ҚҰТ – ҚОЙДЫҢ ҚҰЛАҒЫНДА

немесе қойдың басы қонаққа қалай тартылады?

Осы күні қалта телефонға қосылған уатсап арнасы да ел арасында өзара аман-саулық білісудің, естігенін, көрген-білгенін бір-біріне жеткізудің, хат-хабар алмасудың ұтқыр құралына, хабар-ошардың, жаңалықтың бір көзіне айналды емес пе. Арасында танымдық хабарлар да толып жатыр. Жақында сол уатсаптан оқыған қазақта қонаққа қойдың басын тарту тәртібі туралы әңгіме осыған қатысты бір оқиғаны есіме салды. Ол оқиғаны баяндамас бұрын уатсатпен келген аңыз әңгімемен таныс-тырайын.
Ерте заманда Сырлыбек дейтін кісінің ауылына кешқұрым қонақ келіп түседі. Қонақ кісі ит-құстың тілін білетін адам екен. Дастархан басында отырғанда сырттан ұлыған қасқырдың дауысы естіледі. Оған ит үріп жауап береді. Қонақ құлағын тіксе, қасқыр мен ит былайша тілдесіп жатыр екен.
Қасқыр:
– Әй, ит екеш, інім. Екеуміз әуелден ағайын едік. Жаратушы менің жеті несібемді түзден, бір несібемді үйден бұйыртқанын білесің. Бүгін көзім осы ауылға түсіп тұр. Маған бір қой бер.
Ит:
– Қасеке, ренжіме, туысым, менің тоқтығым – осы қойлардың амандығы. Қойды алдырсам, қожайынның алдында ұятты болмаймын ба? – деп көнбейді.
Қасқыр:
– Ендеше қонағыңның атын бер!
Ит:
– Қазір босағадан сығалаймын. Қонақ маған сүйек тастаса, атты бере алмаймын. Егер сараң болса, өзінен көрсін, ала бер.
Қонақ мұның бәрін естіп, түсініп отырады.
Бір уақытта қонаққа ет тартылды-ау дегенде ит жайлап келіп босағадан сығалайды. Аңдап отырған қонақ итті көріп, қолындағы қонаққа тартылатын бастан кейінгі қадірлі мүше – жамбас сүйегін сыртқа қарай лақтырып жібереді.
Үй иелері бұл қылықты түсінбейді. Кәде етіп сыйлап берген асымызды тепкендей, қадірлі мүше сүйекті далаға лақтырғаны несі деп іштей ренжиді.
Тамақ желініп болған соң үйдегілердің бәрі ұйқыға жатады.
Таңертең қонақ абыр-дабырдан оянып кетеді. Түнде қасқыр шауып, қорадағы қойларды айдап кетіпті. Үй иесі қынжыла қонаққа қарап:
– «Қонақ жақсы болса, қой егіз табады, жаман болса, қораға қасқыр шабады» деген. Пиғылың лас адам екенсің, – деп ренішін жасырмайды. Ол кеше қонақтың жамбасты сыртқа лақтырғанын жаман ырымға балайды.
Қонақ ештеңе айтпай сабыр сақтағаны-мен, іштей алаңдап сыртқа шығады. Айналаға көз салса, батысқа қарай кеткен екі ізді, шығысқа кеткен төрт ізді байқайды. Көңілі орнына түсіп, үй иесіне:
– Қам жемеңіз, қойларыңыз аман, шығыс жақта жайылып жүр. Ал, итіңіз батыс жақта қасқырмен арпалысып жатыр. Бірақ ол жаққа итіңіздің арт жағынан бара көрмеңіз. Итіңіз ием келді деп артына алаңдаған сәтте қасқырға алдырып қоюы мүмкін. Қасқырдың арт жағынан барыңыз. Ол адам келді ме деп артына қарайды, сол сәтте ит бас салады, – деп кеңес береді.
Сырлыбек қонақтың айтқанына көзін жеткізбек болып, оны ертіп қасқырдың ізімен барады. Айтқандай, ит пен қасқыр бірін-бірі ала алмай, көзбен арбасып тұр екен. Қасқыр ту сыртынан келе жатқан адамды иісінен сезіп, жалт қараған сәтте ит оның тамағынан шап береді. Қасқыр мерт болады.
