Жалғыз ұл (Әңгіме)

Кәмила ҚҰДАБАЕВА

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Көптеген прозалық кітаптардың авторы. Қазір Алматы қаласында тұрады.

Орталық теміржол вокзалына ол екі сағат ерте келді. Ташкент бағытында жүретін поезд өзі әлі көрінбейді. Дегенмен, вокзал басында адамдардың аяғы ешқашан үзілген емес. Көп ұзамай жан-жақтан ағылған жүргіншілер қатары молайып, жолға шыққандар қарасы көбейе бастады. Көпшіліктің арасындағы аққұба өңді талдырмаш қыз біресе білегіндегі сағатына үңіліп, біресе есік жаққа мойын созып, біресе үлкен терезеге көз тастап, алаңдап отыр. Ерболат шығарып салуға келмек еді. Бірақ, әлі жоқ. «Сен осы жолы әпкеңе бәрін айтасың. Ол үлкендеріне, ағайын-туғанына жеткізеді. Мен өз ойымды әкеме айтамын. Сол жақтан келген бойда біз үйленуге арыз береміз» деген екеуінің арасында берік уәделері бар болатын.
«Оу, Ерболат, қайдасың? Неғып кешігіп жатырсың? »
Осы ойлар қатты алаңдатқанымен, келе қойған Ерболат жоқ. Міне, составтың жүретін уақыты ескертіліп, репродуктордан саңқылдаған дауыс тағы естіліп жатыр.
Жан-жаққа бытырап үлгірген кейбір жолаушылар да бұл уақытта әр тұстардан жүгіре жетіп, әркім өз вагонының есігіндегі темір тұтқышқа асығыс жармаса бастады. Қыз да қолындағы билетін жолсерік келіншекке көрсетіп, темір баспалдақпен жоғары көтерілді. Бірақ, тамбурдан ұзап кетпей, есік жақтауына жақын жерде тұрып қалды. «Ішке кірсеңізші, сұлу бойжеткен. Бұл арада жолаушылардың кіріп-шығуына кедергі жасайсыз. Әрі менің жұмыс істеуіме де бөгет болмаңыз!» деген жолсеріктің жағымсыздау ескертпесін құлағына ілмеді.
Тек қана «Міне, біз де кеттік!» дегендей, паровоз бар күшімен буын будақтата ышқына дыбыстап, сарт-сұрт еткен доңғалақтары дүрсілдеп, бірте-бірте жылдамдыққа басқанда, қыздың да тағаты таусылғандай, жанарына іркілген жас тамшылары аппақ жүзінен төмен қарай сырғи жөнелді. Ішкі жағынан: «бәрі бітті, бітті… бітті! …» деген сөз қайталанған сайын, жүзін жуған жас тамшылары да сауылдап, тіпті тоқтар емес.
Ол енді амалсыздан өз орнына келіп, купе терезесіне бетін бұрып, бұл жолы көз жасын сыртқа шығармай, жұрттан жасыруға тырысып бағуда.
Ол өзі, негізі, ұсақ-түйек қиыншылық-тарға мән бермейтін, тағдыр салған тауқыметтің бәріне төзіп, бар-жоққа шыдамдылықпен қарап үйренген жан болатын. Жалғызілікті анасына да жұбаныш, үлкен сүйеніш еді. «Апа, мен жайында уайымдамаңыз, қайтсем де оқуымды жақсы бітіремін. Содан соң жұмыс істеп, қаражат жиып, сізді елдегі ең мықты ақылы клиникаларда емдетемін. Жүрек сырқатынан әлі-ақ айығасыз. Қазіргі медицинаның қуаты мықты…» дейтін. Сөйтсе, уәде деген оның өзіне ғана байланысты болмайды екен ғой. Қызының институт бітіргенін күте алмай, анасы оның төртінші курстың соңғы емтиханын тапсыруын ғана тосып жатқандай, жарықтық сол күні дүние салды… Әкесі жол апатынан қайтыс болғанда… қасында анасы бар болатын. Ондағы қайғырғаны қайғырған емес екен. Нағыз қиыншылық деген анадан айырылу екен ғой… Иә, жылай жүріп бұл қиындыққа да көндіккендей еді. Ендігі уайымы Ерболаттың атымен байланысты болып шықты емес пе.
