Ауылға келген қыз (әңгіме)

Асхат Өмірбаев

1982 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Прозалық шығармалары республикалық баспасөз беттерінде тұрақты жарияланып тұрады.
Журналымыз жариялаған «Үркер-Үміт» байқауының жеңімпазы.

Ымырт үйірілген шақта ауыл шетінен ақ боз шаң көкке құлаш сермеді. Құлағымның түбінен қой-ешкінің маңырай жамырағаны естілді. Аспандағы алтын табақтың қызыл сәулелері аулаға қызыл жіптен тоқылған алаша төсеп тастапты. Сәскеде ғана төбемізден төніп тұрған күн атамның беліндей бүкірейіп, жер шетіне бой тасаламақ. Қойдың басындай желдеткіштен жаздың салқын лебі есіп, танауымды көңсіген қи-тезектің иісі қытықтайды. Қос жанарым мөлдір терезеден сыртта абалай үрген тарғыл төбетке, көгілдір экран бетіндегі қалада биік үйлер салып жатқан тырна мойын крандарға алма-кезек қарап қояды.
«Мә, анау кранның кабинасында отырған адамның басы қалай айналмайды, ә? Батыл адамдар ғана кран жүргізетін шығар? Несі бар, мен де күзде биік маяның үстіне талай шыққанмын, өскенде кранға қорықпай мінетін боламын» деп, тәтті ойға беріліп кетіппін.
– Әй, жүгірмек, андағы көк сандыққа телміріп неге отырсың? Өрістен мал келді ғой, – деп әжем ұршығын шыр айналдыра жөнелді. Әдепкі жалқаулығым ұстап:
– Ой, әже, қақпаны ашып қойдым ғой, өздері-ақ кіре береді, – дегенімше болған жоқ, есік сықырлай ашылып, атам кіріп келді. Қолында қамшысы бар. Ашулы. Көк бие тағы егінге түскен шығар деп ойладым.
– Әй, сатқақ! Далаға шықпай неге отырсың? – деді қалың қастары түйісіп.
– Қазір, ата.
Тәкен атамның сұсты қабағының астында тәрбиеленген мен орнымнан қалай атып тұрғанымды білмей қалдым. Үстіме көнетоз күртешемді, аяғыма қызыл галошты іле салып, үйден өрт шыққандай далаға атып шықтым.
Көше ортасында көлдей жайылған малдың маңыраған дауысы, адамдардың айғайы, бақташының қиқуы – бәрі-бәрі маңайды азан-қазан қылды. Құдды топырлаған мал емес, тұман арасынан толқын келе жатқандай. Сәлден соң көршілер малдарын қораларына кіргізіп, көше шаңы басылғандай болған. Алдыма қырық шақты қой-ешкіні салып, айдап бара жатыр едім, кенет құлағыма бейтаныс қыздың сыңғырлай күлген күлкісі естілді. Құлағыма сондай жағып барады. Жалт қарадым. Артымнан келе жатқан малдың тұяғынан көтерілген шаң қайта қоюлана түсіпті. «Біздің көрші Назира. Жоқ, Назираның күлкісі мұндай емес. Мүмкін, Әмина шығар? Жоқ, оның дауысы шіңкілдек. Сонда күлген кім болды екен?». Қырсық шалғанда борпылдақ топырақты бұрқыратып келе жатқан жүздеген қой-ешкінің көшінен ештеңе анық көрінбей тұрды. Әйтеуір, малдың арасынан бұлыңғыр бейнелер көзге шалынады. Сыңғырлай шыққан дауыс жаққа құлақ түрдім. Алдыма салып айдап келе жатқан мал мені тоссын ба, кимелеп алға ұмтыла түседі. Міне, шаң сейіліп, қарсы алдымнан екі қыз көрінді. Біріншісін танимын: көрші Айнагүл ғой. Ал, жанындағы қызды біздің ауылдан көрген емеспін. Үстіне джинсы күртеше мен шалбар киіп алыпты. Басында сәнді кепка. Олар әлденені айтып, күлісіп қояды. Міне, тура жанымнан өтіп бара жатыр. Мен жаққа көз қырын да салмайды өздері. Тілім байланып қалғандай сөйлей алмай қалдым. Айнагүл де қызық, ең болмаса амандаспай ма? Жанымнан қой-ешкі түгел өтіп кеткенше состиып, соңдарынан қарап қалыппын. Үй жаққа қарай жүгіре жөнелдім. Қарасам, біздің қой-ешкілер бақшаға кіріп, қалғаны суға бас қойыпты. Шарбаққа қос аяғын тіреп, жүгеріні жәукемдеп жатқан ешкілерді шыбықпен шықпыртып, қораға айдап тықтым. Санасам, екеуі жоқ.
– Әй, мал түгел ме? – деп сұрады атам. Ағаш жәшіктің үстіне отырып, жаңғырыққа асқабақтарды қойып, балтамен шауып, бөлшектеп жатыр. – Қазір сиыр да кеп қалар. О бәлекет жемнің иісін бір сезсе, бұзауын мөңіретіп күттіріп қоймас.
– Екі ешкі жоқ екен, – дедім көздерім жыпылықтап.
– Әй, сен осы малдың алдынан шыққанда не ойлап тұрасың? Біздің малды танисың ғой. Көктемде ғана малдың үстіне жасыл краскімен таңбалап тастағам.