Сырлыбек енді қонағын ертіп шығыс жаққа барса, қойлары аман, сайда жайылып жүр екен. Тіпті буаз қойы егіз қоздапты, қошақандарын емізіп тұр.
Сырлыбек қатты қуанады, бағана қонағына айтқан зілді сөзі үшін ұялады.
– Ашумен айтқан сөзімді кешіріңіз. Иә, жақсы қонақ келсе, қой егіз табады екен. Сіз тегін адам болмадыңыз. Кешіріп, тағы бір күн қонақ болыңыз, – дейді қиылып.
Қонақ тағы бір күн қонақтайды. Ертесіне қожайын қонақтан не сый қалайтынын сұрайды.
– Итке қатты қызығушы едім, көңілім бөрібасарыңызға ауып тұр. Қарғысын ұстатсаңыз, жетектеп кетер едім, – дейді қонақ.
Сырлыбек бұл өтінішті қоңылтақсып:
– Итіңіз не, марқа қой берейін, жылқы жетектетейін, – дейді.
– Жоқ, мырза көңіліңізге рахмет. Итіңізді бұйымтай еттім, – деп қонақ итті жетектейді.
Жетекке алынған ит киіз үйдің іргесінде жатқан шиге дәрет сындырады. Мұны көрген қонақ:
– Қожайын, мен ойландым. Ит жеті қазынаның бірі ғой, оны сұрағаным әбестік болған екен. Мына ши де жарайды, кәдеге соны беріңіз. Кемпірім ши әкел деуші еді, соның тілегі орындалар еді, – деп ит дәрет сындырған шиді нұсқайды.
Қонақтың тосын тілегіне қайран қалған Сырлыбек келіседі.
Қонақ шиді ала бергенде жаңа туған егіз қозының бірі шидің нақ ит дәрет сындырған жерін жалайды.
Қонақ қайтадан Сырлыбекке бұрылып:
– Қожайын, ши көп қой, мұны қал-дырайын, басқа жерден, өз ауылымнан да табармын. Көңілім мына жаңа туған қозыға ауғаны. Жас төлдің еті дәру ғой. Осы қозыны сойып, асып берсеңіз, жеп кетейін, – деп қошақанға бата жасайды.
Қайран қалған Сырлыбек қонағының сөзін тағы да екі етпей, қозыны сойдырады.
Қонақ:
– Қозының басына ешкімнің қолын тигіз-бей алдыма тартсаңыз, – деп өтініш қылады.
Ас пісіп, қозының басы қонақтың алдына тартылған кезде бастың бір құлағы жоқ болып келеді.
Қонақ:
– Қожайын, қозының басына ешкімнің қолы тимесе деп өтініш етіп едім, бір құлағы қайда? – дейді.
– Айып етпеңіз, қадірлім. Қозының басын қазаннан түсіріп, суытып қойған еді. Үйдегі жүгермектердің бірі біздің көзімізді ала бере қозының бір құлағын кесіп алып, жеп қойыпты. Айыбымды ат-шапанмен өтейін, қаласаңыз, тағы марқа қой сояйын. Тек ренжімесеңіз, – деп бәйек болады Сырлыбек.
Қонақ жұмбақтай мырс етіп күліп жібереді. Содан соң:
– Шаңырағыңызға тепкілесе де кетпейтін бақ орнаған екен, – дейді де кешелі бері естіген, көрген-білген оқиғаларды түсіндіріп баяндап береді. – Ырысыңыз итіңізде екен. Соны алып кетпекші болғанымда ақылды итіңіз айла жасап, шиге дәрет сындырып, ырысыңызды үйіңізде қалдырды. Бақ қорыған иттің дәреті тиген ырысты шиді алмақ болғанымда, дәретті қозы келіп жалап, құт қозыға қонды. Қозының басын жеп, берекені өзіме аударам ба дегенде, оны шаңырақ иесі – кенже ұлыңыз жеп қойып, тағы да маған бұйырмады, бақ өз әулетіңізде қалды. Алланың ықыласы түскен екен. Қонақжайлылығыңызды жоғалтпаңыз, – деп батасын беріп, аттанып кетеді.