Олар көп кешікпей үйленеміз деп жүрген студенттердің бірі болатын. «Әкем үйленуіме қарсы болмас. Несі бар, көп достарымыз тәрізді студенттік жатақханамызда шағын тойымызды жасап, пәтерге шығамыз. Оқуды бітіретін уақытымызға да аз-ақ қалды емес пе. Мен де ординатураны тәмәмдап, бұйырса диплом аламын. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүрерміз…» деген қалтқысыз сенімде болатын…
Ол Ерболаттың әкесінің құрылыс саласына байланысты үлкен бір қызмет атқаратын әйгілі шенеунік екенін білетін. Әрі Ерболаттың туған анасы алыстағы ауылда, әкесімен әлдеқашан ажырасқанын, сондықтан ол әкесі және өгей шешемен тұрып жатқанынан да хабардар-ды… Оның өмірінің де шекер мен балдың қоспасындай тәтті еместігін сезетін. Бірақ, жастық шақта, әсіресе, студенттік кезде, жалпы, қыз бен жігіт, көбінше, отбасылық анау-мынау жайттарға пәлендей мән бермейді ғой.
Жалпы, жастық пен мастық буы –ұқсас болса керек: батырады деп тереңнен қорықпайды, кез келген жолға шығуға –жүрексінбейді, алда не күтіп тұрғанын білмесе де, ештеңеден – тайсалмайды. Бәрін жеңетін ертегілердегі хас батырлардай – өздерін мығым сезінеді…
Сол күні таңғы асқа отырар сәтте Ерболат әкесіне:
– Папа, мен өткен жолы сізге айтқан қызға үйленбек ойдамын. Оқуым болса, өзіңіз білесіз, бітуге жақындап қалды, – деп тосын әңгімеге ешбір кіріспесіз көшіп, әкесінің жүзіне тура қарады.
Әкесінің қызылшырайлы өңі бірден қуарып шыға келген, тіпті не дерін білмегендей түнеріп, ол бір сәт үнсіз қалды. Содан соң төрдегі әдеттегі өз орнына жайғаспастан, зіңгіттей жігіт болған баласының жанына екі аттап жетіп келді де, шапалақпен тартып жібірді.
– Ақымақ, әлі бір тиын тауып үлгермей жатып үй болмақшысың ба?! Бұл қай сандырағың?!
– Папа, жұмыстан қашып жүргенім жоқ. Ертең-ақ мамандығымды керек ететін жерге барып, іске кірісем, – деді Ерболат.
Шапалағы ащы болса да, ол бетін жаймен сипап, әкесінің мына дөрекі мінезіне таң қалғанын жасыруға тырысты, тіпті ренжігенін білдірмеуді ойлады. Рас, бұл бірінші рет көрген құқайы емес. Сондықтан, мынандай өзі үшін аса маңызды сәтте… ол тайсалмауға бекініп, барынша сабырлы болуға тырысты. Бала кезде өзгелерге еліктеп темекі тартып көргені, сабақтан нашар баға алғаны немесе біреулермен төбелесіп қалғаны үшін әкесінен талай рет таяқ жеген. Сондай сәттерде оның өз намысын қорғағаны, әділдікті жақтадым, әке, мұғалім мені дұрыс түсінбей қалды… деген тәрізді шынайы дәлелдеріне түк мән берілмеген… Әкесінің бұрыннан жақсы білетіні – «аюға намаз үйреткен – таяқ» қана…
– Егер сен – мен айтқан анау олигархтың қызын алам десең, мұныңды қуана қоштар едім, сопляк! – деді әкесі сәлден соң, ызаға булығып тұрса да тілін сөзге келтіріп. – Себебі ол жалғыз қызы үшін сендерді басына көтеріп, ақыры бір оңды жерге іліктіріп жіберер еді.
– Папа, мен ол қызды сүймеймін ғой…
– Сүю деген балалық шақтың ойыны. Бұл шатпағыңды мен екінші естімейтін болайын. Еркекке ең керегі – карь-е-ра, лауа-зым, білдің бе?!
– Меніңше, адамға ең керегі – адамгершілік, білім емес пе…
– Қарай гөр мынаны… Оны саған кім айтты?!
