ТАБАН АСТЫНДАҒЫ ТІРЛІК (әңгімелер циклі)

Айкерім Қиықбай

Ақтөбе қаласында 1993 жылы дүниеге келген. Батыс Қазақстан облыстық «Дала дарындары» байқауының проза наминациясы бойынша бас жүлдегері, Шабыт шығармашыл жастар фестивалінің екі дүркін лауреаты. Бүгінде Семей қаласында тұрады.

Ыстықкөлге сапар

Мектептегі сабақ бітіп, жазғы демалыс-тың дәмін енді сезінгелі жатқанымда нағашы әпкем хабарласты.
– Мені дұрыстап тыңдап, ұғып ал! Демалыс басталды екен деп ауылға тайып тұрмай, біраз күт. Бұйырса Ыстықкөлге барамыз. Балалармен бірге көңіл көтер, сені ерте кетейік! Иә, киім-кешек жайын мүлде ойлама, бәрі менің мойнымда!
Көз ашқалы ауылдан асып ешқайда бармап едім. Бұл өте керемет ұсыныс болды. Сол күннен бері күн санап нағашы әпкемнің «Ал, кеттік!» деген хабарын күтіп жүрдім. Таңның атысы, күннің батысы ойлайтыным сол. Көл жағасында кинолардағы әдемі қыздар сияқты сәнді киімнің түр-түрін киіп келе жатамын. Енді, бірде қайыққа отырып алып айдындағы аққудай шаттанамын. Қойшы әйтеуір, қиялыма шек қоймадым. «Демалған соң арқаны кеңге салып қойып дем алғанға не жетсін!» – деуші еді әкем. Ең бастысы ел көремін, жер көремін. Ауылдағы әжелерім хабарласқанда оларға биыл жазда бармайтынымды, Ыстықкөлге қыдырып баратынымды асыға жеткіздім. Олар да қуанып қалды. Сол сапарды ойлап, тіпті, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым.
Үйден ешқайда шықпай жатып алдым. Күні бойы үйдегі телефон тұтқасын аңдумен болдым. Алғашқыда әкем мен анам менің бұл қылығыма алаңдап еді, кейін көздері үйренді ме, мән бермейтін болды. Көзге көрінбегенімен уақыт сырғып өтіп жатты. Жаздың алғашқы айы да аяқталуға жақын қалды. Мен одан артық күтуге тағатым таусылып бара жатқанын сездім. Не болса да соларды өзім іздеп барайын деп шештім.
Шілдеге қарай аяқ басып келе жатқан күннің ыстығы қатайып барады. Әпкем көп қабатты үйдің үшінші қабатында тұратын. Қара есіктің оң қабырғасында қонжиған семіз сары қоңырауды бастым. Дыбыс болмады. Есікті қағып көрдім, ешкім ашпады. Бәлкім естімей қалған шығар деп қаттырақ ұрғыладым, темір есік тапжылмады. Бір жаққа шығып кеткен болар, қазір келер деп күттім. Сол арада қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде қарсы есікте тұратын көрші апай шықты үйінен. Менің байғұс түрімді көріп аяп кетті білем:
– Балам-ай, неғып отырсың? – деді.
– Апама келдім – дедім күдігімді ішіме жасырып.
– Ааа, Нұргүлдерді айтамысың, олар үйлерінде жоқ. Екі аптадай уақыт болды. Ыстықкөлге демалуға кетіп қалған. Сен білмеуші ме едің? – деді көрші апай.
– Жоқ! – дедім көзімнен төгілейін деп тұрған жасты әрең тежеп. Содан соң баспалдақпен төмен қарай безе жөнелдім.
Үйге қалай жеткенім есімде жоқ. Тек жылап-жылап көзім ісіп оралғанымды ғана білемін.

