Шын шаттықты сыйласа ғой жаныңа, Жүрегімнен жүрегіңе жеткен жыр

Мықтыбек Оразтайұлы

1976 жылы туған. 2000 жылдан бері өлең жазады. 1993 жылы М.Әуезов атындағы орта мектепті бітірген. Шығармалары аудандық, облыстық басылымдарда жарияланып тұрады.

БІР ӨЗГЕРІС КҮТЕМІН

Өзгеріссіз, күндегі хәл айнала,
Жаңалық жоқ жұлдызда да, айда да.
Бір сарынды өтіп жатыр тіршілік,
Байқайсың ба сен осыны, әй, бала?!

Бір сарынды өтіп жатыр тіршілік,
Кеш батады, таң атады, күн шығып…
Біле алмадым, маған қандай мый керек?
Ғұмырымды алу үшін түйсініп…

Өзгеріссіз пендедегі хәл қандай?
Келем әлі ештеңеге алданбай.
Жер бетінде болып жатқан күндегі,
Өзгерістер маған жетпей қалғандай.

Маған деген қандай сыйлық, шашу бар?
Үмітпенен қарап өтем асуға әр.
Танымастай өзгертетін шығар-ау,
Бәлкім жылдар, анау алып ғасырлар.
Өтер солай жылжып тәулік, мұнар күн,
Тәңір берген биігімде тұрармын.
Кім біледі, сол «өзгеріс» дегеннің,
Не екенін ұқпайтын да шығармын.

Жан-жүрегім соны тілеп тұрғанда,
Сондай жанмын, менен ешбір үлгі алма.
Ертеңімнен бір өзгеріс күтемін,
Жақсылықты жасасам да бір жанға.

ИНТЕРНЕТТЕГІ ҚЫЗҒА ХАТ

Мылқау түнде естілмейтін күй тыңдап,
Отырсың-ау, ой шаршатып, ұйқың қап?
Таң атқанша ұйықтамасын дегендей,
Әлдебіреу қойды ма екен сиқырлап…

Қиял қашты, ой қызығы ортайды,
Әсем түннің ажарынан әр тайды.
Ешнәрсенің мағынасы қалмаса,
Кінәлай да алмаймыз ғой жарты Айды…

Өн бойынан салқын түннің сызы өтіп,
Ай қарайды, аппақ жүзін жүдетіп.
«Мен бір шіркін, демалысты білмейтін,
Жүрмін міне, түнгі әлемді күзетіп…

Маған бұдан басқа ғұмыр бермеді,
Осы шығар, мен байғұстың көрмегі»…
Ай осылай деп айтады-ау тіл бітсе,
Мұңын шағып пенделерге жердегі.

Бәлкім солай, қайда маған дәл ойлау?
Пенделерге болжай салу оңайлау.
Көз шырымын алғысы кеп әр замат,
Ай да бәлкім қалғығанды қалайды-ау…

Ештеңе де айта алмайды біз ұғар…
Қабағында қалың ойдың ізі бар,
Ұйқымыздан безіп бекер отырмыз,
Бәлкім бізге анау Ай да қызығар.

Жалығармыз таусылмайтын ойдан да,
Әлде бізді қиялшыл қып қойған ба?
Көзіңді жұм, таңға дейін кірпік іл,
Ұят болды-ау, анау, жақтағы Айдан да…

АЛЫСТАҒЫ АРМАН

Жанарыма үйірілген шер-мұңды,
Сиретем деп жігерім де болдырды.
Елеңдетіп, алаңдатып өзіңе,
Алабұртып қоясың ғой көңлімді.

Кім біледі, сезім мына арсыз ба?
Сергелдеңін аз тартпадым онсыз да.
Адасумен келем әлі арманнан,
Мен қалайша түсіп кеткем жолсызға?

Көз ұшында көмескілеу сол жарық,
Жеткізбейді, жетер едім – жол жабық!
Сирек келер хабарыңа алданам,
Қуанамын әлдеқандай олжа қып.

