Сөзіңді көзің айтып тұр

Қайсар Қауымбек

1987 жылы Қытайдың Іле аймағында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін тәмәмдаған. Шығыстану ғылымдарының магистры. Бірнеше мәрте республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

 

***
Көктемдей тұнық ғұмырмын,
Көзіне толған шайырдың.
Мөп-мөлдір мұңды шырынмын,
Безінен тамған қайыңның.

Көкжиектегі қан-қызыл,
Таңалды туған жұлдызбын.
Көктемге көрпе салғызып,
Маңдайын сүйдім күн-қыздың.

Көзімді ашсаң өзің біл,
Тұншығып жатқан тұмамын.
Бұлқынып тұрған кезім бұл,
Булығып қанша жыладым!

Өзегімді удай кек қысып,
Бөрімін жортқан аулаққа.
Еркелеп ессіз, көпкүшік,
Етегіме енді жармаспа!

Қоштасу

Қызғандырмашы, мұзқалдырмашы кеудемде,
Тағдырда мынау табылу қиын жүрекке ем.
Сыздандырмашы!
Онсыз да жүрек шерменде,
Көргенде сені дір еткен.

Кетесің енді,
Жетесің енді жарыңа,
Өтесің көзден сағым боп.
Шолпандай таңда шоқ тастап менің жаныма,
Өшесің лезде жалын боп.

Алтының болған алданышыңды ескермей,
Кетесің бойда ар-намысыңды мәңгі іркіп.
Ұлысам ба екен көкжалдың мұңын кешкендей,
Бар дауысымды жаңғыртып.

Не деймін, жаным,
Өгеймін бе, әлде тірлікке,
Кедеймін бе, әлде жазығым.
Лаулаған шақта
(әттең-ай, әттең!)
білдік пе,
Тағдырдың жазған, тәңірдің жазған жазуын?!

Өртеніп, жанып өкініште өтер әр түнім,
Баянсыз бақ боп жолықтың маған несін сен?!
Бал түнін қиған,
Жар түнін қиған, жарқыным,
Алтыныңды енді кешір сен!

«Қойшы енді…» деймін өзімді-өзім жұбатып,
Қайғымнан сәтке қайтып бір.
Дегенмен, қалқам,
Төзімді сезім жылатып,
Сөзіңді көзің айтып тұр.

Аман бол енді, бағыңды мәңгі жырлайын,
Бәріне куә кірпікке қонған тамшылар.
Уыстағанмен қолыңда тұрмас құмдайын,
БАҚЫТ дегенің сол шығар!

***
Бала едік қой, бала едік, балғын ой көп,
Балалықты біліппіз мәңгі ғой деп.
Мені өсірген өзімнің «пайғамбарым»
Жолдасы еді көкеңнің қанды көйлек.

Бірге ойнадық, бірге өстік, бөлінбеуші ек,
Бүйтер ме едік сондағы көңілге ерсек?!
Қылығыңа мәз болып,
қайран атам
Тұлымыңнан иіскеп «келін» деуші ед.

Ал, мен тентек білуші ем бір бәлені,
Сол сөз үшін жүрегім құрбан еді.
Қыдырлы өмір шалдардың шарапаты,
Құлын көңіл сезімнің құндағы еді.

Бүлінді бақ,
Ақ көңіл шал да кетті,
Бөлтірік ем,
Бақты өмір,
Арлан етті.
Бұрымыңдай екіге бөлінді ірге,
Бұлттай бастан ай мен жыл аунап өтті.

Жалған өмір күттірген баққа бола,
Жалғыз жортып кетіппін жат қалаға.
Сеніміңді сезбесем, кешір мені,
Сері күнді кешірсін хақ тағала.
Жібек мінез періштем сен едің ғой,
Жетелеген жақсы аға мен едім ғой.
Адал, аңқау, о, менің махаббатым,
Аяқталмай қалған бір өлеңімдей.

