КӨСЕГЕ-ЖҰМЫРТҚА

Бекен ЫБЫРАЙЫМ

1950 жылы туған. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Филология ғылымының докторы, Халықаралық Айтматов Академиясының академигі, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты және «Жалын» баспасының балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық бәйгесінің жүлдегері. Абай атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы авторлық ауызша әдебиет орталығының директоры.

(Басы өткен санда)

***
Ертемен Көсеге көрінбеген соң, Әнипа әжей «қайда кеткен?» деп еді, үйдегілерден ешкім білмеді. Шайларын ішіп, жұмыстарына кетті. «Әкем-ау, бұл қайда жүр?» Бір жоққа екінші жоқ қосылды. О, тоба… Көңілін түйткіл түрткілеген әженің мазасы кетіп, не істеп, не қойғанын білмей, абыржып жүрді. Ақыры шыдамай, дүкенге барды.
– Естідіңіз бе, апа! – деді Кербез амандықтан кейін.
– Нені?
– Ауылдың сыртындағы қалыңның ішінде біреу Жұмыртқаны ұрып, есінен тандырып кетіпті.
– Ой-буу, бишара-ай, ә! Ойпырай, ешкімге қиянаты жоқ, өзімен өзі жүрген бір бала еді, қай кісәпір оны ұрып жүрген?
– Ішкім білмейді, апа.
– Қазір қайда?
– Ертеңгісін өріске мал айдап шыққан сиыршы көріпті де, тас жолға барып, машинамен кетіп бара жатқан біреуге айтыпты. Ол полицияға хабарлапты. Сонымен полиция, дәрігерлер қатар келіп, аудандық ауруханаға алып кетіпті.
Әжейдің жүрегі су етіп, буындары дірілдеді. Босағада борбиған орындықты сықырлатып, отыра кетті. Қабағы шытылып, басын шайқады:
– Обал-ай, обал-ай. Аман болса, жарар еді. Енді кәйттік?
– Сүйегі аман көрінеді. Дәрігерлер мен полицияның айтуына қарағанда, біреу артынан келіп ұрған.
– Ойпыр-ай, бишарада кімнің кегі бар еді? Сұмдық-ай, сұмдық-ай. Кім болса да, құдай сазайын берер! Қой, мен ауруханаға барып келейін. Анау сусындарыңнан, шырыныңнан бере ғой, қарағым.
Бұл күні азық-түлікті түгелдей қамдап үлгіре алмаған Әнипа әжей пісірген етін, кілегей-айранын, бауырсағын алып, ертеңіне аудандық ауруханаға кетті.
***
Аяңшыл сылаңқарасын сыпылдатып, лапастың қасына Ұзынқараның жеткенін ешкім байқамады: «Өлгенде, басыңа қояр ма екен? Мә, «алтының!»
Үй күзетіп, көлеңкеде маужырап жатқан сабалақ қара кәндек ит зілді дауыстан селк етті. Ұшатын тәрелкедей шырқ айналып, зырқырап келе жатқан ақ тегештен зәресі ұшып, құйрығын бұтына қысып алып зытты.
Ұзынқара атымды мотоциклге айырбас-таймын деген сылтаумен көрші ауылға кіжініп бара жатты.
***
– Жұмыртқа деген кісі жоқ, апа, – деді медбике қыз.
– Қалай жоқ? Кеше ғана әкетіп еді ғой ауылдан.
– А-а, ано-оу соққыға жығылған кісі ме? Мынандай кішкентай… – қыз өз төсінің деңгейін саусағымен сызып көрсетті.
– Иә, сол, сол…
– Соққы бәлендей қатты емес екен. Ешқандай жарақаты жоқ. Аман-есен. Бірақ қатты қорқып, есеңгіреп қалған секілді. Жөндеп жауап бермейді. Әлсін-әлсін алдап-сулап сұрап көрді дәрігерлер. Ештеңе біле алмадық. Біресе ыңылдап, «өзің сәулем» дейді, біресе қырылдап, «ақ тегеш» дейді. Біресе өзінен өзі қорқады, көрпені басына жауып алып, төсектің астына тығылады.
– Алда, байғұс бала-ай, ендігі көрме-генің осы еді, – әжейдің даусы бұзылып, жарықшақтанып шықты. Көз алдынан жалғыз ұлы – Көсегені айналып-толғанған әке-шешесі, қылша шөптеген, маяға әуелетіп шөп әперген, ән шырқаған ойын-тойлар… зу-зу өтіп жатты. Шәлипа көз жұмар алдында, көңілін сұрай барып, қасында отырып еді. «Мына кішкене… мүсәпір ұлымның күні қалай болар екен? Әттең-ай…» деп, сүткенжесін қия алмай, көзінен жасы бұршақтап, бұл дүниеден қиналып өтіп еді. Құдайдың ісіне не шара?