– Ешкім айтқан жоқ. Өзім білдім…
– Бәсе, ана ақымақ шешең де кезінде өстіп сайрайтын. «Кісіде кісілік болуы керек» деп… «Бәріне оқумен, еңбекпен жеткен дұрыс» деп. Ал, енді сөйтіп жүріп ол неменеге қол жеткізді?! Баяғыда көше-көшені жаяу кезіп жүретін учаскелік дәрігер еді, қазір де сол күйінде… Баяғы жартас сол жартас. Атағы да жоқ, ақшасы да жоқ…
Ерболат мынандай ащы сөздерді айтып тұрған шынымен-ақ менің әкем бе дегендей, тұңғыш рет аңтарылып қалды. Анасы жайлы әкесі екеуі ешқашан сөйлеспейтін еді… Енді келіп төбеден түскендей ғып бұрынғы жарына – мұның анасына қара күйе жағып, кемсітіп отырғаны мынау!… Өзіне айтылған жаман сөздер мен шапалақты қойшы, туған анасы жайлы мынандай қорлауға төзе алмай, Ерболаттың шыбын жаны шырқырап кетті.
– Есесіне, папа,… мамамның атағы болмаса да, а… а…быройы б…а-р! – деді ыза қысып тұрғанын жасыра алмай тұтыға сөйлеп.
– Кімнің алдындағы абырой екен ол ?! – деді әкесі қатқыл әрі менмендікке толы асқақ үмен.
– Елдің алдындағы, пап, – деді Ерболат бұл жолы еш тұтықпай және әкесінің жүзіне тағы да тура қарады.
– Ел дегенің кім сонда?! Анау ауылындағы жаман-жәутік көршілері, қалтаңдап зорға жүрген шал-шауқандар ма?!
– Сонда не, кемпір-шалдар, жаман-жәутік дегендеріңіз, сіздіңше, адам емес пе, халықтың санатына қосылмай ма?!
– Сондай ақымақ романтиктің және бірі мына сен өзіңсің ғой, ә?!
– Нағыз романтиктер, папа, олар… үлкен мұраттарға қол жеткізуге ұмтылған ұлы арманшылдар… Ал, мен қарапайым тіс дәрігері боламын.
– Бол, бол… Әркімнің сасық аузына бір үңіліп, шірік тістерін қағумен айналыс. Мына өмірде мансап, байлық дегеннің қайда екенін қанша айтсам да ұқпай-ақ қойдың?! Қалтаң болмаса, салмағың да жоқ сенің, сопляк!!! – деп әкесі бұрынғыдан да жарыла жаздап ашуланып, есікті тарс еткізіп жауып, кетіп қалған.
Абырой болғанда осыдан аз уақыт бұрын өгей шешесі төркіндеп кеткен еді. Әкесі екеуінің арасындағы мына масқара салғыласудың жалғыз куәсі бір өзі ғана. Бірақ, бұл – жұбаныш бола алатын емес. Барлық әдепті белінен басып, таудай әкесіне тұңғыш рет қарсы шыққанын енді ғана ұғып, мұндай сорақылыққа қалай барғанын түсіне алмай Ерболат дал болып, отырып қалды… Арқа сүйерім, жалғыз жанашырым деп жүрген сенімінің әп-сәтте күл-талқаны шығып, қас-қағымда желге ұшқан қаңбақтай көзден ғайып болды. Есік сарт етіп жабылғанда әкесінің елесі де, өзі де бір жаққа кетіп, зым-зия жоғалды…
Есесіне, әлдекім байқаусызда, бейқам отырғанда қақ шекеден періп қалғандай есеңгіреп, әрі ауыр ойдың салмағы жаншып, Ерболат бір орнында қанша отырғанын да білмеді. Бір кезде найзағай отындай жарқ етіп, санасына бір жарық сәуле құйылғанда, ол бүгін орталықтағы вокзалдан өзінің сүйіктісін жолға шығарып салуға тиіс екені есіне түсті. Дереу қол сағатына қарап еді, сұмдық, сағаттың тілі оннан асып кетіпті… «Бітті, кешіктім… Ол күтіп, тағаты таусылған шығар! Бүгінгі кездесулері нағыз шешуші сәт еді. Бәрі бітті, құрыды! Құрттым!!… – деп үйден асығыс сыртқа жүгіре шықты.
«Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, жуық арада ағылып жататын таксидің бір де бірі тоқтай қоймады… Асығып, аптығып вокзалға жеткенде, перронда поез да жоқ, сүйіктісі де жоқ еді. Бар болғаны – сәл… кешікті… Бірақ сол құрғыр сәл кешігу дегеннің өзі – кейде мәңгіге айырылысудың басы болуы мүмкін екендігін ол әлі білген жоқ болатын….

***
Поезд алысқа шабатын арғымақтай өз жолына түсіп аршындай басқанда талшыбықтай нәзік қыз көз жасын тиып, бірақ әбден шаршағандай төмендегі өз төсегіне сылқ етіп құлай кетті… «Той болады, біз жақында үйленеміз» деп айтып қойған дос-жолдастарына, ұзату салтанатына дайындала беріңдер, деп үлгірген азды-көпті туыстарына енді не демек?! «Аузыма ие болмаған өзім кінәлімін…
Әкесінің каһарына ұшырап, тасқа тиген балтадай майырылып қалған шығар…Бірақ әкеге қарсы тұру қашан оңай болыпты?!… Әрі осылай болатыны заңды да емес пе. Бай байға құяды, су айға құяды демеуші ме еді. Себебі, бай мен кедей қай заманда тең болып еді. Аты бірдей болғанмен, заты бөлек қой. Мына қақап тұрған қыстай нарықтың қыспағы – баршылық пен мен жоқшылықтың арасын бұрынғыдан да аша түсті емес пе. Оның үстіне мендей жетім қызды қай отбасы ұната қойсын. Жетім қыздың тәрбиесі жетімсіз болады деп ойлайды ғой көпшілік… Ал, Ерболат әкесінің жалғыз ұлы ғой! Ол қайткенде де әкесінің арманын орындауы керек шығар… Ендеше екеуінің арасындағы уәде де күшін жоюы тиіс… Махаббаты әкесінен маңызды болмауы керек. Ал, мен сонда қайтпекпін?!.»
Купе ішінде өзінен басқа жан жоқ деп ойлаған ол осылайша өзінің түсініксіз ойларының құрсауында қалып, дұрыс не бұрыс ойлап отырғанының да шегіне жете алмай, едәуір уақыт жылағандықтан мұрны пысылдап мазасы кетіп, өзімен-өзі болып үндемей жатыр еді. Осы сәтте қарсы жақтағы жоғарғы полкадан:
– Сізге не болды? Жылағансыз ба, қарындас?! – деген оқыс дауыстан селк ете қалды.
Жоғарғы полкада ұйқыдан шошып оянғандай сасып қалған, сонда да шынтақтай тұрып отыруға ыңғайланып жатқан жас жігітке бақырайып, амалсыз қарап қалды. Мына қыздың жасы құрғай қоймаған мөлдіреген бота көздеріне таң қалды білем, жігіт байғұс не дерін білмеген күйі:
– Мұндай сұлу көздер ешқашан жыламауы керек! – деді. Өстіп өзінше «ереже» шығарып, дереу бойын жиып, үсті-басын түрткілеп, төменге секіріп түсті.
Мынандай сөздерді қыз бұған дейін ешкімнің аузынан естімеген соң ба, әлде жігіттің үнінде бір өзгеше салмақ, мағына-мән бар сияқты көрінгендіктен бе, әйтеуір таңданып-ақ қалды. «Ұялған тек тұрмас» деген бар емес пе, дереу көздерін сүртіп, тіпті жыламаған адамға ұқсағысы келіп, шаштарын түзеп түрегеліп отырды. Жігітке жүзін көрсеткісі келмей, лезде терезе жаққа бұрылып кетті.
– Жалпы, жылаған кісіні көру – мен үшін өте қиын… – деп жігіт үнсіздікті бұзып, сөзін әрі қарай жалғап кетті. – Өйткені, детдомда жылағандарды көп көрдім. Ал, неге екенін білмеймін, қыздардың жылағанына тіпті төзе алмаймын. Кешіріңіз… Бірақ та француз жазушысы Франсуа Лорошфуконың, «ақылдың шегіне жеткендердің өзі – жүректің түкпіріне бойлай бермейді» дегені есіме түсіп отыр… Кез келген адамның ішкі сыры қатпар-қатпар болып жатады ғой… – Жігіт осылайша өзі сұрап, өзіне-өзі жауап берген болып жатыр.
