МАҚСАТ – ЖИЫН ӨТКІЗУДЕ ЕМЕС, НӘТИЖЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУДЕ

(Студенттердің кәсіби даму барысындағы әлеуметтік- психологиялық қиыншылықтары мен бейімделу мәселелері)

Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті филология факуль-тетінің түлегі. Аймақтық әлеуметтік-инно-вациялық университетінің магистранты.

Ертеңін ойлаған әрбір ата-ана баласының тәлім-тәрбиесіне, мінез-құлқының қалыптасуына жіті назар аударатыны баршаға белгілі жайт. Сол сияқты мемлекетіміз де өзінің жас ұрпағының саналы азамат, білікті маман, халқын сүйетін патриот болып қалыптасуын көздейді. Сан түрлі ғылыми зерттеулер адамның түрлі өсу және даму сатыларын зерттей отырып, әр жас кезеңіндегі сананы қалыптастыруда тәлім-тәрбие мәселесінің психологиялық ерекшеліктеріне баса назар аударады. Студенттік кез кемелденген жастық шағымен сәйкес келетіндіктен олардың саналылығы – басты көңіл бөлетін мәселе болып табылады.
Әдетте сана – психикалық бейнелеу мен өзін реттеудің жоғары деңгейі деп түсіндіріледі. Психологияда сананың мынадай сипаттамалары бар: белсенділік, интернационалдық, затқа бағытталғандық, рефлексияға қабілетті болу, мотивациялық-құндылық бағыттылығы. Сана әлеуметтік және табиғи факторлар арқылы жүзеге асады. Адам санасының қалыптасып, дамуы ежелден-ақ негізгі зерттеу объектілерінің бірі болған. Сол зерттеулердің бір бағыты – сананың құрылымы әлеуметтік-мәдени сипатқа ие дейтіндер. Онтофилогенетикалық бағыт бойынша біріккен іс-әрекет құрылымы сана құрылымын тудырады. Олар: әлеуметтік сипаттама-жанамалық, символдық, рефлекция-ға қабілеттілік, ішкі диалогизм.
Сана құбылысын ұғынуда конструктивті рөлді инвариантты құрылымдағы математика-лық идея атқарады. Бұл идея бір мәннің екіншісіне сәйкестілігін көрсетеді. Былайша айтқанда, бір мәнді және өзара бір мәнді, инвариантты, яғни бір мәннің екіншісіне толықтай сәйкестігі деген сөз.
Жастар санасының қалыптасып, дамуында әлеуметтік фактордың мәні ерекше. Қазіргі жағдайдағы әлеуметтік, экономикалық өзгерістер жастардан жоғары саналылықты талап етеді. Жалпы алғанда өзіндік сана адамның ішкі әлемін түсіну мен бағалау ретінде анықталады. Демек, ойлаған ойлары, сезімдері, тілектері, талпыныстары, қызығушылықтары, өзін тұлға ретінде сезінулері, қоршаған ортада өз орнын таба білулері және қоғамдық қатынас жүйесінде де өз қылықтарын осы негізде анықтаулары, өз міндеті мен мақсатының жүзеге асулары үшін тұлғаның өзіндік санасы күреседі. Өзіндік сана сонымен қатар іс-әрекет процесінде өңделеді. Өндірістік қарым- қатынастың психикалық іс-әрекетінде көрініс табады.
Е. В. Шорохованың зерттеулерінде өзіндік сананың басты қызметі мен өмірлік мағынасы адамның қоғамдық қатынас жүйесінде, басқа адамдармен қарым-қатынаста, жалпы қоғаммен қарым-қатынаста өзінің жүріс-тұрысы мен іс-әрекетін реттей алуы жайлы айтылған. Өзіндік сананың өзін реттеу мен өзін бақылау функциясы – адамның қоғамда өз мүмкіндігін жүзеге асырудың маңызды шарты болып табылады. Қоғамдық ортадағы адамның өзін-өзі реттей алуында тұлға қыры деп аталатын конструкцияның шартты құрылымы туралы түсінік бар. Қоғамдық сана көзқарас, түйсік, идеялар ретінде түсіндіріледі. Қоғамдық санаға мәдениет, ғылым, білім, этика, эстетика, мораль, дін, тағы басқалар кіреді. Білімнің құрылымдық кешені, қоғамдық өмірмен басқарылатын өзіндік сана сияқты қоғамдық сана да инеграциялы консерватизм дегенімізбен ол оның интенционалдық күніне байланысты болады. Ол күн – тәрбие.
