«Үркерден» жалын лаулайды

Жастардың әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси «Үркер» журналы әу баста қазақтың тұңғыш роман-газеті боп 2008 жылы жарық көрді. Шыға бастағанына 10 жыл толған бұл басылым көптеген жастардың шығармашылығына оң ықпалын тигізгені белгілі. Жалпы, осы уақыт аралығында өз оқырманы мен  жанашырларын толық қалыптастырып үлгерді. Әсіресе, жастардың іздеп жүріп оқитын «сүйіктісіне» айналды. Осы орайда «Үркер» журналының бас редакторы Қуандық Түменбайдан сұқбат алудың сәті түсті. 

– «Үркер» журналы қалай дүниеге келді?
– Өзің айтқандай, 10 жыл бұрын «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры Мереке Құлкенов бір қызық идея айтты. «Орыстарда «Роман-газета» бар, біздің 10 миллионға жуық қазаққа бір роман-газет керек. Өзің редактор боп бастасаң», – деді. Мен сол Әдебиет институтының ыстығы басылмай жүрген шағым, құп алып, бірден кірісіп кеттік. Ә.Кекілбаев, С.Мұратбек, Т.Әбдіктің батасымен 1-нөмір өмірге келді. Б.Майлиннің «Күлегеш жеңгей» және «Оспан Олжабаев» хикаятымен бетімізді аштық. Көлемі 18 баспа табақ. Жұрт іздеп жүріп оқыды десем, бұған көз көргендер куә.
– Басылымның шығуында қандай қиыншылықтар болды?
– Түк те қиындық болған жоқ. Өйткені, Жарғы бойынша бәрі бар. Министрлік қолдады. Ең бастысы, оқырманнан қолдау болды. Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романын бердік екі санға. Мархабат Байғұттың «Оқу залы» атты әңгімелер топтамасын жарияладық. Жұрт келіп сатып алып жатты. Таралымымыз 5 мыңнан асты. Жазушы-авторлардың тізімін жасадық. Бірақ… қазаққа осы «бірақ» деген сөз барлық уақытқа кедергі. Жоғарғы жақ «Роман-газеттің» керегі жоқ» дегесін, жастардың әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси журналы етіп бағытын өзгерттік.
– Журналдың қазіргі жағдайы туралы айтсаңыз?
– Жағдай мәз емес. Таралым аз. Бұл тек біз киген «таз кепеш» емес, барлық қазақ басылымдарына тән құбылыс. Қоғамдық құбылыс. Оқырманның ниеті жақсы, жазылуға келгенде теріс айналады. Қаладағы зиялыдан гөрі ауылдағы ашқұрсақ әдебиетке берілгендерге ризамыз. Бізді солар ұстап тұр. Насихатты жүргізе береміз, «бет көрсе жүз ұялады» деген.
– Басылымның алдағы уақыттағы жоспары қандай?
– Онға толдық. Он жыл бұрын «Үркерде» жарияланған жас қазір сақа қаламгер. Асхат Өмірбай, Қуат Қиықбай, Алпамыс Файзолла, Мәрлен Ғылымханов, Аягүл Мантай секілді прозашылар, Толқын Қабылша, Динара Мәлік, Мөлдір Райымбек секілді ақындар біздің қазанымызда қайнап шыққандар. Кексе қаламгерлерге де орнымыз дайын. Арбаның алдыңғы дөңгелегін әсте ұмытпаймыз. Жылда «Үркер-Үміт» бәйгесін жариялаймыз. Оның жеңімпаздары бір төбе. Биыл 10 жылдығымызға орай тағы да жастарды бәйгеге қостық. Жалпы, жоспар дегенде айтарым, жақсы дүние жариялап, әдебиетті жаңғырту – біздің жоспар осы. Жасық дүние жоспарға енбейді. Еркіндік заманда әдебиет маңындағылар да біраз еркін кетіп қалды, біз сондайларға тұсау салуға тырысамыз. «Рухани жаңғыру» – басты бағытымыз. «100 жаңа есім»-ді табу, қазақ тілі мен латын әліпбиін қабылдау, экономикалық оң өзгерістерді көрсету – біздің негізгі тақырыбымыз. Соның ішінде әдебиет атойлап оң қолын көтеріп тұрады. Әдебиет, тіл мәселесін қозғаған ғалымдардың толғамды ой-пікірлеріне әрдайым жол ашық.
10 жасқа толған «Үркер»-дің балалық жолы осындай. Кәрі көкесі Жұлдыз» бен әу баста еліктеп, делебемізді қоздырған алыстағы «Роман-газетаның» жолы – сақа жол. Соған жетуді армандаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.