Бұл біздің «махаббат қызық мол жылдарымыз»…

Ұлттық арна он сериялы «Жаным менің» фильмін көрсетті. Туындыны асыға күткендердің бірі мен едім. «Сериалқұмармын, сондықтан көрдім» деп өтірік айтып қайтейін (жалпы, сериал көргенді ұнатпаймын, соның ішінде қазақ сериалдарынан да, кеңес заманында түсірілген шедеврлер болмаса, киносынан да көңілім қалғалы қашан). Мені құмартқан екі жай: Біріншіден, туынды авторы Арман Сқабылұлы – менің курстасым. Әскерден келген Дәулет, Ақпамбет, Құлтөлеу сияқты оншақты сақа жігіт пен мектеп бітіріп келген Арман, Әміржан, қос Серік сияқты оншақты бозбаланы тағдыр 1982 жылдың жазында Алматыда, КазГУ-дың журфагында тоғыстырған болатын. Екінші курста мектептен түскендердің бәрін әскерге алып кетті де, олар университетті бізден екі жыл кейін бітірді. Дегенмен, өз басым оларды курстасым деп санаймын. Екіншіден, Арман фейсбуктегі парақшасында сериалдың сол сексенінші жылдардағы журфак өміріне байланысты екенін жазған болатын. Жастық шағыңды кинодан болса да көру қызық қой.
Қандай қағиданы, нендей ойды басшылыққа алғандарын қайдам, ұлттық арна «Жаным меніңді» ел, әсіресе, қазекеңдер шаруаларымен шапқылап кететін демалыс күндеріне, түс әлетіне қойған екен, сонда да көріп шықтым. Алаңсыз жастық шақ, кіршіксіз сезімдер. Таныс бейнелер! Әсіресе, өзім талай «сері сапарлас» болған әзілқой Шәкеев, денесі мен жүрегінің үлкендігі бірдей Тарғын, «тұқымыңөскір» Балқараев…
Отыра қалып пікір жазғым келген. Бірақ, өзімді өзім тоқтаттым. Ондағы ой – сериалды толық көріп шығу. Ол ойымның өте дұрыс болғанын кинотуындыны бастан-аяқ көріп шыққаннан кейін түсіндім. Алғашқы әсермен жазылғанда пікірдің сықпыты «Шөкеев пен Балқараевты бірден таныдым, керемет бейнеленген», «Әмірханды өмірдегі кейіпкерінің өзі дыбыстаған ба, дауысы айнымайды екен», «Тарғын бейнесі жеткілікті ашылмай қалыпты», «біздің кезімізде анау анандай емес болатын, мынау мынандай болатын», дегендей майда-шүйде болар еді. Мұндай пікірлер әлеуметтік желілерде әлі де айтылып жатыр.
Сериалды толық көріп шыққаннан кейін түсінгенім, «Жаным менің» сексенінші жылдардағы журфак өміріне байланысты болғанымен негізгі өзегі – Арман мен Жанымның арасындағы махаббат, кіршіксіз сезім, талайлы тағдыр. Яғни, «Жаным менің» – кино құдіреті арқылы берілген махаббат поэмасы, махаббат лирикасы, махаббат драмасы. Ал, студенттік өмір осы өзектің фоны ғана. «Тарғын бейнесі жеткілікті ашылмай қалыпты» деген сынды пікірлер де осы қатардағы әңгіме. Әрине, Табылды да, Әміржан да, Серік те, Шоқан да бір бір фильмге арқау болуға лайық тұлғалар. Арман Сқабылұлының өзінің жазуынша, алда ондай да жоспарлары бар көрінеді. Алла қаласа, Арманның «жаңа» жүрегі сыр бермесе, ондай туындыларды да көріп қалармыз. Ал, мына сериалда олар негізгі кейіпкерлердің образдарын аша түсуге, реңкін қанықтыра түсуге қызмет ететін қосалқы кейіпкерлер ғана. Кино жанрының талабы осындай. Бір қуаныштысы, автор курстас-кейіпкерлерінің бейнесін ашуға тырысамын деп, басты кейіпкерінен қосалқы кейіпкері басым түскен, жағымды кейіпкерінен жағымсыз кейіпкері жанға жақын образға ие болып кеткен «Жаужүрек мың бала» фильмі авторларының қателігіне ұрынбаған.
Фейсбуктегі пікірлерді қарасаңыз, жаппай тәнтілік білдірген жұрт. Сонда, «Жаным менің» көрерменнің жүрегін несімен жаулап алды? Жұртты тәнті қылған мынау-мынау деп біраз нәрсені тізуге болар еді. Меніңше, солардың ішіндегі ең бастысы – сериалдағы таза сезімдер. Қазіргі көгілдір экраннан асып төгіліп жатқан атыс-шабыс, дау-жанжалдан шаршаған, таныса салып төсекке құлай кететін анайылықтан зәрезап болған көрермен кіршіксіз сезімге, албырт жастық пен риясыз достыққа ынтызар. Сериалда мұның бәрі мөлдіреп тұр. Фильмде аймаласып жатқан бірде бір кадр жоқ. Ғашықтардың бір біріне деген сезімі Арманның Жанымның маңдайынан өбуі арқылы берілген. Болғаны осы! Бұдан фильм ұтылды ма? Жоқ. Керісінше, авторлар осы арқылы екеуінің бір біріне деген сезімдерінің пәктігін, кіршіксіз тазалығын тереңдете көрсетіп отыр. Көрермен осындай тазалыққа, пәктікке шөліркеп қалған екен. Жарыса мақтауын келтіріп жатыр. Тіпті, фейсбукте Ruslan Tulacbaev деген азамат «қазақ сериалдарына сілкініс тудырған туындыңыз болды» депті.
