Көңілім қырда әлі жүр…

Талғат Тілеулесов

Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қаратерең ауылында 1970 жылы дүниеге келген. ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын, сазгер. «Сағындым сені», «Жыр – Ғұмыр» кітаптарының авторы. Өлеңдері республикалық «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» және облыстық газеттерге жария-ланып тұрады. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында бөлім меңгерушісі болып қызмет жасайды.

Əке

Əке, мен сені сағынып жүрмін,
Өмірден ерте кетіп ең.
Көңілім жадау қамығып жүрмін,
Артыңда қалған жетім ем.

Өмірге мынау өкініп қатты,
Іздеумен сендей есілін.
Ес жиып сосын өсіріп бақты,
Жылатпай бізді жесірің.

Өзіңді тұтып өнеге биік,
Сен жайлы айтып жыр аңыз.
Шешеміз отыр немере сүйіп,
Жанына тауып жұбаныш.

Жүзімде менің тұрғанмен күлкім,
Іштегі көрер өртті кім?!
Жаныма қатты батады бұл күн,
Ортада, əке, жоқтығың.

Батса да ерте өлшеулі күнің,
Өзіңсің, əке, тау шыңы.
Естігім келді тағы да бүгін,
«Құлыным» – деген даусыңды.

Дала заңы

Ақ әжем менің кешер ме ең,
«Анам» деп айтсам шешемді.
Ойға кеп осы кеше мен,
…Іше алмай қалдым кесемді.

Ішіме сөзім сия алмай,
Соңғы кез жүрмін жата алмай.
«Сары балам» ол да дей алмай,
Рухыңнан қорқып бата алмай.

Айта алмай «айым, күнім» деп,
Тартқанмен жақын жанына.
Не деген күшті құдірет,
Бағынған дала заңына!

Әжеме жалғыз сенем тек,
«Өгей» бір шешем секілді.
«Әжеме айтып берем», – деп,
Сүйгізбей қашқам бетімді.

Сонда да, сірә, жан бар ма-ай,
Жанары тұрар суланып.
Көргенде жүзін жан қалмай,
Көзімнің алды буланып.

Сырттағы бізді сағынып,
Көзінің жасы тамады.
Кәрілік сыйға малынып,
Күн сайын кеміп барады.

Амалым іштей таусылды,
Көңілді өксік мекендеп.
«Мама» деп шыққан даусымды,
Естімей бір күн кетер деп!..

Жар таңдау

Жар іздеп сонда жаһаннан,
Қала мен дала кезгенмін.
Қап қойсам ұят қатардан,
Оны да іштей сезгенмін.

Жаулаған сезім ақылды,
Көз салып әсем аруға.
Өлеңмен жаздым хатымды,
Шыдамай дәтім баруға.

Кездескен жандар менсінбей,
Таңдады басқа жігітті.
Қоштастым мен де күрсінбей,
Серігім еттім үмітті.

Біреулер мені «ақын» деп,
Көңілімді рас гүлдетті.
«Араққа өзі жақын», – деп,
Бір білгіш тіпті күндепті.

Сонда да үміт үзбегем,
Болар деп қабыл тілегім.
Төлеген сынды іздеген,
Жайықтан Қыз Жібегін.

Жанғанда үміт шырағым,
Жүзінен нұры төгілген,
Алдымнан шықты Шынарым,
Ақ таңым болып көрінген.

Қуантты туған анамды,
Көрсетіп жарқын қабағын.
Бағады аппақ баламды,
Қарайды мектеп сабағын.

Бәріне жүріп үлгеріп,
Бірде-бір тыным таппайды.
Жүзінде тұрар күн күліп,
Сонда да кейде жақпайды.

Түсірмей қаяу көңілге.
Арманға бірге жетермін.
Жар таңдауымнан өмірде,
Қателеспеген екенмін.

Әйел

Тұрсаң да заңғар ақын боп,
Ел биле мейлі әкім боп,
Жаныңды жақын түсінер,
Жарыңнан артық жақын жоқ.