Мұны әлі екеуара әңгіме деуге келмейтін еді. Себебі, қыз әлі тіл қатқан жоқ. Қазір де терезе жаққа қарап, тірі мүсіндей қатып қалған.
Тек жүрдек поезд ғана өзі арқалап келе жатқан ешбір жолаушының өміріне ешқандай қатысы жоқ қалыпта, дөңгелектері сартылдап, шауып келеді.
Өмір дегенің де, күндер мен жылдар дегенің де дәл осылай, ешкімнен сұрамай, ешкімге есеп бермей, адамдарға қатысты ешбір оқиғаны күтпей өз бетімен таңды атырып, кешті батырады…. Елдің «өмір қатал, өмір қатыгез, ол бәрін өзі үйретеді», деп жататыны сондықтан шығар.
Үйретуін үйретеді-ау. Тек өмір саған әке де емес, шеше де емес. Ол – қатал сыншы, қатыгез әшкереші. Оны түсінуің керек. Оны бағаласаң ғана дегеніңе жете аласың. Әйтпесе, шадыр мінезді жылқы малындай кез келген тұста аударып тастап жүре беруден тайынбайды. Шығыс даналарының бірі: «я алла, маған қолымнан келетін істі атқаруға қуат бер. Қолымнан келмейтін іске ұмтылмайтын ерік бер. Екеуін бір-бірінен айыра алатын ақыл бер» – деп тілек тілегені де бекер емес болар…
Осылайша, өмір жайлы, сезім жайлы өзінше іштей әртүрлі ойға берілген қыз «мына жігіт біраз тәуір ой айтты-ау» деместен, оған ешқандай жауап қатқан жоқ. Сондықтан болар, өзінің ебедейсіз көрінген күйін енді сезгендей жігіт жіті қимылдап:
– Проводниктердің шайы дайын болып қалған шығар, біліп келейін… – деп, дәлізге шығып кетті. «Бұл қыз, бәлкім, мылқау шығар. Ал, мылқаулардың естімейтіндері де кәміл. Тәңір мынандай сұлулықты бекер сыйламаған болды … Ол шіркін, бірнәрсені үйіп-төгіп беріп тұрып, бір нәрсеге сараңдық жасайтыны да болады емес пе…».
Осы ойлардан аяқасты басы әңкі-тәңкі болған жігіт едәуір уақыт өткен соң, бірнеше кішігірім пакеттерге салынған заттарды көтеріп, купеге енді. Одан ешкім ештеңе сұрамаса да:
– Қазір шәй әкелемін, қарындас, – деп қызға қарап жылы үн қатты.
Қыз не «жарайды», не «жоқ» деуді шешпегендей, үнсіз күйде купелес көршісіне тұңғыш рет назар аудара қарады. Ол сұңғақ бойлы, қалың қасты, қою бұйра шашты, қараторы кәдімгі қазақ жігіті екен. Бастысы, сәл қысыңқы қой көздері құбылып ойнап тұрған жоқ. Кісіге тура, байыппен қарайды екен.
Манадан бері өзімен-өзі сөйлегендей болып жүрген жігіт болса, қыздың әйтеуір керең еместігіне өзінше қуанып, түйіншіктерді терезе алдындағы шағын үстелге қойды да, бүгінгі басты міндеті мына бейтаныс қызға ыстық шай ұсыну деп бекінгендей, жіті қимылдап, сәлден соң сырттан шағын домалақ ақ шәйнекпен оралды. Купе ішінде жаңа шыққан үнді шайының иісі бұрқ ете қалды.
Жігіт дереу шағын үстелге конфет, печенье мен тәтті тоқаштарды әдемілеп орналастырды да, қызға қарап:
– Қарындас, дастарханға бұрылыңызшы… – деп қазақы қонақжайлық қалып танытты.
Қыз да бұл жолы керіліп-созылмай, бір сәттік осалдығын бөтен адамның көріп қойғанына іштей ыңғайсызданса да, бұрылып, дастарханға жақындап отырды. Себебі анасы «дастарханнан үлкен нәрсе жоқ» деп жиі айтатынын еске алды. Әдемі аппақ бокалға ыстық шай құйып, жігіт алдына қойғанда ғана:
– «Детдомда жылағандарды көп көрдім…» дегенде, сіз «мен балалар үйінде тәрбиелендім» дегенді айтпай қалдыңыз ғой деймін… – деді көкейінде пайда болған сұрақты жасырмай.