Түнгі көбелек

Ас үйдің еденінде ұйықтап жатқанымда танауыма жағымсыз иіс келді. Одан соң біреу басымнан ары-бері аттап жүргенін сездім. Бір кезде тура көзімнің үстіне сұп-суық су тамды. Созылып келіп тиіп кететін секілді. Көзімді ашсам екі жасар сіңлім Асыл. Соншалық тап-таза риясыз күлкісімен менің төбемнен қарап күліп тұр екен. Арғы жақтан тәтемнің дауысы шықты.
– Талтүске дейін жата бермей, тұрып шай қой! Ана баланың құйрығын тазалашы, бағана бүлдіріп қойған. Содан әлі жүр. Аузынан суы ағып кеудешесін су қылып тастапты, оны да ауыстыра сал. – Бетіме аққан судың қайдан келгенін сонда ұқтым.
Біз бұл бір бөлмелі пәтерде төрт адам өмір сүреміз. Маған жұмбақ себеппен көз жұмған анамнан кейін әкем екінші рет үйленді. Ол әйел мені алғаш көрген күннен өзін «тәте» деп атауымды сұрады. Асыл сол кісіден туған. Бірақ мен оны бәрібір қатты жақсы көремін. Оның тәтті қылықтары үй-ішімізді шат күлкіге балайды. Әкемнің анам қайтыс болғанынан кейін мұң шалған қабағын осы Асыл емдеген еді. Күн жұма. Тәтем ас үйде шелпек пісіріп жүрген. Мен сабақ қарап отырдым. Асыл жаныма келіп біресе дәптеріме, біресе қаламыма жармасып мазамды алды. Өзіне беймәлім нәрсемен шұғылданған мені айналшықтап жүр. Ал, мен еріксіз оның күнәсіз қылмыстарына көз жұмудамын. Мектептен келе салысымен үй тапсырмасын орындауға құлшынып-ақ тұрам, бірақ оған сабақ оқуға енді отыра берсем тәтем шай қой деп бұйырады. – «Әкең жұмыстан шаршап келеді! – дейді. Оны тындыра салып тағы кітабыма жармассам», – Әкең келгенше еденді жуып қой» – дейді. Оның не үшін керегін білмеймін, жұмыстан сүріне-қабына жеткен әкеме еденнің жуылған-жуылмағаны бәрібір секілді. Одан қалды басындағы ақ шашын жұлдырады. «Істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы!» дейді ылғи. Сөйтіп дүниенің бітпес жұмысымен шұғылданып жүріп, ертесінде сабақты Асылмен бірге жанталасып орындауға етім әбден өліп кеткен.
Қайткенмен де мен жақсы оқитын оқушылардың қатарындамын. Мектепте өтетін жиналыстарға ылғи тәтем барады. Бірақ ылғи қабағы қатулы оралады. Сынып жетекшім мені мақтағаннан басқаны айтпайды екен. Оны көрші Роза апай айтады. Оның ұлы Қасым менімен бір сыныпта оқитын. Қасымның әкесі жоқ. Анасы жалғыз ұлым деп еркелетіп өсірген. Сол үшін оны ылғи тәртібі үшін жазғырады екен. Роза тәте бірақ оған шамданбайтын. «Ер бала өзінікін істейді, есейгесін қояды» деп жүретін. Кейде мен сол Қасымға қатты қызығатынмын. Әкем Роза апайға неге үйленбеді екен деп ойлайтынмын. Роза апай секілді біреу мені де мақтап, жылылық сыйласа деп армандайтынмын.
Үй тапсырмасының біразын орындап болып, енді қазақ тілі пәнінен үйге берілген шығарманы жазайын деп дәптерімді іздеп таппай қойдым. Сөмкемді он ақтарып, үстелдің үстін жүз тексерсем де қолыма ілікпеді. Есік жаққа көзім түсіп кеткені сол еді, теріс қарап отырған Асылды көрдім. Әлденені ұстап алып мыжғылап, шетінен тістеп жеп отыр. Алғашында тәтем шелпек беріп қойған екен деп ойладым да, дәптерді іздеуді жалғастыра бердім. Дегенмен, қылығы күдіктілеу бола бастаған соң жанына жақынырақ барып қарасам, «шелпегі» дегенім менің жоғалған «қазақ тілі» дәптерім екен. Бір шеті кеміріліп, жарымжан күйде Асылдың жұлмалауына көніп жатыр.
– Ой, шошаңдаған неме-ай! – дедім ашудан. – Қасымнан шықпай қойып едің, неғып тынышталып қалды десем… Менің дәптерімді кеміріп отыр екенсің ғой! – дедім айқай сап. Көзімнен ыстық жас құйылып кетті. Лезде арғы бөлмеден тәтем келді де, баланың қолындағы дәптерді оны шырылдатып тұрып жұлып алды. Одан соң тура сол дәптермен менің шекемнен салып қалды. Жұдырығымен тағы ұрды басымнан.
– Жоғал әрі! Жетесіз! Қайдағы жаман сөзді үйренгенше балаға дұрыстап қарамайсың ба? Топас неме! Саған сабақ не керек? Оқу сенің не теңің! Жетімек неме! «Шошаңдап!» дейді ғой. Кім шошаңдайтынын білемісің сен? Түнгі көбелектер шошаңдайды! Ұқтың ба? Мисыз!
Шекемді ұстап жылаған күйі қазақ тілі дәптерімнің қалдығын сөмкеме салғалы жатқанда «Менің арманым» тақырыбына жазған шығарма үшін алған бестік бағамды көрдім. Сол күні мені мұғалім ерекше мақтап еді. Сол бетте мыжып, сөмкеме сала салдым да, жылдам киініп сыртқа безе жөнелдім.
Далада жапалақтап қар жауып тұр екен. Әжем жарықтық, аспаннан Алланың нұры жауған кезде тілеген тілек қабыл болады дейтін. Дәл сол сәтте мен ғажайып ертегілер әлеміне кетіп қалуды қаладым. Бәрінен алысқа, бәрінен жыраққа!
Жылай-жылай көзім ісіп кетті. Мектепке баратын уақыт та болды. Қазір дәл осы күйімде сыныпқа жетіп барсам балалар қоршап алып сұрақтың астына алады. Шетінен «Не болды? Не болдылап» есімді шығарады. Оны жақсы білемін. Үй мен мектептің арасы жүз қадамдай ғана. Мектепке алғаш рет бармай, көшеде қаңғырған менің санамда сандалған ой біреу ғана еді: – «Түнгі көбелек» дегеннің кәдімгі көбелектен қандай айырмасы бар?