Әйелден алар ақың жоқ,
Ұруға тіпті қақың жоқ.
Сен үшін түсер отқа да,
Жарыңнан артық жақын жоқ.

Әйелсіз – еркек атың жоқ,
Кешесің ғұмыр пақыр боп.
Жағдайын жасар ерінің,
Жарыңнан артық жақын жоқ.

Еркекте кейде ақыл жоқ,
Кеудесін керер батыр боп.
Әйелдің білмей қадірін,
Үйінде ойсыз жатыр көп.

Гүлденсін десең әлемің,
Естігің келсе әдемі үн.
Ұлың мен қызың анасы –
Бақытты болсын әйелің!

Ауылға барсам…

Ауылға барсам достарым
айтады маған өкпесін:
«Өткіздік елде босқа күн,
Сен болсаң ерте кеткенсің.

Қалада жүрсің әндетіп,
Кезесің таза көшені.
Ауылдан мынау сән кетіп,
Боқ басып жүрміз»,- деседі.
Отырам үнсіз мұң кешіп,
Оралып сонау кезге мен.
Сағынышыммен тілдесіп,
Жеткізе алмай сөзбенен.

Куәсің маған, көк пен бел,
Балалық бақыт сыйлаған.
Қызықты думан өткен жер,
Сен жайлы ойлап қиналам.

Жан сарайымды ашамын,
Ақтарып саған бүкпей сыр.
Мауқымды менің басатын
Бір жұтым ауаң жетпей тұр!

Сарғалдақ

Дария – көңіл тұр тасып,
Төңірек ғажап, бәрі – нұр.
Көктеммен бірге қырды асып,
Теремін барып сары гүл.

Сырымды айтам жасырын,
Сарғалдақпенен тілдесіп.
Келер деп қашан ғашығым,
Отырам сосын мұң кешіп.

Өткізем ойлап түнімді,
Қуанып, кейде жабығып.
Батырам қайта күнімді,
Көрпесін түннің жамылып.

Беріліп сұлу сезімге,
Білемін кездер өткенін.
Сонау бір бала кезімде,
Осылай өткен көктемім.

Кетсе де заман өзгеріп,
Көңілім қырда әлі жүр.
Сары көйлекті қыз көріп,
Есіме түсті сары гүл…
Оқы деп өлең сұрама
Ішімде өлді көп өлең,
Айта алмай көпке сырымды.
Түсімде ылғи көрем мен:
«Оқышы», – дейсің жырыңды.

Жымиып маған күліп ап,
Көзінің ыршып тамшысы.
Жүректі кетті жұлып ап,
Тиген бе тағдыр қамшысы?

Өткеннің бәрі – өлі күн,
Шешуін таппас сұрақ мың.
Еріксіз босап көңілім,
Құшақтап сені жұбаттым.

Берейін оқып өлеңді,
Сен енді бұлай жылама.
Біз үшін бөлек жол енді,
«Оқы» деп өлең сұрама.

ДОСЫМА

Әкесі де жақсы еді, анасы да,
Бізбен бірге оқитын баласы да.
Ақ көңіл, ақ жүректі болатұғын,
Достың да сыйлысы еді арасында.

Бәріміз гүл жайнаған көктем едік,
Кездессек қалатынбыз көкке жетіп.
Мектепті бітірген соң қимастықпен,
Бәріміз шартарапқа кеткен едік.

Алғасын өзіміздің еркімізді,
Аспанға аттық бірге бөркімізді.
Жыл сайын туған жерде бас қосуға,
Бұзбастай бекітіп ек сертімізді.

Жетектеп кетті алыс жол алдағы,
(Көбінің ойлағаны бола алмады.)
Арманның ұшағына мінген досым,
Елге бір сол кеткеннен оралмады.

Досым-ау, емес сені күндегенім,
Ойыңа кіріп-шықпай бір келер күн.
Сыртыңнан елең қағып естіп қалам,
«Қалада ойсыз, қамсыз жүр», – дегенін.

