Келбет

Кикучи Кан
(1888-1948)

Мэйдзи дәуірінде атағы шыққан драматург, жазушы, журналист, баспагер. Кагава префектурасының орталығы Такамацуда туған Кикучи Кан орта мектепті бітірген соң үздік түлек ретінде Токио педагогикалық училищесіне ақысыз қабылданады. Бірақ сабақтарға қатыспағаны үшін көп ұзамай оқудан шығарылады. Әдебиетті жаны сүйетін Кикучи Кан «Шиншичйо» журналында қызмет істейді. Акутагава Рюноскэ тәрізді неореализм өкілдерімен достасады. Кикучи Кан бірнеше университетте оқыған. Ол Мэйдзи университетінің заң факультетінде, Васэда университетінің саясаттану және экономика факультетінде білім ала жүріп, әдеби кітаптарды қолынан тастамаған. Әдебиеттегі өз шыңына өмірдің бұралаң жолдарымен жүріп жеткен ол 1916 жылы Киото университетінің әдебиет факультетін тәмамдаған. Жазушы шығармашылық танылу жолындағы сәтсіздіктерді кейін «Белгісіз жазушының күнделігі» деген шығармасына арқау еткен.
«Келбет» деген шағын әңгімесі алғаш рет 1920 жылы 2 қаңтарда «Осака Майничишинбун» басылымына жарияланған. Бұл әңгіменің маңыздылығы сонда, бүгінге дейін Жапонияның оқу бағдарламасынан түспей келеді. Жапон орта мектептеріндегі «Кокуго» (мемлекеттік тіл) сабағында әңгіме талданып, оқушылар «Келбеттің» мазмұны және идеясы туралы шығарма жазады. Әңгіме түпнұсқадан алғаш рет аударылып отыр.

Сэцуханкоку елін билеп тұрған Мацуяма Шинскэнің самурай генералы Накамура Шинбээ астана маңын жайлаған бес елдің ішіндегі Чйюгокуға аты шыққан самурай еді.
Ол кезде астана маңындағы жерді билеген Цуцуи, Мацуэй, Араки, Вада, Бэсшйо сияқты үлкенді-кішілі ру өкілдерінің арасында найзалы Накамураны білмейтін жан болмайтын. Шинбээ ұзындығы 3 кэн (1 кэн – 1,818 метр. Ш.Ж.) сорайған найзаның үшкір ұшымен жеңіске жетіп келеді. Одан бөлек самурайдың өзгеге ұқсамайтын ерекше тұлғасы шайқас алаңында оның мерейін үстем ететін. Ол оттай жарқыраған сауытын, тоуканмури дулығасын кигенде ерекше жарқыраған келбетке ие болатын. Жау «Қып-қызыл тоуканмури» деп, Шинбээнің найзасының ұшынан қашатын.
Сарбаздардың құты қашқан сәттерде тулаған толқындардың арасында тұрған жартас сияқты жау екпініне қарсы тұрған оның оттай қызыл сауыт киген келбеті серіктеріне жігер беруші еді. Басында жарқыраған тоуканмури дулығасы жаудың зәресін ұшыратын.
Осылайша найзалы Накамураның оттай қызыл сауыты мен тоуканмури дулығасы, шайқас алаңындағы келбеті жауға сес, сарбаздардың айбарына айбар қосар сенімді күшке айналды.
Бірде Шинбээнің алдына кәмелетке жаңа толған келісті самурай келіп, «Шинбээ мырза, ерекше өтінішім бар еді» деп, иілді.
«Не болды? Иілудің қажеті жоқ. Тілегіңді айт» деді Шинбээ, оған мейірімді жүзбен қарап.
Ол жас самурай, Шинбээнің қожасы Мацуяма Шинскэнің тоқалынан туған бала еді. Шинбээ оны сәби кезінен қорғап-қоршап, өз баласындай қамқорына алған.
«Ертең алғаш рет шайқас алаңына шықпақпын. Жарқырап көрінсем деймін. Сізден оттай жарқыраған сауыт пен тоуканмури дулығасын ала тұрсам деп едім. Сол сауыт пен дулығаны киіп, жаудың зәресін ұшырайын».
Шинбээ қарқылдап күлді.
Жас самурайдың аңғал ниеттен туған ұмтылысын құптады.
«Бірақ біліп қой, анау сауыт пен дулыға, Накамура Шинбээнің келбеті. Сен ол заттарды үстіңе кигенде дәл мендей мығым күшке ие болар ма екенсің?» деп, Шинбээ тағы да қарқылдап күлді.
Келесі күні Сэцухираноның бір бөлігінде, Мацуяма Икиой мен Яматолық Цуцуи Джюнкэй әскері арасында қырғын соғыс өтті. Шайқас басталардың алдында оттай жарқыраған сауыт киген жас самурай тоуканмури дулығасын таңғы сәулеге шағылыстырып, жауға сұстана қарап, шеңбер жасай шауып, атының басын түзеп, жау қоршауын бірден бұзып кірді.
Бытырай қашқан жаудың шеті сетінегенде, оттай жарқыраған жас сарбаз үш-төрт қосымша самурайды жер жастандырған соң асықпай өз шебіне оралды.
Бұл күні былғары баулы сауыт-сайман, темір дулыға киген Накамура Шинбээ оттай жарқыраған жас самурайдың келісті келбетін риза көңілмен тамашалады. Бұндай айбынды келбет өзінің сауыт-сайманына ғана тән екенін ойлап, масаттанды.
Ол екінші найзагер ретінде, аттан түсіп, жауға тап берді.
Оттай жарқыраған самурайдың алдында соғыспай қашқан жау Накамура Шинбээні көргенде селт етпеді.
Оттай жарқыраған «найзалы Накамураны» көргенде бытырай қашқан жау былғары баулы сауыт-сайманды самурайға келгенде қаһарланып шыға келді.
Шинбээ жағдайдың басқаша екенін байқады. Әдетте жау бұны көргенде жолбарыстың алдындағы қойдай үрке қашатын. Бүгін күшіне мінген. Кез-келгені бұған өршелене ұмтылуда. Бәрін бытырата шаппақ түгілі екі-үшеуін жер жастандыру да оңай болмады. Жаудың найзасының ұшы денесіне тиеді. Шинбээ жанталаса арпалысты. Әдеттегіден де көп күш салды. Жеңіліп барады. «Дулыға мен оттай жарқыраған сауытты бекер бердім» деген өкінішті ой жылт еткен сәтте Жау найзасы оның бүйірін тесіп өтті.

Жапон тілінен аударған
Шарафат Жылқыбаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.