Содан бері халқымызда «ырыстың бірі – қойдың құлағында» деген түсінік орнығыпты. Қонаққа бас тартар кезде оң жақ құлағын кесіп алып үйдің бір баласына беретін болған. Оның мәнісі – құт-берекеміз өзімізде қалсын деген ырым.
Жомарт қонақты ит те жақсы көреді екен. «Иесін сыйласаң, итіне сүйек сал» деген мақал да осыдан қалыпты деседі.
Ал, қойдың тісін не үшін қағады және маңдайын неге тіліп қасқалайды?
Ертеде Сараман мен Қараман деген екі дос болыпты. Бірде Сараман досына бір нәрсеге ренжіп қалады, бірақ оны Қараманға білдіре қоймайды.
Бір күні Қараман атқосшысымен Сараманға қонаққа келеді. Сараман досын әдеттегідей ықыласпен қарсы алады. Досына қонақкәдеге үлкен семіз қошқарын арнап, оны бауыздар алдында Қараманнан бата алады. Ас келгенде досының алдына әлгі қойдың басын тартады. Бастың тістері қағылмаған екен. Қараман бұған мән бермейді. Сараманның сый-сыяпатына риза болып аттанады.
Жолда Қараманды атқосшысы сөзге тартады.
– Мырза, досыңыз қойдың басын тартқан-да оның тісін қақпай әкелді, сірә Сізге бір реніші бар ма, қалай?.. – дейді атқосшы.
Ойында бөтен ештеңе жоқ Қараман мына тосын сөзге шошып кетеді.
– Апырай ә! Қандай реніш? Жақсы күтті емес пе? Арнайы қой сойып, бас тартты, – дейді қайран қалғанын жасырмай.
– Қазақ біреуге, әсіресе жақынына рен-жісе оның бетінен ала бермеген. Өкпемді айтамын деп оның көңіліне қаяу, жүрегіне қылау салармын, өкпені өршітіп алармын деп абайлаған. Назын тұспалмен, ишарамен білдірген деп айтушы еді әкем. Оның үстіне мұсылмандықта біреудің көңілін қалдыру Қағбаны бұзғанмен бірдей екен. Сондықтан досыңыз Сіздің көңіліңізге тимес үшін өз өкпесін осылай ишарамен жеткізді. Сізді айтқызбай түсінер деп ойласа керек, – дейді серігі.
Қараман атының басын сол жерден кері бұрып, Сараманға қайта барады. Түсініседі, кешірім сұрайды, ат-шапан айыбын атайды.
Қонаққа арнап қой сойғанда оның тісін қағып қонаққа тарту үй иесінің кіршіксіз адал көңілінің белгісі деген түсінік содан қалған екен. Аңыз осылай дейді.
Ал батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты» деген кітабында қойдың басының тісін қағудың мәнісі туралы былай баяндайды.
«Қонақтар кеткен соң жаңалап шай жасап, енді өзіміз дастархан басына отырдық. Байқаймын атаның (Бауыржан Момышұлы) қабағы салыңқы. Бір кезде:
– Дастарханың толымды, астарың дәмді болды. Әсіресе «ұмытылған тамақ қой мыналар» деп, әсіп пен сүт құйған өкпе оларға өте ұнады. Бірақ соның бәрін сен жіберген төрт қателік жуып кетті. Қонақтар оны байқады-байқамады деп айта алмаймын. Ал, мен анық көрдім, – дегенде дымым ішіме түсіп, көзім қарауытып кетті. Бүріскенім соншалық: құрттай тесікке сыйып-ақ кетер едім.
– Ол не, папа? – деп Бәкең әкесіне қарады. Бірақ ата маған қарап, маған арнап сөйледі:
– Біріншіден, есі дұрыс қазақтың әйелі қонаққа бас көтеріп кірмейді. Жаман-жақсы болсын, басиең аман.
Екінші қателігің – басты шүйде жағымен әкелгенің. Қой шүйдесі емес, тұмсығын алға беріп жүреді.
