Рух дастаны

Риза Ысқақ,
Қазақ Ұлттық Өнер университеті
кинотеледраматургия мамандығының
екінші курс студенті.

Атағы алты алашқа мәлім әрі өзге ел өкілдеріне қазақ хандары ішінен әлдеқайда әйгілісі де, қазақ әдебиетінде тарихи-эпикалық көркем бейнесі айқын, жарқын мадақталғаны да осы ұлтымыздың ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшысы, реформатор және мықты мәмілегері – хан Абылай. Қазақ қауымының барша буыны қысылғанда медет санап, әулие көріп, пір тұтқаны да, намыс кегі қайралғанда ұран етіп шақырғаны да – Абылай есімі. Бұл турасында орыстың атақты ғұламасы, академик В.В.Бартольд «XVIII ғасырдағы ең күшті Орта жүздің ханы Абылай болды» деп жазған. Ш.Уәлиханов қазақ-қалмақ соғыстары кезеңіне терең талдау жасай келіп: «Абылай ғасыры – қазақ ерлігінің ғасыры еді» дегені тағы бар. Жалпы, өз дәуірінде елі үшін елеулі ерлік етіп, жұртшылық ілтипатына бөленген Абылай жөнінде сыр шертетін әр замандағы жыраулар мен жазушылардың алуан жанрдағы көркем мұраларының – жыр-дастан, аңыз-әңгімелерінің, көне сөздердің көптігі соншалық – «Абылайнама-Абылайтану» деп атарлық мән-мағынасы зор, мол туындылар шоғыры жасалған. Әсіресе, жан-дүниемді толқытып, тұла бойымды балқытып, өзіндік әсер етіп, ішкі әлемімдегі кейбір сырларымның сиқырлы пернелерін дөп баса білген қарымды қаламгер Ә.Кекілбаевтың талғам-танымы биік, таңдаулы туындысы – «Абылай хан» тарихи-өмірбаяндық трагедиясы, халықтық-қаһармандық драмалық дастаны…
Мен үшін бұл шығарманың жөні елден ерек. Мұнда сол кезеңде қайталанбас дәуір, алтын ғасыр аталған XVIII ғасыр мен біздің XXI ғасыр өзара үндестік тауып, сыр шертіп, мұңдасқандай ма, қалай өзі?! Атақты Абылай заманы қазіргі «қасқыр» қазақ қоғамына кеңес беріп, аманат айтып тұрған сықылды. Сол заман бейнесі мен қазіргі қоғам келбеті?! Өзара ұқсастығы мен айырмашылығы?! Шындығына келгенде, тіпті, қазірдің өзінде Тәуелсіздігімізді көре алмай, қалай іріткі салсам, қалай аяқтан шалсам деп жүргендер аз емес. Шынайы пиғылын – табиғи бет-пердесін жасырып жатқандары тағы бар. Әрине, қалай десекте, бүгін – білдіртпей астыртын әрекет ету белең алған кезең ғой…
Бүгінгінің Абылайы кім, оның Кейуанасы (Көмей Әулие-Бұхар жырау) мен Диуанасы (Ораз Аталық-дәруіш) қайсы?! Қашанда әр дәуірдің өз Қалмағы, Қалдан Серені мен Шарышы – қоян терісін жауып алған түлкісі болатыны шындық. Ал, ақ пен қараның аражігін ажырата алмас бүгінгінің бүлікқұмар Ботахан, Жақай сияқты телі-тентегі қайсысы?! Махаббатқа сыйынып, сыйлап, қадірлеген Күлпәші кім?! Кімді махаббатты мазақ көріп, мысқылдап, місе тұтпай, одан гөрі атақ-даңқ, шенді негізірек деп білетін көкірегін күндестік билеген тәкәппар Топыш десек болады?!
«Қазаққа тоба әуелден жомарт
Елдің бағын жері ашады дейді.
Ұлан-байтақ жер сыйлапты,
Жердің бағын елі ашады дейді
Бола аламыз ба сондай ел?» – деген Абылай сөзінің жаны бар. Қазіргі қоғамға айтылғандай, қай-қайсымыздың болсын бабамыздың қанымен, анамыздың жасымен келген ұшан-теңіз, шұрайлы жерімізді, елдігіміз бен егемендігімізді өліп-өшіп, бағалап жүргеніміз шамалы. Біз қасиетті қазақ жерінің бағын аша алдық па, жоқ па? Әліде болса, қолда барға қанағат етпей жүрміз бе? Бұл – бүгінгінің де, сол ғасырдың да сұрағы. Жалпы, осылар сан ғасырлық өлмейтін өзекті тақырыптар!
