Білетінің бір тоғыз…

Селдің қауіптілігі қандай?

Сел дегеніміз аңғарларынан тау өзендері мен бұлақтарының бойымен төменге, жазықтыққа қарай тасқындап, жолындағы кедергілердің бәрін шайып өте шығатын тасты-топырақты топан болып табылады. Бұл – аса қауіпті апаттардың бірі, таулы аймақтың тажалы.

Тау шатқалдарында тастар мен қиыршықтар топырақ, мұз сынықтары мен қар бөгеттері жиі-жиі үйіліп қалады. Таудағы мұздықтар қауырт еріген жағдайда осынау бөгеттердің алдына су жиналып, ешқайда ағып кете алмағандықтан тұтас бір су қоймасы немесе көл пайда болады. Моренадан, яғни қатты кесектер мен ұсақ қиыршықтардан, құмнан, балшықтан, үлкен-үлкен қойтастардан түзілген бөгет ығында пайда болған мұндай көлдер морена көлдері деп аталады. Мореналық материалдан тұрғызылған мұндай бөгеттер сорғыш тәрізді өте ылғалды болады. Жоғарыдан үсті-үстіне құйылып жатқан қар суының әсерінен бұл бөгет бір сәтте тас-талқан болып, шатқалмен төмен қарай құлдилайды. Алапат топан үрейлі дыбыс шығара төмен қарай жөңкіліп, жолындағы тастар мен топырақты қосып алып, шатқал бойындағының бәрін сыпыра, ағаштарды тамырымен қопарып тас-талқан етеді. Бастапқыда топанның биіктігі ондаған метр болады, келе-келе шатқалдан шығар тұста ол жайыла тарап, жылдамдығы мен биіктігі кемиді, сөйтіп ақыр аяғында әлденеге тіреліп барып толастайды.
Егер селдің жолында елді мекен немесе тұтас қала болса, 1921 жылғы Алматыдағы жағдай сияқты, оның зардаптары орасан көлем алып, адамдар өліміне және аса көп материалдық шығындарға ұрындырары анық. 1921 жылы ұйқыдағы Алматыға түнде 120 000 текше метрлік сел топаны лап қойып, ені 200 метрдей аймақтағы қала тіршілігін таптап өтті.

Пәтердің ауасы

Адам тұратын пәтердің микроклиматы да денсаулыққа айтарлықтай әсер етеді. Оның аса құрғақ болуы да не шамадан тыс ылғалды болуы да пайдасыз. Мысалы, ауадағы будың көп болуын абсолюттік ылғалдылық деп атайды.

Ал, тұрмыста салыстырмалы ылғалды-лық қолданылады. Ол бөлме ауасындағы ылғалдылықты абсолюттік ылғалдылыққа бөліп процент шығару арқылы анықталады. Гигиена жағынан ең дұрысы 30-60 процентті ылғалдылық болып саналады. Ылғалдылықтың 20 мен 80-нің арасында ауытқуы мүмкін. Бұдан келер зиян жоқ. Ал, ауа одан құрғақ болса тыныс жолдарын, тамақты құрғатып, адамның мазасын кетіреді. Қыста үйге от жаққан кезде бөлмедегі ауа құрғап кетпес үшін арнайы қыш ыдыстарға су құйып, батареяға байлап қояды. Бөлмеге гүл өсірген де пайдалы. Ылғалдылықты көтеру үшін «Комфорт» деп аталатын электр аспабын қолданған да жақсы. Сондай-ақ үйді жиі жуып, дымқыл шүберекпен сүртіп тұру керек.

Шеге қашан пайда болды?

Адам баласы алғашқы қауым заманында-ақ әр түрлі заттарды біріктіріп бекіту үшін балық пен аң-құстың сүйегін, өсімдіктердің тікендерін, ағаштың үшкір тамырлары мен жоңқаларын пайдаланған.

Қола заманында алғашқы металл шегелер жасала бастаған. Шегенің осыдан мыңдаған жылдар бұрынғы кездегі ұшы өткірленіп, басы жұмырланған дәстүрлі бітімі күні бүгінге дейін сол қалпында өзгерген жоқ. Египетте, Грецияда, Римде темірден, жезден, қоладан жасалған шегелер кеңінен қолданылған. Бұл елдерде соқпа шегелер жасалып, шеге жасаушы шеберлердің өз ұстаханалары, дүкендері болған. Шеге ХІХ ғасырдың басына дейін қолдан соғылып, тек содан бертінде ғана соқпа шеге жасайтын машиналар ойлап шығарылған.

Сәнді бұйымдар жасау өнері

Үй-ішілік тұрмыста күніне қанша бұйым қолымыздан өтеді десеңізші. Егер соның бәрі суретшінің қолынан шықса, дереу өнер туындысына айналар еді. Осындай керекті де, келісті бұйымдар туғызатын өнерді сәнді бұйымдар жасау өнері дейміз.

Міне, стол үстінде қоңырқай құмыра тұр. Оған көктемде көгілдір жауқазын, күзде нарт қызыл не ақ шаңқан астра күлі салынады. Егер әжелеріміз жинап-терген қоқыр-соқырды ақтарып көрсек, қып-қызыл әтештер кестеленген қол орамалды жылтылдаған мөлт қара қорапшаларды табар едік.
Ресейде қол өнерімен айналыспаған бірде-бір өлке болған емес. Халық шеберлерінің сиқырлы өнерінің құпиясы ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұрадай мирасқа қап отырды. Еділде әйелдер жылтыраған шырағдан түбіне отырып алып, ұзақты түнге кесте тігетін. Олардың инесінен шығып жатқан әшекей біресе ағаш бұтағын, біресе нәзік гүлді, біресе әшекей қатқан аязды еске түсіретін.

Дайындаған Н. Құмар

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.