Әкесі жалпақ мұрын, даңғырлақ Серкеш еді. Сол аяғы тізеден жоқ. «Кейін іздеп келем деп, Польшаға қалдырып кеттім» деп әзілдейтін. Алдымен сол көз жұмды. Қалай жерленгенін шетпұшпақтап құлағы шалған. Әдетте әйелдер бейіт басына бармайды ғой, қызы бой бермей барыпты. Көз жасын көл етіп, жылап-сықтамай-ақ, «Ничего не поделаешь. Такова судьба. Закон жизни…» деп, шалт бұрылып кетіп қалғанда, көргендер еріксіз тіксінген.
Қолды-аяққа тұрмай шырылдаған – кіп-кішкентай Көсеге. Алғашында еш жыламай-ақ таңдана қарап, ары-бері жүрген бала ақымның аузын кірпішпен өріп, енді топырақ тастай бастағанда, шар ете қалады:
– Неге гөмесіңдер? Ө жерден әкем қалай шығады? Әнә жерде тамағ жоқ, су жоқ. Не ішеді? – деп шырылдап, кірпіштердің үстіне секіре бергенде, көр қазушы әлеуетті жігіттердің бірі қағып алады. Тыпырлап, жанталасқан бала уыстан шығып кете жаздаған соң, екі жігіт әзер ұстайды. Көсегенің «жібер, жіберіңдер!» деп шыңғырғаны құлақты жарып жібере жаздайды.
– Әкемді жылан шағып алады. Жердің астында жылан бар! – деп шырылдайды бала…
Сөйткен Көсеге көз алдында өсіп еді, жігіт болғанда, мінеки. Заман мынау: біреуді асырамақ түгіл әркім өз күнін әзер көріп жүр. Мал жаятын жер қалдырмай, сатып жіберді. Кісі есігінде жүрген қайбір жақсы. Кешегі сапқоздың барын бастықтар талап алды. Суармалы, жақсы жерлер – солардікі. Жөндесе, одан әрмен бұзылатын ескі-құсқы техника мен суарылмайтын жерлерді алған жұмысшылар тақырға отырды. Байлардың құлы мен күңдері сияқты күн кешіп жүргенде, тарылмағанда кәйтеді? Біреуге кінә арту да ыңғайсыз-ақ. Әй-и, заман-ай, «көресіңді көрмей, көрге кірмейсің» деген осы да…
Әнипа күрсініп алды.
Кезінде даңғырлақ Серкеш талайға дейін бойдақ жүріп, ақыры осы Шәлипаны алып еді. Аяқ астынан ауырмай-сырқамай о дүниеге кетті. Томашадай Шәлипа не істейді, басқа түссе, баспақшыл, жылап-жылап қойды. Қызын шет тілдер институтын бітіргенше, жеткізем деп белшесінен бейнетке батқан Шәлипа ақыры ауырды. Талқаны таусылар күн таяғанда, шақыртып алды.
«Әнипа-оу, көз көргенсіңдер ғой… Бірдеме етіп, жәрдемдерің болса… Басқаларға да айта жүрерсіңдер…» деп, күш сала өтініп сөйлегенін ауырсынып, кейігендей көзін жұмып жатты да, бір уақытта үнсіз қалды. Сөйтіп демі үзіліп еді… Әнипа әжейдің көкірегі ысып, кеңсірігі ашыды.
– Енді кәйтпек? – Бар күшін жиғандағы сұрағы қысқа болды.
– Алматыға психикалық ауруханаға жібермекші.
– Айтып тұрғаның жындыхана ма?
Медбике қыз төмен қарап, кінәлі адамдай үндей алмады.
– Жарығым-ау, ең болмаса бір жақсы сөз айтсаңшы.
Жақсы лепес дәметіп, жәутеңдеген кемпірге медбике қыз не бірдеңе айтарын білмей, не кетерін білмей, мүдіріп тұрғанда, арғы жақтан екінші медбике қыз келді:
– Сәлеметсіз бе, – ақ желеңді талдырмаш қыз басын изеп амандасты да, әріптесіне мойын бұрды. – Арай, шақырып жатыр. Сүйреп шығару керек дейді.
Біреу шынжырмен шырмап, төмен тартқандай әжейдің жүрегі ауырлап бара жатты. Қалған күшін жинап, қарсыласып бақты:
– Не болды, қызым-ау, бірдеңе десеңдерші. Не болды, айналайын?
– Кеше әкелген кісі есінен адасып, медбраттар әрең ұстап отыр. Жетекке жүрмей қойды. Амал жоқ, енді психбольницаға зорлап апару керек.
