Ұлпа қар (Әңгіме)

Альфия Адамбек

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 1-курс студенті.

Таң сәріден тыпырықтап, көзін тырмалап ашып, тұрмыс шаруасынан азар да безер болған Мағжан көрші ауласындағы түнде жапалақтап жауған қарды тазалауға келді. Байлығы өзіне де өзгеге де жететін бай Мағжанның жұмысына екі жүз теңгені шімірікпей, қысылмай береді. Кейде сылтау айтып, бала байғұсты құр қол қайтарады. Алайда, Мағжан барды қанағат тұтады. Ол, әдеттегідей, жұмысына кірісіп кетті. Бір жағынан суық, бір жағынан санасын жеген ойлар баланың денесін мұздатып барады.
«Тағыда күнделікті өмірдің қайталануы. Мейлі, бірен-саран тиын-тебен тауып жүрмін ғой. Осыған да қанағат. Маған артық ештеңенің керегі жоқ, Санжарым аман болса болғаны», – деп бала жүрек бір күрсініп қойды. Қарға таңырқай қарап, кешегі жағдай жадына түсті. Кеше кешкілікте күндікпен жұмыс істеп, қатты шаршаумен жастыққа жантайғаны сол еді, аспаннан толассыз ағып келе жатқан ұлпа қарды көріп қалды. Ұйқысы шайдай ашылып, терезе жақтауына жақындады. Алдында қаншама қар жауғанын көрсе де, тұрмыс әлегімен елемеген бе, әлде бүгін ғана ерекше жауып тұрды ма, бұл жағы Мағжанға жұмбақ еді. Бейне көктен нұр жауып жатқандай. Мағжан өзін-өзі басқара алмай, балалық қиялға беріліп, қармен тілдесіп кетті.
«Ей, қар, қайдан келесіңдер? Мекендерің қайда? Неліктен тым еркінсіңдер? Бәлкім, бақыт құшағында жүргендіктеріңнен болар. Мекендеріңде өлім деген бар ма? Алауыздық, кемсітушілік пен арамзалық жоқ болар? Сендерде мейірім, шапағатты кезіктіруге болады ма? Ұлпа қар тіл қатыңдаршы? Егер де менің айтқандарым рас болса, бізді де өз елдеріңе ала кетіңдерші. Бізге де өзгелер мейірімділік танытсыншы? Мені қоя беріңдер, інім мейірімге зәру. Әркімге бір жалтақтайды. Кім басымнан сипар екен, кім құшағына алар екен деп. Алайда, мен де шаршадым, жұдырықтай жүрегімде үлкен мұң бар. Жан айқайы шығып, өртеніп жатыр, мені жегідей жеп жатыр, қар. Ала кетіңдерші мұңсыз, қайғысыз әлемдеріңе» – деп Мағжан өксіп-өксіп жылып алды. Мағжанның көз алдында ұлпа қар өз «әлем-ғажайып» елінен жерге ағытылып, толассыз түсіп жатты.
Мағжанның әкесі былтыр бай қоңсының әлегінен көз жұмған. Оған себеп, қазір жылы қорада шөп күйсеп, бірі соғымға, бірі сатылымға кеткелі тұрған беймаза сиырлардың кесірі еді. Қыс ортасы ақпанда бай сиырлары тоғайдан келе жатып, бағытынан адасып із-түзсіз жоғалады. Әншейінде көкірегін керіп жүретін бай момын қоңсыға келіп, жылап-сықтап «жайым-жатақ, атым-шолақ. Сен іздеп келші», – деп, мүсәпір жанның кейпін танытқан. Әкесі Мағжанға деп баптап жүрген «Сұңқар» атты мініп, ауа-райының бей-жай болып тұрғанына қарамай жол тартқан болатын. Сойқан боран болып тұрса да, жолға шыққан Мағжанның әкесі екі ауыл арыдан малдарды тауып, ауыл басындағы жолға салып жіберген де, өзі үш-төрт сиырдың соңынан кеткен. Сол кеткеннен мол кетті, мәңгілікке кетті. Үдей соққан дауылға қарсы тұра алмай, өзенге құлаған әкені қатты ағыс бой бермей алған да кеткен. Біреуге мал, біреуге жан қайғы. Ауыл, ел түгел жиналып, тоқтауымен жоқтауын айтып отырғанда Байекең сиырларын ойлап, «мазам жоқ» деп жаназаға да келмеген. Бір сәтте асыл жарынан айырылып, екі бала мен жесір атанған Мағжанның анасына қиын соқты. Не тамақтанды, не ләм деп ауыз ашты. Күндер артынан күндер ілесіп, анасы төсек тартып, жазылмасқа айналды. Көп ұзамай балаларын Аллаға аманаттады да, жарының артынан мәңгі сапарға аттанды. Ал, бейкүнә екі сәби өмірдің ащы шындығына шыдап, көз жастарын көлдетіп қала берді. Ол кезде Мағжан тоғызда, Санжар үш жасар сәби болатын. Қос