«Әне кетті, міне кетті, кетті өлең»

Ерқанат Кеңесбекұлы

1986 жылы Қарағанды облысында дүниеге келді. Қазіргі уақытта өлең жанрында еңбек етумен қатар, шет ел ақындарының мұраларын қазақ тілінде сөйлетіп жүр.

Юрий Визбордан
Сөз

Мына жаңбырдың не айтқысы келеді?
Күнәдан бір тазарды жер.
Үнсіздік…
Тамшылардың дауысынан себебі,
Таңғажайып сырлар ұғып күрсіндік.

Мына біздің не айтқымыз келеді?
Мылқау айға мойын бұрдық.
Үнсіздік…
Аппақ түннің от қарыған дерегі,
Екеумізді таңырқатты мұңсыз ғып.

Мына сіздің не айтқыңыз келеді?
Сұлулықты баян еткен ақ көйлек…
Алақаннан жауын иісі өнеді:
«Сезімдері сәби сынды пәк қой», – деп.

Мына жолдар не айтқысы келеді?
Махаббаттың мейрамына нұсқады.
Бұлт ішінен жұлдыз жанып сөнеді,
Тамшы күліп терезеңнен тысқары…

Шырағдан

Қарапайым заттардан сабыр іздеп,
Қас қарайса кеудеміз жанын үзбек…
Періште көр түсіңде терезеден,
Пеш түбінде алаулар жалынбыз деп.

Шырағдан күзеткен қараңғы түн:
Ол да біздік ғұмырдай қараңғы-тын.
Тағдыр менен тағдырдың басын қосып,
Сәуле болып санаңда жанам бүгін.

Бал шақтардың тәттісін, тұнықтарын;
Қағидасын фәнидің ғұрыптарын;
Біз өртеген өкініш өткенің мен
бізді өртеген уақыттың ұмыт бәрін…

Аққу қанат пейілмен әзілдесіп,
Лүпілінен жүректің ән үндесіп.
Кектескеннің кегін де кешір жаным,
Бізді кешкен пенденің бәрін кешіп.

Мен берген түн кілтінен сағым іздеп,
Қас қарайса кеудеміз жанын үзбек.
Періште көр түсіңде терезеден,
Пеш түбінде алаулар жалынбыз деп…

Қоштасу

Қоштасар сәт келді, достарым!
Гитара шаршады.
Тынықсын.
Назырқау, сағыныш астарын,
жеті ішек ұғынбай кім ұқсын?!
Жолдардың көкшимай дастанын
сезінсін.
Кеудеміз шынықсын.
Жеті ішек шырқаған саздарын
дәл біздей түсініп кім ұқсын…

Қоштасар сәт келді, бауырлар!
Тосады қайсыңды қай тағдыр?
Жүгіміз жеңілдер,
Ауырлар,
Қоштасу вальсін айтам бір.
Ақиқат аулына адымдар,
Санаға тамызық ой жаңбыр.
Достасу үшін де, наныңдар.
Қоштасу вальсін айтам бір.

Самайды ақ қырау шалғанда,
Қоштасу әніне салам ғой.
Көктем қыз бет бұрды маған да,
Күз еріп, жаңарды санамда ой.
Ару кеп қолымнан алғанда,
Оған да бір жауап табам ғой.
«Елуге енді кеп қалғанда,
Жиырмадан асқаның обал ғой…»

Көлге барып қайтайықшы

Әлдекімге айтамыз деп ән ізгі,
Әлденеше тоздырғанмен дәлізді.
Әлдеқашан өтегенмен қарызды,
Тағдыр бізді елемейтін тәрізді…

Жыл құсындай жылдар ұшып не түрлі,
Дос көп еді.
Сетінеді.
Не тынды?
Балапаның қанат қақты.
Бекінді.
Уақыт беттен сүймейтұғын секілді.