– Байғұс-ай, байғұс-ай, обал болды-ау. Сап-сау адамды ұрып жындандырып, одан ықтиярына қарамай, жындыханаға тығатындай не күн туды?!
– Жыламаңызшы, апа, жазылған соң, шығарады.
– Қайдам, қайда-ам… Онсыз да көрмегені жоқ еді, азап шегеді десеңші. Жүрегі ұшып кетпесе нетті… Оо-ой, жарығым-ай… – ішкі дүмпудің серпінімен дауыс көтеріліп естілді де, күрт құлдилап барып өшті…
Кейін келген қыздың «Ой, апа, туысыңыз ба?» – дегенін құлағы шалып қалды. Алғашқы қыздың «Қарамайсың ба – үлкен кісі. Абайлап айтсаң қайтеді?» деп, әбігерленіп сөгіп жатқанын, асығып келген екінші қыздың сасқалақтап, ақталуға тырысқанын естіген жоқ.
Қан қысымы көтеріліп кеткен екен, укол салып, дәрі беріп, әзер дегенде есін жиғызды.

***
Кезекші дәрігер мен медбике қыз әбігерге түсіп жатқанда, жан-жағына жатсына қарап, көздері шатынап келе жатқан Көсеге көрінді. Екі жағында – еңгезердей екі жігіт. Көсегенің қолдарын қайырып, тас қып ұстап алған. Көткеншектеп, бар күшін салып мықшыңдап, тартынғанына қарайтын емес, дедектетіп келеді. Кең дәліздің терезе жағындағы келушілерге арналған ұзынша орындықтан Әнипа әжені көріп қалып, айқай салды:
– Анау менің апам ғой. Апа-аа, апа-аа! – Жан дауысы шығып, жылап қоя берді. Араша іздегендей тұра ұмтылып еді, екі жағындағы екі жігіт жібермеді. Кенет қайдан күш біткені белгісіз, Көсеге жұлқынып-жұлқынып қалғанда, талай ауруларды көрген тәжірибелі, қарулы жігіттер айрылып қалды.
– Апа-аа, – Көсеге тапырақтап тұра жүгірді. – Жүр, қашайық. Апо-оу, тез, те-з….
– Келе ғой, құлдығым, келе ғой, – кемпір ұмсынғанымен, бірден орнынан тұруға дәрмені жетпеді, – өзім үйге алып кетем, айналайын. Бергеші, бері маған….
Бірақ бәйтеректей екі жігіт оқтай атылып келіп, екі иықтан шап берді де, дереу қолдарын артқа қайырды.
– Ап-па-аа, мені өлтіреді. Мені алып кетші ауылға.
– Жіберіңдер, айналайындар, жіберіңдер. Өзім алып кетем.
Екі жігіт дәрігерге қарады. Ол алақандарын жайып, басын шайқады. Екі жігіт Көсегенің қолын қайырмай, білектен дұрыстап ұстады да, сүйреп алып кетті. Көсеге ышқынып айқай салды:
– Апа-аа, қаш, қа-ааш! Сені де ұстап алады. Тез қаш, апа-а! Мыналар бізді өлтіреді.
Үрейі ұшып, жас баладай бақырып жылаған даусы аурухана дәлізін жаңғырықтырып жіберді. Екеуге бой бермей жатқанын көріп, басқа дәрігерлер, тағы біреулер көмектесуге ұмтылды. Тырбаңдауға да шамасын келтірмей, «Жедел жәрдемге» сүйретіп кіргізді. Осының бәрін көріп, жаны мұрнының ұшына келген кемпірдің орнынан тұруға дәрмені жетпей, даусы қырылдап шықты:
– Құлдықтарым-ай, жіберіңдерші. Ауыл-ға әкетейін. Оның не жазығы бар? Адамды аясаңдаршы…
Екі медбике қыз не істерін білмей, қолайсызданып тұрды.
***
Әлденеше күннен кейін есін жиған Көсегенің таңданбасқа шарасы қалмады. Ақ төсекте шалқасынан жатыр. Айналасында – өзі секілді кілең біркелкі киімділер. Көпшілігі – егде кісілер. Сосын… сосын көргені: серейген-серейген жас жігіттер, былқылдаған қыз-келіншектер барлығы ақ халат киіп алған. Әлдекімді қарсыласқанына қарамай, дырылдатып, палатадан бірі сүйреп, бірі итеріп шығарып жатты. «Укол салмаса, қоймайды» деп шаңқылдаған әйел дауысы естілді.
Содан кейінгі көргені – столдары жыпырлаған асхана. Тап-таза, әдемі-әдемі ыдыстар. Иісі мұрныңды қытықтайтын дәмді тамақтар. Қасықпен жейсің бе, шанышқымен жейсің бе, өзің білесің.
