Ирина

Қуанышбек ҚОЖАХМЕТ

1960 жылы 15 наурызда ҚХР-ның Текес ауданы, Шиліөзек ауылында дүниеге келген. Мәдени ағарту институтының мәдениет қызметкері курсын, ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген. «Мәуелі бақтың жемісі», «Тоқбайдың тоғыз қыры» кітаптарына туындылары енген. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Трамвай ішінде келемін. Таныс жер, таныс жол. Енді біраз уақыттан соң Иринамен кездесем. Алғашқы кездесуіміз қалай болар екен. Өзгерген шығар? Жүрегім көңіл қуанышынан жағаға соққан толқындай өрекпіп келеді. Трамвай жүргізуші көгілдір көз келіншек:
– «Саяжай» аялдамасы, келесі…– деп жатыр. Трамвай қайта қозғалып, зырлай жөнелді.
Иә, жаңағы аялдама, осы аймақ мәңгі естен кете қоймас. Иринамен алғашқы таныстық осы жерден басталған еді. Соңымызда арқандай шұбатылып қалып жатқан трамвай жолы екеуміздің ғұмырлық достығымыздың куәсі, орыс қызы мен қазақ жігітінің үзілмес байланысы. Мені осы орыс қаласына араға жылдар салып алып келген де шын бауырластық, айнымас достық сезім еді.
Біз салып жатқан құрылыс қаланың батыс жақ шетінде болатын. Қарсы алдымыздағы трамвай жолын қиып өтсең-ақ болғаны орманмен қауышып жатқан бес-алты үй бар. Үйлердің арты үлкен орманды жота, арғы шеті қаншаға созылары белгісіз. Кешкі жұмыс аяқталысымен Олег екеуміз қақпа алдында айналаны қызықтап тұрғанбыз. Бізді әскери бөлімге әкететін машинаның келуіне әлі бір сағаттан аса уақыт бар. Трамвай жолымен екі қыз келеді екен. Сондай сымбатты, ақ шағаладай киінген. Кешкі күн шапағына малынып жүзіп бара жатқан аққу секілді. Дауыстары да жарқын-жарқын шығады. Өздері мәз. Тұсымыздан өте бергенде әскери тәртіппен бір дауыста сәлем бердік. Олар да тосырқамай бір ауыздан сәлемімізді алды. Біз бұлай боларын күтпеген едік.
– Мыналар қандай ашық қыздар?
– Жүр, танысайық.
– Сен бар, – дейді Олег.
– Жоқ, менен тілге жетіксің, саған оңды, – деймін мен. «Сен бар, мен бармен» тұрғанымызда қыздар да біраз ұзап кетті. Аялдамаға дейін біраз жер, тәуекелмен соңдарынан түстік. Қыздар да қарайлап барады. Қатарласа беріп:
– Жүйрік екенсіздер, – дедім сөзге тартып.
– Сіздер сарбазсыздар ғой, қуып жететіндеріңізді білдік.
– Сонда да… – өзім біраз тежеліп қалдым. Олег әрі қарай іліп әкетті. Бір сөйлесе ағылып кететін әдеті. Ғылым мен техника, әдебиет, музыка жағынан хабары мол жігіт. Екеумізді жақын достастырып жіберген де осындай қасиеті. Бұхарадан. Шешесі татар. Орыс, өзбек, татар тілдерін еркін меңгерген. Мені қиыннан құтқарғанына іштей риза болып тұрмын. Анда-санда қостап қоямын. «Әдемі қыздар екенсіздер, таныса жүрелік, мүмкін достасып та кетерміз». Сұңғақ бойлы орыстан гөрі молдаванға ұқсасы Лариса Ден қолын ұсынды. Лариса дегенде жазушы Еркінбай Әлімқұловтың «Жанарым – жарық дүнием» повесіндегі Лариса бейнесі көз алдыма елестеді. Жан-дүниең де сондай сұлу ма екен деп ойладым да:
– Маған есіміңіз жылы естіледі, – дедім.
– Әзіліңіз шығар, – деп таңырқай қарады.
– Нағыз шындық. Хиқаяттың мазмұнын қысқаша айттым. Шынында, соны оқып отырып Заңғарға жасаған жақсылықтарына шынайы риза болғаным бар. Екінші қыздың тұлға бітімі Ларисаға тым ұқсас. Бірақ нағыз орыс өңді. «Мареева Ирина Петровна». Ресми танысып, жұмсақ алақанын ұсынды. Мен де ресми түрде «қатардағы құрылысшы – сарбаз Тоқтасынов Нұрлан Жаңасайұлы» деп қол создым. Екеуін «Саяжай» аялдамасынан трамвайға шығарып салдық.
– Келіп тұрыңыздар.
Қол бұлғап кете барды. Екеуміз қуанып келеміз. Енді келсе командирден сұранып мына орманды төбеге шығайық дейміз.
Сол күнгі таныстығымыз жалғасын тапты. Аптасына бір рет кездесіп тұратын болдық. Кездесу мерзімін де біздің уақытымызға қарай үйлестірдік. Түскі үзілісте немесе кешкі жұмыс аяқталған соң бізге машина келгенге дейін. Көбінесе қарсы алдымыздағы орманға шығамыз. Ондайда жолдастарымыз кеңшілік жасап, командирімізден бір сағатқа уақытымызды ұзартып береді. Орыс жігіттерінің «күйеу бала, аққуың күтіп тұр» деп әзілдейтіндері бар. Тіпті қызық. Олег Ларисамен қыдырып кетеді де, мен Иринамен қаламын. Олар әуел бастан-ақ тәтті арманның жетегіне еріп, болашақты қиялдайды. Уақыт өткен сайын достығымыздың аясы кеңіп, сырлас жандар болып кеттік. Қыздардың келуін тағатсыздана күтеміз.
