«Еңбек Қызыл Ту» орденді жезөкше

Қарындасымды танымай қалдым. Дауыс әуезі де, сөзі де өзгеріп кетіпті…
Қарындас болғанда, құдайы көршіміздің қызы еді. Ата-анамыз өмір бойына бір самауырдан шәй ішіп, сіз-бізіне сызат түспеген сыралғы жандар-ды. Әнеукүні елге барғанда әке-шешесі түртінектеп жүріп, бір түкпірден мекен-жайының дерегін тауып берген. «Тауып алып сөйлесіп, қолыңнан келсе, шапағатыңды тигіз» деп әбден дайындап, иығыма әжептәуір жүк артып жіберген.
«Тастақтың» бір түкпіріндегі бұрынғы Новосельская, қазіргі Бұқар жырау (бірақ, ешкім жаңа атымен атамайды екен) көшесін әрең дегенде тауып алдым.
– Бұқар жырау көшесін білесіздер ме?– деп қазақша да, орысша да сұрап, біраз сандалдым.
Иығын қиқаң еткізіп, «Первый раз слышу» деп жауап бергендердің талайын кейін қалдырып, «ул. Бухар жырауа» деген тілдей тақтайшаны көргенде әкемді көргендей қуанып кеттім.
Үйді де таптым. Баяғы үш қабатты, бұзылуға өзін-өзі дайындап, бульдозердің тұмсығын тілеп тұрған көне қызыл үй. Қоңырау шалдым. Бір қыз ашып:
– Кімге келдің?!– деді жұлып алғандай.
– Дариғаға.
– Ол үйде жоқ. Енді бір сағаттан кейін келеді.
– Кіріп, күте тұрайын.
– Мен саған бір сағаттан кейін келеді дедім ғой.
– Қарағым, қазақ емеспіз бе?! Мен ағасымын.
Қыз кіршең қарағай есіктің тұтқасын ұстаған күйі аңтарылып тұрып қалды да, біраздан соң «кіре бер» дегендей ишарат жасады.
Екі бөлмелі ескі үй. Сыз иісі қолқаны атады. Тазалығы да шамалы. Төрге төселген кіршең көрпе сатал-сатал. Терезе алдына шүпірлетіп жылтырақ жұқа төсеніштерді жайып қойыпты. «Жөргекте жатқан сәби бар ма?» деп ойладым да қойдым.
Бір кезде сұңғақ бойлы, аяқ-қолы балғадай, қос анары атырылып алға тепсініп, көкірегімен көк тіреген бір қыз түкпіргі бөлмеден шыға келді де:
– Сен Дариғамен келісіп пе едің?!– деді тіке қарап.
Жүрегім тас төбеме шықты.
– Жоқ. Келсін. Келгесін…– дедім.
– Бұл адресті қайдан білесің?
– Елміз ғой. Ағасы болам.
– Сендей ағасы жоқ. Өтірікті соқпай, шыныңды бірден айтпайсың ба?! Полисай емессің бе? Көресіні солардан көрдік қой. Бір адам деп апарып, бәрі бірден жабылады. Аузымызды қу шөппен сүртіп қайтамыз. Полисайға ұқсамайсың, бірақ… Оңбағандар! Арамтамақтар!
Қыз осы үйдің Би-Бәтимасындай көрінді.
– Дариға қайда істеп жүр?– деп әңгіменің бетін бұрдым.
– Күндіз үйде, кешке Саинның бойында.
Әуелі көне дастархан жайылды. Бүйірі ішке кіріп, сырты шала сүртілген электрқұманмен шәй келді. Құманмен бірге келген бір қаңсық иіс мұрнымды жарып барады. Шәй ішпейтінімді білдіріп, рахмет айттым.
– Қазақ емессің бе,– деп Би-Бәтима өз сөзімді өзіме қайтарды. – Оның үстіне ағасысың,– деп өңінде бір әжуа сызықтар пайда болды. – Ол шақыртумен кеткен.
– Шақыртумен «Жедел жәрдем» келуші еді…
– Біз де өмірдің жедел жәрдеміміз. Еркектердің жанына жедел ләззат сыйлайтын 03-піз. Тек ақ халат кимейміз.
– Өзіңнің негізгі мамандығың қандай?
– Мамандығым – медсестра еді, қысқарып кеттім. Қазіргі мамандығымның атауы – жезөкше. Күтіп отырған қарындасыңыз – Алматы мақта-мата комбинатының ардагері. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған… Сауаты бар адамға ұқсайсың, бізге неге «публичный дом» ашып бермейсіңдер?! Заңдастырып…
Мен тілімді тістеп қалдым.
– Нан ауыз ти. Жиіркеніп отырсың ба? Жарықта жиіркеніп, қараңғыда үстімізден түспейсіңдер ғой сендер…