– Білем ғой, ата. Ана жынды Дәурен малды тырқыратып қуып, біздің малдар келесі көшеге өтіп кетті, – деп сөз тауып кеттім.
– Е, жақсы бопты. Енді неғып тұрсың? Барып малды іздеп кел.
Күн кешкіріп, аспан төрінде алтын арайға малынған бұлттар баяу қалқиды. Қолыма таяқ ұстап, ауылдың көшелерін түгел шарладым. Арықтың маңайы, мектеп стадионында болдым. Екі ешкі зым-зия жоқ. Мал кеткен көшедегі үйлерге бас сұғып «Бөтен жоқ па?» деп сұраймын. Үш-төрт үйден «Бөтен мал жоқ» дегенді естіп, жоғары қарай өрлеп келемін. Міне, Айнагүлдің үйіне де келіп жеттім. Осы үйге кірмей-ақ қойсам бе екен? Ал, егер ешкілерім осы үйде болса ше? Қора жақта Уәли ата мал жайғап жүр екен.
– Ата, бөтен жоқ па? – деймін қақпа сыртынан айғайлап.
– Бір-екі қой-ешкі бар-ау деймін. Келіп, өзің көрсеңші.
Аулаға жүрексіне кірдім. Алдымнан бұзаудай төбет атып шықты. Жүрегім дүрсілдеп кетті.
– Қорықпа, қаппайды. Бері маған қарай жүре бер.
Сырты темір торкөз сыммен қоршалған, үстінде жаппа шатыры бар қорада қырық-елу қой-ешкі жүр екен.
– Міне, мына бір қара қой, сосын ана тоқал ешкі бөтен, – деді қолымен нұсқап. Қараңғылық қоюлана түскен сайын малды бір-бірінен ажырату қиын еді. Қария қолшамын жақты.
– Бұл біздің мал емес, біздікінің үстінде жасыл краскісі бар, – дедім. Кері бұрылып, қайтып бара жатыр едім:
– Қараңғы түсіп кетті. Жоғалтқан малыңды қай үйден іздеп табасың?
Осы кезде көрші үйден адам сұлбасы көрінді.
– Әй, Мұхит, бөтен жоқ па сендерде? – деді Уәли ата.
– Бар, аға. Мүйізінің басы сынған серке мен екі ешкі бар.
– Аға, ешкілердің үстінде қандай белгі бар? – дедім.
– Жасыл краскі жағылған. «Т» деген әріп бар.
– Аға, ол біздің үйдің ешкілері.
– Қараңғыда оларды ұстай аласың ба? Тағы айырылып қаларсың, – деді Мұхит аға. – Ертең бәрібір өріске айдап апарам ғой. Біздікіңде түнеп қалсын.
– Жарайды, аға.
– Жақсы, онда. Уайымдамай үйіңе қайта бер, – деп Мұхит аға мал қораның есігін жауып жатып.
– Малының табылғаны қандай жақсы болды? – деді Уәли ата. Бойымнан бір ауыр жүк түскендей болды.
– Әлихан, жүр үйге кір. Нан ауыз тиіп кет.
– Рахмет ата, үйге қайтайын.
Қарсы алдымнан сиыр сауып, шелек көтеріп келе жатқан Бибіжар әже көрінді.
– Ой, айналайын, мынау біздің Әлихан ба? Үлкен жігіт болып қалыпсың ғой. Сабағың қалай? Әке-шешеңнің қалы жақсы ма? Бір ауылда тұрып жатсақ та қал сұрауға қол тие бермейді. Өткенде шешеңді дүкеннен көрдім-ау деймін, – деп самбырлай сөйлеп жатыр.
– Қалым жақсы, апа. Сабағым жаман емес. Ағылшын тілінен ғана қиналып жүрмін.
– Босағада телміріп неғып тұрсың? Үйге кірсеңші. Айнагүл ағылшынша сөйлеп зырылдап жүр ғой. Саған да үйретеді. Жүр, жүре ғой, айналайын! – деп іш-бауырыма кіріп, мейірлене қарады. Жаңа ғана үйге кірсем бе екен, кірмесем бе екен деп ойланып тұрған мен босағадан әрі аттап кеткенімді де білмей қалдым.
– Әй, Айнагүл, саған Әлихан келіп тұр. Ағылшын тілінен қиналып жүрмін дей ме? Білмегенін үйретіп жібер, – деп төрге оздырды. Бетім ду ете қалды. Үстіме киіп алған көнетоз кеудешемнен ұялып, шешіп, қолыма ұстап алдым. Арқам терлеп кетті. «Апа, мен бөтен мал іздеп келіп едім» деп айта алмадым.
Еріксіз үйге кіріп, мектепте терезе сындырып қойған оқушыдай босағада состиып тұрып қалдым. Бұл кезде Айнагүлдің анасы кешкі асты қамдап, аулаға дастархан жайып жатыр екен. Жаныма Айнагүл жетіп келді. Ұрты томпиып тұр. Құрт сорып жүр екен.
– Әлихан, қалайсың?
– Жақсы, – дедім ыңғайсыз жағдайға тап болғаныма қысылып.
– Неғып тұрсың? Жүрсеңші, мен саған бір нәрсе көрсетемін, – деп менің қолымнан ұстап залға ертіп әкелді. Көзіме бағана көрген қыз оттай басылды.
