ҚЫЗҒҰМЫРЛЫ ҚЫЗҒАЛДАҚТАР МЕКЕНІ

(Суреттеме-толғам)

Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы, магистрант.

Күншуақты Оңтүстіктен бастау алатын көгілдір көктем қандай керемет. Дархан даламыз бен сай-саламыз сан алуан түске боянады. Қызғалдақтар қаптап өскен алқап бейнебір қызыл кілем іспеттес. Айнала-төңіректің аурасы, гүлдердің хош иісі сезіміңді сергітіп, көңіл күйіңді көтереді. Тылсым табиғаттың осы бір тамаша көрінісіне таңдана да, тамсана да қарай бергің келеді. Қайран, қызғұмырлы қызғалдақтардың тыныс-тіршілігі таусылмаса екен дейсің. Енді бір сәт шабытың оянып, осының бәрін қағаз бетіне түсіргің келеді.
Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы басынан талай теперішті өткергені баршаға мәлім. Соның бірі Ұлы дала еліндегі жер-су, елді мекен атауларының сан түрлі өзгеріске ұшырауы дер едік. Осы орайда ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:
«… Бұқар тұсы қазақтың бүлінгені,
Күнбатыстан суық жау көрінгені…
Абай тұсы қазақтың бұзылғаны,
Қаралыққа айналып қызыл қаны.
Елдігіне, жеріне һәм дініне
Құрылды талай тұзақ, талай қақпан…» –
деп Ресей отаршылдарының бетпердесін айқара ашып, өткен тарихымызды ойшыл көзбен шолып, көп нәрсенің астарлы сырын ашуға жол сілтейді.
Ал ақын Жұмекен Нәжімеденовтің:
«…Мән бермеппін жер атына бұрын мен,
Кездерім көп мән бермеуден сүрінген…», – деп мұңға бата жырлауынан да көп жайтты аңғаруға болады. «Жер тарихы – ел тарихы» дейтін болсақ, бұған әсте бейжай қарауға болмайды. Жалпы, қазақтың әрбір төбесі мен әрбір сай-саласы тылсым тарихтан терең сыр шертіп тұрғандай сезіледі. Міне, сондай қасиетті төбешіктердің бірі – табиғаты тамылжыған Түлкібас (Түркібасы) төріндегі Шұбайқызыл шоқысы дер едік.
Көне тарихқа көз жүгіртетін болсақ, ХІХ ғасырда қарт Қаратау, алып тұлға байсалды, алаулаған Алатау, Нұқ Пайғамбардың кемесі қайырлаған қасиетті Қазығұрт тауларының бөктеріндегі Ақсу – Жабағылы, Шұбайқызыл қызғалдақтарын шет елдерден келген зерттеушілер Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы деп атап, әлемдік ғылыми қолданысқа солай еніп кеткені баршаға белгілі. Түлкібас (Түркібасы) ауданындағы Шұбайқызыл деп аталатын шырайлы мекен жыл сайын сәуір айының орта тұсында қызғалдақтарға көмкеріліп, айнала-төңірек қып-қызыл кілемге боянады. Қызғалдақтар мен сарғалдақтар келушілерге керемет көңіл күй сыйлап, ерекше әсерге бөлейді. Мұнда Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі, Түлкібас аудандық әкімдігі мен аудандық мәслихат, облыстық мәдениет басқармасы, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы және «Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен, қала берді сол өңірдің тумасы, қыбырғалы қаламгер, дарынды драматург, Қазақстан Жазушылар одағы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының, Түлкібас, Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы Мархабат Байғұт ағайдың бастамасымен талай ізгілікті де игілікті іс-шаралардың өткізіліп жүргенінен хабардармыз. Мар-ағаның егемен елімізде өсетін қызғалдақтарға Қазақ қызғалдағы, Алатау қызғалдағы, Қаратау қызғалдағы, Қазығұрт қызғалдағы, Ақсу алауы, Жабағылы жалауы, Шұбайқызыл шырайы деген тамаша атау беру жөніндегі бастамалары бізді бек қуантады. Туған елі мен жерін жан-тәнімен сүю, оның тарихы мен шежіресін терең білу, шынайы патриоты болудың жарқын өнеге-үлгісін көрсетіп жүрген жауһар жазушыны қашанда құрмет тұтамыз, мерей-мақтаныш етеміз. Әрине, мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асырудың жарқын белгісі деп есептейміз. Таяу жылдардағы міндеттерді айқындайтын бұл бағдарлама білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Осы орайда мектеп оқушылары мен студент жастардың бойына патриоттық сезім қалыптастырып, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу жолында жүйелі жұмыс істеуіміз керек. Табиғат-Ананы аялап, қызғалдақтарды қызғыштай қорғауымыз қажет. Осылайша экологияны көтеру – экономиканы көтерумен бірдей екенін терең сезінгеніміз жөн.
2002 жылы 27-28 қарашада Нидерланды Корольдігіне жасаған ресми сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сол елдің ханшайымы Беатрикс ханым қызғалдақ жайында айта келе: «Ұлы Жібек жолы сан ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ Қазақстанды Нидерландымен тығыз байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Бұл гүл осылайша Нидерландыға кеңінен тарады. Гүл саудасында да ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі нидерландықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары болып саналады. Сол үшін де Сіздің елге қарыздармыз», – деп ағынан жарылған болатын. Иә, шынтуайтында да Нидерландының, ал ауызекі тілдегі Голландияның «Қызғалдақтар елі» деп аталып кеткені қашан.
