Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі

Әсемгүл Белхаирова

Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Жаңа Өмір ауылы, Шаған жалпы орта білім беретін мектебінің бірінші санатты арнайы сынып мұғалімі, олигофренопедагог.

Қазіргі кезде елімізде мүмкіндігі шектеулі ересек жандарды қоспағанның өзінде 150 мыңнан аса мүгедек бала өмір сүруде. Бұл әрине қынжылтарлық жағдай. «Қазақстан Республикасының мүгедектерді әлеуметтік қолдау туралы» және «Мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік және медициналық-педагогикалық көмек көрсету туралы» ҚР-ның Заңдарына сәйкес мүмкіндігі шектеулі жандарға деген мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек етек жинап, ел болғалы толастамаған емес. Дегенмен бұл әрине мұндай жағдайда аздық, әлі де болса ойланарлық жағдай. Десек те, даму мүмкіндігі шектеулі, жарымжан жандар үшін ел тарапынан бөлінетін көмек пен қамқорлық шектелмесе екен деген ойдамын. Бұл жандар ондай өмірді таңдап алмаса керек.
Мүмкіндігі шектеулі жанды көргеніңде аяушылықпен қарап, бүгініңе шүкіршілік етесің. Ал, олардың хал-ахуалын, жүрек түкпіріндегі күйзелісін біз қанша ойланып, тебіренсек те жеткізе алмасымыз хақ. Олар іштей жан азабын тартып, күйзелгенімен өмірде мықты, қандай қиындыққа болсын мойымай, қайсарлық танытқанын көргенде еріксіз қайран қаласың. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалыс мүмкіндігі шектелгенімен, жан-дүние кеңістігі аясының тарылып, күйзеліске ұшырауына жол бермеу-белгілі бір ұйымдардың міндеті ғана емес, қоршаған ортаның, қалың бұқараның басты парызы.
Ал, осы мүмкіндігі шектеулі жандар тек қоғамдық қамқорлықпен ғана емес білім беру саласында да басты назарда. Мұндай жарымжан жандар оң солын танып, білім алып, толықққанды азамат болуы үшін білім беру саласы да өз мүмкіншілігіне орай біліммен қаруландыруда.
Ол үшін арнайы мектептер мен арнайы сыныптар немесе үй жағдайында білім алуына жағдайлар жасалып отыр. Бұл балалармен арнайы білімі бар педагогиканың, психологияның, дефектология мен логопедияның қыр-сырын терең меңгерген ұстаздар білім беруде.
«Тәрбиеші бүгінгі заман талабына сай өзінің педагогтік мамандығының кілтін шебер ұстаған, жан-жақты терең білімді, сегіз қырлы, бір сырлы, ашық жарқын жайдары жүретін, қажырлы қайратты, инициативашыл, қатал талап қойып, оның нәтижесін тексере білетін еңбекқор жан болуы керек.
Қарым-қатынас кезінде әр баланың жан-дүниесін сезініп кемшіліктерін түзетіп, жетістіктерін дамытатындай болғаны дұрыс деп ойлаймын.
Алайда оқыту қиын, бірақ жанында ізігілік пен жанашырлық, өз ісіне деген сүйіспеншілікті бойына сіңіре білген ұстазға жұмыстанудың өзі ғанибет болары шындық.
Сыныпта оқушы саны көп, әр балаға жеке көңіл бөліп, назардан тыс қалдырмай жұмыстану керек, алайда осы жайт ескерусіз қалып жатары өтірік емес.
Оқу материалын қуып жету, бағдар-ламаны игеру барысында біз, оқушының деңгейіне мән бермей қалатын жағдайлар болады, нәтижесінде көптеген оқушылар осы деңгейге жетпей қалу салдарынан үлгермеушілер қатарына жатады.
Мектептегі үлгермеушіліктің негізгі себебі мектептегі білім беру жүйесінің баланың интеллектуалдық жүйесіне сәйкес келмеуі.
Ал, біз болсақ, білім беру бағдарламаларын күрделендіру үстіндеміз. Баланың меңгеру деңгейін, оның жас ерекшелігін назарға алмай, бір жағынан баланың жаңа бағдарламамен оқуы қиынға соғатынын түсіне отырып, оны беделді мектепке, мықты мұғалімге беруге тырысамыз.
