Жылдардың табанына көмілді ізім…

Мінуар Әкімханов

1943 жылы туған. Бұған дейін он шақты жыр жинағы жарық көрген танымал ақын. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Он шақты жыр жинақтың авторы. Ақынның бірнеше ұжымдық кітаптарға естеліктері және «Жыр маржаны» атты он томдық қазақ поэзиясының антологиясына өлеңдері енген. Алматы облысы Райымбек ауданының Құрметті азаматы.

Талантпен таңдантпадым тамам жұртты,
Көрінді содан біреу маған мықты.
Алайда оқырманым тілеулесім,
Жып-жылы өлеңімнен бағамды ұқты.
Үмітім, жан жүрегім, қос қанатым,
Өлеңім Аламанға қосқан атым.
Кей сөзім хатқа түскен қатқыл болса,
Ол менің сыр ұғатын досқа датым.
Түлкідей шығатұғын ытқып алдан.
Жеткізбей келе жатып ұқтым арман.
Ойлаймын жыр жазсам деп ертелі-кеш,
Шынымен шығатындай жұрт құмардан.
Бақталас болмаса да бір күндесім,
Әзірге алғаным жоқ жыр жүлдесін.
Сөзімнің ақиқаты осы мейлі,
Сыртымнан әлдекімдер күңкілдесін.

***
Қар жауды қаламызға түнде біздің,
Қалмады жұқанасы жүрген іздің.
Мінеки, қойны-қоныш желге толды.
Үзілгені секілді түймеміздің.
Қаламызға қар жауды түнде біздің,
Жүрісі де жүдеді «күймеміздің».
Бөлменің ауасы да суық тартты,
Кездейсоқ кіргені ме үйге күздің.
Алмайтындай боранның тыным жағы,
Жапалақтап қар жауды бүгін тағы.
Аязды елең қылмай ақ ұлпаға,
Оранып тұр қаланың бүкіл бағы.
Кім бәстеспек боранның қарқынымен,
Жауды ғой, қаламызға қар түнімен.
Осынау қыс суретін қиналамын,
Өнердің сөйлетсем деп қай тілімен?

Ауылға хат

Болмайды балаң барда бағаң төмен,
Таусылмас сағынышым саған деген.
Өзіңнен жүрсем де алыс бұл Алматы,
Бір мінез көрсетпеді маған бөтен.
Сен де өтті бала күнгі бақытты шақ,
Барғанда қарсы аласың ашып құшақ.
Көзіме елестейді тау мен тасың,
Бейне бір жарқылдаған жақұтқа ұқсап.
Ер жеттім, ұл-қызыңмен бірге гүлдеп,
Бұл күнде азаматпын білгенім көп.
Өзіңе барып қайтсам аяулы ауыл,
Қаламын қалың ойдан бір жеңілдеп.
Арқанды көкпар еткем мықты есілген,
Шықпайды тентек кезім тіпті есімнен.
Ауылым санамдағы саған деген,
Сеземін арман-ойдың бітпесін мен!

Жанарың-жарық дүнием

Көзінде тұрған күн күліп,
Өзіңнен бөлмен тағы ірге.
Кеудеңе сенің мұң кіріп,
Кетпесін деймін тәңірге.
Жанарың-жарық дүнием,
Жүректе жүрсің кірленбей.
Қастерлі сенсің-бір кием,
Жаныңды ұқсын кім мендей?
Түрулі дәйім құлағым,
Жетер деп сенен бір хабар.
Көңілге мәлім тұрағың,
Табаның тиген жылғалар.
Көркіңді көзден көшірмен,
Өзіңсің – жарық дүнием.
Сағыныш отын өшірмен,
Болып қал іздер бір кием!

***
Жұмсартып, өрекпіген өктем желді,
Далаға тағы көркем көктем келді,
Жылылық қан жүгіртіп өн бойына,
Көтерді еңсесі сәл шөккен жерді.
Қақаған қара суық сынды әуелі,
Болыпты қалың бақтың сырты әдемі.
Құз таудан құлап аққан бұлақтардың,
Құлаққа құйылып тұр сырлы әуені,
Көзіңді айналаңа бұрсаң құрбы,
Жусанның қырат-қырдан исі аңқиды.
Бұл көктем алып келген маң даладан,
Көресің көркемдікті мың сан түрлі.
Жасартты көктем жердің тау мен тасын,
Естідік көктен құстың ән мен даусын.
Өтпей ме маңдайынан күн ыстығы,
Шың жатыр бүркеп алып қармен басын.
Шағы ғой, тал-теректің көктеп, өсер,
Ақша бұлт шудаланып көкте көшер.
Құрысы жазылады бәлкім жердің,
Төбеден төпелеп бір төксе нөсер.
Жұмсарды таудан ескен желдің демі,
Кіріпті құстар келіп көлдің де өңі.
Оранып көк шалғынға осы қазір,
Қалған ба, жасырынып жердің меңі?!

***
Сені қайтып ұмытайын мен енді?
Ару едің, ағайынға беделді.
Жанарыңнан жарық сәуле түсіріп,
Білмей өстің сыпсың өсек дегенді.

Қайыңдай ең көктемде өскен бүр жарып,
Тұрушы еді, жанарыңда нұр жанып.
Саған қарап көз қадаса бәз біреу,
Кететінмін кенеттен бір «жынданып».

Жаның жұмсақ, сөздерің де әлді еді,
Таңдайымда тынысыңның бал демі.
Сен қасымда жоқсың қазір аяулым,
Сағыныштың басылатын қайда емі?

