Ол…

Зияда ТІНІҚҰЛ

1998 жылы Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Филология және әлем тілдері факультетінің 3-курс студенті.

Қоп-қоңыр саналы көздері, өзін шеттен тыс білімді көрсететін кескін-келбеті, бір көзқарасынан-ақ мысыңды басып тастар айбыны, шіреніп тұрып сөйлер шешендігі – мұның бәрі де оның тұлғалық болмысын айқындайтын белгілер еді. Оның бізге сабақ берген кезі тоғызыншыны тауысып, әр нәрсеге елігіп, желігіп жүрер кезеңнен енді аяқты алып өте берген – 10 сыныпқа табан тіреген тұстан бас-талды. Бұл кезеңнің біз үшін салмағы тым ауыр болатын. «Мен кім болам?». Жауабы жоқтай болып көрінер осы бір «қорқынышты» сұрақты өзімізге қойғымыз келмесе де, амалсыз қоюға мәжбүр болған – болашақ мамандықты таңдау, алда болар «ұлы біркүндік төңкеріске» дайындалу, қала берді, оны тапсыру қиындығын мойнымызға қоса жүктеген жауапты да шешімді кезең еді.
Ол сыныпқа кіріп келгенде аңтарылып қалдық. Біз оны күтпеген едік. Ұзын кабинетте екі қатарға саптай тізіліп отырған бізбен ол әдеттегіше амандасып болып:
– Шыңғысханның нөкері секілді не істеп отырсыңдар? – деді. Ойнақы, өткір қалжың. Біз күлдік. Өзі бүгін көңілді секілді. Біз ағайымызды сағыныппыз.
– Мен сендерді көргім келіп, алып-ұшып осында жеттім. Қалай дайындалып жатыр екен, не істеп жатыр екен деп… Ал, сендер неге маған бұлай қарайсыңдар? Қазір сендерге болатын пән – қазақ тілі. Тарих емес… – деді.
Қазақ тілінің орнына Қазақстан тарихы пәні бола ма деп шошып отырғандар «уһ» деп демдерін алды. Иә, бұл бір айлық оқуға кетіп, енді ғана келген тарих пәні мұғалімі – Бауыржан Айманов еді.
Біз оны бір ай көрмедік. Енді келді. Қақ алдымызда. Сабақ барысында оқушыға қарағанда тым-тым көп сөйлейтін әдетімен ол бұл жолы да барлық оқушыларды аузына қаратты. Ұйып тыңдадық. Ызың еткен шыбынның үні де жоқ. Ол не туралы айтты? ҰБТ. Білім жүйесіндегі соңғы жаңалықтар, бәз баяғы тест, ҰБТ… Ол өз жайынан гөрі біздің жайымызды тым көп ойлайды. Осы бір сергелдең қылған сынақ қашан бітеді екен?
«Өткеніңді білмей, келешекке қадам баса алмайсың». Көздері жәутеңдеген біз, қазақ балаларына, бәлкім, өз тарихын ұғындыру, ұланғайыр тарих кеңістігінің ұшан қиырларына үңілдіру, санасына жеткізе түсіндіру, қилы-қилы кезеңнің қалтарыс-бұлтарыстарын ішек қарнын ақтара жайып салу, бастысы, шәкірттерінің жүрегіне елге, жерге, тарихқа деген махаббатын ояту, шынымен де қиын іс шығар…
– Тарихшы қазақ… – Сен соны білуің керек қой, Тиникулова?
Тақтаға шығып, мүдіріп, не деп жауап берерімді білмей дағдарып тұрған маған сұраулы жүзбен қарап қалғанда өзімнің білместігіме емес, білуге тырыспамағаныма ұялатынмын. Кейде бүкіл бір сабақ менің қара тақта бетінде тұруыммен, оның ешкімді елемей, «тарих» дегенде делебесі қозып сөйлеп кетуімен аяқталатын.
Оның жанарына тура қарай алмай тайсақтай беретінмін. Мен мұны кейін ұқтым. Шын ұстаздың бір ғана көзқарасы сенің бойыңдағы «өліп қалған» ұятыңның оянуына, өзіңнің түк те білмейтініңді, «жартыкеш» ғұмыр кешіп жүргеніңді түсінуіңе жетіп жатыр екен.
«Компьютер басты жарты адам». Мұхтар Шаханов ағамыз ашына айтқан осы бір сөздерді ағай бізге мүлде көңілі тоймай қалғанда (ағайдың бізге көңілі толды ма екен, сірә?!) ашудан мысқылдай айтушы еді. «Сендерді жаулап алған интернет» дейтін ол. Иә, қазіргі ұрпақ компьютер басты жарты адам боп өмір сүріп те жатыр, әрі кетсе, туылып та жатыр. «Баба тарих ардақтаған рух тұғырын менсінбей» ойын тұсап өскен ұрпақтан нені күтуге болады?
