Көркем аудармадағы ұлттық бояу

Нұрхалық Абдырақын

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультеті, Қытайтану кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы.

Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында гуманитарлық бағытттағы 100 ең жақсы оқулықтарды әр түрлі тілдерден қазақ тіліне аудару тапсырмасы берілді, біз соған дайынбыз ба, дайын болсақ, қаншалықты дайынбыз?
Қазақ халқы логикалық ойлау жүйесі жақсы дамыған, бағзы заманнан сөзді астарлап жеткізетін, жүйелі сөзге жығылған, сол үшін, астындағы нар түйесін түсіп берген дана да жомарт ұлт. Тіке айтып елдің көңілін ауыртқысы келмейтін, иман ілімдерін өнбойына сіңірген «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деп қабақ қағысымен, отбасын мықты ұстаған дана халық. Бүгінгі көркем аудармада тікелей аударма жасау үрдісі байқалады, кейінгі кезде баспасөзде қазатың қатпар-қатар тарихынан сыр шертетін Ілияс Есенберлинның «Көшпенділер» романы орыс, ағылшын тіліне аударғанда, тіке аударманың салдарынан ұлт болмысын өзгертіп жіберген, ондағы хан-сұлтандар, би-шешендер басқаша сомдалғаны зиялы қауым арасында айтылып, ақпарат көздерінде жазылуда, ол әрине басқа мәселе.
Аударма қандай шеберлікпен, таза жүрекпен аударылса да түпнұсқадағыдай шықпайтыны анық, десе де аудармашы мол білімді болып, аса жіңішкелікпен қолға алса ол оқырманды тартады. Абай атамыз айтқандай «кез-келген нақыштағы үйдің көлемін, құрылысын, құрылымын еш өзгертпей, қазақи нақыштағы қошқар мүйізді салуға болатыны шындық». Міне, бұл көркем аудармадағы тәсіл, демек, қайдай ұлт тіліндегі шығарманы қазақы қазақтың дүние танымына, ойлау жүйесіне салып, «ауылдағы апалар» түсінетіндей аударуға әбден болады.
Бүгінгі таңда аудармада түпнұсқаға адал бола отырып, баламалап образды түрде ұлттық бояуды шығарып аудару тәсілі кемшін түсуде, бұл мақаламыздың жүгі де сол болмақ.
Аудармашы әуелі аударатын мәтіні қай ұлттікі екендігін жақсы білуі керек. Мұнда аудармашы екі ұлттың тарихын, мәдениетін, этнографиясын, салт-дәстүрін, арман-тілегін, ұлт мұратын толық меңгеруі, мысалға қытай қазақ тілдері бойынша аударма жасайтын болса, ол қытайдан өткен қытай, қазақтан өткен қазақ болуы шарт, сонда ғана ол өзі аударатын дүние жөнінде еркін құлаш сермей алады. Мысалы:人不能两次踏进同一条河流。[5,120б] Бұл сөйлемді тікелей аударсақ: «адам бір өзеннің ағысын екі рет кешіп өте алмайды» деп аударылады, алайда бұлай аударсақ қазақ халқы түсінбейді, демек, қазақ халқы мен қытай халқының дүниетанымына мән беруге, ұлттық бояуына үңілуге тура келеді. Қытайлар ежелден су жағалап, Чаңжияң, Хуаңқы сынды алып өзендердің жағасында өмір сүргендіктен олардың дүниетанымы сумен тікелей байланысты, сондықтан да жоғарыдағы мәтел, адам бір судың ағысын екі кеше алмайды деп бейнеленеді, ал қазақтар үшін бұл сөйлем өте ауыр, сондықтан да қазақ халқы сонау байырғы замандардан тартып мал бағып, тау жағалап, төрт мезгілге қарай көшіп-қонып жүргені шындық, біз бұл сөйлемнің қазақша мағынасына келген, уақыттың өте тез зулап өтіп жататынын меңзеп тұрғанын білеміз, сондықтан да осы мағынаны айқын аңғартатын қазақи дүнетаныммен ұштастырып баламасын тапсақ, аудармасы: «өмір екі келмейді, өгіз аттай желмейді» деп аударылады. Бүгінгі күннің тамыры таяз аудармашысы бұл түпнұсқада «өмір не өгіз» деген сөздер жоқ деп байбалам салуы да ғажап емес, көркем аудармада сөз қосып және сөз алып автордың ойын дәл жеткізсең нұр үстіне нұр болары хақ.