Үшінші қателігің – қойдың тісін қақпай әкелгенің. Бұл ең алдымен – тазалық. Қой тісінің түбінде не жатқанын қайдан білесің? Шөп жейтін, жем жейтін мал ғой.
Содан кейін мұның екінші мағынасы бар. Қазір ұмытылған, көнекөздер болмаса, көпшілік біле бермейтін жағын да айтайын.
Қазақтар – талай нәрсені ым, тұспал, ишара арқылы білдірген текті халық. Соның бірі осы қағылмаған тіске байланысты.
Сыйласып жүрген екі адамның біреуі әлденеге ренжіп, бірақ соны «сөз көбейер» деп айта алмай жүрсе, өзі ренжіп жүрген адамы үйіне келгенде етпен бірге алдына тісі қағылмаған басты қояды. Сонда бас ұстаған адам «ә-ә, мынаның ішінде маған деген бір қыжылы бар екен, тісін басып жүріпті-ау» деп ұға қояды. Ары қарай реніштің түйінін шешіп, түсінісуге бет түзейді.
Ал, төртінші қателігің – басты қасқаламай әкелгенің. Талайлар мұның мәнін ұқпайды. Ол – «төрт құбылаң тең болсын, маңдайың ашық болсын» деген ізгі тілек».
Баукеңнің бұл сөзі тек келініне ғана емес, күллі қазаққа айтқаны, шын мәнінде баба аманаты.
Енді осы әңгімені оқыған кезде есіме түскен оқиғаны баяндайын. Бұл жағдайды және оның елге сіңіп кеткен салдарын маған жезде ағайым Амантай Нұрбеков осыдан отыз бес жылдай бұрын айтып беріп еді.
Менің туып-өскен жерім Оңтүстік – Қызылорда облысының Шиелі ауданы. Сыр елі – қазақтың Батысы мен Оңтүстігінің шекарасы, Сарыарқамен арқасы түйіскен өңір. «Сыр – Алаштың анасы» деген де сөз бар. «Қалқаман-Мамыр» дастанында Шәкәрім Құдайбердіұлы осылай атаған. Мұнда қай заманда да қаймағы, салт-дәстүрі бұзылмаған қалың қазақ тұрып келеді.
Әңгіме салт-дәстүр туралы болғандық-тан, Оңтүстікте жездені оның қайын жұртын-дағы тікелей туыс қайнылары мен балдыздары тек әлдекімге танысыру кезінде «жездеміз» деп айтатыны болмаса, басқа кезде үнемі «аға» деп атайды. Жезде адам әйелінің жасы кіші інілерін қайны, сіңлілерін балдыз дейді. Мұны тәптіштеп айтып отырғаным, қазақтың біраз жерінде күйеу азаматты «жезде», оның қайнылары мен балдыздарын жынысына қарай бөліп жатпай, бәрін де «балдыз» дей береді.
Иә, енді Амантай ағайым айтқан оқиғаға келейік.
Кеңес заманында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Парламенті – Жоғарғы Кеңеске 510 депутат сайланатын. Солардың екеуі Шиелі ауданынан еді. Шиелі ауданы екі сайлау округіне бөлінетін. Сол екі округтің біреуінен дауысқа түсуге кей кезде жоғарғы жақтың ұйғаруымен республикалық басқару органының өкілі үміткер болып келетін. Үміткер деген аты ғана. Баламасыз сайлау, жоғарғы жақ – дара билеуші Коммунистік партия болашақ депутаттар құрамын кәсібіне, ұлтына, жасына, жынысына, партиялылығына қарай жіктеп, әр округке бөліп беретін, солар жаппай 99,99 пайыз дауыспен ың-шыңсыз сайланатын. Кеңестік сайлау жүйесі, демократия үрдісі осылай еді.
Сондай Жоғарғы Кеңеске депутат сайлауы жарияланған 1980 жылдардың басында Шиелі ауданындағы бір округтен дауысқа түсуге Қазақстан Үкіметі Төрағасының орынбасары – Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының мәдениет, әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары Шәңгерей Жәнібеков келеді. Мұндай жоғары лауазымды адамның ауданнан депутат болуы әрі құрмет, әрі пайдалы. Бұған жергілікті басшылар қуанбаса қынжылмайды. Ол кезде сайлаушылар депутатқа аманат жүктейтін. Шешілмей жүрген, жоғарғы жақтың араласуы, қаражат бөлуі қажет өзекті мәселелерді депутаттың алдына міндет етіп қоятын. Жоғарғы жақтан келетін депутаттың пайдасы осындай да зор, пайдалы болатыны содан. Қазір депутаттарға аманат жүктеу жоқ.
