Ана мен бала денсаулығы – ұлт болашағы

Елімізде балалар онкологиясын емдейтін екі республикалық орталық бар. Оның бірі Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы болса, екіншісі Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы. Балаларға диагностикалық және емдік көмек көрсететін онкологиялық және гематологиялық бейіндегі Педиатрия орталығындағы бөлім 115 төсек-орынға арналған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың мәселесіне ерекше назар аударады. Педиатрия орталығындағы балалар тегін емделеді. Мемлекет қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етіп отыр.
Қазіргі кезде Педиатрия орталығында балалардағы барлық қатерлі ісіктерге емдеу жүргізіледі. Соңғы 25 жыл ішінде балаларға онкогематологиялық көмек беру жетістігі әлемдік емдеу деңгейіне дейін жетті. Қазақстанда балалар онкогематологиялық қызметінің ашылуымен, соңғы 25 жылдағы дамуы жіті лейкозға шалдыққан науқастардың өміршеңдігін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Ақ қан ауруына шалдыққандардың 82 пайыздан астамы, ал, қан ауруының ең қауіптісі саналатын миелойдты түрінің 62 пайы-зы жазылды. Балалар онкогематологиялық орталығының 25 жылдық тарихында көптеген жоғары білікті мамандар даярланды. Жіті лейкоздар мен тығыз ісіктерді диагностикалау мен емдеудің заманауи бағдарламалары енгізілді. Балалар жасындағы күрделі қан ауруларын диагностикалау мен емдеудің жаңа технологиялары сәтті меңгерілуде. Оның ішінде атап өте кетейік, орталықта 2012 жылдан балалардағы гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау енгізілді. 2012 жылдан бастап сүйек кемігінің ішіндегі аллотрансплантация және аутотрансплантация отасы 70-тен аса балаға жасалды. Көрсетілетін медициналық қызметтерге қолжетімділік пен сапасы жақсаруда. Балалардың оңалту жайы да қарастырылған. 4 жылдан бері онкологиялық ауруларға шалдыққан балалар «Алатау» республикалық клиникалық шипажайында демалады. Республикамызда «2016-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында балалар онкологиялық және гематологиялық қызметін жетілдіру» Жол картасы іске асырылуда. Орталық мамандары алыс және жақын шетелдерде тағылымдамалардан өткен. Қазір диагностикалау, ерте анықтау әлдеқайда жақсарды. Балалар онкологиялық және гематологиялық қызметінің біздің елімізде дамуы көптеген кішкентай балалардың сауығып кетуіне мүмкіндік беріп отыр.
1993 жылға дейін, яғни балалар онкогематологиялық орталығы ашылғанға дейін бұл ауру айықпайтын және қатерлі деп саналды. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – лейкозды емдеудің халықаралық хаттамасын енгізу болды. Сонау қиын кездері ТМД елдері мен Орталық Азияда ғана емес, елімізде тұңғыш рет онкогематологиялық орталығы ашылып, алғаш рет Австрия мен Германияның халықаралық BFM бағдарламалық емі енгізіліп, қолданыла бастады. «BFM» хаттамасы дегеніміз – Берлин, Франкфурт, Мюнстер. Осы үш қаланың ғалымдары балалардың онкологиялық ауруын емдеу мақсатында арнайы бағдарлама құрған. Бұл әдіс әлі күнге дейін елімізде қолданылып келеді.
Бұрындары қанның қатерлі аурулары емделмейтін ауруға жататын және бұл қатерлі дертке шалдыққан балалар 1 жасқа дейін ғана өмір сүрді. Қазіргі таңда елімізде онкологиялық дертке шалдыққан бүлдіршіндерді аман алып қалу үшін барлық амалдар қарастырылуда. Жыл өткен сайын бұл ауруға да тойтарыс беріле бастады. Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының «Онкогематология» бөлімі ашылған уақыттан бері осы қауіпті кеселдің алдын-алу, науқасты емдеумен айналысып келеді. Құрылғанына 25 жыл толған бұл бөлім ғасыр індетіне айналған онкологиялық ауруды емдеп, талай бүлдіршіндердің ата-аналарына қуаныш сыйлап, үміт отын жағуда.
Қазақстанда бала обырын емдеудің әрі қарайғы жетістігі дер кезінде ерте анықтауға, біздің мамандардың бірлескен халықаралық білім беру және ғылыми жобалар мен емдік технологияларды жетілдіруге, оның ішінде гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялауға белсенді қатысуына байланысты.
Қазақстанда 2017 жылы алғаш анық-талған қатерлі ісіктер саны 610 баланы құрады, оның 39%-ы жіті лейкозға және 61%-ы тығыз ісікке шалдыққандар. Жылына орта есеппен алғанда республикалық орталықтарда қатерлі ісікке шалдыққан 5000-ға жуық бала емделеді.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.