«Қарайлашы…» дегенімді тыңдамай,
Сырғып өтті зымыраған жыл қалай?
Қиял қуып, таңды көзбен атырып,
Ойға батып өткен сансыз түндер-ай!

Құшағы мен мейірімі тар ғалам,
Таусылмайтын тұзағыңа қармалам.
Мағынасы, мәні қашқан, тартымсыз,
Жырларыма мен қашанғы алданам!

Солғын тартқан әлемімнің шырайы,
Көңілімді қалдырады ұдайы.
Алдамшы өмір, дүние жалған шығар-ау,
Бірақ, менің сезімдерім шынайы!

***
Өзің жайлы жыр жазам деп, қымбаттым,
Сан ойландым, ұйқымды да ұрлаттым.
«Өлең жазу бір бақыт» деп түсінсем,
Білем, оңай ұстатпасын бұл бақтың.

Шашыраған ойды қалай жия алам?
Шалқар шабыт, көз жазамын жиі одан.
Құр шимайды ұйқастырып,
Ажарсыз,
Өлең арнай салуға да ұялам.

Көңіліңді көтерсем бе шың, көкке?
Лайықсың сен де сондай құрметке.
Бір өлеңді арнау үшін қыздарға,
Ессіз-түссіз ғашық болу міндет пе?!.

Оқтын-оқтын меселіңді қайтарған,
Өмір деген ұстатпайтын ой-толғам –
Өткеніңнен хабарсызбын,
Сондықтан,
Сені жақсы білем деп те айта алман.

Көңіліңді көктем болып өпкен бір,
Ғазалдарым болса шіркін, мөп-мөлдір!..
Шын шаттықты сыйласа ғой жаныңа,
Жүрегімнен жүрегіңе жеткен жыр.

Сен бір ару, қылығы бар, назы бар,
Көңілді әуен боп шырқалсын сазың әр.
Мен өзіңе бір жақсы өлең қарызбын,
Ертелі-кеш ол өлең де жазылар…

ШЫҒЫС ҚЫЗЫ

Орнатардай көңілге зерлі көктем,
Арманымды жібектей желбіреткен.
Таң Шолпаны көгімнің жарқырайды,
Таң рауандап атарда көкжиектен.

Қуанышты сыйлайтын уыстап сан,
Табиғатты серпілтіп тыныс тапқан.
Күн сәулесі таралып жер бетіне,
Таң атады алаулап Шығыс жақтан.

Баяу ғана кезетін түз жағалай,
Тарайды екен Таң жүрген ізден арай.
Нұрын шашып Алтын Таң жылжып
жетер,
Сен тұратын өлкеден бізге қарай.

Әз даланың ғажап-ау кәусар таңы,
Ұмытылар көңілдің сан сарсаңы…
Таңмен бірге ойыма оралатын,
Шығыс қызы – көгімнің Таң Шолпаны.

…Сан бояумен түрлентіп бар өңірді,
Таңым атты, ал қызыл, әне, нұрлы.
Шығыс қызы, өзіңнен хабар күтем,
Таңмен жолдап жіберші сәлеміңді!

ҚЫЗЫЛ КӨЙЛЕКТІ ҚЫЗ

Ой-қиялдың теңізін мың кешетін,
Бала күнім, арманмен бірге өсетін…
Мен тұратын көшеден жалт-жұлт етіп,
Қызыл көйлек киген қыз күнде өтетін.

Таң шапағы шуағын сепкендей кеп,
Жарасатын өзіне көктем көйлек.
Ажарланып кететін айналамыз,
Көшемізден Күн жылжып өткендей боп.

Мені сонша түсірген әбігерге,
Мұғалім бе, білмеймін, дәрігер ме?..
Қызыл көйлек киген қыз жан біткеннің,
Көрінетін сұлу боп бәрінен де!

Жүрек шіркін, өрекпіп, тез ысыған,
Тез оянған сезімнің өзі – күмән.
Елесіндей арманның сезілетін,
Қызыл сұлба көрінсе көз ұшынан.