– Танысып қой, бұл – Дильназ, – деді жымиып. Мен күстене бастаған қолымды ұсынуға ұялып, басымды изедім. Ауызымнан бір сөз шықсайшы.
– Дильназ, бұл – Әлихан. Менімен бір сыныпта оқиды.
Көздері жұлдыздай жарқырап тұрған қыз ізетпен басын изеп, күлімдеп амандасты. Өзі еліктің лағындай сүп-сүйкімді екен.
– Әлихан, ағылшын тілінен қиналып жүр. Көмектесіп жібереміз бе? – деп Айнагүл тоқтамай сөйлеп жатыр. – Әлихан, дәптеріңді әкелдің бе?
– Ұмытып кетіппін, – деп желкемді қасы-дым. Дильназ менің бұл әрекетіме күлгендей болды.
– Менде артық дәптер бар, соған сөз жазып үйренейік, жарай ма? Айтпақшы Әлихан, Дильназ ағылшын тілін жақсы біледі. Саған да үйретеді.
Бетім дуылдап, ысып кеткендей болды. Сабаққа қырсыздығым үшін қызарып отырғаныма жыным келді.
– Кәні, Әлихан, ағылшынша сәлем дегенді қалай айтады?
– Хеллоу.
– Дұрыс. Енді өзіннің атыңды ата. Уойт изе нейм?
– Май немис – Әлихан.
– Жақсы, Әлихан. Дильназ сенің досың дейік. Сонда менің досым Дильназ деп ағылшынша қалай айтасың?
Сасқалақтап қалдым. Тілімнің ұшына Френд деген сөз келгенімен, сөйлемді байланыс-тыра алмай-ақ қойдым.
– Май френд – Дильназ, міне осылай болады, – деп Дильназ маған көмектеспек болды. Шынымды айтсам, өзімді өте ыңғайсыз сезіндім. Ағылшын тілін дұрыс оқымай жүргеніме өкініп қалдым. Үшеуіміз ағылшын тілінде бірнеше сөзді қайталап, тілімізді жаттықтырдық.
– Әй, балалар, келіңдер, тамақ ішіп алыңдар, – деп Айнагүлдің анасы дауыстап шақырды.
– Жарайды, мен үйге қайтайын. Кеш болып кетті, – дедім. Есік жаққа жалтақ-жалтақ қараймын. Бір жағынан кеткім де келмейді.
– Сау бол! Гуд бай! – деп қыздар менімен қоштасып жатыр.
– Сау болыңдар! Гуд бай! – деп сыртқа шықтым. Есік алдында жатқан төбет маған көзі үйренді ме, тесіле қарағаны болмаса, үрген жоқ. Айнагүлдің анасы дастарханды үйдің жанындағы жаппа астында жасапты. Күлән тәтенің күлшесі сондай тәтті. Әне, құрт-ірімшік пен қызыл бауырсақты үймелеп жатыр. Аулаға су сеуіп тастапты. Уәли ата мені көріп:
– Әлихан, балам, бері кел. Дастарханнан дәм тат, – деді.
– Рахмет, ата, үйдегілер іздеп қалар.
– Айналайын, келе ғой, астан ауыз ти, – деп Бибіжар әже бәйек болып жатыр. Мейірімді жандардың жарқын жүзі ет-бауырымды елжіретіп, құлаққа жағымды майда сөздері елітіп барады. Қолжуғышты салдыратып, дас-тархан шетіне келіп отырдым.
– Үй ыстық болған соң дастарханды далаға жасадым. Кешкі салқында ішкен ас сіңімді болады. Әне, үстел үстіндегі темір подноста тұрған сары самаурын екі иығынан дем алып, сақылдап қайнап жатыр. Жазда жанға маза бермейтін масаға түтін салып қойыпты. Ызыңдаған маса жоқ. Бір бауырсақты ортан белінен бір тістеп, бір кесе шәйді зорға тауыс-тым. Бибіжар әжей тостақандай қоңыр кесеге құйып берген бетінде қаймақ қалқып жүрген шәйді сораптай бергенімде:
– Әй, Уәли, бөтен жоқ па? – деген атамның дауысынан селк еттім. – Әлгі біздің жүгірмек мал іздеймін деп кеткен, жер жұтты ма, әлі жоқ.
Тамағыма балықтың қылтанағы тұрып қалғандай тұтығып қалдым.
– Әй, Есіркеп, бері кел. Балаң да, мал да осында.
Атам шарбақтан бермен өтіп, жақындаған сайын дегбірім қашты. Ол маған көз қиығын да салмастан үлкендермен амандасты. Сосын сұраулы жүзімен маған қарап:
– Малды тапқан екенсің? Үйге қайтпай неғып жүрсің? – деді. Қолымдағы кесе дірілдеп кетті.
– Оу, Есеке! Бір ашуыңызды қиыңыз. Бұл әлі бала ғой. Баламен сабаққа дайындалып, ұмытып кеткен шығар. Өзі де қайтайын деп еді, біз бірге шәй ішсін деп алып қалдық, – деді Уәли ата. Әйтеуір, бір сұмдықтан аман қалдым. Атам нан ауыз тиді де, қоштаса бастады. Мен де орнымнан тұрып, Айнагүлдің анасына алғыс айтып, атамнан бұрын алға озып кеттім. Үйге кірсем, әжем әлі ояу екен.