Қазіргі уақытта арнаулы білім берудегі нақты прогреске бірнеше факторлар әсер етуде: мүгедек оқушыларға қатысты үміттің аздығы, тіпті жоқтығы, инклюзивті білім беруге мектептердің дайын еместігі кедергі келтіруде.
Еліміздің Білім заңында барлық бала жалпы орта біліммен қамтылуы жазылса да, өкінішке орай мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту өзекті мәселе болып отыр.
Мүмкіндіктері шектеулі балаларға білім мен тәрбие берудегі ғылымның нәтижеге қол жеткізудің бірі жаңа технологияны игеріп, компьютерді пайдалану.
Компьютерді пайдалануда дидактикалық мүмкіндіктерді, танымдық процестерді ескеруге болады; логикалық ойлау жүйесін қалыптастыру, ақыл-ой белсенділігі мен білім алуға деген қызығушылығын, шығармашылық еңбек етуіне бағдарлау.
Өйткені, құлақпен естігеннен гөрі – көзбен көріп, қолмен ұстап сезіну әрине ерекше әсер етеді.
Инклюзивтік оқыту қазіргі кезде білім беру саласына етек жайып келе жатыр, бұл дегеніміз сапалы білім алудың барлығы үшін тең болуымен ескеріледі.
Яғни, жалпы білім беретін мектептерде мүмкіндіктері шектеулі бала мен басқа да әлеуметтік қорғалатын топтарға жататын оқушыларға өзгелермен теңдей білім беру, соған жағдай жасау. Қазіргі кезде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балалар көбіне арнайы мектеп-интернаттарда білім алады.
Жалпы мектептердегі мұғалімдер кемтар бала сыныпқа келген кезде оны қандай оқулықтармен оқытып, қандай әдістемелік құралдарды пайдалану керектігін білмейді. Бұл мәселенің артынан туындайтын мәселе-кадр жеткіліксіздігі. Шындығында олар оқшауланған қоғамдық өмірге аса бейім емес.
Өйткені, біз мүмкіндігі шектеулі жандарға мүсіркей қараудан арыла алмай келеміз. Жалпы білім беретін орта мектептерде олардың оқып, білім алуына жағдай жасау қазіргі кезде қолға алына бастады.
Инклюзивті білім берудің негізі мектеп-тегі барлық балаға олардың ерекшелітерінен тыс сапалы білім беру болып табылады.
Арнайы білім беру орнында мүмкіншіліктері шектеулі балалардың толықтай дамуына, өзгерістерді түсінуіне, өз бетімен білімін жетілдіруіне барлық жағдай жасалған, мұнда балалар тікелей дәрігерлердің бақылауында болады.
Тәрбиеші баланың шындықты тануға ақыл-ой сезімі ең алдымен таңданудан бас-талады. Таңдану баланың әрбір нәрсенің, құбылыстың, оқиғаның мән-жайын танып, оларды тереңірек түсінуіне жетелейді, оның ізденімпаздық әрекетін тудырады.
Кейбір балалардың ақыл-ой белсенділік қабілеті жетілмей, артта қалып қойып жатады. Оның бірнеше себептері бар негізіне тұқым қуалаушылық, ортаның экологиялық әсері, отбасының әлеуметтік жағдайы. Мұндай ауруларға ұшыраған балалар дене кемістігімен қоса, ақыл-ой кемшілігін қосып алып, даму мүмкіндігі артта қалған балалар санын құрайды. Сонымен бірге бұл топқа дені сау, бірақ тұрмыс жағдайының ауыр болу себептерінен бір қалыпты дамымай қалған балаларды да жатқызуға болады.
Мұндай балалармен қарқынды терапия-лық жұмыстар жүргізе отырып, оларға дәрілік емдеу, физио, психотерапия, емдік дене шынықтыру жаттығуларын, жалпы денсаулыққа пайдалы емдеу шараларын қолдану керек.
Ақыл-ойы кем балаларды оқытудың негізгі әдісі – біріктіру болып табылады. Біріктіре оқыту арқылы бала дамуының ерекшеліктерін анықтап, білім беру стандартына сай қалыпты дамуын қадағалап, зейін тұрақтылықтарын дамыта отырып оқыту, тәрбиелеу – басты мақсат болып отыр.