Тұғырдағы құс едік шал қайырған,
Түлеп ұштың,
Алмайын шалғайыңнан.
Саған жар да, маған жат бақыт көрдім,
Менің атам иіскеген маңдайыңнан.

Көктің қызы

Саған деген сағыныш батты жанға,
Көтермейді көңілді шат-думан да.
Аспанына асыққан перизаттай,
Кете бардың оранып ақ тұманға.

Күміс бояу сәулелі кірпігіңді,
Көргенімде кеудемнен түн түрілді.
Қарманып ем, қапыда жете алмадым,
Құшағыма ақшулан бұлт ілінді.

Көктің қызы-ай, көркіңде басқа мін жоқ,
Өзің жайлы естіген дастаным көп.
Әлі күнгі айтпаған бірақ ешкім,
Сені мұнша сезімсіз, тасбауыр деп.

Саған тәңір сыйлапты-ау текке қанат,
Өзегімді өкініш өтті аралап.
Жерге қайта білсем де қонбасыңды,
Көкбөрідей ұлыдым көкке қарап.

Нілдей қара қайғыммен қан бойлаған,
Қарай-қарай қалшиып тауға айналам.
Көшті бұлттай кеудемде сағынышым,
Ескі жұрттай құлазып қалды айналам…

***

Саған мүлде апаратын жол болмай,
Және соған баруға еш қамданбай,
Құдай кешсін дәл осынау күнімді.
Саған да өмір бір махаббат сыйласын,
Бал ғұмырдың жақсылығы – сол болғай!

Сенсіз тіпті ғұмырымда мән болмай,
Және соны айтуға еш арланбай,
Құдай кессін дәл осынау тілімді,
Сені де өмір ғашық етіп қинасын,
Тағдырыңның тапшылығы – сол болғай!

***
Бөлек тағдыр екенбіз-ау, кеш білдім,
Бөлек жолда екенбіз-ау, кеш, құрбым.
Шер қозғайтын күңіренгіш қобыздың,
Шаң қонбайтын шанағындай ескірдім.

Шемен болған шер кеудемнің селісің,
Өлең қонған зор кеудемнің сорысың.
Сенің жаның ауырмайды мен үшін,
Менің жаным ауырлайды сол үшін.
Кірпігіңе кіріптармын, боданмын,
Күнәсін де білмейсің сен обалдың.
Құладүзде маңыраған Қозымын,
Құба құмнан құдық қазған Қодармын.

Қолыма енді қонбай-ақ қой, қонбасаң,
Сенен маған түсіп еді жол қашан?!
Мені қойшы, сені аяймын, «жаман» қыз,
Бүйтер ме едің шын бақытсыз болмасаң.

Өшірместей өртің қалды қоздаған,
Шешілместей сертім қалды боздаған.
Құрғыр қыз-ау, енді сені жыр етпен,
Бұл жырды да саған арнап жазбағам.

***

Қоштасып алып,
Көрмеуге серт беріп алып,
Тәңірден амандығымды сұрадың неге?!
Жек көріп алып, бір жола кектеніп алып,
Есігіңді іліп, егіліп, жыладың неге?!

Бетпе-бет келсең тағдырға зорлана күліп,
Жасырып жүрсің кеудеңде
күй барын неге?!
Келер деп мені күн сайын
жол қарап жүріп,
Сағындым деген сөзіңді қимадың неге?!

Сырласып жүрсің ал, неге өлеңімменен,
Мөлдірей берді неліктен құлын жанарың.
«Келмеші мүлде, кездеспен!»
дегеніңменен,
Терезе пердең неге өксіп, діріл қағады.

Жөнеле беріп, қолымды сілкіп тастап ап,
Бейкүнә көзді неліктен көл етіп тұрсың.
Осы бір хатты көзімше жыртып тастап ап,
Қиылап қайта, күрсініп,
нені оқып тұрсың?!!!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.