Әппақ бөлішкеден бір тістедім. Сол сәт есік қоңырауы сыңғыр етті. Кесеге де ерін тигіздім. Іздеген қарындасым кіріп келді. Екі жас үлкендігім болса да, орнымнан тұрып, қолын алдым. Бетіне бетімді тигіздім. Аузынан коньяк иісі мүңкиді. Бет біткеннің сұлуы еді, сабақ оқудан мектептің алды еді. Жолы болмай оқуға түсе алмады. Бұрындары АХБК-да жұмыс істейді деп естігенмін…
– Қалай таптың қарындасыңды?– деп бірден «сенге» көшті. Маған мынау көне қабырғаның ішінде сыпайылық салтынан ештеңе қалмағандай көрінді.
– Іздеген табады ғой.
– Кездейсоқ емес пе?– деп, бұның да алма бетіне бір әжуа күлкі ұя салды.
– Жоқ. Осы, Дариға…– деп, сөз төркінін құлақ естіген әңгімеге бұрдым. – Сен АХБК-дан «Еңбек Қызыл Ту» орденін алыпсың. Бірақ, үй ала алмадың ба?
Сауалмен қоса орнымнан тұрып, кетуге ыңғайландым.
– Бізге үй бұйырмады. Біз темір тағып, үйді Сібірден келгендер алды ғой. Пропискам болмады. Мен үй ала алмай-ақ АХБК тарап кетті. Қазір үш қыз пәтер жалдап тұрамыз.
– Қайда істеп жүрсің?
– Саинның бойында…
– Көше сыпырасың ба?
– Жезөкше боп істеймін,– деді мізбақпай.
Қасы-көзі қиылған қыздың қатты кәйіп екендігіне енді ғана көзім жеткендей болды.
Ол қолын жумастан дастарқан басына жайғасты.
– Ағаң келіп қалыпты,– деді Би-Бәтима.
– Иә, ағам келгенде, – деп сыры кеткен шифонерден үш жұлдызды «Қазақстан» коньягін теңселе басып әкеп, дастарқанға қойды.
Мен ішпейтінімді айттым.
– «Қазақстанның» жұлдызын азсынып отырсың ба? Енді келгеніңде бес жұлдыздысын қоямыз,– деп, Би-Бәтима бөтелке тығынын тісімен тыңқ еткізіп жұлып ап, қырлы стаканға лекілдете құйды.
– Сенің амандығыңды біліп кетейін деп келдім. Апаң мен көкең сұрағасын… Нан ауыз тидім ғой.
Үш қыз да бір сәт аңтарылып қалды.
– Хабарлас,– деп жұмыс телефонымды тілдей қағаз тауып, жазып бердім. Мен алты нөмірлі санды жазып жатқанда ол былай деді:
– Үш мың доллар жинадым. Енді үш мың болса, құйтақандай баспана тауып, осы жерден безіп кетер едім.
– Хабарлас,– деп қағазды ұсынғанда қап-қара мөлдір көзден мөлтілдеген жас көрдім.
– Апам мен көкеме сәлем айтарсың…
Тіке қарағанда байқадым, бет біткеннің сұлуы еді, езуінің үстіне бір ұзын ұры сызық түсіпті.
Ескі үйдің есік алдына шығып, тау боп үйілген күл-қоқысты айналып, шығар жолды таба алмай біраз әурелендім. Алматыға келгелі дәл бүгінгідей азапты сәтті артта қалдырмаған шығармын.
Қызыл үйлер тезірек бұзылса екен.
Қысқы Олимпиадаға арнап, қаланы қайта салады деген де қауесет бар. Не де болса ескі үйлер бұзылып, көшеміз де, көңіліміз де қайта жаңғырса екен.
Ертеңіне аузы-басымды ұшық қаптап кетті.
Қарындас хабарласар ма екен?

***

Алматыдағы Саин көшесінің бойында тұрған мұндай тағдырлар аз емес. Оған енді Сейфуллин даңғылы қосылды. «Караван» мен «Рек-тайм» тектес жеке басылымдардағы «Мен сұмдықпын, маған келіңдер» деген жарнамалар жаныңды түршіктіреді. Солардың арасында қарындасым секілді қаракөз қыздар аз дейсің бе?
Зауыт жабылмай, фабрика істеп тұрса, олар осылай тұрмас еді?
Сейфуллин мен Саин балалары ту сыртынан түксиіп көз сап тұрғандай.
«Еңбек Қызыл Ту» орденін де ауылға апарып тастаса…
Өзі де атамекенге аттанса…
АХБК-нің қаңқасы қалды.
Оны Дариға менен артық біледі.
Енді барғанда, осыны айтсам деймін…

Қуандық Түменбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.