…Әне, трамвайдан түскен солар. Кигендері алғаш кездескендегі әдемі ақ көйлектері. Бойларына жарасымды-ақ. Бұрынғыдан сұңғақтанып кеткендей ме, қалай? Шаштарына да біраз өзгешеліктер енген. Ақ көйлектері алғашқы таныстықты еске түсіреді. Біз де сол кездегідей қатар тұра қалып, әскери тәртіппен қолымызды шекемізге апарып бірауыздан: «Сәлеметсіздер ме, қарындастар» деп қарсы алдық. Олар да «Саламат боларсыздар, сарбаздар!» деп сәлемімізді қабыл алды.
Алдымыздағы төбенің оң бөктері сай. Сайдың екі қапталы қалың орман да, ортасы алма ағаштары. Екі ғашық сайдың қарсысындағы қалың ағашқа сіңіп кеткен. Ирина екеуміз ғана қалдық. Тыныштық. Мәуелі алма ағашының түбіне келіп арқамызды сүйеп отырдық. Тамыздың тамылжып тұрған алмаларына қарап ойланып отырған Ирина бір өлең оқыды. Өлең аяқталысымен Ирина алтын өңдес сары шашын серпіп тастап, ұлы орыс ақыны Пушкиннің табиғат жайлы жырын төгілдірді. Әрбір сөз ырғағын керемет бір құбылыспен жандандырып айтқанда, өзіңді сол ортада жүргендей сезінесің. Ұзақ оқылған жыр баяулап барып тоқтағанда ақынның кездесу кешінде отырғандай қол соқтым.
– Алғашқысы жерлес ақынымыздың осы өлке жайлы өлеңі. Екіншісін өзің де сезіп отырған шығарсың, – деп жымиды. Мен де ұлы жыр керуенінен шет қалғым келмей ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» – «Я – казах» поэмасының орысшасынан үзіңді оқыдым. Кезінде жаттап алғаным қандай жақсы болған.
Я – казах
Встречая смерть, в степях,
Тысячу раз я воскреса – казах,
Если плакал – опускалас мгла,
Я смеялся – свет сиял в глазах…
Ақырын қарасам Ирина алма жапырақтарынан көз алмай бар зейінімен тыңдап қалыпты.
Я – джигит!
Кликнул учей, коню,
Я влюбленный пламенем горю.
Яростью с вулканами сравняюсь,
И орла в полете обгоню…
Оқыған сайын кең далада шапқан жүйріктей дауысымды көтеріп, үдете түсем.
Я – казах,
Я – сын России всей,
Я к Неве принес печаль степей.
Я запомнил тюрем голоса,
Звоны петропавловских цепей…
Екпіндетіп барып кілт тоқтадым. Балаша мәз болып, қолымды қысып жатыр.
– Мен мына поэмадан қазақ даласын басып өткендей болдым. Орта Азия халықтары, әсіресе, оның ішінде қазақтар сөзге шебер дегенді естігем, сол рас болса керек, әр шумағы кеңдікті қамтиды, – деп бір көтеріп тастады.
Ирина осы қалада туып-өскен. Ата-анасы қарапайым зауыт жұмысшылары. Өзі қазір жоғары сыныптағы мектеп оқушысы. Болашақ арманы дәрігер болу. Алғашында әшейін еріккен селтеңбай қыздың бірі шығар деп ойлағаным да рас. Әр сөзі жүректі тербеп толғандырады. Кейін күдігімнен үзілді-кесілді бас тарттым. Туған қарындасымдай сыйласып, шын достықтың туы орнады.
Досым Олег Якушкин бірде «Нурик, сен Петровнаны кейін еліңе алып келсеңші. Жақсы қыз. Сені ұнатады. Әскери қызметіміздің аяқталуына да аз қалды» дегені бар. Ондай ой ойлаған жоқ едім. Мен күлдім де қойдым. Сөзінің жаны бар. Бірақ… Қазір өзіміз отырған алма ағаштарының саялы бұтақтарына қарап, соны еске алып отырмын.
– Қандай жыр жүрегіңді тербеп, қиянға алып ұшып отыр ақын жігіт? – Оқыс шыққан дауысқа Ирина екеуміз де жалт қарадық. Олег пен Лариса таяп қалыпты. Біз кезек-кезек жыр оқығанда ағаш тасасында екеуі тыңдап тұрыпты. Ирина да өз қиялымен самғап отырса керек.
– Жырларың да, өздерің де жарасып тұрсыңдар, – деп екеуі еріксіз қолымызды қысып, құттықтап жатыр. Бәріміз қосыла күлдік. Баяу ескен самалмен жапырақтар да сыбдыр қағады.
Отан алдындағы борышымызды аяқтап, бауырдай болып кеткен әскери қызметтес дос-тармен де, қыздармен де қимай қоштасып елге қайтқалы да біраз жыл өтті. Елге келген соң да достықтан туған сағынышты хаттар бір сәт те толастаған емес. Бұл жолы мені Ресейдің Саратов қаласына алып келген шынайы сезімнің, таза да мөлдір достықтың құдіретті күші еді.
Қазір бірнеше минуттан соң Иринамен кездесемін…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.