Тағы бір мысалға үңілсек: 落叶归根。[5,81б]. Бұл сөйлемді тікелей аударсақ: «ағаш жапырағы түбіне түседі» деп аударылады, бұл аударманы қазақ халқы түсінбейді, демек қазақ халқы мен қытай халқының дүниетанымы мен ұлттық бояуына үңілсек, жоғарыдағы мағына қытайға дәл келеді, отырықшы бұл халыққа сәйкеседі, ал біздерге бұл аударманың сәл түсініксіздеу болары шындық, ал бұл сөйлемнің қазақша мағынасына келсек, барлық нәрсенің өз тегіне қайтып оралатынын меңзеп тұрғанын білеміз, сондықтан да осы мағынаны айқын аңғартатын қазақи дүнетаныммен ұштастырып баламасын тапсақ, аудармасы: «ат айналып қазығын табады, ер айналып елін табар» деп аударылады.
Біз жоғарыдағы екі мысалдан да ұлт туралы түсінігіміздің молдығына сүйенеміз және сөздік қорымыз арқылы сөз қосып, мағынасын қуа отырып, баламалап, образды аударма жасадық.
共产主义风的那一年中国知识分子戴红帽子,作家们不得不光写红文学了。[3,182б]. Мына сөйлемді аударсақ: «комунизім желі соққан сонау бір жылдары қытай зиялылары бастарына қызыл бас киім киіп, жазушылар қызыл әдебиетті амалсыз жырлады». Егер біз қытай тарихынан хабарымыз болмаса, бұл жылдарда не болғанын мүлде білмейміз, “комунизм желі, қызыл малақай, қызыл әдебиет” деген терминді мүлде түсінбейміз.
四面楚歌[5,123б] деген осы бір идиомды біз қытай тарихын білмей тұрып мүлде аудара алмаймыз, бұл идиомның шығу тарихынна үңілсек: кезінде 7 бектік қатар өмір сүрген алғашқы қытай мыңжылдығын көз алдымызға келтіреміз, ондағы Шу елінің атағы алыстарды шарлап тұрған, сол жылдарда шыққан идиом, бұл тіркесті «қайда барсаң да Шу елінің әні» деген. Мұнда Шу елінен басқа 6 бектіктің тұйыққа тірелген жолын көрсетеді. Жағымсыз мағынада қолданылады. Біз толық түсінгенде ғана қазақша баламасын іздейміз, «қайда барсаң Қорқыттың көрі» деген қазақ тарихындағы Оғыз заманындағы Қорқыт ата аңызын арқау ете отырып, аударма жасауға тура келеді.
«Қоржынның екі басы тең», «Екі сегіз он алты» деген тұрақты тіркестердің қытайша аудармасын іздесек, қытайшада қоржын деген атау-термин жоқ, ал қалай аударамыз, бұндайда біз тағы да ұлттық бояуға қол созамыз, қытай халқының сан-цифр мәдениетіне үңілсек, олар үшін екі мен сегіздің көбейтіндісі таразы бас-пайды, керісінше үш пен жетінің көбейтіндісі олардың дүниетанымына, ұлттық бояуына сіңгені шындық, сондықтан да біз қытайшаға «үш жеті жиырма бір»-деп аударамыз:管它三七二十一[1,160б]。
Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Арман қуып ауылдан аттанарда,
Анам маған адам боп өс деп еді. [4,150б], –
деген өлең жолдарын қытайшаға тәржімаласақ, екі ұлттың сөзжасам заңдылықтарына, грамматикалық құрылым-дарына үңіле отырып аударма жасаймыз, қазақ тілі жалғамылы тіл, ал қытай тілі түбір тұлғалы тіл, сондықтан да біз осы ерекшелікті көзге ұстай отырып, сөйлемдегі тұрлаулы мүшелер бастауыш баянауышты және толықтауышты тауып, жалпы сөйлемнің не айтып тұрғанын, түпнұсқаның негізгі өзегін аударсақ жеткілікті. Біз жоғарыдағы аудармаларда сөз қосып және сөз қысқартып аудару тәсілін байқап отырмыз, мұнда сөз қысқартып аудару тәсілін қолданып, айтпақ ойды екінші ұлт тілінің заңдылығымен, түсінікті етіп өрнектесек болғаны, сонымен бірге қазақ қара өлеңдеріндегі алғашқы екі жолдың жәй ұйқас үшін өрілетінін де білуіміз керек, сондықтан да біз қытайшаға:
追求愿望离开故乡的时刻,
握手的母亲还再说着 «忠诚»-деп аударамыз, қарамаққа қатты қорқынышты болған бұл сөйлем аударғанда үлкен қиындық тудырмағанын көріп отырсыздар. «Екі аяғын бір етікке тығу» сөзін қытайшаға аударсақ: 穿小鞋子 деп бүгінгі күнде қытайда қолданысқа енген дағдыға айналған сөздермен аударма жасмаймыз.