Ал 2014 жылы 26 наурызда Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Нидерланды Корольдігіне жасаған кезекті ресми сапарының аясында Қазақстан Президентіне өзінің фотосуреті бейнеленген голландтық жаңа пошта маркасы таныстырылды. Ал Роттердам қаласында Қазақстанның құрметіне Астана деп аталатын жаңа алаң ашылды. Сондай-ақ мұнда «Президент Назарбаев» атты қызғалдақтың жаңа түрінің тұсаукесер рәсімі өткізілді. «Біз қызғалдақтың бұл түрін дайындау үшін төрт жыл жұмыс істедік. Келесі жылы бұл гүлдерді Астана қаласында көретін боласыздар. Жаңа сұрып Қазақстан климатына бейімделген. Сіздердің Президенттеріңізді Нидерландының жақын досы десек болады. Оған деген құрметімізді осылайша білдіруді жөн санадық. Жалпы, төрткүл әлемде Клинтон, Буш, біздің Патшаның және тағы басқа да белгілі тұлғалардың есімі берілген қызғалдақ түрлері бар», – дейді аталмыш қызғалдақ сұрыпының авторы Рини Вагтманс.
Көне аңыз әңгімелерде сонау бір жаугершілік заманда елін, жерін қорғаған батыр-бағлан бабаларымыздың қаны тамған жерге араға жылдар салып қып-қызыл қызғалдақтар қаптап шыққан дейді. Қан майданнан естелік болып қалған қызғылт дақтар уақыт өте келе гүл падишасы – қызғалдаққа айналған көрінеді. Иә, шынтуайтында, Қазақстанды «Қызғалдақтың Отаны» деп атауымызға толық негіз бар. Елімізде лалагүлдер, сарғалдақтар тұқымдасына кіретін қызғалдақ пен сарғалдақтың ақезу мәрпі, дәрі мәрпі, ақшыл секпілгүл, кіші секпілгүл, Алтай жуасы, Алтай күнделгісі, жасыл күнделгі, Альберт қызғалдағы, Альберт сарғалдағы, ашық құндызшөп, Бема қызғалдағы, Биберштейн қызғалдағы, Борщов қызғалдағы, Бузовский қызғалдағы, бұйра лалагүл, Грейг қызғалдағы, жалған түкті қызғалдақ, жатаған қызғалдақ, имек жеміс тегеурінгүл, күмән тегеурінгүл, Индер шырышы, кеш қызғалдағы, Карелин ринопеталюм, Кауфман қызғалдағы, кәдімгі таушымылдық, көктем жанаргүлі, ұсақ гүлді жанаргүл, көкшіл жуа, ұзақ торлы жуа, қазжуа, қосгүлді қызғалдақ, мамыр інжугүлі, Островский қызғалдағы, Регель қызғалдағы, Сібір қандығы, Сібір ушырмауығы, Шренк қызғалдағы, Шымған қызғалдағы, Тауалға, Сиверцов корольковиясы, Түркістан қызғалдағы, ұзын желайдар, тағы басқа түрлері бар. Осылардың арасынан ала күлте қызғалдағы, ақшыл секпілгүл, Альберт қызғалдағы, Борщов қызғалдағы, бұйра лалагүл, Грейг қызғалдағы, жатаған қызғалдақ, Кауфман қызғалдағы, кәдімгі таушымылдық, кеш қызғалдағы, көктем жанаргүлі, Колпаковский қызғалдағы, Корольков қызғалдағы, Островский қызғалдағы, Регель қызғалдағы, ұсақ торлы жуа секілді қызғалдақтар мен сарғалдақтар түрі «Қазақстанның Қызыл кітабына» енгізілген. Жалпы, 32 қызғалдақ түрінің 11-і еліміздің эндемигі болып саналады, 16-сы арнайы қорғауға алынып, «Қазақстанның Қызыл кітабына» енгізілген екен. Олар сұлулық символы болумен қатар емдік қасиетке де ие. Қызғалдақ гүлінің пиязшығының құрамында 40-60 пайыз крахмал мен қант бар. Оның желектері мен қорапшасы тұқымымен халықтық медицинада бас, бауыр, өкпе ауруларын емдеуге пайдаланылған.
Шымкенттейін шырайлы шаһардағы «Қызғалдақ» деп аталатын субұрқақтың маңы бүгінде студент жастардың сүйікті демалыс орнына айналған. Бозбалалар мен бойжеткендер мұнда жиі-жиі бас қосып, сыр шертіседі. Жыл сайын біздің Шымқаламыз – Гүлқаламызда 1,3 миллион қызғалдақ отырғызылады. Салыстырмалы түрде айтқанда, Қарағандыда 200 мың, ал Таразда 80 мың түп қызғалдақ егіледі екен. Америка Құрама Штаттары, Канада, Түркия елдерінде Қызғалдақтар фестивалін өткізу игі дәстүрге айналғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Төл қызғалдақтарымыздың қадір-қасиетін арттыратын «Қазақ қызғалдағы», «Шырайлым – Шұбайқызылым» секілді осындай ізгілікті де игілікті іс-шараларды біздің елімізде де ұйымдастыруға мүмкіндігіміз мол. Бұл шараның көпшілікке, әсіресе жастарға беретін тәлім тәрбиелік мәні зор деп есептейміз.
Жалпы, Түлкібас (Түркібасы) ауданынан талай танымал тұлғалар түлеп шыққанын жұрттың бәрі жақсы біледі. Басқаны айтпағанда Мекемтас Мырзахметұлы, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Серік Пірәлиев, Дихан Қамзабекұлы, Дархан Мыңбайдың есімдерінің өзі не тұрады. Әрине, Қазақ қыздары мен Қазақ қызғалдағының қадір-қасиетін барынша дәріптеп жүрген Мар-ағаның, Мархабат Байғұттың алатын орны айрықша. Біз Сіздердің бәріңізді мақтамаймыз, Сіздердей асыл тұлғалардың бар екенімен мақтанамыз!

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.