Бұл не өзі? Қайдан келді бұл жерге? Кім әкелді? Мұнда не бітіріп жатыр? Ауыл қайда? Әнипа әжей, Ұзынқара қайда?..
Ауруханаға тап болғанын Көсегенің іші сезді. Бірақ…
Бірақ неге бұлар ауырса, жатпайды? Төсекте отырған жалтыр бас біреу «мен – бастықпын, қабылдамаймын! Кетіңдер!» деп еді, оған пысқырған ешкім болмады. «Бастықты» итпісің, кісімісің демей, жанынан әркім ойқастап өтіп жатыр. Әлдебіреу белгісіз өлеңді жатқа айтып тұр. Оны тыңдаған біреу болсашы. Арбақай сары секіріп жүрсе, шілтиген шіби секілді екіншісі жылап отыр. Әнебіреу сидаң қара өзінен өзі мәз.
«Бұлардың осында емделгені дұрыс шығар. Ал, мені кім әкелді мұнда, кім әкелді?» деп, басы қатқан Көсегеге бір күні, сірә, бастық болуы керек, бурыл шашты дәрігердің алдына келудің сәті түсті. Артық еті жоқ, сергек, ашаң кісі екен. Ертіп апарған майысқақ медбике келіншек пен дүңкиген еңгезердей жігітке «сабыр етіңдер» дегендей басын изеп, оң қолын жаймен көтерді. Көсегенің басынан аяғына дейін барлап, бір қарап алғаннан кейін көзіне тура қарады:
– Тә-әәк… – Атың кім?
– Жұмыртқа!
– Оу, мына қағазда Көсеге деп жазулы тұр ғой?
– Иә, мені бұрын Көсеге дейтұғын, қазір Жұмыртқа дейді. Шынында мен Жұмыртқамын ғой. Иә, аға?
– Иә, шикілігіңе қарағанда, ұқсайсың, – дәрігердің жүзі жылып, жымиып алды. – Мұнда неге келдің?
– Аға, мен өзім келгем жоқ. «Кел!» деп шақырса да, келмес едім, – деді Көсеге жаутаңдап. – Бұ жерде мен не істейім? Түк жұмыс жоқ. Босқа жата берем бе жынды ғұсап.
– Оһо, қарай гөр! Жұмысты жақсы көресің ғой деймін, ә-ә?
– Иә-ә, аға, мен ылғи Әнипа апамның үйіне барып жұмысын істейім. Тамақ береді сұрамай-ақ. Әрең тауысам. Түнде шөптің үстіне ұйықтайым. Әйбәт. Келіңіз, аға, шөптің үсті жылы, кең. Сізге орын жетеді. Әнипа апа әйбәт, түк ұрыспайды.
Дәрігердің екі иығы бүлкілдеп, күліп алды:
– Әйбәт апаңның бары жақсы екен. Бопты. Мұнда енді… халың қалай?
– Жақсы, аға. Тамағы бо! – бас бармағын шошайтты. – Бірақ Әнипа апамдыкі бұдан да жақсы. Бірақ… – Көсеге ойына әлдене оралғандай асыға сөйледі. – Бұ жердің тамағы да өте ұнады.
– Ұнаса, осында қала бересің бе?
– Жо-оқ, аға! Ауылды сағындым. Мына жерде жақсы екен. Сосын жаман екен!
«Не айтып кетті?» дегендей дәрігер зер сала қарады:
– Несі жақсы?
– Тап-таза, төсектері аппақ. Сынбайтын темір төсектер. Тамағы неше түрлі екен.
– Ал несі жаман?
– Жаманы көп, аға. Ішкімді танымаймын. Қорқамын. Түтіннің, тезектің иісі шықпайды – деп Көсеге бір тоқтады.
Бала кезде өскен ауылы есіне түсіп кетті ме, дәрігер «иә-ә…» деп, басын изеді: – Сосын?…
– Сосын ит үрмейді, сиыр мөңіремейді. Бір де тауық жоқ.
– Поу деген… – Дәрігер күліп жіберді. – Мынау нағыз ауылдың баласы ғой. Әй, саған бұл жерде обал екен. Тағы нең бар айтатын?
– Аға, мынандай қыздар әйбат, – Көсеге толықша келген жұмыр келіншекке көзінің қиығымен жүрексіне қарады.
Дәрігер жымиды:
– Қорықпа, айта бер. Мен отырғанда, саған ешкім тиісе алмайды.
– Аға, бұл жер менің үйім емес қой. Жындылар көп екен. Мені мұнда кім әкелгенін білмеймін. Сұрайын десем, ешқайсысы жөндеп жауап бермейді. Тіпті, осындағылардың барлығы да жынды ғой дейім. Өңкей жындының арасында не істейм?
