САРТАЙ АМАНАТЫ

Сартай Махамбетова даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевпен бірге

Сартай МАХАМБЕТОВА (1918-1981) – Сырдарияға сырын айтқан, Қаратауға назын айтқан, тағдыры қатал сынға толы болса да, Алланың мейірімі түсіп, сынбаған жан.1940 жылдардан бері және ғұмырының соңғы кезеңі – 1980 жылға дейінгі уақыт аралығында еңбек майданында қазақ халқының мақтанышы болған ардақты адамның есіміне тарих куә.
Ерен еңбегі үшін алған наградалары: ҚазССР Ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер, ҚазССР «Алтын» кітабына есімі жазылған, екі рет «Ленин» ордені, «Еңбек Қызыл Ту» ордені, ВДНХ 12 медалінің (2 алтын, 2 күміс, 8 қола) иегері, ҚазССР Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет грамотасымен екі рет марапатталған, аудандық, облыстық кеңестің бірнеше дүркін депутаты, ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Күрішші, жүгеріші, «Казахстанская кремнистая» атты жүгері сортының авторы.
ХХ ғасырдың басында қазақ халқының тарихындағы қасіретті кезең, 1918 жылы, әкесі Махамбет Төребайұлының шаңырағында Сартай Махамбетқызы дүние есігін ашады, негізі азан шақырып қойған аты «Бибіайша» екен, анасы еркелетіп, «Саржан, Сартай» деп атай берген соң халық арасында осы атымен қалған, кейін құжаттары да осы атымен берілген.
Алланың бұйрығымен, Сартай 16 жасында қазақтың көзі ашық азаматы, Шиелі ауданында оқу-ағартушылық қызметімен көзге түсе бастаған, сол еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған, Әлтен Әйтпенбетұлымен бас қосады. 1939 жылы, бір баласы қолында, бір баласы іште қалған Сартайдың қосағы, Әлтен әскер қатарына шақырылып, Фин соғысына майданға жіберіледі, одан әрі әскери қызметін Екінші Дүниежүзілік соғыс майданында жалғастырады. Өзінің соңғы хатында қоштасқандай болып, үлкен майданға кіргелі отырғандығын ескерткен екен. Қанды қырғын шайқас болған Курск маңайындағы ұрыстардан кейін мерт болған жүздеген отандастар қатарында аты да табылмай, хабар-ошарсыз кеткен. Соңғы хатында өзінің үлкен ұлы, Шәйзілдәні, құжатта жазылған аты – Шахзаданы, нағашы атасы Махамбетке «Құдай алдында сұраусыз» деп аманаттап берген екен. Өзі әскерге кеткенде дүниеге келген Нәрзілдәні Әлтенұлы деп, артымдағы тұяғым деп жарына аманаттайды.
Еңбек жолы соғыстың ең қиын кезеңінде басталған Сартай тар жол, тайғақ кешудің небір ауыр күндерін басынан өткеріп, еңбек майданында тек алдыңғы шепте жүріп өтіп, ер-азаматтар атқарған қара жұмыстардың бәрін де ерлерше қалыспай атқарды. Жесірліктің тауқыметін тым ерте тартқан жас ананың алданыштары, қос құлыны, нағашы ата – әжесінің тәрбиесінде қалып, өзі де басқа еңбек майталмандарымен бірге күндіз-түні аянбай еңбек етті. Сыр өңірінің тарихын жасаған еңбек ардагерлерінің сапында, дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың артынан ерген лайықты ізбасарларының бірі болды.