Көркем аудармадағы көркемдеу амалдарын көрсетіп аударудың, аударманы сәтті шығарудың тағы бір жолы, ол өзі аударып отырған шығарманы жазған жазушының отбасылық жағдайы, өскен ортасы, алған тәрбиесі, діни ұстанымы, өмірге көзқарасы, шығармашылыққа оны алып келген қоғамдық жағдайлар, дәл осы қолыңыздағы шығарманы жазуға себеп болған қоғамдық-тарихи жағдайға жақсылап үңілу – сіздің тамаша аударма жасауыңызға көп көмегін тигізері хақ.
«Ба Жин (Ли Фэйгань) 1904 жылы Чэндудағы ақсүйек отбасында дүниеге келген. Бала жас кезінен ескіліктің қалдығынан ажырамаған ортада өсті. Оған берілген тәрбие де ескіден келе жатқан салттарды дәріптеуді үйрететін. Кейін ол анасымен бірге түпсіз терең көгілдір аспанға құлшылық етіп, шырақ жаққанын есіне алады. «Бар жан-тәніммен құдайға табынып, жер бетіндегі әрбір жанға бақыт тілейтін едім», деп жазады ол. Ба Жин ата-анасынан ерте айрылады. Болашақ жазушының тәрбиесін атасы қолына алады. Әулетті отбасылардың салты бойынша, сауат ашу сабақтарын Ба Жин жалдамалы оқытушыдан алады. 1920 жылы ол Сычуань провинциялық шет тілдер мектебіне оқуға түсіп, ағылшын тілін меңгере бастады.1927 жыл Францияға оқуға барған».
Енді жазушының «Бір парша бұлт» әңгімесін аударған нұсқамыздан үзінді ұсынуды жөн көрдік: «傍晚Шам қояр шақтағы, ала көлеңкеде 我靠着逐渐暗淡的最后的阳光的指引,走过十八年前的故居。өзімнің он сегіз жылдың алдында тұрған ескі үйімді адасып жүріп әзер таптым. 这条街,这个建筑物开始在我的眼前隐藏起来,табан іздерім қалған бұл көше мен үшін өте ыстық, жалаң аяқ, жалаң бас шауып жүрген балдаурен шағым жадыма оралып, жаным жасарғандай болды,想在躲避一个久别的旧友。төңірегіме балалық сезіммен еркелей көз жүгірттім. Десе де, бұл көше бүгін мүлде басқа кейіпке енген, мені танымай тусыртын бере тосырқай қарайды.但是它们的改变了的面貌于我还是十分亲切。我认识它们,就像认识我自己。还是那样宽的街,宽的房屋。Бірақ мен баяғы көшемді танып тұрмын, сол бұрынғы кең көшемен дәу үйді жазбай таныдым. «Бұндағы傍晚 сөзінің қазақшада: кешке таман, апақ-сапақ, қараңғы, ақшам, ымырт, кешқұрым, күн ұясына батқан шақ, шам қояр шақ, бейуақ, т.б, деген синонимдері кездеседі біз мұнда жалпы сөйлемге ондағы暗淡 сөзіне қарай отырып, шам қояр шақтағы ала көлеңке деп алдық, 指引 сөзін біз «адасып жүріп әзер» деп аудардық, себебі ондағы最后的阳光 деген анықтауышына қарадық. Мұндағы ең бір шығармаға шырай кіргізген тұс故居 сөзі, бұл сөздің туған жер, балалық шағы өткен жер деген мағыналарды меңзеуіне негізделе, қазақшада: «жалаң аяқ, жалаң бас шауып жүрген балдаурен шағым жадыма оралды» деп жалпы контекске қарай отырып қытай сөзінің мағынасын аштық [3,256б].