Ғұмыр бақи дәлелдеумен бағаңды,
Өзің емдеп, өзің жазып жараңды,
Серіппедей сергіткенмен санаңды.
Қас қарайып, түседі екен қараңғы…

Шұлығында тығылсақ та тұрмыстың,
Жұмырында жұтылсақ та жұмыстың.
Жүзінде ойнап жүгірсек те қылыштың,
Көлге барып қайтайықшы бір үш күн.
Өткеріп ап елегіңнен өткенді,
Кімдер сатқын,
Кімге жаның кектенді.
Кешірумен,
Кешуменен өткелді,
Саумал демін жұтайықшы көктемгі.

Қамыстай боп су бетінде көктеген.
Әне кетті,
Міне кетті,
Кетті Өлең!
Сәбидей боп еш қасірет шекпеген.
Бала болып ойнайықшы отпенен.
Әне кетті.
Міне кетті.
Кетті Өлең!

Сәуірдегі сейіл

Соңғы қар да қимай еріп қоштасты,
Оның мұңын түсінсін кім,
білсін кім?!.
Терезе жақ…
Рояль үні астасты орманменен
есіттім де күрсіндім.

Жұмбақ әуен қалықтайды сыр бермей,
Керімсал жел еркелетті бөктерді.
Менің қызым ұзатылып үлгермей,
Ұзатуда рояльда ойнап көктемді…

Жігіттер-ай!
Қозғар шақта мұңды мұң,
Дидарғайып сәттерді естен шығармай,
Көктемнен соң сүйер дейсің күзді кім,
Рояль – тағдыр сыңсып барып тынардай…

Осы мезгіл.
Осы әуен.
Желемік.
Бейкүнә қыз бармағынан бал тамды.
Біздерге де қоштасар сәт келер ұқ,
көктем қылып өткергенмен әр таңды…
А.Межировқа

Әнменен толтырып жүректі,
күйбеңді мәз-мейрам қылдырып;
Ұмытып тар қапас түнекті,
ә -ә – әп – әйбәт аулаға ұмтылып;
Жадаған тірліктің төріне
қалаған есіктен ұмсынып,
Алтынмен апталған орынтақ
буына елітіп тұншығып,
Жоғалған бақытты шақырсақ,
Есіміз бір кіріп,
бір шығып!..

Сондағы шырқалған саздар-ай!
Аңғалдық аңқыған жазғы арай.
Аздаған ақылсыз болса да,
Маздаған сезімді қозғады-ай.
Ізгілік нұрымен үздігіп,
Қайғыңды қайғыңмен жазғаны-ай.
Жаныңды жылытып шараппен,
немесе алаумен талғамай…
Түнгі зал шамдары жарқырап,
Жарқырап тылсымнан ән құрап,
Көңілден, шарпыған пейілден,
пәкизат бір үміт қалтырап:
…Сәл үнсіз сыңсыды сәнді бақ…

Әнменен толтырып жүректі,
күйбеңді мәз-мейрам қылдырып.
Ұмытып тар қапас түнекті
ә -ә – әп – әйбәт аулаға ұмтылып,
Жатаған тірліктің төріне,
қалаған есіктен ұмсынып,
Алтынмен апталған орынтақ
буына елітіп тұншығып,
Жоғалған бақытты шақырсақ,
Есіміз бір кіріп,
бір шығып!

***
Жанарынан жас тамып түннің дөңгелек,
Бір жапырақ құлазыр айды мұңайтып.
Аппақ-аппақ қар құлар – үлбір көбелек,
Жадыратар қаланы қайрымын айтып.

Жер бауырлап шөгеді бұлттар көшіп кеп,
Желтоқсанның желкеніндей жаға көтеріп.
Кәрі төбет көздерімен күрт арбасып кеп,
Жарық басқан маңайды шолады келіп.

Беу, ғұмырды бастасақ па бәрін басынан,
Күрке тігіп жағалауға жағалай қонып.
Аунаймыз ғой армансыз адыр басынан,
Алыстағы алауды аралай келіп.