– Иә. Мен балалар үйінде өстім, – деді ол бірден әңгімеге көшіп. – Шешем ащы толғақ үстінде қайтыс болыпты. Ал, әкем әскери ұшқыш болған екен. Бір жолы абайсызда ұшақ құлап, әкем қатты жараланып, содан көп ұзамай қайтыс болыпты… Сондықтан … мен… үкімет қолына өткізіліппін, сонда өсіп жетілдім…Ата-анамның бет-бейнесін суреттері арқылы ғана білем… Алайда, мен де бала кезімнен әскерилерді жақсы көрдім. Ақыры әкемнің жолын қуып, ұшқыш мамандығын алдым. Қазір жаңа типтегі ұшақтарды, яғни, жаңа истребительдерді сынаушымын, – деп жігіт қыздың аз-кем тіл қатқанына қуанғанынан болар, осылайша өмірінің бар қайғысы мен қуанышын лақ еткізіп ақтара салды.
Жігіттің әңгімесі қызды шынымен таң қалдырды. Қысқа да, нұсқа. Тап-тұйнақтай ғып өзінің емес, басқа біреудің өмірбаянын айтқандай, біртүрлі еркін. Негізі, мына жігітте белгісіз бір мығымдық бар. Қыз бұған қарап өзін осы уақытқа дейін тіпті ұйықтап жүргендей сезінді. Сонда да, мұның бәрінде әлдебір шикілік жоқ па деген ішкі сенімсіздікпен:
– Сіз осылайша, бір көрген жанға бүкіл жан сырыңызды дереу ақтара саласыз ба?! – деп қалды.
Енді манадан өзін нық сезініп, еркін ұстап келе жатқан жігіт шынымен сасып қалды.
– Жо-жоқ. Ол не дегеніңіз… Шынымды айтсам, бұл әңгіме бүгін бірінші рет аузымнан шығып кетті. Жақсы адаммен сырласу дегеннің өзі зор бақыт болса керек.
– Сонда мені жақсы адам деп қабылдап қалғаныңыз ба? Бәлкім, мен тіпті нашар жан шығармын.
– Олай демеңіз, мен сізге… сіздің көздеріңізге… сенген болармын. Түсінген адамға көздер керемет сөйлеп тұрады…
Енді қыз қысылып қалды. Сондықтан:
– Оныңыз рас енді… – деді жай ғана. Бірақ мен үшін бүгін сенім деген нәрсенің жоғалған күні болып тұр… – Қыз алдындағы шәйдан бір ұрттап, кесені үстелге қойды.
– Қап, ә… Ол қалай болғаны… – деп жігіт сұрақты қызға емес, өзіне қойғандай тосылып-ақ қалды.
Мына жігіттің сөздерінде, бар қимыл-әрекетінде жасандылық жоқ екенін ұқты ол.
Ең кереметі, бұл арада мәселе сөзде де емес шығар, адамның өз өмір жолын берік таңдауында, өз мақсатына жете білуінде болып отыр ғой. Қыз өзін осы тұста ойламаған жерден тіпті бір бейшара сезініп қалған еді… Жігіті шығарып салуға келмеді, енді біз үйленбейтін болдық, деп жылап-сықтады. Тура әлгі орыс ойшылдары айтатын – «сокол гибнет от печали, куры гибнут от любви»… дегендей-ақ болып шықты…
Кім білсін, бәлкім, осындай күтпеген кездесулер, ойламаған жаңалықтардан адам жанында небір шұғыл өзгерістер туатын шығар. Тіпті кейбір жандардың болашақ тағдыр-талайы осыған дейін кәдімгідей кесіліп-пішілгеніне қарамастан, дереу бөлекше шешіліп, бұрынғыдан басқа соқпаққа түсіп бұрылып жүре беруі де ықтимал екен… Себебі махаббат деген соншалықты күшті болғанымен, онда – төзім деген жеткілікті бола бермейді. Ол болаттай берік болғанымен, қылдай нәзік те. Нағыз келетін сәтте келген жоқ, ендеше – сүймейді, не сүйдім дегенінің бәрі жалған. Басқа нәрсе болуы мүмкін емес!!! Махаббат, міне, осылай да кесіп түсетін, бірден шеше салатын өзімшіл құдірет болар… Кейде көзден толассыз төгілген ыстық жастың асау толқындай жолындағының бәрін апай-топай жапырып тастайтыны бар екен ғой… Көздің жасымен қоса жүректегі бар сезім де жаңбыр суымен жуылып-шайылғандай болып ағып кете баруы да кәміл болса керек…
Осындай түсініксіздеу сезім мен сенімсіздіктің құшағында отырған қыздың көңілі қатты құлазулы еді. Мұны байқап отырған жігіт:
– Қарындас, ыстық шәй ішіңіз, – деп кесеге жаңалап шай құйып, үнсіздікті бұзу үшін қызға сабырлы үн қатты.
