолындағы қаламсаппен столды тықылдатып біраз отырды да:
− Жарайды! Жұмыс орныңа бара бер! Арыз жазбай ақ қой! Бірақ жалақыңнан жиырма бес пайыз ұстап қаламыз.Оны ағаға айтпай-ақ қой!– деді. − Жазғандарың бар ма? – деді.
− Бар, аға! Тек машинкаға басу керек, − деді көзі жарқ ете түсіп, даусы жарқын шығып.
Бастық таң қалғандай, әнтек басын көтеріп қарап қалды да:
− Бар, жұмысыңа кіріс, − деді.
− Рақмет, аға! – деді ол үні әрең шығып. Сондай қате жіберіп тұрып, әңгімелерін сұрағанда, даусының қатты шығып кеткеніне өзі де ыңғайсызданып тұр еді. Ол басын изегендей болды.
Майгүл орнына келіп, үнсіз отырды. Бөлім бастығы қансонарда тұтқиылдан орғып, күтпеген жерден алдынан шыға келген көжекті көрген алғыр тазыдай алға ұмсына жұтынып, басын көтеріп, оқып отырған жұмысын қоя салып, көзімен ішіп-жеп:
− Иә, не істейтін болдың? – деді иегін қағып, оған сұраулы көзбен қадалып. Онымен бірге кабинеттегі он алты көз де «не болды екен?» деп, оқтай қадалып тұр…
− Ештеме істемейтін болдық, − деді Майгүл төмен қарап, мырс ете түсіп. − Жұмыс істей беретін болдым, − деді жымиып, көзінің қиығымен бәріне барлай қарап.
− Не ме не е!? – деп, бөлім бастығының көзі адырайып кетті.
Сөмкесінен алған қол айнасына өзін жаңа көріп тұрғандай үңіліп, бағжиып бір қарап алып, ернін бояп, бастықтың кабинетіне қарай жорғалай жөнелді. Ауылдан келгелі жұмысқа орналаса алмай жүрген жерлес келіншекке осы орынды көздеп: «Бізде бір ваканция бар, бастықпен жақсымын, айтып көрейін», − деп қойып еді. Оның қомақты сыйлығынан да дәмелі еді… Енді, міне! Сол сөзінің орайы енді келгенде, бастық аяқ астынан кешегі «аямаймын!» деп отырған шешімінен неге айнығанын түсіне алмай, ойы онға бөлініп, санасы сан-саққа шашырап, директордың кабинетіне қарай дедектеп келе жатыр, жүгіріп келе жатыр…
Осы оқиғадан соң, кәрі қыздың кекетіп мұқатуы да, бірге істейтін әйелдердің оны қолпаштаған сөздері де пышақ кескендей сап тиылды. Тіпті, көбі ізеттілікпен қарайтын болды. Бірақ Майгүл сол өз жұмысын біліп, үнсіз жүретін.
Бұл кезде күйеуі жұмыс істеп жүрген жерінен үй алып, әңгімелері де жарық көріп, сол кездегі ең көп оқылатын журналда қызмет істеп жүрген оның ісі оңалған сияқты болғанымен, кейде сол бір жүнжіген кездері есіне түсіп, жүрегін әлдекім уысына салып, сығымдап жібергендей болады. Сол бір тайға таңба басқандай, сол кезде саяси мәні зор, бәлелі сөздерден өрескел қате кеткені ойынан бір шықпай қойды. Бір күні дәл сол қолжазбаны архивтен сұрап алып қараса, сол бет басынан аяғына дейін қайта теріліп, анау екі сөздің әдейі қате басылғанын көрді. Себебі «н» мен «ң» әрпін ажырата алмайтын тек сол ғана болатын… Байғұс редактор жігіт те «бұлай болуы мүмкін емес!» деп шырылдап еді… Ол да жазасын алған.
«Кім болса да, сондай жауыздыққа бару үшін, Құдайсыз болу керек шығар…» деген ой келген. Әйтеуір, Жаратқан Ием өзі қолдап, әкемнің аруағы желеп-жебеп, асқар таудай ағаның бір ауыз жақсы сөзі жар болды. Өтті, кетті… Қайтеді пәле қуып… Егер сол кезде осы шығармашылық ортадан кетсе, жазушы болар ма еді… бір Құдай біледі?! Жақсылар мен жайсаңдардың ортасында жүріп, талай ғибратты, ұлағатты сөздерін естіді, жақсылығын көрді.
«Құдайға шүкір!» деді ішінен.
Басын көтеріп қараса, түсетін аялдамасына да келіп қалыпты. Сары жігіт әлі балпылдап, түкірігін шашыратып, «ширик болады» деп, әлденені айтып отырғанын байқады.
− Әй, − деді ол жігітке зілдене қарап. – Сен жоққа шығарып отырған жаңа туған аймен амандасу, сәлем беру, баланың маңдайына «көз тимесін» деп күйе жағу, аруақтың желеп-жебеуі, ата-бабаны, аруақты құрметтеу, оны арулап жер қойнына беру, өлгенді жоқтау, отпен аластау – бәрі ата-бабамыздың салт-дәстүрі. Қазақтың Құдайы – жүрегінде, иманы – жан-дүниесінде. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөзді білесің бе?
«Құран Кәрімде» төмен етектілер хиджап киіп, көрден шыққан көлеңкедей, беті басын тұмшалап, қап-қара шүберекке оранып шымқансын деген сөз жоқ! Ол − анау құмы бораған, күні төбеден күйдірген арабтардың қатындарының киімі.
– Ал киелі кітапта «кең молынан киініп, таза жүрсін мұсылман баласы» деген шығар. Менің айтқан сөздерім саған ой салар деген сенімдемін. Алла Тағалам өзі жар болып, әкемнің аруағы мені желеп жебеген, оны мен анық білемін! – деп ол жігітке ызбарлана қарап, шығатын есікке беттеді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.