РОМАНЫҢ МАМАСЫ

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы ауылда 1966 жылы туған. Қызылорда пединститутының «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін бітірген. Осы оқу орнында оқытушы, Қызылорда облыстық Телерадио хабарларын тарату компаниясында редактор, республикалық «Ана тілі» газетінде бөлім меңгерушісі, «Хабар» телеарнасында редактор, республикалық «Жұлдыз» журналында проза бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазір «Таң-Шолпан» әдеби журналының бас редакторы.

– Ағай, жылынып алайыншы…
– …
– Ағатай, тоңып қалдым…
– …
– Баратын жер жоқ. Көшеде қаңғып қалдым.
Ол мәшиненің жартылай ашық терезесінен жасқана қарады. Қолы-қолына жуыспай, аузына апарғыштап әлек. Жалаңбас. Үстінде қамсау болудан әлдеқашан қалған қысқа күртке, иегі дір-дір етіп ұшып барады.
Бетіне қарамай-ақ танып тұрмын. Көше жағалаған көп бикештің бірі. Тоқтап тұрған такси көрсе, «жылынып алайыншы» деп қылқылдап жабыса кететін бұлардың қашанғы әдеті. Ал, бойы жылып, өзіне өзі келіп алған соң, рақмет те айтпастан мәшине есігін тарс жауып, қайқиып жүре беруді ұят санамайды.
Ашық терезеден лап қойған ақпанның шыңылтыр аязы бетті қарып барады.
– Отыр! Тез!
Рас па, өтірік пе дегендей жалтақ-жалтақ қарап қойып, ішке еніп келе жатыр. Шашы иыққа төгілген, көрер көзге тәп-тәуір аққұба бикеш. Лас жүріске біртүрлі көзің қимайды.
Ол жылы жерге келгесін көңілі босап кетіп, алақанымен бетін басып, жылап жіберді. Өксіп-өксіп жылады. Өміріне ме, әлде өзіне ме, не де болса үнінде ыза бар, әлденеге қатты қапа болған, жәбір көрген адам. Бәлі, бұл бейшаралардың жәбір көрмеген күні бар ма? Танымайтын біреулердің табан астына күнде түсіп, күнде қорлық көріп жүр ғой. Бәрінен бұрын осы жаңа ғана емініп, өліп-өшіп жатқан бейтаныс төсектесі, құмарын қандырып алған соң, бұны дереу күстаналап, бұзылып біткен адам қатарына қосып, жиреніп шыға келетіні жанға батады.
Әй, бірақ, бұларда не қылған намыс? Кеу-деде намыс болса, кім-көрінгенге тәнін сатып жан баға ма?
– Не болды, сонша жылап?
Жауап қатпады. Көз жасын көлдетіп, үдеп барады. Жуық арада тоқтайтын емес.
– Қысқарт! Сүрт жасыңды!
Ол дауысын кілт үзіп, жалт қарады. Кірпігіне баттастыра жаққан қытайдың арзан бояуы бетін айғыздап тастапты.
– Неге ұрысасыз… үйім жоқ баратын.
– Қай жақтан келіп едің?
– Ол сізге неге керек? Керегі жоқ сізге.
– Кетпейсің бе, келген жағыңа? Тастамайсың ба?
– Нені таста дейсіз?
– Мына кәсібіңді. Көшені…
Тілін жұтып қойғандай бірауық үн-түнсіз қалды. Бетіне қарасам, жанары тағы да мөлтілдеп, толып шыға келген екен.
– Ұлымды жетімханаға өткіздім бүгін. О-о-ой, Рома! Жаным! Құртақандайым! Ө-ө-ө!
Мәшине ішінде екі бүктеліп, зар илеп жылады. Мен енді оны шындап аяп кеттім.
– Жөндеп, дұрыстап айтшы? Қайда өткіздің? Жылама, айт, мен саған көмектесейін.
– …
– Неге үндемейсің? Әй, сен өзің ішіп алыпсың ғой?! Мә-ә, ішетін әйел бала бағып көгерте ме? Е-е-е, солай де! Түсінікті.
Ол өксігін басып, беторамалмен көзін сүртіп, жөнделіп отырды.
– Ал, айта ғой.