– Менің атым – Керімбек. Сіздің есіміңіз кім болады?- деп сұрады.
– Атым – Гүлжібек, – деді қыз салқын ғана.
– Ту-у, бірінші рет естіп тұрмын, не деген сұлу есім! Әрі гүл, әрі жібек! – деп жігіт қатты риза болды. – Қазағым сұлулық дегенге құштар-ақ қой, шіркін, – деп әлденеге көңілі масайрай түсті.
– Солай да шығар. Бұған қоса, «жібекті жүн қылады түте алмаған» дегенді де айтқан сол өзіміздің бабаларымыз. – Қыз әлі де өз құпиясын жасыра түскісі келгендей, жүзін тағы да терезе жаққа бұрып әкетті.
– Бұл да рас сөз, – деді жігіт әңгіменің ауаны осылай ойысқанына ыңғайсызданып. – Сонда да, біз жаспыз ғой, ал, бұл дегенің – ең бастысы! Кез келген арманға қол жеткізу өзімізге, адамның өзіне байланысты! – деді нақты жауап қатып.
– Иә-ә – деп қалды қыз екіұштылау. – «Ойың жаман болмаса, ісің де жаман болмайды» дегенді кезінде қытайдың данышпаны Конфуций айтып кеткен көрінеді… Сіз бағанадан бері менің көңіл-күйіме үлкен мән беріп, қамқорлық танытып жатырсыз. Рахмет, сізге… – деді жай ғана.
– Рахмет айтатындай мен әлі ештеңе жасай қойған жоқпын. Ал, негізі, шынымды айтсам, сізге қолымнан келген бар жақсылықты жасағым келеді… – деді ол дауысы біртүрлі құмығып, бірақ нық, салмақты үнмен.
– Жо-жоқ… Біреуден көмек күтетіндей… мен мүшкіл халде емеспін. Шүкір, бірталай нәрсеге өзімнің де шамам жетеді…
– Сіздің мінезіңіздің осал еместігін байқап келемін… Сонда да болса, «кемел ақылдың алдында басымды иемін. Үлкен жүректің алдында тіземді бүгемін» деген екен әйгілі ақын Гете. Мен сіздің алдыңызда… басымды да игім, тіземді де бүккім келіп тұр…
– Қойыңыз… Асықпаңыз… Мұныңыз тіпті… әсірелеу болып кетті! Әрі … Гете… өз өмірінде бірнеше қызға ғашық болған жан емес пе…
– Солайы солай. Бірақ ақындардың, жалпы, таланттылардың өмірі ешқашан оңай болмаған… Ал, мен сізге шын ойымды айттым… Үлкен жолдың үстінде келе жатырмыз ғой…Өтірік дегенді, негізі, ұнатпаймын, – деді жігт.
– Бұл жағынан бізде ұқсастық бар болып шықты…– деп қыз да тұңғыш рет жылы жауап қатты. – Әйтсе де, әлгі… басқа біреуге жақсылық жасауға дайын тұру деген нәрсеңіз, яғни, сондай ұғымыңыз қайдан шыққан?