Қалсада алыс айлар бізді түлеткен,
Көз алдыма күндер түгел тұр өткен.
Көкті кезіп, шарт-шұрт етсе найзағай,
Сезесің бе жүрегімді дір еткен?

Ескіргендей саған сыйлар жер гүлі,
Адамдаймын көп жұтылған желге үні.
Жылдар жылжып, алыстадық аулаққа,
Маған хабар бермесің де белгілі.

ҚОҢЫРАУЛЫ ҚОҢЫР КҮЗ

Жаз кетті, ерітетін көңіл мұзын,
Келдің бе, қоңыраулатып қоңыр күзім?
Жастық шақ жалт берді де өткен талай,
Жылдардың табанына көмілді ізім.

Байлыққа болмасам да жарлы кісі,
Жан емен, орындалған барлық ісі.
Қол беріп, қоңырау соққан күзден кейін,
Өмірдің барын білем қарлы қысы.
Болғам жоқ, топты жарған үздік дарын,
Әйтсе де таттым салқын күздің балын.
Жетпіске жетсем дағы ұмытпадым,
Алдымда өткелі ауыр жүздің барын.

Көзімнен ұшса да ұзап жақсы мансап,
Есігін келер күннің аштым аңсап.
Ғасырға жетесің ғой десе біреу,
Қоямын қорқынышпен басты шайқап.

Қолға еркін бермесе де өмір тізгін,
Кешпедім күйін әсте көңілсіздің.
Асуын жетпіс жастың астымдағы,
Жемісін жеп отырмын қоңыр күздің.

ҚУАНАМЫН

Жас шақта, тауды кезіп, ешкі бақтым,
Орманнан отын әкеп, пешті жақтым.
Құптасын әлдекімдер құптамасын,
Әйтеуір еңбегімнен енші таптым.

Жасырман өспесем де аққа жарып,
Тілімді ширатпадым датқа жанып.
Қалтамды қалыңдатып алу үшін,
Қаржы да сұрамадым жатқа барып.

Жанымды жасытқан соң жаттың ісі,
Намыстың дәйім алға тартты күші.
Шіреніп, ақыл айтты қайсібірде,
Өзіне өз ақылы тапшы кісі.

Біреудің қолтығына суды бүркіп,
Іздейтін қайдағы бір сырды тінтіп.
Жандардан дәл осындай жасырмаймын,
Тұратын болдым ылғи сұмдық үркіп.

Жыр жазсам қуанамын тілмен шебер,
Сөзіме жан сырымды білген сенер.
Қасыма кім жолайды қарағым-ау,
Өн бойым жамандықпен кірленсе егер.

АЙТҰМАР

Кездескен күндер қанша топшылармын,
Салмақты сағынышқа тек шыдармын.
Kүпініп отырмын ғой сырттай ғана,
Есіңде мүмкін сенің жоқ шығармын.

Суреттер сырды көзге айтсын түртіп,
Демеймін, тастар оны жансың жыртып.
Сондайда өткенді еске аласың ба,
Жасырып жанарыңның, жасын cүртіп.

Көзіңнің алды сонда білеуленіп.,
Отырсаң ақша жүзің күреңденіп.
Елеңдеп, мен бе екен деп қарайсың ба,
Беймезгіл ecік қақса бipey келіп?

Айналған арманыма Айтұмар қыз,
Есімің жырға оранып айтылар жүз.
Жүрекке жазған хаттай орнап қалған,
Өткенді ұмытармыз – қайтіп, ал – біз?

***
Тастайын деп қызыққа бір кенелтіп,
Жер түбіне барасың ба, мені ертіп?
Құшағыңа қысасың ба құлшынып,
Жан-жағыма қарай қалсам мен елтіп.

Еркің білсін, Парижге апар, түстендір,
Саған жарлық бере алмаймын үстем бір.
Жан-жүйемді жадыратар жасырман,
Көздеріңнен көкігеріме түскен нұр.

***
Алматыға көктем жетті жасанып,
Тал-кайыңдар кетті демде жасарып.
Ақ нөсерін төгіп өткен көк аспан,
Көзіне тұр қуаныштан «жас алып».

Қадалғанда көркемдікке көз кейде,
Жол көрсеткіш компостайын сөз бейне.
Егделігін ecкepгici келмейді,
Киіп алып кәpi емендер көк жейде.

Ғайып болып, даламыздың бұл қысы,
Азайғандай тіршіліктің ұйқысы.
Әуелеткен әуенімен төбемнен,
¥шып өтті сусыл канат жыл кұсы.

***
Күздің тоңы батпандап жерге кipiп,
Ағашты жатыр әне жел кеміріп.
Жолға шықсам ызғардың қаһарынан,
Каймығып қалардаймын мен жеңіліп.

Кең даланы керемет суық керді,
Күзгі боран қаңбақты қуып берді.
Аспаннан ақтарылар жаңбыр да жоқ,
Тазалайтын тозаңнан жуып жерді.

Көзден ұшқан даланың, жазғы шағы,
Секілді бip суыған жар құшағы.
Жер уілдеп тұр екен сыртқа шықсам,
Қара жолдың бұрқ етіп қалды шаңы.

Азайды өзендегі арналы ағын,
Қалайша балық аулап қарманамын?
Шығардай қытымыр қыс қыр астынан,
Таулардың басып қалды қар балағын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.