Ассамблея – бірлік пен тілдің тірегі

Нұрлан ҚҰМАР

«Үркер» журналының бөлім меңгерушісі

Көпшілікке жақсы белгілі, 1995 жылдың 1 наурызында Дүниежүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблея 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктерді, 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді.

Бүгінде әрбір ұлттың салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетінің дамуына, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болуда. Өзара түсіністік, ұстамдылық, әртүрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпыхалықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық-құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына кіріге білді. «Қоғамдық келісімді және тұрақтылықты әрі қарай нығайту үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін арттыру» мәселесі ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да жақсы айтылды. Өйткені, өзіндік этносаралық және конфессияаралық келісімнің жетілдірілген моделі қалыптасқан Ассамблеяның ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуда ерекше маңызы бар.
Қазақстан халқының бірлігі күні биыл 22-ші рет тойланды. Айтулы мереке Елбасымыздың 1996 жылы қабылдаған Жарлығы бойынша қабылданған болатын. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған сарабдал саясаты мен жастар санасына салған сара жолын «тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір» әрбір қазақстандық жоғары бағалайды.
Өйткені қоғамның барлық күш-әлеуетін бір мақсатқа жұмылдыруды көздеген Президентіміз баламасы жоқ ұйым Қазақстан халқы Ассамблеясын дер кезінде құра білді.
Қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырып, еліміздегі барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етіп отыр. Он сегіз жылдың ішінде аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын уақыттың өзі дәлелдеді. Ұрпақтар сабақтастығы арқылы татулықты, сенім мен бірлікті сақтау өте маңызды.
Жылда Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында тұрақтылық, бірлік, жаңару ұғымдарына негізделген үндестігі мол үйлесімді шаралар көптеп өтеді. Өйткені тұрақтылық – біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз. Бірлік – баға жетпес басты байлығымыз. Келер күнгі кемел келешекке жетелейтін жарқын жолымыз мызғымас мемлекетіміздің жасампаз тұтастығына тірек болып табылады. Ал 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы этностар арасындағы татулық пен тұрақтылықты, бірлікті қалыптастыруда елеулі істер тындырып келеді. Мұндай бірлестіктерді құруға өзге ұлт өкілдерінің өзіндік мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтай отырып, нәтижесінде жалпы қазақстандық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосуға деген ынта-ықылас негіз болуда. Елімізді мекендеген этностардың тілін, мәдени мұраларын дамытудың, жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеудің маңызы зор.
Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерде қашанда нәтижелі істердің болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстан халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы.
Көктемнің соңғы айының алғашқы күні ынтымақ пен бірлік күні Қазақстан аумағында тұрып жатқан ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды.
Еліміздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер өтеді. Әрбір ұлттық-мәдени орталықтар мерекеде ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер көрсетеді. Халықтың көңіл күйін көтеру үшін түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Алайда, көкейде жүрген ойымызды, яғни ұлтаралық тіл – қазақ тілі болса ғой деген тілегімізді жасыра алмаймыз.
Кез-келген ел, тіпті бұған дейін этностық қарым-қатынас саласында барынша либералдық саясат жүргізгендердің өздері бүгінде мемлекеттік тілді міндетті түрде білуге тиіс. Мысалы, Ресейде орыс тілін білмесең мемлекеттік қызметтің маңынан да жүре алмайсың. Сондай-ақ АҚШ, Франция, Жапония, Қытай, тағы басқа алпауыт елдердің бәрінде де мемлекеттік тілдің мәртебесі биік тұрады. Сондықтан да алдағы мерекелік шараларда өзге ұлттар өз жағдайларын ғана күйттеп кетпей, қасиетті жер иесі – қазақ халқының мерейін өсіруді көздесе нұр үстіне нұр болар еді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.