Бірде үйге берілген тапсырма қазақ халқының мәдениеті, әні, өнері туралы болды. Тақта бетінде күмілжіп, не айтарын білмей тұрған оқушыға ағай:
– Айтшы, саған осының бәрі керек пе? Ұлттық ән, күй дегендер қажет пе осы? – деп тосыннан сұрақ қойды.
Мұндай сұрақты есту, әрине, ауыр еді. Ағайға бір, тақтада тұрған сыныптасыма бір қарап, аузыма сөз түспей абыржыдым. Ішім лезде алай-түлей болды да кетті. Өскелең ұрпақтың білімсіздігіне, сауатсыздығына күйінген ағайға ашуланудың өзі артық екенін түсіндім. Көкейімде кейін осы сұрақ пайда болды: «Неге біз өз бойымыздағы қазақы өнерді мақтанышпен айта алмаймыз, неге біз өз мәдениетіміз туралы айтқанда күмілжуіміз керек?».
Қазақстан тарихынан конспект жазып отырдық. «Аттила туралы деректер мен зерт-теулер VI ғасырдан бастап күні бүгінге дейін жазылып келеді». Осы сөзді айта салысымен ағай:
– Көрдіңдер ме?! Аттила қандай тұлға! Ол туралы деректер сонау ғасырдан бері жазылып келе жатыр, әлі де зерттеліп жатыр. Ол қандай бақытты! – деп масаттана сөйледі. – Ал, біз туралы кім жазар екен?! Атымыз беймәлім біреу боп, сүйегіміз шіріп өлер ме екеміз?
Осы сөздерді ең алғаш ағайдың аузынан естігенде өзімнің не үшін әдебиет пәнін таңдап жүргенімді ұққан едім.
– «Шоқан Уәлиханов ғұндар туралы алғашқы деректерді жазды». Ал, Шоқан Уәлиханов отыз жасында бәріне үлгерген!
Тұлға болып қалыптасу, қоғамда өз орныңды айқындау – өмір сүріп жүрген әрбір пенде үшін өте жауапты іс екені анық. Ал, ұстаз болудың жүгі одан да ауыр.
Бірде сабақ үстінде конспект жазып отырдық. Ағайдың бір сөйлемді жаздыртар алдында дәл сол тақырыпқа қатысты қоятын сұрағы болады. Ағай сұрақ қойды. Ешкім жауап берген жоқ. Ол, әрине, дәл мен сияқты үздік оқитын, тесттен жоғары ұпай жинап жүрген оқушылардан қойылған сұрағына жауап алғысы келеді. Бірақ, мен үндемей, дұрысы, білмей отырдым. Ағай қазір дәл менен сұрайтын шығар деген ой басымда жылп етті. Ойлағанымша болмай, ол:
– Тиникулова? – деп менің фамилиямды атады. Қатқыл үн. Мен түк естімегендей «А?» деп таңырқадым. Ағайдың жүзінен ашудың белгілерін көрдім.
– ХVIII ғасырдың 60-жылдары қазақтар-мен сауданың тиімділігіне көңіл аударған орыс үкіметі «не істеді»? – деді маған сұраулы жүзін тіктеп. Мен, әрине, үндемеген қалпы қалдым.
– Сенің тесттен 25 ұпайды алып жүргеніңнің бәрі өтірік болды ғой, – деді ол. Ащы мысқыл. Тұқыртып тастады. Жерге қарап тұқшидым да қалдым. Екі бетім лап етті. Сыныптағылардың кейбірінің күлкісін естігендей болдым.
«Өзіңе де сол керек. Жүре бер оқымай…». Ол кезде кінәні өзіңнен іздеп жататын уақыт па? Ағайға шын ренжідім. Ол менің біліміме күмән келтірді. Менің Қазақстан тарихы пәнінен жиырма бес ұпайды алатыным «өтірік» екен. Мен білімсіз екенмін.
Үйге қабағым қатулы боп, ызаланып келдім. Үйдегілер бірдеңе десе, жеп қоятындаймын. Тарихтың том-том кітабын, конспектілерді, оқулықтарды, сұрақ кітапшаларын ақтарып тастап, күні-түні дайындалдым. Кейін ойлап қарасам, ағайдың сол сөздерді айтқаны, ұрысқаны қандай жақсы болған?! Әйтпесе, жалқаулыққа басып, түк оқымай жүре берер ме едім?!
