Бесіктен белі шыққандар, сендерге айтам!

Альфия Адамбек

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің 1-курс студенті.

Үлкенге сөзіміз өтпеседе өзімізден кішілерге кісілік көрсете аламыз.
Құрметті жастар! Ғұмыр-дариясында біз сенген таулардың өзі тасқа айналады бір күні. Суға кеткен тал қармайды. Өздеріңше тон пішіп, бірің әкені, бірің шешені қорған көріп жүрген жайларың бар: соларыңа мәзсіңдер. Үлкен әжелердің айтатыны бар «Ағамда болғанша, алғанымда болсын» деп. Осы мақалды заманға сай етіп алайық. Ата-анаңда бар болғанша, өзіңде болсын. Сенде болса ата-анаңның алақанына салып отырмассың ба?! Олар «балам есейіпті, отырғызған жас талым бәйтерек болмаққа шақ» деп қуанбас па?! Асылы, ата-ана баласы үшін от жұтып, жалын құшпас па?! Құс баласы үшін торға, балық ауға түскеніндей ата-ана да жұмыр жүрегін баласына арнайды. Әкең мен анаң сені осыншама жыл бақты, демек олар ештеңеге міндетті емес. Сендердің бұдан кейінгі өміріңде жаялығыңды жуып, киіміңді кигізуге міндетсіз.
Сайдың тасын соғар сәтке жеткен қаншауың жүрсіңдер әлі өз көлеңкелеріңнің кейпінен қорқып.
Үйсін Төле биді 9 жасында билік айтты деседі. Ал, сен ше? 9 жасыңда тобықтай түйін айту орнына, көңілдерің көшеде болып жүр. Ал, біразың бұл жаста не істеп, не тындырғандарыңды да білмессіңдер. «Ессіздік» деп тәйірі, осыны айтар.
Абай атамыз 13 жасынан ел басқару жұмысына араласыпты. Ел басқармақ түгіл, түтін түтетіп, от жақтыңдар ма? «13-те отау иесі». Бұл заманның баласы 13-інде отау құрмаяқ қойсын. « Елге күлкі, есекке таң» тірлік болады мұнысы. «Ұлым үйде, ұлығы түзде, қызым үйде, қылығы түзде» дейді атам қазақ. Ұлықтығымен, қылықтығын сыртта көрсетіп, махаббаттың алғашқы арналары ашылар кез ғой. Махаббатты ойлаған бала, болашақты да ойлауы керек шығар. Алайда, бос белбеулікке ерік береміз.
Ш.Уәлихановтың сөзіне сенсек «Едіге» жырын Күлеуіт-Қыпшақ Жаманқұл ақыннан 5 жасында жазып алған. Қазіргі 5 жастағы балаға жыр жат. Шөлдің дуадағы секілді ен далада еркін жайылған «еркелер» ғой олар. Қазіргілер әліпті таяқ деп біліп алса игі.
Австрияның атақты композиторы Шуберт 5 жасында музыкалық құралды да жақсы ойнаған, өлең шығарып, сөз жазған екен.
Орыстың атақты сыншыларының бірі Писарев 4 жасында хат таныпты. Бізде жоқ па еді, ерте хат танығандар? Шәкәрім Құдайберді 5 жасында арабша, Ыбырай 5 жасында мұсылманша хат біліп, сауатын ашқан. «Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақадай, жасы кіші демеңіз, ақылы жетсе атадай» деген осы да.
Ғұламалар зеректігінен ерте өнер мен білімге бет бұрған. Бұл жаста ештеңе бітірмей, қол қусырған болсаң, енді талаптанар сәт жетті. Көрінген таудың алыстығы жоқ. Ертең-ақ, кәмелетке толып, жиырмаға жетіп, жиырма бесті еңсеріп, орда бұзар отызға да барып қаласың. Сол сәтте бармақ шайнап, тіл тістеп қалмас үшін, «қыстың қамын жаз ойла!».
Ұлылардың сөзінде ұлағат бар. Шортанбай ақын «Үй менікі демеңіз, үй артында ұры бар» дейді. Мұнымен не айтпақпын. Иненің жасуындай жақындығы бар адамның өзіне де арқа сүйеп, сенім артып қалуға болмас, өз күніңді өзің көр. Маңдай термен тапқан мал тәтті болмас па?! Маңдай термен тапқан бақ қымбат болмас па?! Маңдай термен тапқан ізгілік ыстық болмас па?!
Құр жүріп, табан тоздыру азған заман баласының ісі. Талапкерлік, ыждақат арқылы білім алып, сол білімді өз пайдаңа асыру міне, бақыт. Құлайсың, шыңдаласың. Жығыласың, сынақ аласың. Келесіде сынбауға, сүрінбеуге тырысасың кеп. «Арғымақ аттың белгісі, арыған сайын тың жортар» – дейді Қазтуған жырау. Мұнысы, сөзіме дәлел.
Кежегенің кейін тартуы әлемде бар құбылыс. Еріншектікке ерік берсек кім өсіп, кім жұмыс істеп, кім ата-ананың батасын алып, қуанышына куә болады. Абай атамыз төртінші қара сөзінде « Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп адам саумақ өнерсіз иттің ісі. Әуел құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау еңбек қылсаң, қара жер де береді. Құр тастамайды» – деген.
Заман тазы. Біз түлкі. Ерте оянбасаң шаң қаптырады. Демек, ерте есей! Ерте ақылға кел! Сауық-сайран, жөнсіз желік опа тапқызбайды! Талмай талаптан, бар өнеріңді паш ет, тіршіліктің тылсымдарын, өз табиғатыңды ырқыңа ыңғайластыр! «Таңертең ерте тұрсаң ісің де, дәрежең де өзгенікінен артық болады!».

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.