В. Н. Мящисев: «Жеке бастың құрылымы үрдістердің мазмұнына қатысты екенін айта келе ол сәйкес тарихи өмірдегі түрлі жағдайға байланысты талпыну, талап қою, принциптер мен қажеттіліктерден туындайды», — деп атап көрсетеді. Демек, мемлекеттің даму сатыларында іске асыруға қажетті мәселелер студент жастардың талпынысына, қажеттілігіне айналуы тиіс. Бұл үшін жоғары оқу орындарында жеке пәндерді өту процесінде еліміздің ішкі сая-сатын іске асырып, халық байлығын еселеудегі негізгі басымдықтарын үнемі айтып, жеткізіп, ақпарат беріп отыру қажет.
Елбасының «Қазақстанның бүгінгі таңдағы идеологиялық саланың төрт шешуші басымдығы» ретінде ұсынған «Ұлттың тұрақты дамуы», «Мемлекеттіліктің нығаюы», «Халықтың бірлігі» және «Келешекке сенімі» бұрыннан жүргізіліп отырған саясатпен қатар ішкі саясатта жаңа құндылықтар мен міндеттерді нақтылауды талап етеді. Еліміздің ішкі саясаттағы басым бағыттарының бірі «Ұлттың тұрақты дамуы» туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақтілді басылым басшыларына берген сұхбатында: «Ұлтымыздың даму деңгейіне көңіліңіз тола ма?» деген сұраққа былай деп жауап берген болатын: «Біз – осы мемлекет үшін негізгі жауапкершілік жүгін өз мойнымызға алып отырған ұлтпыз. Біз – мемлекеттік ұйыстырушы ұлтпыз. Әр адам жедел жаңғырмайынша, мемлекет жедел жаңғыра алмайды. Тұтас ұлт бәсекеге қабілетті болмайынша, мемлекет әлемдік экономика мен қоғамдастыққа кіріге алмайды. Біз үйренетін ұлттан үйрететін ұлтқа айналуымыз керек. Үйренетіні бардың ғана үйретері болады. Үйрететін ұлтқа айналу – қазақ ұлт ретінде сапалық тұрғыдан жаңа сипатқа ауысуы керек деген сөз. Ол үшін ұлттың өзі жаңғыруға тиіс. Іштей түлеуге тиіс. Бұл оңай емес. Адамның өзгеруінің өзі оңай емес. Ұлтты жаңғырту ұзаққа созылады. Бұл – экономиканы жаңғыртудан әлдеқайда қиын міндет. Бірақ өзі жаңғырған ұлттың экономиканы жаңғыртуы да жеңілге түседі [1].
«Мемлекеттіліктің нығаюы» басым-дығы да ел алдындағы тұрған нақты міндеттерді шешу кезінде біздің көпұлтты ерекшеліктерімізді ескеруге және жастардың саналылығына байланысты. Мемлекеттіліктің нығаюы экономикалық және саяси табыстарға келіп тірелсе, бұл жетістіктерге жету ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің нәтижесінде болып отырғаны әлем жұртшылығына аян.
«Халықтың бірлігі» мен «Келешекке деген сенім» басымдықтары да бір-бірімен астасқан ұғым. Халықтың бірлігі ортақ табыстарға бірлесе қол жеткізуге мүмкіндік берумен қатар алға қойған мақсаттар мен міндеттерді түсінудегі және қолдау көрсетудегі бірлігін де білдіреді. Біздің осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктеріміз халықтың бірлігі мен татулығының негізінде екенін жастар жете сезінуге тиіс. Студенттер философия, әлеуметтану, тарих, педагогика, психология, тағы басқа пәндер бойынша білім стандарттарын меңгеру барысында еліміздің рухын көтеретін осындай мәселелерді жан-жақты талдап, ой елегінен өткізу арқылы әлеуметтік мәселелерді терең түсіне алады. Жоғары оқу орындарының басты мақсаты – студент жас-тарды білімді де саналы азамат етіп тәрбиелеу. Білім алу арқылы адам түсінігінің өзгеруімен қатар санасы да дамиды [2].
Жеке бастың құрылымы, жалпы ерекшеліктері туралы психолог К. К. Платонов мынадай тұжырым жасайды: «Әлеуметтік жағдайға байланысты ерекшелік, бағыттылық, моральдық сапалар, биологиялық жағдайға байланысты темперамент, инстинг, нышан, қарапайым қажеттіліктер, тәжірибе игерген білім, білік, дағдының көлемі мен сапасы, түрлі психикалық процестердің дара ерекшеліктері болып табылады», – деп жазады. В. Н. Мясищев жеке бастың қалыптасып, дамуында адамның талпынысын, қойылатын талаптар мен ұстаным және қажеттіліктерді айрықша атап көрсетеді.
Жоғары оқу орындарындағы мұндай ізгілікті де игілікті іс-шаралармен қатар мемлекеттік деңгейде Отан-Ананы сүюге, еңбекті құрметтеуге, мамандық таңдауға, азаматтық келісімді сақтауға, тағы басқа да рухани құндылықтарға тәрбиелейтін бағдарламалар кестесін жасау қажеттігі туындайды. Бұған бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен тарту жұмысын жүйелі жүргізудің рөлі ерекше.
