Аз емес жүрегімнің сыздағаны

Асылбек Саттаров

1940 жылы Сарысу ауданы, Игiлiк ауылында дүниеге келген. 1960 жылы (АПИИЯ ға) Алматы педогогикалық шеттiлдер институтына түсiп, 1964 жылы ағылшын тiлi пәнi бойынша тәмәмдап, 1964-1965 оқу жылынан бастап Меркi ауданындағы Трубицын атындағы орыс орта мектебiнде 1969 жылға дейiн ұстаздық етті. 1969 жылдан өзiнiң туған жерi қазiргi Б. Адамбаев атындағы орта мектепте ағылшын тiлi пәнiнен дәрiс бердi. «Сұлулық», «Нұрлы әлем» жыр жинақтары жарық көрген. Сарысу ауданының Құрметтi азаматы.

Сағыныш әні

«Көшкенде жылқы айдаймын аламенен,
Ауылыңа барушы едім даламенен»!
Бүгінде арман болып сол бір шағым,
Әніне Біржан салдың сала берем.

Әніне салам кейде Абайдың да,
Батпассың сағынғанда қалай мұңға?
Тоғжанын аңсап өткен ұлы ақындай,
Мендағы түсіп келем талай сынға.

Жанымның намысы ойнап, қызба қаны,
Аз емес жүрегімнің сыздағаны.
Өтсе де талай жылдар, қайран, санам,
Бақытын алғаныңның қызғанады.

Таусылса шарасыздың бар ма амалы,
Жанымның жұбанышы «Арман әні».
Тұрған соң қайран сезім сағыныштан,
Махаббат күйін шертіп алданады.

Өмірді білмейді екем

Өмірді білмейді екем, білем десем,
Қаншама кетіп жатыр біреуге есем.
Сатып жүр кей ағайын, залалым жоқ,
Солардың өскеніне тілеулес ем.
Қарадай мақсаты не жауығады,
Қалмайды қыр соңымнан дауы тағы.
Дауынан қорқып емес пенделікке,
Жаны ашып бұл жүрегім ауырады.

Өзіне келер-кетер қатысы жоқ,
Арамның адалменен атысы көп.
Жүреді сәтін аңдып, ши жүгіртіп,
Өтірік жанашыры, танысы боп.

Сонда да мен соларға сеніп қалам,
Жуытпай көңілге кір, көңілге алаң.
Тұрғызып сүрінгенге болдым демеу,
Қашанда осы әдетім серікке адал.

Өмірді білем десем білмейді екем,
Пенделік бірін-бірі күндейді екен.
Әртүрлі ой-санасы қайшы келер,
Жандарды жалған екен бірдей деген.

Сондықтан сорым қалың, сорым батыр,
Қаншама мен білмейтін толып жатыр.
Қоршаса жан-жағыңды қулық-сұмдық,
Солардың жан еріксіз торында жүр.

Алайда емеспін мен күйрек, елім,
Менің де бар өзіндік сыйлы өнерім.
Бір ғана түсінгенім нұрлы әлемде,
Көп екен көз жұмғанша үйренерім.

Қанға сіңіп қалған соң

Жортуылмен өткен күні, күнкөрісі,
Тұра алар ма ұлымай түз бөрісі?!
Көк тәңірге зар айтып жылайды ол да,
Талғажауын таппаса ізденісі.

Өтеуіндей сорының, көз жасының,
Тағдыр оған жазыпты жолда азығын.
Бөрі болып жортса да, пері болып,
Кім бар қамын жасамас өз басының.

Күннен-күнге қосылып мұңыма мұң,
Көк бөрінің жаңғыртып ұлығанын,
Ойым қаңғып бұлттанып селдетеді,
Қайда барып, біле алмай ұрынарын.

Не көрсе де қарайтын көзі тінтіп,
Селқостықты өмірдің тезі сілкіп,
Ұлып жүрміз көкке де, орманға да,
Қанға сіңіп қалған соң бөрі тірлік.

Адалдықтың бауыр еті

Сары уыз балапан шақ жырақ қалып,
Кері ауыз есейген шақ сынаққа алып,
Жер төсін мен де басып тірі келем,
Арлының жүрегімен сыр ақтарып.

Кей істің басы жеңіл, аяғы ауыр,
Көзкөрген дей алмайсың баяғы ауыл.
Шындықты енді таптым дегеніңде,
Алдыңнан шығады бір қара дауыл.

Дауылдың арты айналып бұршақ қарға,
Шаншудай ызғары өтіп қылсам да айла,
Еріксіз бетім қайтып, бас сауғалап,
Қашуға мәжбүр болдым мұршам барда.

Ауылы ескертпенің «Өщің бар ма?»
Дейді ылғи «Еліңді тап есің барда»
Үргізіп иттерін де, күшігін де,
Көлденең тартты барсам кесірді алға.

Өткенім осы жолда қандай белең,
Үмітін пәк жанымның ақтай ма өлең?!
Ауылын қас шындықтың иттері жоқ,
Қаншама іздесем де таппай келем.

Баса алмай ішкі намыс ар-наласын,
Айырмай кейбір жәйттің ақ-қарасын,
Жалғаннан өтті, кетті қанша арлылар,
Дертті етіп жазылмайтын жан-жарасын.

Бұл жайлы ойлау қандай ауыр еді,
Албырттық қамсыз шағым тәуір еді,
Десем де тұра алмайды бүйрек бұрмай,
Шындыққа адалдықтың бауыр еті.

Туған күнiм 25-сi Сәуiрдiң

Туған күнiм 25-сi Сәуiрдiң.
Құлақтыға айтары бар дәуiрмiн.
Шуағы мол, қуаты мол жылытар,
Сәуiр-жырдың сертiменен ауырдым.

Иә, солай, жер көгертер Сәуiрдiң,
Шуақ төгер күн нұрымен бауырмын.
Сәуiр болып жылытамын тоңсаңыз,
Қатерiнен сақтап қарлы-жауынның.

Көкке ұшқандай қыстан қалған ауыр мұң,
Көктем келсе шуағымен Сәуiрдiң,
Ауыр мұңнан арылтқандай шуақты
Жандарменен келедi ылғи қауышқым.

Оятатын ұйқысынан сананың,
Мен сүйемiн шуақты ойдың адамын.
Шуақты ойдың адамы ғой қашанда,
Көңiлiңдi қай кезде де табатын.

Сәуiр, көктем жайлы күнiн сыйлаған,
Шақта маңай гүлге оранып шираған.
Сәуiр сынды жайлы болып маңайға,
Болайықшы, уа, ағайын, сыйлы, адал!

Арттырғандай қасиетін Сәуірдің,
Шуағы мол Күн нұрымен бауырмын.
Сондықтан да Сәуір сынды жандармен,
Ынтымағы, бірлігі бір қауыммын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.