– Қалай-қалай?.. – Дәрігер таңдана сұрады. – Мұндағылардың барлығы жынды емес шығар… – деді астарлы күлімсіреп.
– Қайдағы? Мен дәрі ішкім келмейді. Жынды болмаса, мені қорқытып, дәрі ішкізе ме?! Қашайын десем, анау дәу жігіт ұстап алады. Қорыққанымнан тыныш тұрам, укол салады. Жамбасыма ине кіргізеді де: «бұл – укол!» дейді. Жылайын десем, ұра ма деп қорқам. Кейбір жындыларды ұрғанын көргем. Мыналарға айтып қойыңызшы, аға, маған уколдың керегі жоқ. Төсектен тұралмай ауырып жатқан жоқпын. Бұлар жынды болмаса, маған неге күнде-күнде укол сала береді? Маған тиіскенше, өздерінің жұмыстарын істеп жүре бермей ме?
Дәрігер де, жігіт пен келіншек те күлісіп алды. Дәрігер қуланып, терезеге қарады:
– Аналар ше? – Аулаға асфальт төсеп жатқан, қызғылтсары күртеше киген жұмысшылар мен оларға бұйрық беріп тұрған дембелше бастықты иегімен нұсқады.
Көсеге терезеге тырп-тырп басып, таяп барды да, үркіп, басын шайқады:
– Аға, мыналардың бәрі – жынды.
– Неге?
– Былтыр жаңбыр жауып тұрғасын, істейтін жұмыс болмай, Ұзынқараның үйіне барғам. «Су тасып жүргенше, мына дайын жаңбырдың суымен құм мен сементіңді шылап, аулаңа төсемейсің бе?» деп, өзім ойлап шығарған ақылымды айттым. Ол ішек-сілесі қатып күлді: «Өй, мынауың бір жынды екен ғой. Жаңбырда есі дұрыс адам семент құйып, асфальт төсеуші ме еді?» – деді. Ал, мыналар қарамайсыз ба, жаңбырдың астында жүріп, асфальт төсеп жатыр.
– Да-а, сөзінің қисыны бар, ә?! – Дәрігер жымиып тұрған екі жас әріптесіне қарады. Сосын Көсегеге бұрылды. – Ал, мен ше?
Жұмыртқа түсіне алмады ма, әлде не айтарын білмеді ме, тосылып қалды.
– Мен ше? – Дәрігер түсін жылытып, сөзін қайталады. – Мен де жындымын ба?
– Сіз де! – Етқызумен айтып жіберіп, сасқалақтаған Көсеге тұрған жерінде қалбалақтап, құлай жаздады. – Жо-о! Жоқ, аға, Сіз кішкене… мінәндәй ғана… – Көсеге тесіле қарап, бас бармағы мен сұқ саусағының арасынан иненің жасуындай саңылау ашып, екінші қолының сұқ саусағымен нұсқады. – Міне, мінә-әндәй ғана жындысыз… Ондай іштеңке етпейді, аға, уайымдамаңыз. Дәу жынды емес, кішкен-тә-әй жындысыз. Адамдардың бәрі сондай ғой. Дажы мен де…
– Ха-ха-ха, – дәрігер еріксіз күліп жіберді. – Мен неге «мінә-әндәй!» ғана «жындымын»?
– Әйтпесе неге мені ауылға жібермей отырсыздар?
Дәрігер күлкісін жиып, ойланып қалды:
– Ә-әй, дегенмен осының сөзінің жаны бар. Бәріміз де аздап жындымыз. – Әріптестеріне бұрылды. – Мына жігіттің тәртібі қалай, жүріс-тұрысы дұрыс па?
– Дұрыс-дұрыс, – десті екеуі жарыса жамырап.
– Олай болса, бұл жігітке обал. – Алтынсары ұшты қаламымен столды тықылдатты да, ескерту жасағандай салмақтап, жоғары көтерді. Дәрігердің кеуде тұсына дейін көтерілген қап-қара жуан қаламының сесі Көсегенің мысын басты. – Ауылыңа қайта ғой. Әйтпесе, бәрімізді жынды деп жүрерсің, – деп езу тартты. – Біра-ақ… – дауысы қатайып естілді. – Тыныш жүр. Ешкімге тиіспе! Біреуге тиіссең, ренжітсең, осы жерге келетініңді ұмытпа! Ал, енді бара ғой ауылыңа. Баратын адамың бар ма?
– Әнипа апам бар. Бірақ о кісінің келіні де жынды. Маған ылғи ұрса береді.
– Жарар, апаң бір ретін табар. Жолың болсын.
