Жігерлі жастар – ел ертеңі

Мемлекетімізде негізгі байлықтың көзі – халық. Еліміздің әрбір екінші тұрғыны 30 жасқа толмаған жастар. Қазақстанның болашағы ел жастарының даму деңгейімен, олардың қоғамға ықпалдасуымен байланыс-ты. Қоғамның негізгі тірегі, қозғаушы күші, саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаларды жетілдіруде қоғам құрылымдарын модернизациялауды жүзеге асыратын да жастар.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі жеті бағытының бірін «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» деп атады. 2014 жылы осы мақсаттарды жүзеге асыруда «Қазақстан 2020: Болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалды және 2015 жылы Парламенттің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңы қабылданды.
Реформаларды жүзеге асыруда барлық салалардың механизмдерін жетілдіру жұмыстары жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Аталған заң жастардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесуге, сондай-ақ мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне жас азаматтардың белсенді қатысуы үшін жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік жастар саясатының тиімді үлгісін қалыптастыру мақсатында әзірленген. Тұтастай алғанда құжатта мемлекеттік жастар саясатының басты үш міндеті қамтылып отыр: Бірінші – жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, екінші – жастарды елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси өміріне тарту, үшінші міндет – азаматтыққа тәрбиелеу және қазақстандық патриотизмді нығайту. Ал, мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарында қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, денсаулық сақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жұмыспен қамту, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту шараларын жүзеге асыру қарастырылған. Сонымен қатар жас отбасылар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту, құқықтық мәдениет деңгейiн арттыру, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне төзбеушiлiкке тәрбиелеу, экологиялық мәдениеттi қалыптастыру, талантты жастардың қабілетін дамытуға жәрдемдесу және бос уақыт пен мәдени демалыс үшiн жағдай жасау мәселелері де көзделген. Бұл – мемлекет тарапынан жастардың саяси, әлеуметтік дамуына жасалған қолдау.
Ал, жастардың міндеті мемлекеттің дамуына үлес қосу, отанының патриоты болу, елдің патриоты болу – Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату екенін Елбасы өз сөзінде айтқан болатын.
«Қазақстан – 2050» Стратегиясын іс-ке асыруға жастардың ролі жоғары екені белгілі. Жастар мемлекет тарапынан болатын қамқорлықтың объектісі ғана емес, жастар – қоғам өміріне қатысушы және оның даму сапасына, қарқынына ықпал ететін белсенді субъект. Жаңа қазақстандық патриотизм қалыптастыруда барлық институттардың ролі мен орны маңызды. Соның ішінде білім институттарының жауапкершілігі мен жүктемесі күрделі. Елімізде жоғары және орта оқу орындарында міндетті пән ретінде оқытылатын «Саясаттану» ілімдері негізінде жастардың саяси білімдерін жетілдіру арқылы жаңа отандық патриотизм қалыптастыру маңызды. Саясаттану саяси білімдерді бере отырып, саяси идеология, саяси мәдениет, саяси сана, саяси әлеуметтену, саяси модернизация, саяси конфликті, саяси дағдарыс ұғымдарын түсіндіру барысында еліміздің жаңару, даму жетістіктері, саяси тұрақтылығы, экономикалық қуаттылығы, аз уақыт ішінде қол жеткізген дәрежесі, даму потенциалының жоғары екені айтылады. Сонымен қатар «Қазақстан – 2050» даму Стратегиясының жеті бағыты, он сын қатер мен «Мәңгілік Ел» идеясының басты құндылықтары Ұлт жоспарында көрсетілген маңызды салаларды түсіндіруде, талдай білуге үйретуде ерекше орын алады.
Жаңа қазақстандық патриотизмнің басты құндылықтары жастарға арналған бағдарламаларда анықталған. Жастар арасында ғылымның мәртебесін арттыру және оларды инновациялық жобаларды әзірлеуге қатыстыру – жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі. Екінші бағыты жалпыға ортақ еңбек қоғамында жастарды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу қажет. Осыған байланысты, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам», Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламалары жастарға өздерін көрсетуге айрықша мүмкіндік беру үшін жасалған. Жастардың іске жұмыла білуінің экономикалық құндылығы аса жоғары. Зерттеулерге сүйенсек, жастардың үштен бірі жұмыс үшін елдің кез келген өңіріне баруға әзір. Кадр жетіспейтін немесе жұмыс орны бар аймақтарға әлеуметтік бейімделуге мүмкіндіктер жасалған. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында көрсетілген экономикалық прагматизм, оның ішінде инновациялық экономикаға өту жастардың инновациялық мінез-құлқын қалыптастыру міндеттерінің өзекті екенін көрсетті. Сондықтан барлық жаңаны айрықша қабылдағыш, заңдар мен реформаларға бейімделгіш, мол әлеуеті мен шығармашылық зияткерлік энергиясы бар және әлеуметтік белсенді қызметке дайын жастардың тәжірибеге жаңа идеяларды енгізіп, өндірістерді модернизациялауда ролі зор. Мемлекетіміз осы жүктемелерді жастарға тапсыра отырып, осылайша елдің дамуына үлес қосатын мемлекетшіл азаматтарды қалыптастырады. Итальян ғалымы Г.Моска «Элементы политической науки» еңбегінде, «Мемлекет ғылымға бет бұрса – меритократия, қаржы мен табысты бірінші орынға қойса – технократтық, ал, идеология жоғалса, діни, авантюристер мен ұлтшылдар қалыптасады» деп тұжырымдаған. Президент Н.Назарбаев мемлекет билігін меритократиялық қағидаға сүйене отырып қалыптастыруды тапсырған болатын. Бұл жүйені қалыптастыруда білімді, саяси белсенді жастардың қосатын үлесі зор болмақ.

Бекзат МОЛДИН,
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан
мемлекеттік медицина
университеті әлеуметтік-саяси пәндер
кафедрасының оқытушысы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.