Келесі бір мысалды қөрсек: «我只得失望地走了Менің салындым суға кетіп,我想着来时的路回去келген ізіммен кері қайттым,。以江走了四五步таяқ тастам жер жүргенім сол,我忽然掉转头,қандай құдіретті күш екенін білмеймін. Селт етіп артыма қарап,再看那个建筑物өзімнің балалық шағым шашылған бал күндеріммен амалсыз қоштастым。依旧是阴暗的一线微光Тек жаңағы үйдің терезесінен шыққан жарық сәулесі ғана мұнартады. 。我好像看见一个盛满希望的水碗一下子落在地上打碎了一般,我痛苦地在心里叫起来。Аттай тулап алып армандарға арқаланып келген менің тауым шағылып, ауыр жүк артқан арық аттай ілбіп келем [3,258б]».
Бұл аудармадан біз жазушының ішкі жан әлемін анық аңғарамыз, психологиялық бағытта жазатын, шешесі тәрбиелеген нәзік жанды жазушыны білу қиынға соқпайды, әр сөздегі аударманы салыстыра қарасаңыз, көркемдеу амалдарын қалай қазақ тілінде шығара аударғанымыз көрінеді, қытайшадағы 4-5 адым сан мөлшер сөзін біз «таяқ тастам» деп алдық, енді бірде «қолымдағы бір шыны суым жерге түсіп тас-талқан болды» деген қытайша теңеуді, қазақшаға «Аттай тулап алып, армандарға арқаланып келген менің тауым шағылып» деп алсақ, «ішкі жан-дүнием езіліп жылап келеді» деген қытайша кейіптеуді қазақшаға «арқама ауыр жүк артқан арық аттай ілбіп келем» деп жанды аудармаға айналдырдық. Бұндай шығармаларды аудармас бұрын жазушының өмір-тарихына көз салмай болмайды.
Қорыта айтқанда, көркем аудармада ұлтық бояуды шығарып аударуда аударманың 6 түрлі сатысын ұстай отырып, 6 түрлі аудару тәсілін еске сақтап, екі ұлтты көз алдыңа елестетіп, сөз маржандарын су түбінен сүзе білу керек, жазушының жан-дүниесі мен шығарманың тарихи көрінісін жетік ұғыну да маңызды. Сөйлемдегі орны ауысқан сөздерді ажырата білу, синонимдерді таңдап алу, күрделі құрмалас сөйлемдердегі сөйлемнің негізгі үш мүшесі – бастауыш, баяндауыш, толықтауышты танып-білу, сол арқылы аударманың желісін табу шарт. Осылай адаспай түпнұсқаға адал болып, автордың айтпағын екінші ұлттың сөз жасау және ойлау заңдылығымен анық түсінікті бейнелеп беру. Оның аржағында ұлттық бояу деген мәртебелі міндет тұр.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ж.Сәмитұлы, «Аударма теориясы және практикасы» Алматы, ҚазҰУ баспасы 2005 ж. 210 б
2. Әнуар Тарақов «Аударма әлемі» Алматы, ҚазҰУ баспасы 2010ж. 268 б.
3. Абдырақын Н, «Жаңа заман қытай әдебиеті» Алматы, ҚазҰУ баспасы 2013 ж .280 б.
4. Абдырақын Н, «Қытай мифтерінң аудармасы» Алматы, ҚазҰУ баспасы 2012 ж. 217 б.
5. Абдырақын Н, «Қытай-қазақ фразеологиялық сөздігі» Алматы, ҚазҰУ баспасы 2012 ж.178 б.

1. Ж.Сәмитұлы, «Аударма теориясы және практикасы» Алматы, ҚазҰУ баспасы 2005 ж. 210 б
2. Әнуар Тарақов «Аударма әлемі» Алматы, ҚазҰУ баспасы 2010ж. 268 б.
3. Абдырақын Н, «Жаңа заман қытай әдебиеті» Алматы, ҚазҰУ баспасы 2013 ж .280 б.
4. Абдырақын Н, «Қытай мифтерінң аудармасы» Алматы, ҚазҰУ баспасы 2012 ж. 217 б.
5. Абдырақын Н, «Қытай-қазақ фразеологиялық сөздігі» Алматы, ҚазҰУ баспасы 2012 ж.178 б.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.