Арзу айтпаймын мен саған

Айнұр ТӨЛЕУ

1986 жылы туған. 2008 жылы ҚазҰУ-дың филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын Қазақ радиосынан бастаған. Қазір қыз-келіншектерге арналған «Сырласу» журналының редакторы, Абай атындағы ҚазҰПУ магистранты. Өлеңдері мен әңгімелері «Жас толқын» жинағына енген.

Стихия

Таныдың ба?
Таныдың ғой, білемін!
Кеше ғана өрттен қалған Күл едім.
Гүл боп қайта түледім,
Енді өзіңді өртеу – менің тілегім.

Ынтығасың…
Жұпар жұтқың келеді!
Есіңде жоқ өртегенің, себебі!
Түсінбеп ем, – тұрған жерім қай алап?
Мезет сонда таң ба, әлде кеш пе еді?
Мөлдір-мөлдір көз жасымды
алақаныммен аялап,
Өртке сепкем…
Өшпеді!

Сыныққанат Жаныңды алып,
Желмен ұшып келдің бе?
Жалаңдаған жалынды
Алып
санамаймын мен мүлде!

Күйкі әлемге қабағымды бір шытпай,
Күйдірейін,
Көзіңнен жас ыршытпай!
Күліп тұрып – өртен, егер, өр болсаң!
Біліп тұрып, түтін жұттым, тұншықпай…
Сол баяғы өлеңді оқы таң қылып,
Бірінші рет естігендей, паң күліп
Тұра берем,
Ту сыртыңнан
Сені шала жандырып!..

Ілкі кезең

Шақырды түсімде ілкі түп.
Жұлдызды таяқпен үркітіп,
Кәдімгі
Жалтармай жұтатын
Жалынды
Бақсы боп жүр екем!
Жер асты- жік екен
Жер үсті- Күн екен..
Ал, уақыт алдымда
Албасты секілді кемсеңдеп тұр екен!
Жылаңқы болса да, қашпаған шырайы
Жылайды шынайы.

Ол үшін алдыма бүк түсіп,
Кеңістік кешірім сұрайды.
Ұрттадым ұялмай көз жасын,
Өз жасым ащы еді бұдан тым.
Жұлдыздар жарқ ете қалғанда
Өлердей қуандым.
Масайған шығармын кім білсін,
Түмен ой түрткілеп оятты.
Төбемде қозғалып Күн күлсін,
Құрсақта, құрсауда жатқандар
Ойласын ұятты!

Құс жолындағы құса

Құс жолында қанат қақты қыз-құса,
Шемен көңіл жерде оны сезбеді.
Ғасыр солай кірпік қақпай ызғыса,
Шер балқыр ма көздегі?

Ол жылауды ұмытқан,
Беріш болған көкіректе сан күдік!
Құсасына қарамастан,
Жұлдыз болып көз қысқан
Аспан қандай әңгүдік.

Таң атқанда,
Жаратқанға
жұлдыз біткен шулайды,
Беріш – жүрек бүлк ете алмай,
Мендік жүрек тулайды.
Шулай берсін сансыз жарық,
Тулай берсін қамсыз ғаріп,
Енді Арзыгүл мендей қызды тумайды.

Ай астында
Дәуір көшіп барады!
Өңсіз тірлік өкпе қойдай жөтеліп,
Маған маңғаз қарады.
Ал, тірілер мүлгіпті
Күні бойы кеудесімен
Бір-бір көрді көтеріп…

Қауырсын-қар

Аңсаулардың, шаршаулардың саны аздай,
Аспан тағы мұңайды.
Қардың бәрі хат жазылған қағаздай,
Алдыма кеп құлайды.

Тыныштыққа сіңіп кеткен сәттердей,
Көз тастадым ұлпадағы кескінге.
Қойған еді өзің жақтан хат келмей,
Мен де сәлем жолдамағам ешкімге!

Кезікпеген кездің бәрі керемет,
Өртеп болдым өзімді өкпе-ренішке.
Қауырсыны қар боп жерге себелеп,
Бәлкім көкте түлеп жатыр періште.

Көңілдегі кейіпкер ең –
Көзімдегі жарығым,
Сен қаласаң жер бетінен жиып берем,
Қанатыңның шашыраған мамығын!

Көрші кемпір терезеден қарайды,
Ақымақ қыз аязға әбден тоңды деп!
Келісімге келейікші, Жарайды,
Бүгін сені сағынамын соңғы рет!

Терезе

Аласасы айқындалмас Биіктік,
Төпелетіп төге алмаса сұйықтық.
Көмейіме күйік дәмді шер толып,
Өз отыма өлер едім өртеніп.

Тереземде сыбырласты тамшылар
Сөзбен жанын былғамай.
Қояр едім күбірлерін тыңдамай,
Арғы жақта бір сағыныш елеңдеп,
Жылап қарап тұрғаны-ай!