***
Жалғыз аялдама – аядай ауылдағы жалғыз дүкеннің қасында қалаға немесе ауданға барып келетіндер сирек. Түске таман автобустан Көсеге жалғыз өзі ғана түсті. «Қайда, кімге барсам екен?» дегендей жан-жағына алаңдап, сәл-кем аңырып тұрды да, Дариға есіне түсіп, дүкенге беттеді. Темір есіктің түбіне таяу, алдыңғы дөңгелегі көшенің қалаға бет алатын жоғарғы жағына бұрылып, гүрілдеп тұрған мотоциклге таңырқай көз салды да, дүкенге кірді. Қағазға қиналыңқырап, бірдеңе жазып, калькулятормен есептеп тұрған Кербездің көздері бақырайып, абдырағандай үнсіз қарап қалды да, дереу есін жиып, қаламын тастай салды:
– О-ой, Жұмыртқа?! Өзің гелгесің бә? Сен ауырып қалды дегенді естіп, қорқып қалдық қой. Барамадық қолымыз босамай. Ұят болды сенен. Біздің қолда не бар? Өзің қалай енді… тәуір болдың ба?
– Жо-оқ, – деді Көсеге даусын созып. – Түк те ауырғам жоқ. Кім апарғанын ұмытып қаппын, қаладағы өңкей жындылардың арасына апарып жатқызып тастапты. Тұрып алдым да, «мен жынды емеспін. Жіберіңдер!» дедім де, кетіп қалдым. Дәу дәрігер өзі жіберді. Көшеден де, автобустан да жындыларды көп көрдім.
– Автобуста жүрген қайдағы жындылар? Ауруханадан қашып шыққан ба? – Кербездің сұрағы Көсегені қоздырып жіберді:
– Біреулер боқтасып жатты. Тағы біреулер шопырға бостан босқа ұрсып, бірдеңе дей берді. Өңкей жындылар екенін білдім де, үндемей отырдым.
– Құдай сақтаған екен, – Кербез күйзеліп тұрғанын сездіргісі келмей, өзін ұстауға тырысты. – Кішкене ағарып, көп-көрім болып қапсың. Осыған да шүкір. Әнипа апаңа барып амандастың ба?
– Автобустан қазір түстім. Айтпақшы… – «сұрасам ба, сұрамасам ба?» деп екі ойлы күй кешсе де, басқа амалы қалмады. – Ана кім… қайда?
– Дариға ма?! – Кербез жаны ашып, көңіл аулайтындай әзіл айтқысы келіп еді, зауқы соқпады. Шытыңқы қабағы жазылмай, мұңая қарады:
– Ол да мен сияқты жұмыстан қысқарып қалды. Енді ертеңнен бастап қаңғимын, – деді көзі жасаурап. – Дүкен жекеменшіктікі. Қожайыны «қайда барсаң, онда бар!» деді керіліп. Әуелім дұрыстап сөйлеуге ерінеді. Адам ғұрлы көретін емес. – Кірпігіне ілінген мөлдір тамшыны сұқ саусағын бүгіп, сүртіп алды. – Дариғаның сөйлесіп жүрген жігіті бағана ертемен келген ійнәмаркасымен. Алып кетейін деп жатқан…
– Қайда?! – Шошып, қатты дауыстап жіберген Көсегенің жүрегі аузына тығылды.
– Қайда болушы еді, қалаға да. Әне, соның машинасының гүрілі…
Көсеге сыртқа атып шықты. «Ә-әй, оны нағыласың? Басқа да қыз табылар!» деп айқайлаған Кербезге мойын бұрған жоқ.
Осы сәтте шетелдік ақ машина дүкенге тиіп тұрған кең, асфальт көшенің бойымен қаланы бетке алып, сызып өте шықты. Дариғаның еркелегендей мойын бұрып, жігітке бірдеңе деп жатқанын байқап үлгірді. Өзіне өзі ие бола алмай, аблыққан Жұмыртқа есеңгіреп, үнсіз тұрып қалды. Кенет қабағы түйіліп, көздерінде от ұшқындады. Шалт бұрылып, дүкенге кірді:
– Матасекіл кімдікі?
– Ұзынқараныкі. Әр жерден темір-терсек жинап, өткізіп жүр ғой сонымен. Жаңа осы жерге бірдеңе алам деп кеп еді, ақшасын үйде ұмытып кетіпті. Қазір гелед. Тоса тұрасың ба?
– Матасекілді қалай жүргізеді?
– Мәссаған! Соны да білмейсің бе? Алға итеріп, қасындағы тіреуін артқа жібермей ме?!. Сосын рөліндегі газды бұрап-бұрап жіберіп, ұшыртып әкетеді ғой әйтеуір. Өзім айдап көргем жоқ. Анық білмеймін. Оны гәйтейін деп ең? – Бейжай Кербез ішін улаған уайымнан арылуды ойлап, әңгімеге тартқысы келіп еді, Көсеге елең етпеді. Алқына жүгіріп, сыртқа шықты.