Шәңгерей Жәнібеков іздегенге табылған нақ осындай жоғары лауазымды тұлға еді. Алматыдан сәті түсіп келіп тұрған жоғары мәртебелі құрметті қонақты, қонақ емес-ау депутаттыққа үміткерді еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы Сағидолла Құбашевтің өзі бастап ертіп жүреді.Ол кезде жергілікті атқарушы орган және оның лауазымы осылай аталатын.
Депутаттыққа үміткермен бір кездесу Шиелі ауданының әйгілі «Қызылту» колхозында өтеді. Колхоз – кеңес заманында ауыл шарушылығын ұйымдастыру үшін шаруалардың басын күштеп біріктірумен құрылған бірлестік, орысша «коллективное хозяйство» деген сөздің қысқаша алынған түрі, яғни қазақша айтқанда ұжымдық шаруашылық – ұжымшар.
«Қызылту» ұжымшарының әйгілі болатыны – бұл күріштен дүниежүзілік рекорд өнім алған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың ауылы. Сондықтан ауданға келген мәртебелі кісілердің Ыбекеңе сәлем беруге бұл ауылға соқпайтыны кемде кем, ауыл әрі аудан орталығының іргесінде, арасы үш-ақ шақырым. Бұл күнде Жақаев атында аталатын ауыл мен аудан орталығы Шиелі арасына көп үй салынып, қосылып та кеткен.
Депутаттыққа үміткердің мінбеден мәнді сөз сөйлеп, сүйікті Коммунистік партия мен халықтың сенімін ақтауға, партия шешімдерін, сайлаушылар аманатын орындауға бар қайратын салуға уәде беруімен, жиналғандардың ризашылықпен үсті-үстіне ду-ду қол шапалақтауымен қалыптасқан дәстүрлі түрде дуылдап өткен жиналыстан соң Алматыдан келген қонақ арнайы жайылған дәмге шақырылады.
Дастархан жайылған жер ұжымшар басқармасының төрағасы Қазыбек Оспановтың үйі. Ол кезде келген қонақты мейрамханада не асханада сыйлап шығарып салу деген жоқ. Оның үстіне мейрамхана, дәмхана, асхана ауылда болмайды. Ал, аудан орталығындағы мейрамхана мәртебелі қонақты күтуге қолайлы емес, жұрттың көз алды. Елдің дәстүрінде қонақты үйге шақыру – шынайы қошеметтің белгісі, ал, шақырған мейманның, оның үстіне мәртебелі де атақты мейманның үйге келуі шаңырақ үшін де мерей.
Амантай Нұрбеков ұжымшардың талай жылдан бас бухгалтері. Ыбекеңе сәлем беруге ауылға келген талай қонақты күтуге шаруашылықтың жөн білетін белді де беделді бас маманы болған соң, қатысып жүрген кәнігі азамат. Дастархан мол жайылған. Ішіп-жемей-ақ көз тояды.
Алдымен шай ішілді. Бір сәтте ет те тартылатын болды. Әрі үй иесі, әрі ауыл ағасы Қазыбек Оспанов қойдың басын сән-салтанатпен қадірлі қонақ Шәкеңнің – Шәңгерей Жәнібековтің алдына тартты. Бас тап-таза, жақсы жуылған, қылау қылтық көрінбейді, көзі ағызылған, мұрны шайылған, тісі қағылған, маңдайы қасқаланған. Бір мін жоқ.
Бас Шәкеңнің алдына қойылғаны сол-ақ екен, облыстық басшы Сағидолла Құбашевтің зірк еткен оқыс дауысы шаңқ ете қалды.
– Бастың бір құлағы қайда? Бала ұстап кеткен бе?!!