Жеті бақыт арқалап жеті жұлдызым,
Аппақ қарға оранған арман гүлдерім.
Сәл өзгеше ғайып боп кетуім үшін,
Сәл өзгеше өрбиді қалған күндерім.

***

Сені жаңбыр жасырды ма екен,
Әйтеуір, тағдырың бөлек.
Мен күткен көктем аһ ұрды ма екен,
Жатпайтын сабырымды елеп.

Тек осы жазғытұрымда
жел неге
көп күрсінді екен…
Кірпияз, кінәз аз ғұмырымда
іздейтінімді
сен білсін деп ем…

Ұйқы шақырар дәрі бар дейді,
Көзіңді ілгізер қайғысыз, қамсыз.
Гитараның бір
шегі бар дейді.
Мұңнан серпіліп айығысқанбыз.

Ештеңе маған дәру болмады,
Жартас мұң жартас қалпында.
Қос тағдыр сөйтіп жолыға алмады,
сағыныш жылап артында.

Ақылман да көп жанымды жейтін,
Жалғанға жантақ
болып кір деген…
Ай сәулесінен тамырды үзбейтін
оңтүстік барып тұр деген.
Арландай зарып айға қарадым,
Қолым бұлғаған орамал – үміт.
Көзіңнен үнсіз аймалағаным,
есіңе бір күн
оралады кілт.

Сені іздеп табам шартарабыңнан,
Қаймығып қайтпай дауылдардан да.
Аспан менен жер алты алабыңнан.
Жаурап жасымай жауындардан да.

Үрпек үмітті үзбейтінің де
Ол сенің еншілесің ғой.
Өзің де мені іздейтініңді
Сен білесің ғой!..

Александр Блоктан

Ие, мен тәкәппар шығармын,
ешкімге ешуақыт сенбейтін.
Сұп-суық бір мінез шығардым
жазмыштың өзіне көнбейтін.

Өзің де дәл мендей болмап па ең,
Жұлдыздан алатын хат-хабар.
«Қараңғы орнар, – деп, – сонда әттең»,
жарыққа үмітпен жалт қарар.

Тастүнек.
Айтқаның айдай кеп,
сәулені іздейтін жүрек жоқ.
Көңілдер ашылмас шайдай боп,
өмірлер сыйламас жігерлі от.

«Өткенге өкпе жоқ» дейтіндер
жарықтың мехнатын қайтеді.
Кектескен самарқау кей түндер,
әл-әзір бітпейді-ау, әй, тегі.

Жетелеп ақ таңға ақ арман,
Елемей күншілдің әлегін.
Сенім мен үміттен нәр алған,
өзім де дәл сендей пәк едім.

Ал, қазір түк те жоқ.
Жым-жылас.
Сол жарық жұлдыз боп ағыпты.
Ізгілік орнына сырлы наз,
өткенге өкініш таңыпты.

Қалғаны – жымиыс, кекесін,
соңында өршіген кермек мұң.
Әйелдің қызартқан шекесін,
ұяты боп қана өлмекпін.

Сұп-суық темірдей төзіммен,
Сұп-суық қабірді күзетіп,
Өзіңді қалдыршы өзіңмен,
Кеткенше жаныңнан сыз өтіп.

***
Қорумен нақсүйер есігін
есімде қалмапты есімім.
Көктемгі көктүнек қоюлап,
аңсарым таппай дал шешімін.

Ышқынып сыздаған дертімнен.
Жанарым жасаурап еркімнен,
Көз алдым бұлыңғыр мұнарлар,
ойларым жаңылды сертімнен.

Сағымға сіңгендей жол анық.
Жаным да тыныштық оранып,
Көктемім көктемей сан мұңның
түбіне шөккендей қаланып.

Тоңазып етжүрек молада.
Тастүнек орнады санама.
Есімнен ақырын адасып,
Салқын леп үрледім жарама.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.