Мотоциклдің кілтипанын біліп алғанның қолма-қол пайдасы тиді, жалма-жан алға итеріп, тіреуішін артқа жіберді де, қонжиып алды. Рульді тас қып ұстап, бұрап-бұрап, айналасын бір қолымен шарлап итінгені сол еді, мотоцикл гүр-р етіп, атқып кетті. Көсеге шалқасынан құлай жаздап, жалма-жан рульден ұстап үлгірді. Мотоцикл атқан оқтай зулады.
– Ә-әй, Жұмыртқа-ау, өлесің ғой! – Сүрініп-қабынып, сыртқа шыққан Кербез мотоциклін ракета сияқты ұшыртып бара жатқан әлдекімді көріп, аң-таң қалған Ұзынқараға айғай салды. – Ойбай, жүгір, жүгір! Ананы ұстаңдар. Құриды, ой-бай, құриды! Айдау білмейді.
– Е, бәсе, анау Жұмыртқа ғой. Ой, әкиің… Қайдан геп ғалды мұнда?! – Ұзынқара кіжініп, бір боқтап алды да, соңынан тұра ұмтылды.
Гүрілі көшені басына көтеріп, соңынан көк түтінді бұйралатқан мотоцикл алғашқы екпінмен ауылдың шетіне жете бергенде, кілт солға бұрылып, жолдан шығып кетті. Салдыр-гүлдір етіп, топырақты бұрқылдата тоңқалаң асып, бірнеше аунап түсті.
– Ойбай, өлді! Өлді-ау, сорлы! – Кербез сасқалақтап, екі алақанымен санын салып-салып жіберді. Дүкенді асығыс-үсігіс кілттеп, Әнипа әжейдің үйіне тұра жүгірді. Жақындағанша, жолшыбай көргендерге айтып үлгірді.
Әжей әбігерленіп қалды. Сөйтсе де сыр бермеуге тырысты: «Құдай сақтасын, құдай сақтасын!» дей берді. Үйде жалғыз екен, құлыптады да, кәлөшін киіп, Кербезге ілесті. «Аман болса, игі еді. Аман болса…»
Келе жатқанда, Шәлипаның баяғы сөзі қайдағы бір белгісіз қиырдан үңіреңдеген құбырдың ішімен бұралаңдап жетіп, құлағына еміс-еміс естіле берді: «Құлыншағым, маңдайыма басқан кішкентай, жалғыз ұлым сендерге аманат… аманат… аманат…»
Бұлар келгенде, бір топ ауыл адамдары жиналып қалыпты. Қабақтары түсіңкі, не істерін білмей, состиып-состиып тұр. Секем алған Әнипа әжей дөңгелектері аспанға қарап, төңкеріліп қалған мотоциклдің қасында сұлап жатқан Көсегеге зер сала қарады. Басы кеудесіне ойысып, иегі алқымына тірелген. Оң жақ езуінен сыздықтап, қан шығып жатыр.
«Ойпырай, ойпырай! Шынымен… Бұ қалай? Аяқ астынан… Қараптан қарап… Шынымен өлгені ме? Өлім соншалық оңай ма еді? Ешкімнің де босқа өлгісі келмейді, бұл не? Не бұл? Қайғыдан қан жұтып кеткен қайран Шәлипа-ай… аруағыңнан ұят болды-ау. Білмедім ғой бұлай боларын. Кім ойлады…» Кемпірдің жүрегі суылдап, еріксіз тағы да Шәлипаны есіне алды. Саулы інгендей зарлап, ботасының үстіне төніп келе жатқандай. Күңіренген соның дауысы ма, әлде өзінің дауысы ма, мән беріп, парықтай алмай қалды:
– Ойбо-ой, құлыны-ем, не болды-е? Аяқ астынан бұл не? Не сұмды-еқ?!.. Көрейін дегенім осы ма еді? Жазатайым жазым болғаның ба-ай? – Дауыстап жылаған бойы Көсегенің басын сүйеп, маңдайынан иіскемекші еді, Ұзынқараның сөзі тоқтатты:
– Апа, қозғамаңызшы. Полиция бәрімізді тергеп, босқа әуре қылады. Алдымен солар тексеруі керек. Хабарлап қойдық. Жедел жәрдемге де.
Әнипа әжей еңкейіп, маңдайынан иіскегенде, жылып шыққан көз жасы Көсегенің бетіне тамып-тамып кетті. – Жарығым-ай, жарығы-еммм… – Жігіттің томпақ бетіне мөлт-мөлт тамған мөлдір тамшылар дір-дір етіп, тұрақтай алмай, төмен сырғып бара жатты.