– Гүлнұр деген бар бізде… сол Гүлнұр үгіттеп… біздің үйге көшіп кел деп… квартплатаны бірігіп төлейік деп… бірігіп төлесек ақша қалтада қалады деп… Рома екеуміз тұрып жатқан квартираны тастатып… Сосын Романы арқалап бардым көшіп. О-о-й, Рома, Рома! Кіп-кішкентай ғой әлі. Екі жасқа да толған жоқ қой. «Мама, мама» деп құрттай жұдырығын кеудеме тыққыштап, тоңып жылады ғой.
Иығы тағы да селкілдей бастады. Мен не деп жұбатарымды білмей, көшедегі шам сәулесімен жылт-жылт етіп, бірін-бірі қуалап ағып түсіп жатқан көз жасынан назарымды тайдырып әкете алмай үнсіз отырып қалдым.
– О-о-й, жаным, Рома! «Мама, мама» деп жылады ғой шырқырап… Бәрі сол Гүлнұр долының кесірі…
– Кім ол Гүлнұр деген?
– Сейфуллиннің жәлебі. Өзі институт бітіргем дейді. Бір журналда компьютер басқам дейді. Өтірік айтады. Жатыр үйде мас боп. Мен көшіп барған соң… тағы бір подрушкасы бар… ішіп алып соның көзінше «кешегі теңгемді бер, кешегі теңгемді бер» деп қыр соңымнан қалмай… не қылам оның мың теңгесін… кеше екеумізді екі еркек ала қойып еді… солармен барғанбыз…
– Қайда бардыңдар?
– Еркек пен әйел қайда баратын еді? Демалуға бардық… Сосын олар берген ақша менде-тұғын. Үйге кеп қарасам, қалтам боп-бос… Соны қайта-қайта сұрап, қылқылдап… «Қоя тұршы, көшеге бүгін де шығамыз, сонда маған бергенін сен-ақ ал» десем тыңдамай, «сен жәлепсің, Романы кімнен тапқаныңды да білмейсің» деп… қайдағы жоқты айтып… Романың әкесі бар ғой, заңды әкесі… Ажырасып кеткенбіз… Содан мен ақшаны тауып бере алмаған соң «кет үйден, балаңды алып кет, мен болмасам сені көрінген еркек тегін істеп кетеді» деп Гүлнұр өңеші жыртылғанша бақырды. Көрші-көлем есіктен басын қылтитып қызыққа қарқ болды ғой. Сосын Романы тағы да арқалап алып, жылап-еңіреп кетіп қалдым… бағана… түсте. Мына бір кафенің бұрышында баламды құшақтап отырдым да қойдым… қайда барарымды білмей. О-ой, Ром-м… байғұсым… байғұс балапаным… Қарны ашып, тоңып жылады ғой… жұбанбай қойды ғой.
Оның тағы да иығы селкілдей бастап еді:
– Жылама, – деп айқайлап, тыйып тастадым. Бикеш жым болды. – Қайда өткіздің?
– Білмеймін… ЛОМ-ның менттеріне барып… «жыды» вокзалдағы… өткіздім… енді алмаймын деп расписка жазып бердім… ала алмаймын енді… бақытсыз, сорлы болдым мен…
– Жылама, аласың ұлыңды.
– Сосын бір таныс қыздан қарыз ақша алып, чекучка іштім. Жалғыз өзім. Түбіне дейін тауыстым. Мас боп жүрмін енді.
– Ауылда әке-шешең бар ма еді?
– Әкем жоқ. Кәрі шешем ғана бар. Бай кеткен тастап. Басым қатып кетті, білмеймін не істерімді. Өлсем бе екен?
– Өлуді оңай деп пе едің?! Сөзді қой, ертең бар да балаңды ал. Ал, да ауылыңа, үйіңе қайт.
– Дәкүменті жоқ Романың. Дәкүмент алам деп жүргенде, ажырасып кеттік қой. Дәкүменті болмағасын баланы бермейтін шығар.
– Береді. Ізде ертең.
Ол тағы да жауап қатпай, терезеден тысқа телміре қарап, үнсіз отырып қалды. Көзінде бір тамшы жас жоқ. Жылай-жылай ол да сарқылып қалған сияқты. Сәлден соң мәшине ішін бықсытып темекі шеге бастады. Әлден уақытта есікті сарт еткізіп ашты да, ләм-мим деместен шығып жүре берді.
Әне, ол енді екі иығы қушиып көше бойлап, ұзап бара жатыр. Мүмкін көзінде жас бар шығар?

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.