Жанашыр

Шерағаңмен шалғайда жүріп таныс-тым. Жатаған клубтағы «военный» кинолардан қалмайтын қара сирақ ойын баласы кезіміз. Арасында кітап оқимыз, аудандық газет – Құранымыз. Бір жолы республикалық газеттен «41-ші жылғы келіншек» деген әңгіме оқыдым. «Жас гвардия-ны» экраннан көріп, соғыс деген бұл өзі ғажап әлем екен-ау деп ойға батып, шешуші сәтте «советтер» жағы жеңетіні жанымызды масайрататын. Сол сойқан соғыстың Украина мен Белоруссия жерінен басқа біздің де ауылдарға қатысы барлығын «41-ші жылғы келіншектен» білдім.
Адам мұңы, адам тағдыры, әйел сағынышы…
Бір күні «Интернат наны» шықты. Интернатта оқитын балалар үшін бұл да бір ауыздан тастамай айтатын майдан болды. Адам жанының мөлдіреген майданы. Кейін ес біліп, сөз тани бастағанда «Сусамыр», «Шекшек шырылдайды», «Бір нәзік сәулені» оқығаннан кейін бұлардың бәрі прозаның шағын жанрының чеховтық стильмен жазылған классикалық үлгісі екендігіне көз жеткіздік.
Уақыт – төреші. Сол өзіңді тәнті еткен қаламгермен бір ғимаратта қызмет істеп, бір майданда еңбек еткеніміз – аға буын мен кейінгі ұрпақтың заңды сабақтастығы болар.
1985 жылдың желтоқсанының соңғы жетісі. «Жұлдыз» журналының проза бөліміндемін. «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысы Тұтқабай Иманбеков (екі редакция Жазушылар Одағының үшінші қабатына қатар қоныс тепкен) дәлізде кездесіп қап:
– Шерағаңмен жақсы екенсің ғой, – деді.
– Қалай?..
– Жылжабар нөмірге лауреаттар таңда-дық. Прозадан ананы апарамыз, жаратпайды, мынаны апарамыз, жаратпайды. Бір кезде: «Жастар құрып қалған ба?!» – деді гүр етіп. Сенің «Қызыл жиде» деген әңгімеңді апарып едік, «Дұ-рыс!» деп қол қойып берді.
– Дұрыс, – дедім мен де.
Түс әлпетінде Тұқаң (Тұтқабай Иманбек), Сайлау Пернебаев, Сайлаубек Жұмабек, Қайырбек Асан бәріміз лауреаттықты жуу үшін Көкбазарға қарай бет алып бара жаттық. Бұл да бір өмір еді.
Ұзамай заман өзгерді, демократиялық дүмпулер болды. Әдебиетте де айта алмай жүрген сөздер айтылып, жазылмай жүрген тақырыптар шым-шымдап игеріле бастады. Шерағаңның «Сталинге хаты» әдебиеттегі, драматургиядағы, жалпы өмір көшіндегі бір құбылыс болды. Сахнадан Кремльде тұрып өз тілінде сөйлеген Тұрарды, аярлықпен арқадан қаққан Сталинді көрдік. Бір емес, бірнеше рет тамашалап, айызымыз қанды. Сондай күндердің бірінде «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының хатшысы Алтынай жүгіріп келді.
– Сізді Шерағаң шақырып жатыр.
Бүретін бүркіттей қомданып отыр екен.
– Хал қалай? – деді даусы жаңғырығып. Үнінен бір әдемі әуез шықты. Адамды жақсы көргенде сондай бір әуез аңғарылатын.
– «Сталинге хатты» сендерге бердім. Өзің ие бол. Осы…
Диалог қысқа болды. Ол маған сенім артып отыр, сол үшін шақырып отыр.
«Сталинге хат» бір әрпі өзгермей жарияланды. 240 мың таралыммен шығатын басылым бетінен театрға бара алмайтын бүкіл қазақ даласындағы қойшы мен диқан Тұрар мен Сталиннің бетпе-бетін оқып, жандары рахаттанды. Олар үшін ақсүйектер баратын театр қойылымынан гөрі бүктеліп қонышта жүретін «Жұлдыздың» сыйлаған ләззаты зор еді.