Қазіргі кезде қолданылып келе жатқан әдістің бірі – біріктіре оқыту.
Біріктіре оқытудың ерекшелігіне тоқталып өтсек:
– даму барысындағы кемшілікті ерте бас-тан түзету;
– даму барысында ауытқуы бар балалардың бірнеше қызметтерін қалпына келтіру қабілеттері;
– біріктіре оқыған балаға түзету жұмыстары міндетті түрде жүргізілуі керек.
Біз ел болып, етек жинаған еңселі елміз, сондықтан қоғамдағы жайттар басты назарда болуы керек. Ең алдымен мүгедек, жарымжан балаларды сәби кезінен бастап анықтап, олардың ортаға бейімделуіне жағдай жасау қажет. Сондықтан осындай кемшіліктерді анықтайтын шағын кабинеттер ашып, арнайы жұмыс жүргізіп, әр баланың қабілеті мен даму мүмкіндігін анықтаса, оларға арнайы түзету жұмыстарын жүргізіп, үй жағдайында өсіріп тәрбиелеуде ата-анаға ақыл-кеңестер берілсе бұл да мүмкіндігі шектеулі балалар үшін атқарылған игі істің бірі болар еді.
Өйткені, ата-ана бұл жағдайды басынан бір жақты болып өткеруде, бұл кезде ата-анаға арнайы маманның көмегі, ақыл-кеңесі және балаға аялы алақанмен жан жылуы, ары қарай бұл жағдаймен күресуіне маманның түзету жұмысының көмегі қажет екені баршаға аян.
Жарымжан балаларды оқыту процесінде ерте бейімдеудің маңызы зор. Тек оқытып ғана қоймай, мемлекеттің әлеуметтік қамсыздандыру мен денсаулық сақтау қызметін тарту қажет. Жалпы баланы қоғамға бейімдеу мен оқытуда ерте диагностикалау мен түзету маңызды.
Мүмкіндіктері шектеулі балалардың үйде білім алуын қамтамасыз ету, жай және арнайы мектептерде оқуға мүмкіндігі жоқ балаларды қашықтықтан оқытуға жағдай жасау мемлекеттің басты мақсаттарының бірі болып табылады.
Мұғалім білім беру ісінде әр оқушының үлгермеу себебін анықтап, мүгедек баланың нақтамасына қарай жұмыс жүргізсе бұл да түзету жұмысының бір қыры болары сөзсіз. Әр оқушымен жеке жұмыстану. Осындай орталықтар жұмысын жүйелеп отыратын, мүмкіндіктері шектеулі балалармен жұмыс істейтін медициналық-педагогикалық орталықтарды көптеп ашса, кемтар балаларды зор қуанышқа бөлер еді.
Бүгінде денсаулықты нығайту және мүгедектікке әкеп соғатын патологияларды азайту мәселесінде, ең алдымен балалардың бойындағы ауытқушылықтарды, олардың сәби кезінде уақтылы анықтау бойынша жұмыс күшейтілді. Мысалы, кемтар балалардың үштен бірінің мүгедектігі – туа біткен кемістіктердің әсері болуымен байланысты.
«Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» деп тегін айтылмаған ғой, осы өзгеріс-тер арқылы – мүгедек балалардың ата-аналары балдырғандарының отбасына етене араласуына үміттері қайта оянып, өз балалары ешкімнен кем еместігін, қоғам бұған бей-жай қарамайтынын түсінеді. Бала – адамның бауыр еті, бала десе еміренбейтін жүрек, сыздамайтын балтыр бар ма? Қай ата-ана өз баласының өзгелерден оқшау оқып, білім алғанын қалар дейсің…
Бар тәттісін аузына тосып, бар мүмкіндігін баласына сарп ететін ата-ана өз баласының денсаулығын, болашағын бәрінен жоғары қойып түн ұйқысын төрт бөліп, күйзелетіні, айналасына көрсетпей еріксіз көзіне жас алып, бұлай неге болды деп сарқ ұратыны кімге болса да белгілі. Сондықтан даму мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырмай, олардың қоғамда бейімделуіне атсалысу қай азаматтың болса да, қай елдің болмасын басты парызы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.