Кемпірдің зарлап жылағаны тұрғандардың бойын шымырлатып жіберді. Ұзынқара іші-бауырын зілденіп аралаған суық леп мұздатып бара жатқанын сезінді. Кінәлі адамша басы салбырап, үндей алмай, көзімен жер шұқыды.
– Мойны үзілген сияқты. Ешкімге қиянаты жоқ, ешкімнің ала жібін аттамаған жақсы жігіт еді, – деді тұнжырап. – Қап, әттегене-ай!… – деді сосын тістеніп.
Әнипа әжейдің құлағына еңіреген Шәлипаның зары әлдеқайдан құйылып, қосыла дауыс салды:
– Көрейін дегенім осы ма еді, құдайым-ау? Не жазып еді бұл бала? Күнәсіз періште емес пе еді! Аясаң қайтеді, құдай-ау. Бір ауылға бір байғұсты қимадың ба? Сыйдырмадың ба?
– О-оой, жарығым-ай, арманда кеттің-ау. Артыңда тұяқ қалмады. Қатын әпере алмадық. Айыптымыз, шырағым, айыптымыз… Тірі күніңде «бұл да адам ғой» демедік. Құдайдың алдында не дейміз енді? Мезгілсіз сөнген шырағым-ай…
Күтпеген өлімді ауырсынып, ешкімнің басу айтуға дәті бармады. Ойда жоқта болған опатқа өздерін кінәлі сезінгендей, Көсегені өле-өлгенше Жұмыртқа деп кемсітіп, мазақтап есіргендеріне, шапағатын тигізбек түгіл жандары ашымағандарына ыңғайсызданғандай үнсіз мелшиген. Кемпірдің зарлы жоқтауы әркімнің көкірегін ашытып, кеулей берді:
Он екіде бір гүлі ашылмай кетті-ау. Ең болмаса, үш мүшелден аса алмады. Шәлипаның көзін көргендерден мен ғана қалып ем… Қалай өкінбейін… Мен жыламағанда, кім жылайды артында? Жоқтайтын адамы да жоқ. Қарағым-ай, қарағым-ай… Байғұс бала не қызық көрді бұ жалған дүниеде?.. Аз күлкісін де көп көрдік-ау. Жыртығыңды жамағысы келген кім бар еді? Өкінішпен өтті-ау жас өмірің.
Шәлипа қия алмай, артына қарай-қарай арманда өтіп еді. Жалғыз ұлыма көз қырларыңды сала жүріңдер. Елсіңдер, жұртсыңдар деп жылап кетіп еді. Аманатқа қиянат жүрмейді, аманатыңды ақтай алмай, арманда қалдық. Мұны мен айтпасам, кім айтады? Бәріміз де бүгін бармыз, ертең жоқпыз…
Әнипа әжейдің бұлайша босап, егіліп жылағанын бұрын-соңды ешкім көрмеген еді. Әйелдер, қыздар көздеріне жас алып, бет орамалдарымен сүрткіштеді. Түксиген ер кісілердің кейбірі тыпыр етпей, тас мүсіндей қақиса, кейбірі жусанның ұшынан үзіп алып, үккіштей берді.
– Аманатты ақтай алмай, арманда қалған апаңды кеш, қарағым. Кеш, ке-е-еш! Не дейін, құдай-ай, не дейін… Сен өлмей, мен өлуім керек еді. Маған сен топырақ салуың керек еді. Енді ғайттім? Енді ғайтті-ем? Шәлипаға не бетімді айтам, не бетімді…
Кемпірдің ыңыранып жылағаны Ұзынқараға алыстан, айдаладан ұлығаны секілді естілді. Әлі құрыған Әнипа әжей үнсіз егіліп, бір тізерлеп, шоқиып отырып қалды.
«Дариға қоштасып кеткенде, бұлай болмас па еді? О ғыз мұның келгенін білмей қалды ғой» деп ойлаған Кербез шыдай алмады:
– Байғұс-ай, байғұс-ай… осы жаңа ғана сөйлесіп еді… Байғұс-ай… Өлгеннен басқа амалың қалмағаны ма? Адам екеніңді дәлелдеу үшін өстіп өлу керек пе еді? – деді ауыр күрсініп. Сосын: – Өлгенді ғана-а адам деп сан-найтұғын за-заман болды ғой… – дауысы төгіліп түсердей дірілдеп, екі иығы селк-селк етіп, өксіп жылап жіберді…
***
Ағылшын тілін үйреніп, мұхит асып кеткен әпкесі жалғыз бауырының өлгенін білмеді.
Арада бір ай өткеннен кейін Әнипа әжейді ақ жауып, арулап көмді.
Екі адамынан өлідей, бір адамнан тірідей айрылған оймақтай ауыл құлазып жатты…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.