Арсыздар мен өлгендер

Таңсәріде ұялы телефонымның безілде-ген қоңырауынан шошып ояндым. Тәтті ұйқы-ның құшағында мас болып жатқанда түнде өзім «Оят!» деп бұйрық бергенімді ұмытыппын. Дереу аузына құм құйдым. Оятқаны үшін тағы жазғырып та алдым. Таңның қалай тез атып қалғанына наразылықпен көзімді уқалап, төсектен созылып әрең көтеріліп, жуыну бөлмесіне қарай кеттім. Жарты сағатқа бар тірлігімді сыйдырып, жұмысқа шықтым. Аузы-мұрны лық толы қоғамдық көлікке қыстыры-лып міндім. Бас жақтан «Жол ақысын беріп жібереміз! деген дауыс шықты лезде. Қоғамдық көлікте қалбырға тығындалған балық секілді көп адамның арасында қыстырылып жұмысқа әрең жеттім. Кеңсенің табалдырығына табаным тие бергені сол еді, хатшы Сандуғаш апай соңымнан ілесе кірді де, бетіме бажырая қарап тұрып: «Біттің!» – деді.
– Нені дедім сасқанымнан.
– Өзің! Енді құдайыңа жалбарына бер!
– Не үшін?
– Қалаға жаңадан сайланған әкімнің, оның орынбасарының тегін неге қате басасың газетке?
– Қате басқан түгім де жоқ.
– Бастық күтіп отыр, қалғанын өзі айтар, – деп ол шығып кете барды бөлмемнен.
Жап-жарық кең бөлменің төргі қабырға-сында қазақты орыстың боданынан құтқарған ердің суреті ілініп тұр. Сол суреттің түбінде, жалпақ үлкен қара креслода қабағы қатулы бастығым отыр. Ол мені әкім-қаралардың жаласынан құтқара алар ма екен?!
– Кешіріңіз, рұқсат болса кірейін,-дедім табалдырықтан аттай бере.
Ол үнсіз бас изеді. Содан кейін даусын кенеп үн қатты.
– Сенің бәлендей қатеге бас ұрып, қылмыс жасаған түгің де жоқ. Өзің ақылды баласың ғой. Жөн-жосықты түсінетін. Тек осы материалды жазар алдында бірауыз ақылдассаң етті. Бәрі басқаша болар еді. Беделді кісілердің есіміне өз еркіңмен өзгеріс енгізбеуің керек еді. Бүгін ғана ауысып жатқан адамдардың бірден көзіне іліктің. Енді еш дәрмен жоқ, – деді.
Өз еркіммен жұмыстан кететінім туралы арызды басшымның үстелінде қалдырып, орныма қайта оралдым. Қағаздарымды жинап жатып әлгі мақалаға еріксіз көзім түсті. Мені жексұрын етіп, алғыстың орнына қарғыс арқалауыма себеп болған адамдардың есімдерінің бірі Умербаев, екіншісі Арынбасаров еді. Көзге оғаш, құлаққа түрпідей естіледі. Біреуі өліп, біреуі арын таптағаны қайбір жақсы дейсің. Соны ойлап, өзімше Өмірбай мен Орынбасарды қайта тірілткен жайым еді. Сөйтсем, өлген адам тірілмейді, арсыз адам арланбайды екен ғой…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.