«Қазақстан Студенттер Альянсы» республикалық қозғалысы студент жас-тар қозғалысының белсенділігін арттыру, білім беру сапасын талқылау, студенттердің жұмыспен қамтылуы және студенттік құрылыс жасақтарының жұмысын жандандыру, жастардың бос уақытын, шығармашылығын және студенттік өзін-өзі басқаруын ұйымдастыру, студенттердің әлеуметтік және құқықтық мүдделерін қорғау, студенттік ақпараттық кеңістікті дамыту жолында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Еліміздің барлық жоғары оқу орындарында олардың өкілдіктері жұмыс істейді. Мәселен, Астанадағы Лев Николаевич Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің әлеуметтік ғылымдар факультетінде студенттердің әлеуметтенуі, ел өміріне етене араласуы, әлеуметтік жағдайлары көмек көрсетуді талап ететін түрлі топтарға қамқорлық жасауды жүйелі түрде іске асырып жүрген «Шырақ» деп аталатын клуб бар. Оның ұйымдастыратын ізгілікті де игілікті іс-шараларына студенттер белсене қатысады. Әсіресе, жатақханада тұратын студенттердің өзін-өзі танып, өзін-өзі ұйымдастыра білуіне көмек көрсетуде топ кураторлары аянбай еңбек етуде.
Мәселен, 050905 – әлеуметтік жұмыс мамандығы бойынша І курста оқитын 28 студенттің дара ерекшеліктерін, олардың қызығушылықтары мен мақсаттарын куратор Г. Айқынбаева студентердің ата-анасындай өте жақсы біледі. Студенттер алғаш бір-бірімен танысқан күннен бастап куратор оларды ұйымшылдыққа, бірлікке, Отанымыздың шынайы патриоты болуға жалықпай үйретуде және әлі де оларға үлгі бола білуде. Еуразия Ұлттық университетінің әлеуметтік ғылымдар факультетінде студенттерді ұжымға, өзі оқитын білім ордасына үйрету алғаш рет салтанатты түрде студенттікке қабылдаудан бастап оқуын бітіргенге дейін жоспарға сәйкес жүйелі түрде жүргізіледі. Студент жастарды толғандыратын өзекті мәселелер төңірегінде ай сайын «дөңгелек үстел» мәжілістері, пікірсайыстар, семинарлар өткізіліп тұрады. Сонымен қатар астанаға ат басын тіреген шетелдік мемлекет басшылары мен қоғам қайраткерлерімен болатын кездесулер олардың әлеуметтенуінде ерекше орын алады. Осындай кездесулерден кейін студенттердің жақсы өмір сүруге деген құлшынысы, терең білім алуға деген талпынысы, көзқарастары мен ой толғаныстары барынша арта түседі.
Идеология көп жағдайда халықты, ұлтты қиыншылықты жеңуге жұмылдыруда тиімді қызмет атқаратыны тарихтан белгілі. Бұл мәселені жүзеге асыруда жоғары оқу орындарының студенттерімен жүргізілетін ізгілікті де игілікті іс-шаралар мен білім беру процесінің алар орны ерекше. Ең бастысы – әр студент өз міндетін, өзіне тапсырылған қызметті өз арының алдында, ел алдында адал атқаруға ден қойса, бұған қол жеткізу қиындық тудырмайды. Идеология ұлттың бойында саналы түрде, өз еркімен, құлшыныспен, патриоттық сезіммен орын алғанда ғана тиімді қызмет етеді. Сонымен қатар саналы идеолог болу ең алдымен патриоттық тәрбие беруге келіп тіреледі. Әрбір адам біздің мемлекетіміздің бай тарихына, болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін жасауы қажет.
Біздің еліміздегі өзекті мәселелер, оның келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуға тиіс. Сонымен қатар бұл міндет білім беру, мәдениет мекемелерінің, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жүйесіне, әрбір отбасына қатысты. Ол еліміздің Туын, елтаңбасын, әнұранын қастерлеуден, заңды, Үкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау алады. Әрбір адам бала кезінен «Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын!» деген қарапайым сезімді бойына сіңіріп өсетіндей жағдай жасау – жоғары оқу орындары профессор-оқытушыларының басты міндеті. Бұл міндетті жүзеге асыруда қолда бар барлық мүмкіндікті тиімді пайдалану керек. Жастардың әлеуметтеніп, отаншылдық санасының қалыптасуында жоғары оқу орындарымен қатар қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар да бұл істен сырт қалмауы тиіс. Мақсат – жиын өткізіп, атқарылған жұмыстардың «бар екенін көрсету» емес, оның нәтижесі мен тиімділігіне, рефлексивтілігіне баса назар аударған жөн.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.