Сартайдың адами табиғаты ашық мінезді, өжет, қайырымды, көңілі түссе аса жомарт, ашуы қатты, бірақ қайтымы тез болатын. Жастықтың әсерімен, жалғыздықтың күйінішімен пенде ретінде жалған дүниедегі жіберген қателіктеріне жүрегі ауырып, іштей қатты күйзелетін де, тәубесіне келіп, шүкіршілігін қайта-қайта айтып, өзін-өзі қамшылап, жүрек түкпірінде жатқан ата-бабасының айтқан өсиеттері, тектіліктің түпкі қазығы, қазақтың даналығын бойына сіңірген, әке-шешесінің айтқан ақыл-кеңестерін есіне алып, пәс түскен рухын көтеріп алушы еді. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» дегенді қаперіне алып, сабырға келетін. Биікке көтеріліп келе жатқан Сартайдың адамдардың жасаған қиянатына қалай төзгені де ерлікпен пара-пар еді. «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі дүр. Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі дүр» деген даналыққа ойын жинақтайтын.
Ерте көктемнен қара күзге дейін егістік даласында, аңызақ желдің өтінде, ми қайнатар ыстықта, толассыз жауған жауынның астында жүрген күндер де еңбекпен шыныққан Сартайдың жігерін жасытқан жоқ, керісінше қайрай түсті. Күріш егіп, белортадан су кешіп, қолдан атыз салып, тыңайтқышты қолдап сепкен күндер, үнемі суын қадағалап күтіп-баптау, ору мен бастырудың қыр-сырын жетік меңгерген, жоғары өнім алу үшін үнемі ізденісте болған, иығынан орағы, қолынан кетпені түспеген Сартайды еңбек жолындағы зор жетістіктеріне орай, Сыр өңірінен шыққан, соның ішінде, 18 ұлттың өкілдері қоныстанған Еңбек Қызыл Ту орденді «Гигант» колхозының даңқын Одаққа танымал еткен нағыз еңбек майталмандарының, дихандардың есімдері қатарында әбден мақтанышпен айтуға тұрарлық. Еңбек ширатқан, өмір үйреткен Сартай коммунист ретінде қоғамның қайнаған тіршілігіне де белсене араласып, өз қатарластарын жігерлендіріп, еңбекке құлшындырып, қуанышымен бөлісіп, қайғысына ортақтасып, артынан ерген ізбасарларына үлгі-өнеге көрсетер істерімен, ақыл-парасатымен, әрдайым ақ-жарқын мінезімен, риясыз күлкісімен жанында жүрген замандастарын баурай білді. Сартай өз отбасы мүшелері, ұлы – Шәйзілдәні, келіні Қанашты да еңбекке баулып, қарамағына алып, күріш егудің мол тәжірибесімен бөлісті. Егін жинау науқаны басталғанда, сушы-күрішші болып, анасының жанына жалау болған ұлы Шәйзілдә комбайнға да отыратын. Ас-ауқатты дайындап, кір-қоңын жуып, егістіктің басында да қолғабысын беріп, келіні Қанаш та тыным таппайтын. Немерелері де, сабақтан тыс уақытта, көктем, жазғы демалыстарында, күзгі жинау науқанында егістік басынан табылатын. Сол кеңестік кезеңде еңбекке баулу саясаты мектеп оқушылары арасында жақсы жолға қойылған болатын және еңбекақылары да ескерілетін. Шөл қандырар қауын-қарбыздарын, қыста жейтін асқабақтарын, картоп, сәбіз, пияздарын егістік жақта арнайы бөлінген жерге егіп алатын. Үй алдындағы бау-бақшада тез пісетін әңгелек, көк пияз, помидор, қиярларын өсіріп, жеміс ағаштарынан алма, өрік, шие, жүзімдерінен тосап дайындау үрдіс болатын.
Артында қалған ұрпағы, соғыста шейт болған Әлтен атаның 108 жасқа келу құрметіне, еңбек майталманы, қадірлі апалары, әжелері – Сартай ананың 100 жасқа келу құрметіне ас беріліп, еңбек майталманын еске алды.
Бәрі де қос Ленин орденін кеудесіне таққан кетпенші ананы ойлап тұрып, оның адамға жүктелген аманатты адал атқарып өткен біреудің өзі екендігіне бастарын иді. Жеткіншектер жансыз бейнесіне гүл шоқтарын қойды.

Бақтыгүл Шахзадақызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.