Қазақ шонжары – кемеңгер қарт Тұрсынбайдың:
Қиын кезде қиғаш тартпай,
Қисын іздесең қайтеді.
Ал, Абылайдың қарттың қисынды сөзін қостап:
Е, жау қайтарып ем-көрмедің,
Дау тойтарып ем-білмедің.
Ізгілік ойлап іс қылсам,
Індетіп тұрып іздейсің
Іріткісі мен ілмегін.
Тек қуалап, кек қуу
Қашаннан бергі ермегің? – деуі сол кезеңнен күні бүгінге дейін әлі арыла алмаған кейбір келеңсіз мінездерімізді сынағаны, баға беріп, жөнге шақырып, өзгеруімізді талап еткені. Өсіп, өркендеуімізге кедергі келтірерлік қисық қылықтардан қазірде сол қалпы құтыла алмаған, қайран қазағым-ай?!
Негізінде, мен осы дастаннан өзіме аса қатты ұнаған деген жолдарды, шумақтарды, тіпті жалғызаяқ сөздерді болсын түртіп қойдым. Мәселен, ден қойып, құлақ түрсек:
Апырай, мылтық ұрған кім десем,
Қозған Биікше мерген екен ғой.
Қанды ауызың қақшып түсер,
Бұл даланың аңы мен жауы таусылып,
Тек мен қалған екенмін ғой.
Айтар ойы мол, мәнді де сәнді жолдар, сөз жоқ. Бұ тұста сөздері аса бір өктем, өткір айтылмағанмен де, астарының маңызы зор. Айталық, қазіргі қоғамда қолына қару алып, тапатал түсте көшенің қақ ортасында жазықсыз жандарға оқ атып, қандастарымызды мерт қылып жүрген қандықол қылмыскерлер, нәресте демей, қария демей-ақ, тіл қатуға мұрша берместен, еш сөзге келместен сілейте салатын кәпірлер мен онсыз да жарымай жүрген қара халықты алдап-арбап, тонап, тыржалаңаш қалдырған ар-ождан, иманнан безген қанішер-қарақшылар қаптап кетті. Жетім-жесірдің ақшасын жеп, көз жастарына қалып жүргендер қаншама?! Ия, ия, Абылай заманында біздер қасиетті қазақ жұрты жауынгер едік, кейін идеологияның құлы болдық, ал, бүгінде, амал нешік, ақшаның құлымыз!
Менің келешек драматург ретінде байқағаным, мұның драмалық дастанға тән драматургиясы мықты әрі ұтқыр, ұрымтал және ұтымды. Ұтқырлығы сонша, аталған пьесаның сюжеті бір қараған көрерменге жеңіл тиіп, санаға тез қабылданады. Бұл автор жеңісі, шеберлігінің айғағы іспеттес. Драмада оқиға тізбектері көп жылдарды қамтып, оқиға желісі хроникалық тұрғыда өрбиді. Сондай-ақ, бұл тарихи-өмірбаяндық трагедияның сюжеті бұрыннан тарихтан таныс болғанменде, өзіндік жалқы қолтаңбасы бар. Басқа тарихи-қаһармандық қойылымдар құсап жадағай емес, керісінше өзіңді қызықтырып, тартып тұрады және тарихтан сыр шерткенде де қысқа да нұсқа шебер жеткізеді. Тіпті, оқырман сюжеттің әрі қарай қалай өрбитінінен бейхабар болып отырады. Шығарманың стилі, жеткізу тәсілі, формасы өзінше өзгерек, жазушы жеткізгісі келгенін айқара ашып тастаған тәрізді көрінгенімен де, негізінде, айтар ойдың көбі құпия, астыртын айтылған, екпіндер де дұрыс, орнымен қойылған. Әйтседе, ми қыртысы толыққанды түйсікпен қамтамасыз етілген, әдебиет әлемін сезінер сезімі, көрер көзі бар кез келген көкірегі ояу, көзі қарақты азаматтардың өздері автордың негізгі айтпақ астарлы ойын ұқпаулары да мүмкін. Себебі, «Абылай хан» халықтық-қаһармандық драмалық дастаны – саяси-әлеуметтік, философиялық түйінге толы туынды.