– Қайда жүрсің, сатқақ? Тамағыңды іш, үстел үстін жинаймын! – деп маған ожырая қарады. Бір кесе айранды сіміріп алдым да, жуынып, көрпені бүркеніп, жатып қалдым.

* * *
Тәтті ойлардың құшағына еніп, ұйықтап қалыппын. Малды өріске атам айдап апарса керек. Асымды ішіп, сыртқа шықтым. Күн найза бойы көтеріліпті. Жаздың күні ысып, бетке жылы леп ұрады. Ауыл шетіндегі діңі жуан қарағашқа қарлығаштар ұя салыпты. «Бұл ұяны Дильназға көрсетсем қуанып қалатын шығар, ә?». Осындай тәтті ойларға беріліп, әжемнің «бұзауды талдың көлеңкесіне арқандап қой, қайтарда өзен бойынан жалбыз теріп әкел» дегенін ұмытып барады екем.
Өзен бойындағы қызыл мия арасымен келе жатып, жолда Бейсекті кездестірдім. Балалар оны Бобик деп атап кеткен.
– Бобик, қайдан келесің? – дедім.
– Көрмей тұрсың ба?! Балық аулап келе жатырмын, – деді ол ұзын қармағын көрсетіп. Оны өткенде көкесі аудан орталығына барғанда туған күніне сатып әперіпті. «Балық керемет қабады» дейді өзі.
– Қанша балық ұстадың? – деп су құйып алған шелегіне көз тастап едім, жыпырлаған ұсақ балықтан көрінбейді.
– Охо, көп балық ұстапсың ғой.
– Көп емес. Біз өткенде ағам екеуіміз Басарық жаққа барғанда мынандай балықтар ұстадық, – деп сол қолын оң қолынан білегіне дейін апарып, мақтанып қойды.
Ту сыртымыздан қыздардың күлген дауысы естілді. Қыздар қолдарына батпырауық ұстап, желмен ұшырып, жарысып жүр. Араларында Айнагүл мен Дильназ бар. Әсіресе, сүйкімді қызды көргеніме кәдімгідей қуанып қалдым. Оларға бір қызық көрсеткім келіп кетті.
– Бір балығыңды маған бере тұршы, – дедім Бобикке өтініп.
– Бермеймін. Керек болса, өзің аулап ал.
– Ой, аямшақ!
– Ал, сен маған не бердің? Өткенде добыңды ойнауға берген жоқсың.
– Жарайды, келесі жолы беремін. Ол кезде өзім ойнап жаттым ғой. Берші, енді, бір балығыңды.
– Бір балықты не істейсің? Қуырып жеуге де жарамайды. Әлде асырайын деп пе едің?
– Жо-ға, Берші, сосын көресің.
– Бере алмаймын! – Бобик қиғылық салып, жынымды келтірді.
– О, ана, аспандағы қарақұс па, немене?
– Қайсысы? – Бобик аузын ашып, аспанға қарағанда мен шелегіне қолымды сүңгітіп жіберіп, бір балықты шап беріп ұстап, қаша жөнелдім.
– Ей, Әлихан, тоқта! Әкел балығымды! Көресің осыдан, мен сені ағама айтып берем.
– Бобик, балығыңды сосын қайтарып берем, – деп талдардың арасына жүгіре жөнелдім. Ол шелек толы балығымен мені қумады. Мен ол кетіп қалғанша жиденің арасына жасырынып қалдым.
Әне, анау жерде қыздар әлі батпырауық ұшырып жүр. Өздері сыңғырлап күле береді. Жандарына жүгіріп жетіп бардым. Алқына дем алып:
– Қалайсыңдар, қыздар? – дедім амандасып.
– Ой, сен қай жақтан жетіп келдің, Әлихан? Қолыңдағы не?
– Бұл ма? Бұл – құпия.
– Құпия! – қыздардың бәрі батпырауық-тарының жібін тарс қып ұстап, маған қарады.
– Ол не? Бізге көрсетші! – деді Айнагүл. Дильназ да маған қиыла қарап қалғандай. Мен балықтың сағағынан ұстап, жоғары көтердім. Ақ бауыр маржан жылт еткенде қыздар шу ете түсті.
– Берші, мен ұстап көрейінші!
– Болмайды.
– Әлихан, балықты өзенге жібер, әйтпесе өліп қалады, – деді Мақпал.
– Иә, балық онсыз өмір сүре алмайды, – деді Айзат.
– Жарайды, – дедім. – Бірақ өзен жаққа бәріміз барайық. Қыздардың біразы өзен жаққа барғысы келмеді. Олар батпырауықтарын қайта ұшырып, ойнап кетті.
– Мен барамын, – деді Дильназ. Ауызым ашылып қалды. Екі көзім Дильназда.
– Мен де сендермен бірге барамын, – деп Айнагүл қулана жымиды. Үшеуіміз өзенге қарай беттедік. Дильназға кішкентай жылтыр балықты беріп:
– Өзенге өзің жібер, – дедім.