Дастархан басындағы санаулы ғана ығай-сығай үнсіз тына қалды. Қазыбек сасқанда маңдайдан тер бұрқ етті. Еттің қадірлі мүшелерін отырғандарға ретімен үлестірмекке ыңғайлана берген жігіттер қалшиды да қалды.
– Елдің дәстүрі ғой. – Ақырын сабырлы үнмен Ыбекең – Ыбырай Жақаев осылай тіл қатты. Сол кезде барып ауданның басшысы – аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері, Сыр елінің тумасы Орынбасар Бәйімбетов есін жинап, сөзді іліп әкетті. Ол да талай үлкен дастарханда үлкен адамдарды күтіп қалыптасқан сұңғыла.
– Шәке, Сәке, Сыр елінің дәстүрінде қойдың басының оң жақ құлағын үйдің ырысы деп балаға беретін еді,- деп түсіндіре бастады. Тағы бір қой сойылып жатыр дегенді де қосып жіберді. Онысы тағы бір бас дайындаңдар дегенді ауыл басшысына астарлап аңғартқаны. Сойылып жатқан тағы бір қой болмаса да колхоз бастығы аудан басшысын құптап басын изей берді. Тыңдап тұрған Амантай сияқты күтуші жігіттерге ымдап тапсырма беріп те үлгерді.
Дастархан басындағы абыржушылықты жасы елудің ішінде Шәкең басты. Шәңгерей Жәнібеков Қостанай өңірінің тумасы, мамандығы медицина саласынан. Сол жақта түрлі деңгейдегі басшы қызметтен 1976 жылы Республика Үкіметі төрағасының орынбасары қызметіне көтерілген. Осы қызметте 1985 жылға дейін тоғыз жыл абыройлы еңбек етті. 1990 жылға дейін Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Болмысында сабырлы, мінезі жайлы, артынан бір қауесет сөз ермеген көрнекті қайраткер. 1924 жылы дүниеге келген, тоқсанды алқымдаған қадірлі қария, қазір Алматы қаласында тұрады.
Сағидолла Құбашев Атырау өңірінің тумасы. Шәкеңнен үш жас кіші, 1927 жылы туған, мамандығы мал дәрігері. Гурьев (Атырау), Ақтөбе облыстарын басқарған, Шәкең сияқты ол да Қазақстан Үкіметі төрағасының орынбасары болған. Сол лауазымнан 1979 жылы Қызылорда облысына басшы қызметке келген. Одан кейін Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды. Сағидолла Құбашев 2016 жылы Алматыда қайтыс болды.
Әркім өз елінде көргенін құп көреді емес пе. Талай басшы қызметте болып келген Сәкеңнің қойдың басының бір құлағымен тартылуын бірінші көруі ме, әлде үлкен лауазымды адамдарға қойдың басы ешкімнің қолы тимей бүтін тартылуы тиіс деп пайымдай ма екен, әйтеуір сол жолы сондай оқыс мінез көрсетіп, ел жапырылып қалған. Бірақ Сәкең Сыр елінде мұнысымен ғана емес, әділ басшы ретінде де танылып, елдің есінде қалды.
– Ел біледі ғой, Ыбеке. Әр жерде дәстүрде ептеп айырмашылық бола береді. Қошеметтеріңізге рахмет, ас алып отырайық, – деп Шәңгерей басты қолға алған кезде барып абыржулы дастархан басының ажары кіріп сала берді-ау…
Қонақтар аттанып кетті. Бұл оқиға Шәкеңнің есінде қалды ма, жоқ па, бірақ Шәкеңді күткен сол дастархан елдің қонақ күту қалыптасқан дәстүріне өзгешелік енгізіп жіберді. Содан кейін аудан басшысынан тапсырма болды ма, әлде ел ішіндегі басшылар өздері пысықтықпен «бастан құлақ садаға», «аш құлақтан тиыш құлақ» деп қорытынды шығарды ма, әйтеуір содан былай Сыр елінде – Шиелі жерінде бас қос құлағымен тартылатын болған…
Заман өзгерді, дәстүріміз жаңғыруда, мүмкін құт қойдың құлағында деген ата-баба үрдісіне қайта оралармыз.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
журналист-заңгер,
Қазақстанның мәдениет қайраткері.
Астана

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.