Өмір болған соң, бәріміз де тағдыр тәлкегіне ұшырасатынымыз бесенеден белгілі. «Құдай сүйген құлын көп сынайды» демей ме?! Сол сияқты М.Жұмабаев атаған «Алты алаштың Абылайы да» кішкентайынан Сабалақ болып, Әбілмансұр атанып, Абылай атағына жеткенше талай тауқыметті бастан кешті. Хан атанғаннан кейін де, бақ пен тақ, дос пен дұшпан, пайда мен зиян деген сынды талас-тартыс жалғаса берді. Бұл дастанда ұлы хан өмірінің бақытты-балғын, күрделі де күйбең тұстары, хас батыр – Абылайдың ішкі әлемі көңілдегі кірбіңі мен күйігі, құпиясы, қорқынышы мен қуанышы, үміті мен ұмтылысы қатар көрініс тапқан.
Жалпы, аталған пьеса «Cайыс», «Арбасу», «Нартәуекел», «Жорық» атты 4 көріністен тұрады. Алғашқы көрініс Көкшетау өңірінде өтеді, бастапқыда думандатқан қазақ жұртын көрсете отырып, Кейуана мен Дейуананың (көрермендерге драмадағы оқиға тізбектерін саралап, анализ жасап беруші, заман шындығы мен жалғандығын, жасандылығын жеткізуші әділқазылар – осы екеуі) мінеп, сынап, ақ пен қараны таразыға салып салыстырғанын, ел тарихын, тағдырын айтып жатып, Абылай ханның балалық шағынан шер тарқатқаны, күллі қазақ жұрты мен алып тұлғалы Абылайды тығыз байланыстырып, тоғысқан тағдырларды да көрсете біледі. Міне, осы тұста бас кейіпкердің қаһармандық образы айқындала түседі. Екінші көріністе, Қалдан Серен ханның тұтқынында жатып, бұдан парасат-пайымының, мәмілегерлігінің және тапқырлығы арқасында аман-есен құтылып, бостандыққа шығып, азаттықтың ақ таңын көреді. Ал, үшіншісінде, басты кейіпкер – Абылай мінезін, әкелік сезімін, ішкі әлемін, жан-дүниесімен қатар, екі алып империя – Қытай мен Ресей патшасының кенедей жабысқан қанды қыспағын, Жоңғардың, Шүршіттің қысымын, ең сорақысы, өзіміздің қазақ хандығы арасындағы өзара алауыздық, ішкі талас-тартыс суреттеледі. Соңғысында, күллі қазақ хандығының тағдыры туралы тым күрделі мәселелерден шығар жол тауып, туған халқын бірлікке бастап, қайсар қазақ жұртын өшпес ерлікке, өрлікке шақыруы көрініс табады. Сонымен, соңында дастан әрбір қазақ баласына еріксіз үміт пен ұмтылыс, сенім сыйлап, көкірегінде келелді ой туғызады!
Тағы бір байқағаным, дастан афоризмдерге тұнып тұр екен. Мәселен:
1. Бақыттың жолы – бәсеке, ырыстың жолы-бейнетті, азаттық жолы – азапты.
2. Ханын қинаған қара оңбайды, хан қисайса – ел оңбайды.
3. Зорлықты жеңер ынтымақ, қорлықты жеңер ар-намыс.
4. Халық қадірін білмесе,
Хан тартпақшы жазасын,
Хан қадірін білмесе,
Халық тартпақшы сазасын.
5. Садаға арға – жан, жанға – мал.
6. Сүйегіңе дақ салса, тілге келіп, кінәлас.
7. Тақ пен билік, бақ пен дәулет
Тарылтпаса, кеңейтпейді ноқтаны.
Ия, «Абылай хан» дастанында ділмәр, қанатты сөздер көптеп кездеседі, санамызға әсер ететін салиқалы, сарабдал сөздер де аз емес. Әсіресе, тілі кесек-кесек, қуатты келген. Әр сөзінде салмақ болған соң ғана бұл шығарма жігерді жанып, рухымды асқақтатып, намысымды қайрады. Автор оқырманды қазақтың қара сөзіне ғашық еткізіп, тіл құдіретін, көркемділігін барынша көрсетіп, жетер жеріне жеткізіп, жетілдіріп, илеуін, иінін қандырып, сөздің сиқырлы сырын ұғындыруға тырысқаны әбден байқалады. Демек, бұл – жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеуші терең идеяға толы тұнық шығарма!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.