– Аквариумдағы балық сияқты екен, – деген Дильназ балықты бір сипап, суы таяз жерге еркіндікке қоя берді. Шолп ете қалған дауысқа қарап қалдық. Суға қолымды малып едім, жып-жылы екен. Сол кезде мен қызық болсын деп қыздарға су шашып қалдым. Айнагүл маған да су шашырата бастады. Қаладан келген қыз біздің әрекетімізге қарап, таң-тамаша болып қалды. Бір кезде Айнагүлге жаны ашып кетті ме, күлімсіреп маған су шашырата бас-тады. Жоғары көтерілген мөлдір тамшылар күнмен шағылысып, жылтырай түседі. Күнге шағылысқан тамшылардың кемпірқосақ түстес бояуы ап-анық көрінеді. Үстіме секірген мөлдір тамшылар малмаңдай қылды. Ол аз болғандай Айнагүл мені суға қарай итеріп жіберді.
– Болды, болды, жеңілдім! – деп екі қолымды көтердім. Қыздар су шашуын қойып, менің үстіме қарап сыңғырлап күледі. Мен су болған киімімді сығып келмекші болып:
– Қазір келем, – деп қалың жыңғылдың ішіне қойып кеттім. Қайтып келсем, қыздар жоқ.
– Айнагүл, Дильназ! – деп айғайлаймын. Үн жоқ. Өзен мен ауылдың арасы тақтайдай жазық болатын. Екі ортада өскен миялар бастарын марғау шұлғиды. Олар менен әдейі жасырынып қалған шығар деп іздей бастадым. Діні жуан қара ағаштың ар жағынан сыбдыр естілді. Тышқан аулаған мысықтай аяғымды аңдап басып, жүріп келемін.
Киімін сығып жатқан қыздар мені көре сала ойбай салды.
– Кет! Кет әрі!
– Ұятсыз!
Шынымды айтсам, қыздардың көлеңкесін ғана көріп тұрмын. Әрі қарай қадам басуға батылым бармады.
– Жарайды, мен сендерді өзен жағасында тосам, – деп дауыстап, бөгелмей кетіп қалдым.
Айнагүл келе сала мойнымнан мытып жіберді.
– Мен не істедім? – деп ақталып жатырмын.
– Оңбаған! Оңбағансың сен, түсіндің бе? – деді Айнагүл қабағын түйіп. Дильназдың жанында мені балағаттап жатқаны жаныма батты. Қыздың ащы дауысын естігім келмей, алға қарай жүгіріп кеттім. Сәлден соң қыздар көңілденіп, гүл тере бастады.
– Қыздар, қарақат теруге барайық, – дедім «кінәмді» жуып-шайғандай.
– Қарақат. Ол қайда өседі? – деді Дильназ.
– Орманда. О, мен қарақат қалың өскен жерді білемін, – дедім. Дильназ Айнагүлге қилыла қарады. Жаңа ғана маған ұрысып тұрған қыз қаладан келген қонақтың көңілін қимады ма:
– Жарайды, барсақ барайық, бірақ үйге тез қайтамыз, – деді. Үйге кіріп, кішкене шелек алып шықтық. Үшеуіміз орман-тоғайдың ішімен жүріп, мол қарақат тердік. Айнагүл алдымызға шығып кетті.
– Дильназ, міне саған қарақат теріп әкелдім, – деп қолына бір уыс қарақатты ұстаттым. Қолым қолына тиіп кетіп, денем тоқ жүріп өткендей дір етті. Қыз менің өзіне тесіле қарап қалғанымды сезіп, жанарын тайдырып әкетті. Батылданып қыздың қолынан қайта ұстадым. Дильназ қолын қайта тартып алған жоқ, тек төмен қарап, жымиып күлді. Менің төбем көкке екі елі жетпей қалды. Бір нәрсе айту керек екенін сезіп тұрмын.
– Саған ауыл ұнады ма?
Аузымнан шыққан тәуір сөз осы болды.
– Иә, өте ұнады. Әсіресе, ауыл адамдары. Олар сондай мейірімді.
– Тағы не ұнады?
– Сосын тамаша табиғат ұнады. Мөлдір өзен, жайқалып өскен орман-тоғай, жасыл шөп…
«Мен ше?» деп айтқым келіп кетті.
– Сосын?
– Ауылдан жақсы достар таптым.
– Екеуіміз доспыз ғой, иә?
– Иә.
– Сен әлі ауылда қанша күн боласың?
– Үш-төрт күн ғана болатын шығармын. Сосын мамам келіп мені алып кетеді.
– Ой, каникул үш ай ғой. Неге көп күнге қалмайсың? – дедім жұлып алғандай.
– Көп күнге қалайын ба? – деп сыңғырлай күлді қыз. Мен басымды изедім.
– Бірақ менің қалада айналысатын істерім көп. Көркем гимнастикаға баруым керек. Шахмат үйірмесіне де қатысып жүрмін. Ой, сен біздің Алма апайды білмейсің ғой, ол сондай қатал кісі. Біз күнде жаттығу жасаймыз. Мамам «ауылға барып келейік» деп әрең сұрап алды. Алма апай «Сен өскенде көркем гимнастикадан олимпиада ойындарына қатысасың. Ол үшін жалқаулықты жеңіп, көп еңбектену керек, талаптану керек» дейді.
– Әлия Юсупова сияқты ма? – дедім балалар журналынан оқығаным есіме түсіп.
– Мен өскенде әлем, олимпиада чемпионы болғым келеді, – деді Дильназ.
– Ой, сені теледидардан көреміз ғой. Біліп қой: мен сенің нөмірі бірінші жанкүйерің боламын!
– Ой, рахмет, Әлихан! Айтпақшы, ауылда қандай спорт үйірмесі бар?