– Кім білсін, бұған әркім әртүрлі жолдармен келетін шығар. Бәлкім, ол жаратылысқа да байланысты болар. Десек те, өзін ізгілік жолына, жақсылық жасау жолына бастау – адамда ақыл мен сананың толыққан, молыққан кезінде пайда болса керек. Көргенің мен білгенің, оқыған-тоқығаныңның да әсер етіп жататыны бар ғой. Маған соңғы кезде Австралиядағы … бір қарапайым аңшының өмірі үлкен әсер етті… Ол бір жолы аңға шыққанда, жол үстінде сұлап жатқан кенгуруды көреді. Кенгуруды көлік қағып кетсе керек. Сол жерде жан тапсырыпты. Ал, оның қапшық қалтасында жатқан баласы әлі тірі екен. Тірі жан иесін көзі қиып тастап кете алмай, аңшы оны көтеріп үйіне алып келеді. Жарасын жуып тазалап, әйтеуір өзі білетін ем-домдарын жасайды. Беті бері қарай бастаған жануарды ерінбей бір жылдай бағып-қағады. Сөйтіп, ол баяғы қалпына келген соң ғана орманға апарып қоя береді.
Аңшы бұл бірінші және соңғы «емшілігі» ғой деп ойлаған. Бірақ олай болмай шығады. Мұның жетім кенгуруды үй жағдайында емдеп-жазғаны – нағыз ертегідей жан-жаққа тарап кетеді. Әр жерден жаралы жануарларын алып аңшыны іздеп келушілер саны күн санап көбейе түседі. Ешкімнің бетін қайтарғысы келмеген ол шамасы жеткенше жұртқа көмек беруге тырысады. Шаруасы күндерді оздырып, айларға созылады… Енді ол жаралы жануарларды қабылдап алу үшін… ауласынан үлкен қоршау жасап, жайлы орын әзірлейді. Тіпті бұрындары айналысып келген әп-әжептеуір бизнесін де тәрк етеді… Аз десеңіз, жаралы жануарларды емдеуге өзінің бар жиған-тергенін жұмсайды. Сөйтіп, қарапайым аңшы бұрын жеке басының кәсібін ғана білсе, енді жаңа шаруамен айналысуының… мәнін, мағынасын ұғады. Бұл әрекеттер оған бұрын-соңды көріп-білмеген қуаныш, толқу мен тебіреніс әкелгенін сезеді…
Әңгімесінің осы тұсына келгенде Керімбек тағы үнсіз, ойланыңқырап қалды.
– Осылайша… мен де, әлгі қарапайым аңшы тәрізді, кәсіптің ақша мен мансапқа емес, мағына мен мәнге айналып, өмірлік ұстанымға әкелгенін ұқтым. Кезінде ата-анасыз тұл жетім қалған мені желеп-жебеп, өсіріп-тәрбиелеп, асау аттың тізгінін ұстатқандай ғып мені – үлкен өмір жолына түсірген еліме – ақырғы демім біткенше қарыздар екенімді ұқтым… – деді.
Гүлжібекке бұл сырласу үлкен әсер етті. Бір көрген жігітке де осылайша сенуге болады екен. Бұл арада, әлгі – орыс халқының бір мақалында айтылатын, «бір адамды толық танып-білу үшін бір пұт тұз жеуің керек» дейтін ескертуі қызға тіпті ескіріп қалғандай көрінді.
– Гүлжібек, айып етпеңіз, мен сізді бір көргеннен ұнатып… сүйіп қалдым… – деді жігіт соншалықты бір орнықты дауыспен, үзіліп қалған әңгімесін өзі жалғап. – Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы… Қазір бір жол айырығында біз екеуміз екі жаққа кетеміз. Сол үшін де өз ойым мен сезімімді осылай ашық айтуға тиіспін. Айтпай қалсам, өзімді кешірмес едім…
Қыз бірден ештеңе дей алмады. Жай ғана, сәл таңырқағандай, жігітке жалт қарағанда, оның бота көздерінің жанары жарқ ете қалды.
– Көрерміз… Уақыт бәріне төреші емес пе, – деді содан соң салқындау үнмен. – Мен келесі станциядан түсемін. Жақсы әңгіме айтып, жолды қысқарттыңыз. Бәлкім, өмірімді… ұзартқан да шығарсыз. Рахмет сізге. Мен түсуге ыңғайланайын.. – Қыз орнынан тұрып, оны-мұны заттарын сөмкесіне салып, жинала бастады.
– Мен сізді шығарып саламын, – деді жігіт сабырлы нық дауыспен.
Бұл кезде поезд составы доңғалақтары дүрсілдеп, үлкен станцияға жақындап қалған болатын..

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.