Алдыңнан табылды ма аңсағаның?
Табылса, мен қуанып, жар саламын.
Бәрінен лайықты болған дұрыс,
Баласы болып қалу жақсы адамның.

Досты да, туғанды да іздемедің,
Мен болсам елдің жібін үзбегенмін.
Сонау бір жалаң аяқ жүрген жерден,
Алыстап кетпеу үшін жүз келемін.

Сен жайлы ойлап кейде отырамын,
Ағады көзден жасым, толқып жаным.
Досым-ау, ең болмаса, туған жердің
Бір иіскеп қайтпайсың ба топырағын?!

Бір қызға

«Жарым ақын жігіт болса!» – дедің маған,
қарағым,
Ал, солай-ақ болсын делік, орындалып
талабың.
Ақын-дауыл, ақын – жауын болған сәтте,
шырағым,
Төзімменен тұра ала ма жүректегі
қамалың?

Ақын керек жаныңызға бүкіл әлем
таныған,
Махамбеттей семсер тілін жігеріне
жаныған.
Бағы, соры көп ақынға жар боп жүру
үшін де,
Кеңес алып көргенің жөн ақындардың
жарынан.
Хат тасыған  бала едік…

Айдай сұлу бір қыз көрдім жасымда,
Киген бөркі – көркі еді рас басында.
Қыз біткеннен ерекшелеу болатын,
Жігіттер жүр айналшықтап қасында.

Көрген жанға көңіл қалай тыншыды,
Көкейіне ұя салған жыр құсы.
Әнші екен деп ойлап қалма сен оны,
Әннен дағы әдемі еді күлкісі.

Көрген жанды баурап алар көркімен,
Ер біткеннің бәрі соған елтіген.
Қызғаныштың оты лаулап арада,
Төбелескіш болып алды шетінен.

Кеш батқанда біздің ауыл көшесі,
Әлгі қызға кеткендей бір есесі,
Иіс суын сеуіп алып баратын,
Қызын кейде шығармайды шешесі.

Сол бір үйден табатындай бақтарын,
Талай жігіт мініп еді атқа түн.
Өлеңменен өрнектеген сезімін,
Біз арқылы жіберетін хаттарын.

Шарбағына мойын созып асылып,
Құдайына жалбарынып басұрып…
Жас болсақ та бізден қулық қалған ба,
Жазған хатын оқитынбыз жасырып.

Рас-рас, біздің ауыл күшті еді,
Құрт-майы бар, сүт пен айран ішкені.
Ең қызығы той болған үй қазаннан,
Бауырсақтың ауызға кеп түскені.

Көңіліне бақыт құсы мекендеп,
Арманына әлі бала жетер деп.
Ел шуласты уәдесін алғандай,
Жақын күнде той болады екен деп.

Зая кетті жүрген уақыт күні-түн,
Су сепкендей басты ауыл үмітін.
Кеткен кезде апасымен қыдырып,
Тауып апты көрші ауылдың жігітін.

Жағдай еді еңсесін ер түсірер,
(Олар жайлы талай ойлар пішілер)
Ауылдағы бойдақтарға ұрысты
«Қолдарыңнан келмейді» деп кісілер.

Өткен күндер кіріп менің түсімде,
Жүрген едім бір ғажайып пішінде.
Талай өзім хат тасыған аруды,
Көріп қалдым автобустың ішінде.

Терезеге қарап отыр ойлана,
Бұрынғыдай емес шығар айнала.
Мені танып, сәлемімді алды да,
Айтқысы кеп… жымиды тек жай ғана.

Ол кездері бәріміз де дара ек,
Кім ойлаған жастығыңды алар деп.
Бір сәт мені алды ма екен есіне
«Айналайын хат тасыған бала» деп.

Бас сыйпаған ағалардан сый көріп,
Сәттеріміз болып еді күйге еніп.
Алғаш рет хат жазудың жобасын,
Ағалардан алған едік үйреніп.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.