– Айтжан аға бокстан үйірме ашамын деп жүрген. Қалаға барып жаттығуға қажетті бокс қолғабын, аспалы тұлып алып келсе, бізге бокс үйретеді.
– Ой, бокс деген қорқынышты ғой. Төбелесіп, басыңды зақымдап аларсың.
– Түк те қорқынышты емес, – дедім батылданып. – Мен өскенде Бекзат, Ермахан ағалар сияқты мықты боксшы болам.
– Сонда да. Бокс – қауіпті спорт. Одан да ауылға бассейін салып, суға жүзуді үйретсе жақсы болар еді? Теннис, жеңіл атлетикадан үйірмелер ашуға болады ғой.
– Ой, бізге бассейн не керек? Өзенге күнде шомылып, балық сияқты жүземіз. Керек десең, біздің ауылда әлгі аты қалай еді? Біздің чемпион… суға жүзетін орыс…
– Дмитрий Баландинді айтасың ба?
– Иә, иә, ауылда одан да мықты жүзетін ағалар бар.
– Олар неге жарысқа қатыспайды?
– Ой, ауылдағы ағалардың бәрі жарысқа кетсе, тракторды кім айдайды? Шөп шабу керек, егін жинау керек.
Дильназ менің сөзіме күліп жіберді. Мен кәдімгідей намыстанып қалдым.
– Ренжіме. Мен.. жай…
Қыздың сыңғыр күлкісі бәрін ұмыттырып жіберді. «Шіркін, Дильназбен өмір бойы қол ұстасып жүрсем ғой». Қыздың үш-төрт күннен кейін қалаға қайтатыны есіме түсіп:
– Дильназ, сен барған соң мені ұмытып кетпейсің бе? – дедім көңілім түсіп.
– Ұмытпаймын.
– Мен поштаға барып, саған хат салып жіберем.
Дильназ тағы күліп жіберді.
– Сенде электрондық пошта жоқ па?
– Қандай пошта?
– Кәдімгі пошта ше? Хат жазатын, фотосуреттер жіберетін.
– А-аааа, – дедім есіме информатика пәнінен беретін Төлеубек ағаның компьютері-мен хат жібергені есіме түсіп. «Біздің үйде компьютер жоқ» деуге батылым бармады.
– Міне, қара, – деп қалтасынан ұялы телефонын шығарып, түрлі суреттерді көрсете бас-тады.
Мынандай мықты ұялы телефон әкімнің баласы Диаста, сосын директордың немересі Айсұлтанда бар.
Осы кезде қасымызға Айнагүл жетіп келді.
– Ой, екеуің достасып алғансыңдар ма? – дегенде не істерімізді білмей қалдық. Қолымнан Дильназдың сүйріктей саусақтары сусып кетті.
– Ой, сендер түк те термепсіңдер ғой, міне менің шелегіме қараңдаршы, қаншама қарақат тердім, – деді мақтанып. Біз Дильназ екеуіміз бір-бірімізге қарап, күліп қойдық.
– Үйге қайтайық, кеш болып кетті, – деді Айнагүл. Мен шелектерді көтеріп келемін. Екі қыз жол бойы гүл терумен болды.
Үйге келген соң әжем сампылдап сөйлеп жүр:
– Әй, сатқақ! Қайда болдың?!
– Бұзау шешіліп кетіпті, соны іздеп жүріп қалдым, – дей салдым.
Кеш бата өрістен қайтқан малдың алдынан шықпақ болып шашымды сәндеп, жаңа киімдерімді киіп, үйден шығып бара жатыр едім, әжем:
– Әлихан, қайда барасың? – деді.
– Малдың алдынан шығам.
– Әй, бір киеріңді киіп, малдың алдынан шыққанды кімнен көрдің? Тоздырсаң, ертең неңді киесің?! Қазір үсті-басың шаң болады ғой.
– Шаң болмайды, әже.
– «Шаң болмайды» дейді ғой. Бар киіміңді ауыстыр!
– Жәрәйді, – деп үйді сырт айналып, мал кіретін қақпадан көшеге шығып кеттім.
Біраздан соң ауылдың шетінен бағананың бойындай бұрқыраған шаң көрінді. Бірақ Айнагүлдің үйінен малдың алдынан шығуға Қайып ағасы шықты. Салым суға кеткендей көңілім түсіп, үйге қайттым. Іштей «Бағана қарақат теруге барып, кешіккені үшін үйден шығармай қойған ғой» деп түйдім. Малды жайғап болғанша күн де батты.
Үйден білдірмей сыртқа шықтым да, Айнагүлдің үй жағына қарай тарттым. Көшедегі иттер қылмысымды ашып қоярдай үреді. Міне, Айнагүлдің үйінің алдында тұрмын. Шам жанып тұр. Аулада ешкім көрінбеді.
Кенет ту сыртымнан біреу шап беріп ұстай алды. Апақ-сапақта түрін шырамытып тұрмын.
– Қайрат, бұл сен бе?
– Ей, Әлик, сен неғып бұл үйді торуылдап жүрсің? Бір нәрсені қағып кетейін деп жүрсің ғой, ә? Әлде қаладан келген қызды көруге келдің бе? – деп кекете күлді. Жымысқы күлкі жынымды келтірді.
– Бөтен мал іздеп жүрмін, – дедім сыр бермей.
– Мә, өзің жынды киініп алыпсың ғой.