Алтынбек Сәрсенбаев – Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі кезі. Осы жолдардың авторы мерзімді басылымдар және ақпарат құралдары бас басқармасының бас редакторы. Министр: «Қытай энциклопедиясына екі қазақ журналисін кіргізуіміз керек. Кімдерді береміз?» – деді. Ақылдаса келіп, Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловқа тоқтадық.
Шерағаңа телефон соқтым.
– Қытай энциклопедиясына екі қазақ журналисі енбекші, соның бірі – өзіңіз. Өмірбаяныңызды жазып берсеңіз.
– Сонда мен жазушы емеспін бе?! – деп гүр ете қалды.
– Жазушылығыңыз өз алдына. Бұл – газет-журналдардағы еңбегіңіз, журналист кадрларын даярлаудағы ұстаздығыңыз туралы…
– Дұ-рыс, – деп сөзге тоқтады.
Шерағаң Қытай энциклопедиясына соңынан ерткен қаламгерлер армиясын жазған жоқ, бірақ ол әркімнің көз алдында. 60-90-шы жылдарда «Лениншіл жас», «Жұлдыз», «Жалын», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», Қазақтелерадио комитетінде қызмет атқарғандардың арасында аты аспандап, алысқа кеткен дүлдүл шәкірттерінің шырағы мәңгі жанып тұрғандығы әмбеге аян.
Шерағаң «Егемен Қазақстанның» бас редакторы кезі.
Қызылорданың Қазалы ауданында прокурор боп істейтін ағам маған мақала салып жіберіпті. Мәселе былай: Обком бюросы оқушыларды күріштің арамшөбін отауға шығармау туралы арнайы қаулы қабылдайды. Жаңа келген бірінші хатшы Еркін Әуелбеков таң атпай мұздай суға түскен өрімтал ұл-қыздарды көріп, «Ертең бұлардан қандай ұрпақ өрбиді, шұғыл тоқтатыңдар!» деп, мәселені бюро мәжілісіне салады. Бірақ, Қазалы ауданының оқушылары қаптарын арқалап, күріш отаққа кетіп бара жатқанын көшеде көріп қалған прокурор қаулының орындалмай отырғанын аупартком бюросында айтып, одан ештеңе шықпаған соң балалардың қиын болашағын қозғап, мақала жазып жіберіпті. Оқып, түзеп, «Қара домалақтардың қамын ойласақ…» деп айдар тағып, «Егемен»-де істейтін досым Әмірхан Меңдекеге апарсам, «Шерағаңа көрсетейін, қалай қарар екен», – деді. Екі-үш күнде мақала жарқ ете қалды. «Қазір 40-шы жыл емес, сұмдық қой мынау» деп, өзінің соғыс жылдарына тап келген балалығын көз алдына елестете отырып, келесі нөмірге салып жіберіпті. Обкомда мақала бойынша тағы да мәселе көтеріліпті, талайдың басына таяқтың ұшы тиіпті.
60-жылдығы Жуалының кең жазығында дүрілдеп өтті. Алматыдан бір вагон қонақ барды. Жарасқан Әбдіраш Одақта кездесіп қап: «Түменбай қалып қоймасын» деп, Шерағаң өз аузымен айтты», – деді. Бұрын көкірегі кең кісі сенім артса, бұ жолы дархандығын танытып отыр. Марқұм Сайлау Пернебаевтың шалттығының арқасында, Айтматовтың 60 жылдығына арнайы тігілген он екі қанат ақбоз үйдің ішінде ығай мен сығайдың қасында отырдық. Сонда Жуалы төрінде Шерағаң алда, Камал Смайлов пен Әбіш Кекілбай екі жанында, ақбоз атқа мініп шығып, той басталды. Қалың адамнан көз тұнады. Бұлардың бәрі Шерхан Мұртазаның оқырманы. Оқырманы бар жазушы – бақытты. Сол қалың ортада біз де жүрдік. Біз де оқырманбыз, ізбасармыз. Шерағаң – жанашыр, әдебиет жанашыры. Жан-дүниесі жайлаудай кең. «Сусамыр» деген әңгімесінің түйініндей, қашан болмасын сусыз жерге су тамызуға әзір тұрады.
Су – тіршілік нәрі. «Бір кем дүниеде» бір-біріне су тамызатындар да некен-саяқ.
Қазір Шерағаңа кім су тамызып жүр екен?..

Қуандық Түменбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.