өлімнің қырқы, асы бар. Әкесінің тырнақтап жиған малы жұғымға жұқ болмады. Көрші-қолаңдар, ағайын-туыстар тарапынан көмек те, айла да асып жатты. Бір серке бердім деп бар асты теріп кеткендер де болды. Мағжан бәрін көріп-біліп тұрса да, бас ауыртпады. Барынша көзден тасада болып, ұзақ ойға батады. Болашағын, келешекті ойлайды. Алайда, алды қара түнек. Ана сүтін тамақ көретін Санжар не боларын ойлайды. Ой үстінен ой үйіліп Мағжанның бала жүрегін қарс айырады. Туыс-жарандары қарамағымызға аламыз деп ауыз ашпады. Екі бүлдіршін өз күндерін өздері көріп өмір сүре берді. Әлі де сүріп келеді. Мағжан қалаға кетіп қалар еді, інісін ойлайды. Екі ай Мағжан көрші ауылға көмір түсіруге кетіп, Саржанды туыстығы бар ағасының үйіне тастап кетіп еді. Ол жұмысы түнгі он бірлер шамасында бітіп, ақшасын ала сала үйге жүгірген. Нөсер жауын нөсерлетіп, аспанды қара бұлт қапса да, арасы алшақ қос ауылдың арығын жағалап, желдей ұшып үйге келген. Әшейінде ойнай беретін балалар бұл жолы итше ырылдасып қалыпты. Ол үйдің бес жасар баласы Санжардың басын тасбалтамен ұрып бажырайтып, қанатып тастапты. Саржан байғұс жәбірленіп кетіп, әлгі баланы тістеген шақта «бала шырақ» жылап жіберген. Оны көрген анасы кішкентай Санжарды малдай сабап, қараңғылыққа қарамастан сыртқа шығарып жібереді. Санжардың ебіл-дебілі шығып, қараңғы түнді елемей үйіне келсе, есік құлыптаулы, ағасы оралмаған екен. Қараңғы түнге енді ғана бойы тітіркенген жас сәби жан дәрменімен шыңғыра жылайды, далада қалған бала өзінің дәрменсіздігін, панасыздығын сезінеді. Жылайды. Ешкім де естімейді. Ата-ана махаббатына зәру болады, мейірім аңсайды. Алайда, ешкімі жоқ байғұстың маңдайынан кім сипар дейсің?! Кішкентай періштенің өксігі көкірегін керіп, қорқыныш та қоюланып барады. Жаңбыр да тоқтай қоймады. Асылы, жас сәбидің қаліне аспан да күңіреніп, қосыла жылап жатқан секілді. Көзден аққан жас жаңбырмен араласып, бастан сорғалаған қан тоқтайтын түрі жоқ. Жылай-жылай шаршаған Санжар жерге жантая кетті. Сол жатқаннан қалың ұйқыға сіңді. Бір сағатқа жуығанда Мағжан келді. Жерде жатқан Санжарды көрген Мағжанның зәресі зәр түбіне кетті. Өліп қалған деп шошып, жанына таяуға қорықты. Алайды, жас жүрек әлі де әлсін-әлсін соғып тұр еді. Үйге кіргізіп жуындырды, денесі үсіп қалған екен. Міне, содан бері Санжар сырқаттанып, көкжөтел болып жатыр. Үйде жылу да жоқ. Мағжанның жаз бойы жиған тезегі, бұта-ағашы азайып барады. Күнде қолы қалт ете қалысымен, дауылдан сынған бұталарды, сынған ағаштарды, қоқыстардағы жарамсыз жиһаз қалдықтарын тереді. Бәрі де Санжар үшін. Қазір де қарды тазалап болып, дүкенге барып келе жатыр. Санжар кеше «алма жеймін» деген. Санжардың қуанғанын көрсем екен деп бала көңіл алып-ұшып келеді. Есік алды жым-жырт. Құлаған қорған, сынған терезе, үй қабырғасы алабажақ. Бар тапқанымен тіреп қойған есікті Мағжан ашты да, «Санжар» деп дауыстады. Тықыр білінбейді. Үнсіздік. Мағжан таңертең тәтті ұйқыда жатқан інісінің маңдайынан иіскеп, «бүгін ыстығы жоқ екен, тәуір болып келеді, ұйқысын бұзбайын», – деп шығып кеткен болатын. Мағжан ішкі бөлмеге кіріп еді, Санжар әлі жатыр екен . Мағжанның өңі қашып кетті. Жүгіріп келіп Санжарды жұлқылады. Жоғарыға сілкіп-сілкіп жіберіп, «есіңді жи Санжар, есіңді жишы, Санжарым» деп қатты айқайлады. Солқ етіп жерге отырды да, жаңағы сөздерін қайталай берді. Жүрегі қан жылаған Мағжанның өңі де жылады. Тек бұл емес, барша әлем, барша табиғат жас сәбидің қыршын кеткеніне жаназа оқып тұрғандай, ерте кеткен боздаққа өкініш білдіргендей еді. Алайда, өлі дене дымды да сезбеді.