Ынтық сезім оралтып ойға әрнені,
Аңқау көңіл ентелеп Айға өрледі.
Немененің әсері? Білмейтін ем,
Қарауыл қып көшеге қойған мені.

Күй ойнайтын кеудемде өзге, жаңа,
Қиялдарым тұрақсыз, кезбе ғана.
Қыз назарын өзіме бұратындай,
Жігіт түгіл, емес ем бозбала да.

Меселімнің қайтпайды сағы бұдан,
Қол жетпеске әлек боп тағы ұрынам.
Бет-моншағым төгіліп кей кездері,
Сығалаймын қақпаның жабығынан.

Қызыл көйлек киген қыз… Жауһар жаны,
Сан жігіттің көңлінен ән саулады.
Сұлулықтың мәнісін ұғатынмын,
Ойын қуған жас бала болсам-дағы.

…Көп жыл өтті арада. Сенесің бе?
Шығарғам жоқ жадымнан елесін де.
Ұмытылды көп нәрсе, ал, бірақ та,
Қызыл көйлек киген қыз әлі есімде!

НЕНІ ІЗДЕДІ ҚИЯЛЫМ?..

Түн серігім. Күтпеймін таңды асыға,
Табылмайды-ау еш дауа жанға, сірә.
Мендей пенде бар ма екен, түн күзетіп,
Жемтік ойдың айналған олжасына.

Шымылдығын түн түріп, тұр ғой ашып,
Сағынышқа санамды мың боятып.
Түсінбейді жанымды меңіреу түн,
Жан сырымды бөлісем кімді оятып?

Тұман ойлар сананы тұмшалап ап,
Мазақ етті жанымды мұң сабалап.
Қанағатты білмей ме, сезінбей ме,
Неге, неге қатулы мұнша қабақ?

Нені іздеді қиялым қырға шығып,
Неге мұнша күтемін түнді асығып?
Көңіл-күйдің қалауы болмай жатыр,
Кеткендей боп шаттығым құмға сіңіп…

Өз қызығы өзінде меңіреу түн,
Моп-момақан боп кейде көрінер тым.
Ештеңе де кедергі жасамайды,
Қалықтайды қиялың емін-еркін.

Қаумалайды санамды мәнсіз сұрақ,
Себелейді Айдан тым әлсіз шуақ.
Күндей жарық ете алмас мына әлемді,
Жатса-дағы жымыңдап сансыз шырақ.

Ой қуалап шабытсыз, құр желіксіз,
Сәттер болар, тартымсыз бұл көріксіз.
Тыныштықты іздейді әзиз жаным,
Байланамын осылай түнге еріксіз.

Түнге елікпе, жүрегім, тым мұздама,
Табылар-ау дертіңе күндіз дауа.
Құпиясын бәрібір ұға алмаспыз,
Түсінеді жұлдызды жұлдыз ғана.

Түнгі ғұмыр болса да ертек, мейлі,
Қиялымды сан ойға бөлшектейді.
Желігімді басады жаншып тастап,
Мұңға батқан көңілім селт етпейді.

Көңіл көзін ашатын қайнар қылып,
Жұбатпайды үнсіз қап Ай мәңгіріп.
Жұлдыз біткен қарайды келемеждеп,
Қиялымды мазаққа айналдырып.

Ерік бермей, бағынбай мың құбылар,
Еліктірер осылай түнгі мұнар.
Өмір кейде пендені адастырып,
Сау адамның өзін де жынды қылар.

Түн мұңайды, төбемде күрсінді Ай да.
Өлеңдерім айналды құр шимайға.
Мұң сыйлай ма, мына Түн, гүл
сыйлай ма?
…Жетелейтін түрі жоқ тылсымды ойға…

Ой шашырап бағытсыз жайылды тым,
Ұғынады дәл қазір жайымды кім?
Түн күзетіп отырмын мұнда неге?
Демалайын, баршаңа Қайырлы түн!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.