Білетінің бір тоғыз…

«Қазақстан» ғаламшары

Марс пен Юпитер аралығында Күн төңірегінде ұшып жүрген ұсақ планеталарды зерттеумен Қырым астрофизика обсерваториясы айналысқан.
Әсіресе бұрынғы КСРО Ғылым академия-сы Теориялық астрономия институтының ұсақ планеталарды зерттеу тобының жетекшісі, осы астрономияның ғылыми қызметкері, физика-математика ғылымының кандидаты Н.С.Черных ұдайы олжалы болып жүр. Ол байқаған планетаның бірі – Казахстания деп аталған. Планета телескоп – астрографтың қарауылына 1972 жылдың күзінде түскен-ді. Ақыры Планета Кембриджде шығып тұратын халықаралық каталогқа әбден тексеріліп, анық-қанығына жеткеннен соң ғана көп жыл өткізіп барып тіркелді. Оның рет саны – 2 178. Планетаның Жерден қашықтығы 220 миллион шақырым.

Ең ұзын каналдар

Дүниежүзіндегі ең ұзын үш каналдың біріншісі Жерорта теңізі мен Қызыл теңізді қосатын Суэц каналы – оның ұзындығы 161 шақырым, ені 120-318 метр.
Екінші орындағы канал Нордзе-канал деп аталады. Ұзындығы 99 шақырым, ені 49-150 метр, тереңдігі 12,2 метр бұл канал Солтүстік теңізі мен Балтық теңізінің арасын жалғастырады. Атлант мұхиты мен Тынық мұхитты қосатын Панама каналының ұзындығы 81,6 шақырым, ені 150-305 метр, тереңдігі 12,5 метрді құрайды.

Бәрі де өзімізге байланысты

Ежелгі замандарда-ақ адамдар жасарудың, көп жасаудың амалдарын іздеген. Қытай императорлары тот баспайтын, мәңгілік деп есептелген алтын мен сынапты езіп ішкен.
Египеттіктер күні-түні сарымсақ жеген, еуропадағылар «шпан мушкасы» деп аталатын қоңыз жеген. Қазір мұндай аңғалдықтар кездеспегенімен, адам өмірін қалай ұзартудың амалдарын іздеушілер әлі көп.
Әрине, адамның көп жасауы үшін медициналық та, әлеуметтік те тұтас бір шаралар кешені керек. Бірақ, Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне қарағанда, адамның денсаулығы барлық жағдайдың 50 пайызы адамның өзіне, тек 7-8 пайызы ғана медицинаға байланысты болады екен.

«Жеңілуден қорықпаймын»…

Голландиялық материалист философ Бенедикт Спиноза үнемі өзінің үй иесімен шахмат ойнайды екен. Бірде ол Спинозадан:
«Бір нәрсеге қобалжимын, ал, сіз әркезде бірқалыпты көңіл-күйде отырасыз. Себебі не?» – деп сұрапты.
Сонда Спиноза: «Екеуміздің қайсымыз жеңсек те корольға мат қойылады. Ал, бұл менің республикашыл жүрегімді қуанышқа бөлейді», – деген екен.

Жүргізушісіз көліктер

Жүргізушісіз алайда дронмен 20 жылдан кейін көлікте жүргізу қандай болады? 15-18 жылдан кейін жүргізушісі жоқ көліктер пайда болады. Мұндай болжамды сарапшылар жасап отыр.
Қазірдің өзінде автокөліктерді тұраққа қоюдың автоматты режимі бар. Бұл қалай жұмыс істейді: алдыңғы және артқы бампердегі тетіктер қабырғаларды, бұрыштарды, көршілес көліктерді «сканерлейді», оларға сигнал жібереді және оның қайтар уақытын тіркейді – осылайша, тұраққа қоятын жердің көлемі туралы ақпарат алады. Яғни, болашақ ұрпақ алдағы уақытта көліктің тізгініне отырмайтын болса, онда такси жүргізушілері де болмайды – фирмалар адамдардан гөрі, дронды арзан бағаға «жалға» алатын болады. Кешігу мен қала ішінде «қыдыру» – барлық карталар жүйесіне енгізілетін болады. Бір кәсіптер «өледі», ал, басқалары пайда болады – бұл жаңалық емес. Қазіргі кезде пойыздарда от жағушылар жоқ, оның бақылаушылары ғана бар.
Сарапшылардың пікірінше, 2030 жылға дейін 57 кәсіп жойылады және жаңадан 180 кәсіп пайда болады.

Ежелгі кітапхана

Француз археологтары Судан жерінен ежелгі кушит тілінде жазылған таңбалы тастар мен жазбалар жинағын тауып алды. Табылған көне ескерткіштің жасы шамамен 2700 жылға тең деп болжаған.
Ескерткіш біздің заманымызға дейін XIV ғасырда өмір сүрген Мысыр перғауыны Аменхотеп III жары Тиеге арналып салынған ғибадатхананың үгіндісі жатқан Седейнг аймағынан табылған. VII ғасырдан бастап біздің заманымызға дейін ол аймақ «өлілер қаласы» – 80 пирамида мен жүзге жуық қабірден тұратын қорымға айналған. Қабірдегі жазбалар мероит әліпбиі арқылы жазылған, оны біздің заманымызға дейінгі ІІ-V ғасыр аралығында солтүстік Судан жерінде және Нубияда қолданған. Жоғалған бұл тілдің негізін қалаған Куш патшалығының тұрғындары болатын. Кейін Тутмос I фараонның кезінде Египет Куш патшалығын басып алды. Мероит әліпбиі ежелгі Мысыр жазбаларына сәйкес құрылғанымен, әлі күнге дейін толық аударылмаған.

Бұршақ түйірлерінің үлкендігі қандай?

Бұлт арасында болу мерзімінің ұзақтығына және жер бетіне дейін жүріп өткен қашықтығына байланысты бұршақтардың үлкендігі әр алуан болады: олардың көлемі миллиметрдің бірнеше бөлігінен бірнеше сантиметрге жетеді.
Бірде Америка Құрама Штаттарында диаметрі 12 сантиметр, салмағы 700 грамдық, Францияда үлкендігі адамның алақанындай, салмағы 1 200 грамдық бұршақ жауып, оның кей түйірлерінің диаметрі 10 сантиметр, салмағы 600 грамдай болған. Атап айтқанда бір жайт – тропикалық елдерде түйдекті жауын бұлттары өте қалың келеді де, осынау қуатты ортаға тап болған бұршақтар одан әрі қатып, салмағы килограмнан асатын алып мұз кесектеріне айналады. Атап айтқанда, мұндай жағдайлар Үндістан мен Қытайда ұшырасқан. 1981 жылдың көктемінде Қытайда жауған бұршақтың кейбір түйірлерінің салмағы 7 келіге жеткен.

Әзірлеген Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.