– Тұрсаңшы, Санжар! Неге жалғыз өзімді тастап кеттің? Мен сенсіз қалай күн кешемін? Не үшін өмір сүремін? Анам мен әкемнің жанында шығарсың. Ал, мен ше? Мен бұл жалғанда не істемекпін? Айтсаңшы! Жисаңшы есіңді? Қалай ғана қиып тастап кеттіңдер? Не мені адам көрмейсіңдер ме? Мені неге тастап кеттіңдер? Мен соншалықты жаман бала, жаман аға ма едім? Не күнәм үшін менен алыстадыңдар? Ана? Әке? Санжар? Жауап беріңдер, кәне!, – деп өксіп жылаған Мағжан жарым пенде болып туылғанына лағынет айтты. Алладан неге бұлай болғанын сұрады, түсінбеді.
– Я, Раббым! Былай қарасаң мен де сәбимін ғой. Менің жасымдағылар қиналып жұмыс істемек түгілі, қиыншылықтың иісі мұрындарына бармайды. Таңнан кешке дейін бірін-бірі қуып ойнағанына мәз. Ал, мен күнді күн, түнді түн демей басым жарылып, қолым шықса да мехнат еттім емес пе?! Тапқан бес-он тиыныма үстіме қалың киім алғаным жоқ. Санжарыма дәрі-дәрмек алдым. Немене, мені жаурамады, тоңбады дейсің бе? Әкемнің киімдерінің тозығы шыққасын, анамның тонын үстіме шақтап қырқып та алып кидім ғой. Маған ел күлді, келеке етті. Бірақ, оларға назар салар мұршам болмады. Не үшін? Себебі, Санжар үшін. Сол тірі болсын, жанымда болсын деп қолымнан келгенін аямадым. «Санжарды аман сақташы», – деп сенен сұрадым ғой.Сен пенделеріңді сабырлы болуға тәрбиелеуші едің. Адамдар «қолыңнан түк келмейді», – деп сабағанда да, ақшамды бермей аш-жалаңаш жібергенде де, бетіме түкіріп, әке-шешеме тіл тигізгенде де сабыр сақтап, саған сендім ғой, Аллахым. Сабыр сақтап, жазылар деп жүрген едім, Санжарды неге айырдың менен түсінбеймін. Өмірдің қиыншылығын ерте татып, мұндай сорақылық, қорлық көрем деген ойымда бар ма еді?!» – деп, Мағжан кімге не деп жалбарын, кімге барып мұң шағарын білмей айра-жайра көңілде қалды.
Төрт жасар баланың жаназасы берілді. Шеттей кеткен ата-ананың әруағы ұрар деді ме, ауыл-ел түгел жиналыпты. Санжарды ақтап, арулап жер қойнына табыстады. Осы жаназаның ішінде ауыл соңында тұратын, қалада білім алып, қазіргі таңда жұмыс істеп жүрген жиырма екі жастағы Айдын деген көзі ашық, оқыған азамат та бар еді. Қаралы үйдегі қал-жағдайды көріп, алдыңғы зорлық-зомбылықтарды естіген Айдын, он жасар сәби жүрегі осыншама тауқыметке қалай шыдағанына таң қалды. Үйдің арқасында ешкімге көрінбей жылап отырған Мағжанның жанына келіп, кішкентай баланың мөлдір жасын сүртті де, құшағына қысты. Көптен бері жылы құшақ, ыстық мейірім көрмеген бала, еңіреп жылады. Көкірегіндегі ызы-кектің, құштар сағыныштың жайын қасындағы жанашырына бүкпей-жықпай баяндап бергісі келеді, қиыншылықтың қандай боларын жайып салмақшы. Адам баласы сезіне бермейтін іңкәр да жұмбақ сезім екі жанға сезіліп тұрғандай. Бірін-бірі жібергісі келмейді, оған тырыспайды да.