Иә, «Жаным меніңнің» алдын ала жарнамасы жасалмады, қолайсыз уақытқа қойылды. Соған қарамастан «қырылып» көріп жатқан, көре алмай қалғандары Ютубтан шам алып іздеп жүрген, «жалғасы бар ма», «ана ән кімдікі?», «мына әнді орындаған кім?» деп жапырлап сұрап жатқан көрермен, «алдағы уақытта түсірілер ұлттық сериалдарға өлшем болатын қазақы бояулы, қазақы мінезді дүние екен», «80-жылдардың жастарына ғана тән ерекше ғажап дүниелер», «басқаа кинолардан өзгерек, ерекше», «жүрегімізге жетті, шынайы бәрі», «Қыз Жібектен» кейін қызығып көргенім осы шығар»… дегендей ризалық пікірлер. Бұл – ұлы сыншы көрерменнің бағасы.
Сериал авторлары «жеткілікті қаржы болмағандықтан кинотуындыларымыз дүмбі-лез болып шығуда» деген уәждің де негізсіз екенін дәлелдеді деп ойлаймын. «Жаным меніңге» қанша қаржы бөлінгенін білмеймін. Әйтеуір, дамыған елдердегідей жүздеген миллион доллар бөлінбегені, жұрт қатарлы қаржыға түсірілгені анық. Ендеше, түсіру тобы сюжетті жүректен өткізген жағдайда, қаржыны қалайда игеруді емес, жақсы фильм түсіруді мақсат етіп қойған жағдайда ғана жұрт жүрегін жаулайтын кинотуынды түсіруге болатынын көрсетті деуге болады.
«Жаным менің» қазақ киносының көкжиегінде жаңа жұлдыздарды жақты десек те қателеспейтін сияқтымыз. Әрине, «сериалдағы актерлардың бәрі бірдей керемет» деуден аулақпыз. Дегенмен, Қуаныш Бейсағалиев пен Ақнұр Рахатованың шеберліктеріне тәнті болмау мүмкін емес. Базбір сериалдардағыдай жеріндіретін жасандылық жоқ. Өз басым Ақнұрдың кәсіби актер емес, журналистика факультетінің студенті екенін естігенде сене алмадым. Жасыратыны не, қазіргі ақпараттық технологиялар мен компьютерлер заманының жастары «Романтиктер» мен гитаралар заманы жастарының жан-дүниесін, сезімдерін сезіне алар ма екен деген күдік болғаны рас. Жоқ, сезіне алыпты. Тіпті, сериалдың соңына қарай осы екеуімен бір курста оқығандай сезімде болғанымды қалай жасырайын. Қуаныш пен Ақнұрды алдағы уақытта басқа кинотуындылардан да көретін болармыз деп ойлаймын.
«Жаным менің» жұлдызын жаққан тағы бір өнер иесі бар. Ол – сериалда Табылды Досымовтың «Мен саған ғашық емес ем» әнін орындаған «Құлансаз» ансамблінің мүшесі, дәстүрлі әнші Алуа Қосанова. Эстрада әлеміне енді қадам басқан Алуаның орындауындағы «Мен саған ғашық емес ем» әні сыршылдығымен, нәзіктігімен ә, дегеннен жүректерді баурап алды. Жалпы, марқұм Табылдының әндері сериалда өте сәтті пайдаланылғанын айту керек. Қай-қайсысы да фильмді психологиялық, поэтикалық тұрғыдан керемет толықтырып, байытып тұр.
Сонымен, сериал аяқталды. Арман мейірбике Мақпалдың өтінішін жерге тастай алмады ма, әлде, басынан солай ойластырылды ма, Арман мен Жаным махаббат мекенінде қауышты. Олармен бірге қуанып, олармен бірге қайғырған, олармен бірге ренжіп, олармен бірге табысқан көрермен ух, деп демдерін алды…
Бұл – біздің, өткен ғасырдың сексенінші жылдарындағы жастардың «махаббат, қызық мол жылдары». Ол ХХІ ғасырдағы қазақ жастарының «махаббат, қызық мол жылдарына» айнала ала ма? Әлеуметтік желілерде сериалдың мақтауын асырып, ризашылықтарын білдіріп жатқан сансыз көрерменнің қатарында жастар қарасының көп екеніне қарағанда «Жаным менің» бүгінгі жастардың «махаббат, қызық мол жылдарына» айналып та үлгерген сияқты. Құтты болсын!

Арман Сқабылұлының парақшасынан

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.