Біз кімді қадірлеп жүрміз?

Несібелді таңертен немересін тұрғызып, мектепке дайындап, өзі сиыр саууға қораға шығып кетті. Жолдасының қайтқанына міне бір жыл өтті, іштегі мұңын білдірмегендей болады, бірақ бәрібір ананың көз жанарынан басынан көп қайғы өткенін байқайсың. Сегіз жыл бойы төсек тартып қалған жолдасын бағып-қағып, ренжітпей күтті, сүйіп қосылған жан жары еді, 7 жыл құрсақ көтере алмай жүректегі мұңнан көз-жасы кеппей ағып, күні-түні Құдайға жалбарынып нәресте сұраған дұғасы періштенің құлағына шалынып, Жаратушы Ие төрт нәресте сыйлаған еді, қазір барлығы өсіп-өніп үлкен азамат болды. Бәрі бала-шағалы. Несібелді жолдасы Серікке аса құрметпен қарап, барын бар қылып, жоғын білдіртпей, қашан барсаң үйі жайнап, қазаны тамаққа толы тұратын. Біз онда баламыз, бір-бірімізге ойнауға барамыз. Қыздарын «ертең сендер де бір үйдің келіні боласыңдар, қазірден бастап үйреніңдер» – деп үй шаруасын үйретіп отыратын. Қашан көрсең жүзі жылы, бетінен әдемі күлкісі кетпейтін, таң атқаннан кеш батқанша үй тіршілігімен қарбаласып, алысып жататын. Әлі де солай таңғы намазын оқып алпыстағы ана қызу үй тіршілігіне кірісіп кетеді. Маңдайын басып кеткен әрбір әжім – басынан өткен талай қиындықтың куәсі, Серік жолдасы да жастықпен талай қателік жіберіп, Несібелді анаға тіл де, қол да тигізген кездер болды. Бірақ жары осы күнге дейін өсек айтып, оны білдірген емес, ешқашан жолдасына тіл тигізген емес, қайта амандығын тілеп, жағдайын жасап, тек қамқорлығын көрсететін…
Қазіргі заманда біздер үшін әйелінің көзіне шөп салып, жаман атты қылып немесе бала-шағасын тастап кете беретін еркек, үйдегі боқты сыртқа шығарғандар, тырдай жалаңаш шешініп, тек боқауыз сөздер айтып, «жоқ, негізі шынайы өмірде мен ондай емеспін, тек интернет желісінде ғана сондаймын», – дейтіндер, үлкенді үлкен, кішіні кіші демей, ешкіммен санаспайтын адамдар танымал болып барады. Еуропаға еліктеушілік бізді жақсылыққа апармас, қазақ қазақтығын жойып, дана бабаларымыз қалдырған салт-дәстүр, тәрбиені жоғалтсақ өмірдегі құндылықтар қайда қалды?! Пиар, ақша үшін ар-ұят, намысты ұмытып барамыз. Осы Несібелді анадай қарапайым, Аллаға шүкіршілік еткен жан-дүниесі таза жандарымызды неге бағаламайтын болдық?!

Қымбат Керейбай
Астана қаласы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.