10-сыныпта оқып жүргенде ағайдың айтқан осы бір сөздері әлі күнге дейін жадымда. Бұл 11-сыныптарға арнайы өткізілген ашық сабақтың сырттай көрермені болған кезімдегі бір оқушыға ағайдың айтқан жауабы болатын. Оқушы қазақ еліндегі тарихи киноөндірісінің кенжелеп қалғанына, тәуелсіздік жылдарында «дамып жатырмыз» деп бос кеуде қаққан еліміздің бұл салада әлі де тұсауы кесілмеген сәбидей тұралап жатқанына кейістік білдіріп еді. Ағай сол кезде: «Сенің сол салаға бармауың мүмкін, әрине. Бәрібір де ой адамды алға жетелейтінін ұмытпа. Сол ойыңды, мақсат-міндетіңді «жүрегіңде» сақта. Ол берік орнықса, бәрібір де сені биікке алып шығады. Ол ой, ол мақсат түбінде бәрібір орындалады. Ұқтың ба?» деп еді.
Жақсылықты ұмытуға болмайды. Жақсылықты елемеу – күнә. Шын мәнінде ол бізге тек тарихты ұғындырып қана қойған жоқ, өмір сүруді, алға жылжуды, ерінбеуді, бойыңдағы жалқаулықты өзіңнен аластатуды үйретті. Санамызға білімді сіңіріп қана қойған жоқ, жүрегімізге сенім ұялатты, болашаққа бағыт-бағдар берді. «Өмірде үнемі жасыл түс жана бермейді. Ал, алмағайып қызыл түс жана қалғанда «неге бұлай» деп тоқтап қалмау керек. Өмір сүрудің басты ұстанымы – өз жолыңды табу, мақсатыңа жету». Ағай айтқан осы бір сөздер Мұхтар Әуезовтің «Ұстаздық – ұлы нәрсе» деген ғибратты сөзінің мән-маңызын одан сайын тереңдете түсетіндей.
«Мұғалім көп, ұстаз аз» деп еді кезінде бізге бір ұстаз университет қабырғасында. Ол кісінің сөзіне іштей келістім. Мен Бауыржан Аймановты жай қатардағы мұғалім деп емес, «ұстаз» деп қана атай алатынымды ұқтым.
«Ұлы біркүндік төңкеріс» аяқталып, артымыздан ауыр жүк түскендей қуандық. Сыныптастарымның бәрін үйдей уайымға салған осы бір ҰБТ-ның балын есітер алдында күн жаумай су болғанымды, сірә, ұмыта алмас-пын. «Зияда, сен «Алтын белгіні» ақтадың» деген бір ауыз сөзді сонау Оралда оқып жүрген әпкем естірткенде алғашында сенер-сенбесімді білмедім. «Қуанған мен қорыққан бірдей» деген рас екен. Пұшайман халімнің соңғы нүктесі де қойылды-ау, ақыры. Мектепке келдік. Апайларым құттықтап, құшақтап, бетімнен сүйіп жатты. Сондағы жиылып отырған ұстаздарымның әңгімесі менің мамандығым туралы өрбіді. Филология туралы айтқанымда бұл мамандықтың журналистика саласына да қатысы бар екенін айтып, апайлар журналист болатын шығарсың дегенді де тілге тиек ете отырды. Сонда ағай сұйықтау езу тартты да:
– Біз туралы жазарсың, онда, – деді. Сөзі қолпаштаудан гөрі мысқылға көбірек ұқсады. Не айтқысы келгенін түсінгем жоқ. Бәлкім, түсінген болармын.
– Әрине! – деп жауап бердім.

P.S. «Біз туралы жазарсың…». Шәкірттің ұстазы алдындағы парызы не? Ол тек шексіз жақсылық жасаған жанға рақмет айтудан, іштей алғыс жаудырудан басқа не істей алады?! «Біз туралы жазарсың…». Иә, ол өз «менін» ысырып, «бізді» қосты. Ал, мен «бізді» ысырып, «сізді» қосамын. Ұстаз, мен сіз туралы жаздым…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Бауыржан Айманов дауыс

    Шәкіртке Ұстаз сыншы деген. Оқушы кезіңде-ақ үлкен үміт күттірген шәкіртерімнің бірі де бірегейі едің. Бірақ қарапайымдылығым ба, әлде өзім көп мақтағанды ұнатпайтындығым болар басқалар дара озып тұрған сені оларда ала бөтен асыра мақтамадым. Бірақ, іштей сендім, үміт арттым, және сен сол үмітті ақтаудасың. Саған тілерім Аман бол, Адал бол, ең бастысы Адам бол шәкіртім!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.