«Амрені» көрдік… Әміре қайда?

Данияр Саламат,
кинорежиссер

Кинозалда адамдар көп болды. Немересін ерткен әже жүр. Кемпірін қолтығына қысқан ата жүр… Дені жастар. Бәрінің көзінде үміт! Бәрі сергек, бәрі ынталы тұлғасының экрандағы бейнесін көруге…
Фильм басталды. Апамның да, атамның да, оның кішкене немересінің де үміті бір төмендеген жоқ! Ынтасы бір түскен жоқ! Амрені қолдап отырды, қылп етсе қолпаштап отырды… Аттары бәйгеге түскендей қопаңдап отырды!
Айналайындарым-ай…
Бірақ кешіріңіздер, атам, апам, жас өрендерім, фильм жоқ еді. Ұлт жоқ еді фильм-де. Амре болмаса, ел күткен, ел сағынған, ел жадында жақұттай жасырған бейнелері – Әміре дүлділ жоқ еді!
Экранда дәл бір сең соққан балықтай Париж көшелері мен «бұлт басқан кабактарда» сенделген Амре жүрген-тін. Фильмнен не тарихи шындық, не көркем шындықтың ізін де таба алмайсыз. Домбыраны дұрыстап ұстай да алмайтын Амре үш баланың алдында ән айтып тұрады да бірден «феодализмнен социализмге жүн түтіп отырып өтіп кеткен» Д. Исабековтың кейіпкеріндей Парижге өтіп кетеді. Елсіз жердегі басқұрмен әлеміштенген киіз үйдің ішінде состиып тұрған екеу «шақыртуды» талқылайды. Состиып тұрғанда байқамаппыз, киіз үйдің ішінде шошайып отырған тағы екі-үш әйел баласы бар екен… Кім екені белгісіз, үн-түн жоқ. Сөйлеу жоқ, меңзеу жоқ… Тіл қатса бірдеңені бүлдіретінін шетелдік режиссер қасқа біледі-ау… Осымен қазақ дүлділінің өз еліндегі бейнесі тәмам… Әмірені – Әміре еткен өзінің алтын бесігі – елі емес пе еді? Ол мұнда ашыла, кең көрініс таппағаны несі? Ай-ай… Түсінікті. Шығарманың драматургиясы қарабайыр схемалық әдіспен шешіле салған. Амре Парижге жол тартайын деп жатқанда оған КГБ-ның қызметкері келіп: «Амре, сіз қазақ даласында өскен надансыз ғой» – дейді. Сөйтеді де оп-оңай шығарманың логикалық шиеленісуін күтпей, бірден кейіпкерлерін ақ пен қараға бөліп қоя береді. Парижге барғанда да орыс әншісі «жағымсыз кейіпкерден»: «киім киісіңізге қарағанда жабайы екеніңіз аңғарылады» – деген сыңайда сөз естиді. Сөйтіп схеманың үстіне схема жамалып, соның заңдылығына сай жадағай, әлсіз, қисынсыз күрес басталады… Фильмдегі Мұстафа Шоқай бейнесі тап бір елес сияқты. Тұрағы жоқ, тұрлауы жоқ, досы жоқ, жақыны жоқ… биографиясы әм жоқ… Оны қайраткер екенінен хабары жоқ біреу болса не істеп жүрген жан деп басы әңкі-тәңкі болар еді. Жалт етіп көшеде пайда бола кетеді, жалт етіп залда пайда бола кетеді, жалт етіп ғайып болады… Бірақ оны ойнаған актер [Еркебұлан Дайыров] жұртшылықтың жүрегіне жылы тиді. Несімен? Қазақы көзқарасымен! Фильм туралы айта берсем, кемшілік шұбалып шыға береді… Шаршаймын. Өз елінің ұланы түсіруге тиісті фильмді, өз елінің ұланы тануға тиісті Тұлғаны жүрегі шым етпей зәу-затымен шетелдік аты беймәлім режиссерға арқалатып жіберген «жүн білектілердің» бұл қылығына не дейін?
Фильм туралы жазғым келмеген.
Көрермен туралы жазғым келген.
Біз көрерменді аямаймыз!
Біз көрерменді адастырдық! Біз көрерменге он жыл көлемінде үндінің «Анандиын» тамашалаттық. Түріктің тағы бірдемесін тамашалаттық. Кәрістің тағы бірдемесін… Әсіресе «Ананди» құртты. Көрермен адасты. Көрерменді сентиментализм билеп алды. Сентиментализм – қауіпті құбылыс. Сентиментальды адам – қауіпті адам. Сентименталь жүрегін билеген адам ақ пен қараны, оң мен солды ажыратудан қалады. Ол үшін ұлттық өнер, ұлттық ұстаным, тіліңнің құны бес тиын! Әлгі сезім бойын билеген жанда көркем қисын, тарихи қисын, тұрмыстық қисын деген ұғым болмайды, еңкілдеп жылап, көзі жасқа шыланып отыра береді, болды! Жады көнереді, санасы топастанады. «Сентиментальность – это эмоциональный промискуитет людей, не способных с каким либо чувствам» – дейді даңқты американдық жазушы, драматург, кинорежиссер Норман Мейлер. Масқара ғой? Сол сентиментализммен суарып, жанын әбден қуартып, шөлдеткен жандарды ТҮРЛІ БУДАН фильммен тағы жұлмалап қинайтынымыз қалай? Жетті ғой енді?

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.