Айдын қалада жұмыс істеп, үй-жайын түгендеп жүрген қарапайым ауыл баласы. Ауылға ат басын бұрмағалы екі жылдың көлемі болған. Сол арада ауыл жағдайы күрт өзгергенін, өзі аға деп санайтын иманды жанның дүние салғанын есітіп, өзгеріссіз дүние болмайтынын түсінгендей. Айдын біраз ойланды, үйдегілермен ақылдасты. Ақырсоңы бір тоқтамға келіп, кешқұрым Мағжанның үйіне қайта келді. Мағжанды көзімен бір шолып шығып:
– Мағжан, білемін, саған ауыр екендігін. Алайда, өлгеннің артынан өлмек жоқ. Ия, таршылық, қиыншылық көрдің. Сендей жастағы балаларға ауыр сынақ болса да, сен төзе білдің. Сен нағыз ер азаматсың. Мұғалімдеріңмен сөйлестім, сабаққа бармайтыныңды, алдындары үлгеріміңнің жақсы екендігінен де хабардармын. Мағжантай, сенің үлкен адам болғың, білім алғың келеді ме?
Мағжан сәл кідірді де:
– Әрине , аға! Оқығым, білім алғым, өсіп-өніп, өз дара жолымды салғым келеді. Алайда, мектепке баруым үшін не киімім, не дәптер, қаламым жоқ. Олардың бәрін ойыншықтарға айырбастап жібергенмін. Санжар ойыншықтарды ұнататын – Мағжан қайта жылап жіберді.
– Жылама, Мағжан. Осы жылағандарың да жетеді. Сенің әкең өте адал, қайсар жан болатын. Мен ол кісіні ағамдай көретінмін. Есіңде ме, сені кішкентайыңнан мен қарайтын едім ғой. Әкең екеуімізге ұзын сонар әңгіме айтатын еді. Мағжан, сен келіссең, мен сенің әкең болайын, қалаға кетеміз, білім аласың, мен сен үшін қолымнан келгенін аямаймын. Тек сен келісесің бе? – деп, Айдынның жүзіне асқан мейірімділікпен қарады. Мағжан сәл кідірді де:
– Әрине, ағатай, әрине! Мен сізбен кетемін. Сізге рақмет! Өмірімді құтқарғалы тұрғаныңызға, болашағымның сөнбеуін қалағаныңызға. Алғысым шексіз сізге, ағатай!
Осылай әке мен бала бірін-бірі түсінісіп, әңгімелесіп ұзақ тұрды. Күн суытып, ай төбеден төпеп тұр екен. Айдын Мағжанға: «Жүре ғой, үйімізге баралық» – деп еді, ол: «Үйімде соңғы рет қонайын, ертең қалаға жол тартады екенбіз ғой»– деп Айдынды көндірді. Сонымен, бір жылда қаншама сұмдықты бастан кешірген қаралы үйге әке мен бала қол ұстасып кіріп кетті.
Түн. Мағжанның ұйқысы келер емес. Айдын да оның көз ілмегенін біліп жатыр. Мағжанның санасындағы миллиондаған сұрақтың бір-ақ жауабы, қасында жатқан болашақ әкесі. Өткенге өкінеді, болашаққа қуанады. Бала жүрегі тұлпардай тулап шыққалы тұр. Бірде назары терезе тұсына түсіп кетті. Қараса, әлсін-әлсін қар жауып жатыр. Сәл уақыт өткесін, ақ қар жаууын үдете бастады. Құдды кешегідей ұлпа қар жапалақтап жауып, тым еркінсіп ұшып жүр. Мағжанның кеше ұлпа қармен тілдескені есіне түсе кетті. «Санжар екеуімізді алып кетші» дегені, молдалардың Санжардың жүрегі түнде тоқтағанын айтқандығы, таңертең ұйқыда емес, өлім құшып жатқандығы да ойына келді. Мағжан қатты қуанып кетті. Бала қиял «Санжар өлмеді, оны кешегі ұлпа қардың жартысы жерге түсіп қалғаны Санжарды аққа орап, өздерінің «әлем-ғажайып» еліне алып кетті. Демек, Санжар ол жерде бақытты ғұмыр кешеді, мен мұнда бақытты боламын. Ата-анамыз уайымдамаса да болады екен», – деп топшалады. Бар ойын осылай түйіндеген Мағжан Айдынның құшағына енді де кетті. Айдын да әкелік тебіреніспен баласының маңдайынан иіскеп, құшағына алды. Жаңа қосылған әкелі- балалы тәтті ұйқыға батты.
Ал, сырттағы ақ қар терезеге қайта-қайта ұрылып, жерге түсіп жатыр. Ұлпа қар емін-еркін толассыз жауа берді, жауа берді…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.