– Кетші-ей әрі. Қалай киінемін, оны өзім білем. – Айтуын айтсам да, ішім қылп ете қалды.
– Кетсең, өзің кет!
– Сен өзің не істеп жүрсің?
– Мен бе? Мен жай… Уәли атаны қонаққа шақырайын деп келгем.
– Өтірік соқпа!
– Міне, өтірік айтсам, нан ұрсын! Әкем жіберді.
– Енді неғып тұрсың, кірмейсің бе?
– Бөтен жоғалтқан сен ғой. Сен бірінші келдің, сен кір!
– Мен малымды таптым, – деп үйге қарай жүгіріп бара жатыр едім, Қайрат соңымнан дауыстады:
– Әлихан, енді осы үйдің жанына келсең, таяқ жейсің. Білдің бе?
Мен оған жауап бермедім. «Қайрат та Дильназды ұнатып келген шығар?». Неге екенін білмеймін, өзімнен-өзім ашуланып кеттім. Үйге келіп, төсекке құлай кеттім. Ажар анамның «Әлихан, балам, тамағыңды іше ғой» дегеніне да қараған жоқпын. Көз алдыма Дильназдың бейнесі келді. «Дильназ екеуіміз өмір бойы бірге жүрсек қой» деп армандап жатып, ұйықтап кетіппін.
***
Ертеңінде қораға барып, ала тайға мініп, ауыл шетіне шықтым. Жаздың күні ысып келеді. Таңғы самалға кеудемді тосып, терең тыныс алдым. Екі көзім Айнагүлдің үй жағы. Қыздарды атқа мінгізіп, қыдыртқым келді. Атам «жылқыларды айдап апарып, стадионға жайып кел» деп жұмсап жіберді. Жаздыкүні мектептің стадионына шөп өсіп кететін. Себебі ауылдың шеті түгел егін. Мал жаятын жер жоқ. Ала тайыма мініп, жылқыларды айдап келе жаттым. Кенет қарсы алдымнан Қайрат шықты. Өзі жымың-жымың етеді.
– Қалай, кеше қаладан келген қызбен кездесе алдың ба? – деп мұқата бастады.
– Онда сенің шаруаң болмасын.
– Қызға барғаның рас қой. Ол саған ұнай ма?
«Егер рас» десем, бүкіл ауылға жайып, масқарамды шығарар» деп үндемедім. Жылқыларды алдыма салып, стадионға қарай айдадым. Аттарды шідерлеп қойдым. Қарасам, Қайрат кетіп қалыпты. Сосын Айнагүлдің үй жағынан ала таймен әрі бері өттім. Бір кезде доп ойнап жүрген қыздар көрінді.
– О, Әлихан, қалайсың? Тайға мініп, қайда бара жатырсың? – деді Айнагүл күлімсіреп. Дильназ да жымиып амандасты.
– Жай. Қыдырып жүргем. Атқа мінесіңдер ме?
– Асау емес пе?
– Асау емес. Жүріңдер, ауыл шетіндегі көгалға барайық.
– Қазір, мамамнан сұранып келейін, – деп Айнагүл үйге кіріп кетті. «Дильназ қалың қалай?» деп айтуға аузым бармай, тосылып қалдым.
– Әдемі ат екен, – деп Дильназ тайымды мақтап қойды.
– Жалынан сипап көрші, қорықпа тістемейді, – дедім. Еңкейдім де, қыздың қолынан ұстап жылқының мойына қарай апардым. Қыздың маған тік қарауға батылы бармады. Тым ұялшақ болып кеткендей көрінді.
– Ура! Мамам, жіберді! – деп сүйінші сұрағандай үйден Айнагүл айғайлап шықты.
Үшеуіміз көғалға келдік. Тайға екі қызды алма-кезек мінгізіп, жетектей жөнелдім. Үшеуіміз де мәз-мейрам болып, қызық ойынға баттық. Айнагүл аттан түспей қойған кезде құлағына «Айнагүл, Дильназ қонақ қой. Ол көбірек мінсін» деп сыбырлап қоямын. Сосын Дильназ екеуіміз атқа ұзақ мініп, желмен жарысып шаба жөнелеміз. Бір кезде шұбар айғырымен Қайрат жанымызға жетіп келді.
– Қыздар, атқа мінесіңдер ме? – деді әй-шәй жоқ.
– Жоқ, – деп кесіп айтты Айнагүл. – Бізді Әлихан атқа отырғызады.
Ішім жылып қалды. Қазір мына қызғаншақ қасымыздан кетіп қалса екен деп тілеп тұрмын.
– Әлихан, жүр, жарысайық, – деді Қайрат амалы құрып.
– Жарыспаймын.
– Қорқасың ба?
– Қорықпаймын.
– Қорықпасаң, жарыспайсың ба?
– Көрмей тұрсың ба, қыздарды атқа мінгізіп жүрмін.
– Қорқақ! – деп жерге шырт түкірді.
– Кім қорқақ?! – Шыны керек, Қайраттың мені қыздардың көзінше масқаралағаны жаныма батып кетті. Бұл кезде мен Дильназды атқа мінгізейін деп жатқанмын.
– Әлихан, үйге қайтайықшы, – деді Дильназ мазасызданып. Мен үнсіз басымды изедім. Атқа қарғып мінгенім сол еді, ашуға булыққан Қайрат жеңімнен тартып қалды.
– Жүр, жарысамыз, – деді қайта қызбаланып.