Бергі жағы тереземнің
Арғы жақтан алыс тым.
Бұл шетінде өз отыммен алыстым,
О жағында сыр шертіліп жатқандай,
Жеткізбек боп сағынышын ғарыштың.

Үнсіздік

Байқадым,
Қоштасқың келмеді,
Күрсінткен беймәлім шер ме еді?
Іздемей жүріп-ақ осылай,
Жоғалтып алдың ғой сен мені.

Кірпіктен тамшы боп ыршыдық,
Шарқ ұрды ғаламат тіршілік.
Мен тұрдым алдыңда қымсынып,
Өксіктен өзегім тұншығып.

Жүректі бір тырнап
Мың сыздық.
Өзгеге көрсеттік мұңсыз ғып.
Тілдеспей қоштаса салайық,
Ғарыштың тілі ғой – үнсіздік…

Аспанды аңсау

Төңкерілген қазан сынды теріс қып,
Аспанымды аңсадым.
Бал мен уын жер бетінің бөлістік,
Ал, мен бүгін у ішкеннен шаршадым.

Қызық екен мекендестер, жер деген
Неге бізге бір жола
Өлетін у бермеген?!

Бұл мекенде күн де жоқ қой,
Бірақ сенсің ең ыстық!
Саған қатты ұнайды
қол ұстасып жүре алмайтын кеңістік!

Ұнайды ғой,
Саған осы жер-мекен.
Алыс жақтан айға сырды
отырасың ақтарып,
Мен жайында жерлесіңе
айта алмайсың, шаттанып!

Ей, ғизатым!
Миллардтардың бөлшегі!
Жалғыздығын жұлдыз санап жұбатқан
түсініксіз сендер жақтың өлшемі.
Соның үшін бәлкім сені ұнатқам,
Соның үшін жақсы көрем мен сені!

Қоштасу
Осылай оңай ғана
екеуміз алыстадық…
Жылт еткен жылылықты
өткенге табыстадық!

Ойлама ол кезді енді,
Кеңістік кербезденді,
Уақыт аямады.
Ал, менің жүрегімді
жыр ғана аялады.

Оты жоқ он сегіздің,
Екеуміз жыламадық.
Өзіміз сенген едік,
Ертегі құрап алып.

Ертегі құрап алып,
Бақыттың нүктесіне
жетуге шыдамадық.

Жылт еткен жылылықты
сақтауға бекінбедік.
Себебі өкінбедік.

Себебі өкінбедік
және де қуанбадық.
Жұбаныш іздеп келіп,
Бәрібір уанбадық.

Түс қана секілденіп,
Мөлдір мұң, мұнартады.
Біз неге өкінбедік,
Жауабын кім айтады?

Аспан қызы
Аспандағы ауылдың қызы,
Күліп жүргейсің жердің бетінде!
Жердің бетіне келдің бе түнде?
Пенденің киіп терісін.
Мен жазған жырды желдің өтінде
Оқып көр сәулеш,
Көзіңнен мұздақ ерісін!

Перизат-болмыс отқарағыңда
Орынсыз мұңның табы бар.
Өзіңе қарай оқталамын да,
Қаймығатыным тағы бар.

Бейтаныс бейне –
мейманы түнгі түсімнің,
Түсімде тағы күрсіндің!
Түсінбей тілін тылсымның
алдыңда талай қымсындым!

Шарт емес шығар соңынан бару,
Аспанды мен де аңсағам.
Айдың нұрына шомылған ару,
Арзу айтпаймын мен саған!
Қызыл іңір

Жиекке барып жығылдың,
Жығылдың қалай іңір күн?
Шоп-шолақ сәтін ғұмырдың,
Қып-қызыл қылып сімірдің!

Жиекте тұрды күн кетпей,
Бірді түсінбей, бірді ұқтым.
Күйгелек әлем күңк етпей,
Тынысын тартты тірліктің!

Қып-қызыл еді жаным да,
Ұқсайтын саған іңір сәт.
Өзіне ұқсас жалынға
жүгірді жүрек-ұрыншақ.

Жүгірдім саған іңір күн,
Туыспыз ғой біз енді.
Жиексіз Жерге жығылдым,
Қанатып алдым тіземді…

Тамшы

Бір тамшы барады әйнектен тайғанап,
Тайғанақ тірлікті аймалап.
Әйнекке тамады тағы да бір қонақ,
Бір қонақ барады сырғанап!

Аспанның көзінен асығып мөлт еттің,
Мөлт еттің, ғұмыр-ай мөлтек тым.
Жанымен әйнекке жаншылар,
Осылай өледі тамшылар.

Осылай қозғалып бір нүкте,
Бір нүкте келеді тірлікке.
Келте екен бақыттың буы тым,
Тамшылар жұтады уақыттың уытын.

Буланған әйнекке қарадым,
Жылаған жанарды сезбестей…
Жүректің суретін саламын,
Кетті деп мөлтек мұң кездеспей…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.