– Жарыспаймын дедім ғой.
– Ұтылып қаламын деп қорқасың ғой.
– Жібер қолымнан!
– Жібермеймін! Қолымды сілки тартып қалдым. Бірақ менен екі жас үлкен Қайраттың күші көп екен. Қолымды босата алмадым. Ол мені аттың үстінен аударып тастамақ болып, шірене тартты. Қолым ауырып барады. Айғайлайын десем, қыздардан ұят.
– Қайрат, Әлиханды жібер! – деп Айнагүл айғай салса да, тоқтамады. Бір кезде қолымдағы бишікпен салып жібердім.
– А-аййй! – деп ол оң қолын қайта тартып алды. Сасқалақтап қалдым ба, бишік қолымнан жерге сусып кетті. Ол енді мені шындап құлатуға кірісті. Аттар да ауыздықпен арпалысып, әрі-бері айналшықтай бастады. Ашуға мінген Қайрат қатарласа келіп, білегімнен шап беріп ұстай алды. Мен де қос қолдап қарсыласып жатырмын. Бір кезде аттан ауып бара жаттым. Қырсық шалғанда бір аяғым үзеңгіге ілініп қалып, ат мені сүйрете жөнелді.
– Айбас тоқта!
Айғай салып едім, тайым екі-үш қадам жүріп, кілт тоқтады. Көзімнен жас ыршып шықты. Бақырып жіберуге шақ қалдым. Ауырсынған аяғымды үзеңгіден әрең алдым.
– Әлихан, саған не болды? – деп жаныма Айнагүл мен Дильназ жетіп келді.
– Аяғым… – мен тістене тіл қаттым. Ет қызуымен білінбеген екен, тобығым солқылдай ауыртып, жанымды шырқыратып, шыдатпай барады.
– Жүре аласың ба?
Мен тістене басымды шайқадым.
– Қайрат, сен не істедің?
Қайрат моп-момақан бола қалыпты. Бойындағы бар ашуы тарқап кеткендей.
– Неғып тұрсың? Көмек шақыр! – Айнагүл бақырып жіберді. Анау атының басын ауылға қарай бұрып, шаба жөнелді.
– Мен Қайратты айтып берем, – деді Айнагүл шамырқанып.
– Керегі жоқ, айтпай-ақ қой, – дедім. – Әкесі естісе, өлтіреді.
Мақсұт әкем мені көтеріп үйге әкетті. Алдымнан кимешегіне көз жасын сығып, шыққан әжем:
– Қарғам-ау! Атта нең бар еді? Қол-аяғың бүтін бе? – деп бәйек болып жүр.
Төсекте таңылып жаттым. Байқұс анам шырылдап жанымнан шықпайды. Атам көрші ауылда тұратын Мұратбек деген сынықшыны әкелді. Сынықшы аяғымды уқалап, сырт еткізіп, қалпына түсіргенде бақырып жылап жібердім. Айнагүл мен Дильназ күнде келіп қалымды сұрайды. Көңілімді аулап, ән салып, би билеп береді. Ағылшын тілін үйретеді.
Арада үш күн өтті. Аяғым тәуір болып қалған сияқты, бірақ ісігі кетпей, жерді басқызбайды. Таңертең үйге Дильназ келді. Сәнді киініп, сөмкесін иығына асып алған. Әдемі шаштарын өріп, кепкісін бастырмалата киіп алыпты.
– Мен бүгін қалаға қайтамын, – деді Дильназ. Оған тура қарадым. Бұл сөз менің жанымды жаралап кеткендей болды.
– Кетпей-ақ қойшы, – дедім жалынғандай.
– Мамам келді. «Қалаға қайтамыз» дейді.
– Мені ұмытып кетпейсің бе?
– Ұмытпаймын.
– Саған көркем гимнастикаға бару керек қой. Саған көп жаттығу керек. Мен сені теледидардан көретін шығармын?
– Сен боксқа бармай-ақ қойшы, – деді Дильназ өтінгендей. – Денсаулығыңды құртып аласың.
Мен мырс етіп күліп жібердім.
– Жарайды, бірақ футболға қатыссам болатын шығар?
– Аяғыңды тағы ауыртып алмайсың ба?
– Ой, аттан талай құладық қой. Жүгіріп құласам түк те етпейді.
– Жақсы, онда. Мамам күтіп қалған шығар. Жарайды, мен кеттім!
– Тоқтай тұршы!
Дильназ жылы жымиды. Қыздың нәзік саусақтарын алақанымен әлдилеп ем, денем тоқ жүріп өткендей дір етті. Ол қалаға кетпей жатып, сағынып үлгергенімді сездім. Сүйріктей саусақтарын босатқым келмейді…
Айнагүл бөлмеме кіріп келді. Дильназ асқан жылдамдықпен қолын тартып қалды.
– Мамаң шақырып жатыр, – деді Дильназға қарап.
– Айнагүл, Дильназды шығарып салшы, – дедім басымды көтеріп. Менің аянышты түрімді көргісі келмеді ме, қаладан келген қыздың жанары жасаурап, теріс айналды. Мен алғаш рет терең күрсіндім. Көз алдыма Дильназдың күлімсіреген жанары қалып қойды. Қоңыр дауысы құлағымда әлі сыңғырлап тұр.
«Дильназ, Дильназ…». Ол енді ауылға қашан келер екен?

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.