Ілбіс – ібіліс емес…

Аң мен құстардың қазақша атаулары жайындағы кезекті пайымымызды мысық тұқымдас жыртқыштарға арнасақ деп отырмыз. Бұл тақырыптағы әңгімемізге біз аңшы достарымыздан, кейбір таныс мамандардан естіп-білгендерімізді арқау еттік. Сондай-ақ Тәуелсіздік таңынан бері көптеген сөздіктер жарық көрді. Қолға тимей кеткен Сауранбаев сөздігі, Кеңесбаевтың фразеологизмдері қайта басылып шығып, оқырманның қуанышына айналды. Орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздіктер, алуан түрлі түсіндірме сөздіктер толықтырылып, өңделіп, жетілдіріліп том-том болып жарық көруде. Бұларға қосымша орман шаруашылығына, ауыл шаруашылығына арналған салалық сөздіктерді де сүзіп шықтық.
Осыдан отыз жыл бұрын жарық көрген он томдық Түсіндірме сөздікке 66,9 мың атау сөз бен 24 мың сөз тіркесі енгізілсе, Елбасымыздың алғы сөзімен 2014 жылы шыққан «Қазақ сөздігіне» ұзын ырғасы 154,3 мыңнан астам лексикалық бірлік қамтылыпты. Тәубе дейік, тілдік қорымыздың мұншалық байлығы – шын мәнінде ұлтымыздың ұлы қазынасы.
Осы орайда біз азды-көпті пікір айтып жатсақ, ол біреуді сынау, біреуді мінеу тұрғысынан емес, ойлассақ, кеңесіп ортақ шешімге келсек, атауларды бір жүйеге түсірсек деген алғаусыз ниет қана. Жаңсақ кетсек, оқырман ағайын түзете жатар деген ойдамыз.

***

Сөздіктердің көбінде гепард – қабылан, леопард та – қабылан, пума – қабылан, пантера – ол да қабылан, ал, снежный барс – қар қабыланы, әйтеуір басқа атау табылмағандай, бәрі «қабылан» болып кетіпті. Ягуарды ғана ешбір сөздік қабылан деп көрсетпепті, оған да шүкір.
Немесе пантера – ілбісін, леопард – ілбісін, снежный барс – ол да ілбісін болып жүр.
Бұл аңдардың бәрі мысық тұқымдастар қатарына жататыны баршаға аян. Солардың ішінде төртеуі – арыстан, жолбарыс, леопард, ягуар – пантера тектестер өкілдері. Мысық тұқымдастардың жояндары да, мықтылары да осылар, былайша айтқанда – тектісі, элитасы. Бұлардың ұқсастығы, туыстығының жақындығы соншалықты – бір-бірімен шағылысып, тұқым өрбіту мүмкіндігі бар. Бұл супермысықтардың денесінің ірілігі тұрғысынан бірінші орында – жолбарыс, содан кейін – арыстан, үшінші – леопард, соңында – ягуар тұр.
Лев – арыстан, тигр – жолбарыс екенін еңкейген шал ғана емес, еңбектеген бала да біледі. Біздің қосарымыз – арыстанның ұрғашысын – қаншыр, күшігін – абдан деседі. Ал, жолбарыстың ұрғашысын – өлекшін, күшігін – шөнжік дейді. Кейде жолбарыстың күшігін «сарымақ» деп те атайды екен.
Ата-бабаларымыздан «Арыстанда бір жігіттің күші, қырық жігіттің жүрегі бар. Жолбарыста бір жігіттің жүрегі, қырық жігіттің күші бар» деген нақыл қалыпты. Соған қарағанда арыстан жүректі, жолбарыс жалтақтау. Алайда арыстанға қарағанда жолбарыстың күші басым екенін ұғамыз.
Орысша гепард – мінеки, қабылан дегеніңіз осы. Қабыланның қолға үйретіліп, адамға қызмет жасағанына бес мың жыл болды деседі ғалымдар. Иранның патшалары, Бұхардың әмірлері, Тұранның хандары мен мырзалары қабыланды ит орнына пайдаланып, аңға салған.
Леопард – тропика мен субтропиканы мекен ететін бұзаудай ірі мысық. Аса сақ жыртқыш, адамнан да, айуаннан да қорықпайды. Өз салмағынан да ауыр жемтікті тісімен тістеп, ешкімге жеткізбей алып қаша алады. Мысалы, елікті тістеген күйі үш метрге дейінгі биіктен жасқанбай-ақ қарғып өте береді екен. Ал, жай кезде төрт метр биіктік оған бұйым емес. Ұзындыққа секіруден де алдына жан салмайды – он метрге секіріп кетеді. Ұстаған жемтігіне өзі жоқта басқа бір аңның тіс тигізгенін сезсе, ол жемтікке леопард қайтып жоламайды. Соншалықты кірпияз, тәкаппар, паң жыртқыш.
Ягуарды «теңбілтер» деп аударып жүр. Яғни, «терісі теңбіл» деген ұғымды негізге алып, қолдан жасаған сәтсіз атау. Бұл жыртқыш Орталық Америка аумағын мекен етеді. Қазақстанда ғұмыры болған емес, ешбір қазақ оны ғұмыры көрген емес. Сондықтан, көрмеген жыртқыштарға ойдан ат құрап қайтеміз? Халықаралық терминдегі өз атымен «ягуар», «леопард» дей бермейміз бе?
Пантера, сөздіктерде жазылғандай, ілбіс те, ілбісін де, қабылан да емес, қазақ оны ежелден «бабыр» атаған. Ал, ілбіс немесе ілбісін – ол кәдімгі қар барысы, яғни «снежный барс». Оның ұрғашысын – таутан деп атайды. Атам қазақтың «Таутанын тас-тап барыс ат, жаға болар ішікке» деген сөзі бар.
Алтайдың қарлы шыңдарынан барысты неше мәрте кезіктірген менің кәсіби аңшы досым Ерен Жұмағұлов барыстың күшігін – алан дейтінін айтты. Бұл жөнінде біздің бабаларымыздан «Алма апаннан аланды, таутан ұрар балаңды» деген өсиет қалыпты. Тегі, соған қарағанда күшігіне тисең – барыс көкеңе танытатын кекшіл жыртқыш болғаны ғой?
«Қар» сөзі кейін орысшадан аударма арқылы қосылған. Қазақ оны тіркемесіз, жай ғана «барыс» атаған (мыс.: таутанын тастап барыс ат). Орта ғасырларда патшалар мен корольдер «ілбіс тон» кигені тарихтан мәлім. Ілбіс тон қасиет саналған, әулиеліктің, монархтық киелі биліктің белгісі деп қабылданған.
Ұят болғанда, анау бір жылдары әлдебір журнал қардың ең тазасында жүретін, бұлақтың мөлдір тұмасын ішіп, шөптің сонысында аунайтын, ауаның кеңсірік жарған шыңылтырын сімірген, хайуан да, адам да бармас биікте жүретін осынау текті аңды – «ібіліс» деп жазып жіберіпті. Ібіліс – «жын-шайтан, пері» деген жаман ұғым беретінін білгендері жөн еді.
Ал бүгінгі әдебиетіміздің абызы Мұхтар Мағауин былай дейді: «Қар барысы» – «снежный барстың» тікелей аудармасы. Орыстың көлеңкесі жоқ кезде Алатау мен Ерен-Қабырға, бүкіл қырат Азияда ғұмыр кешкен, қазірде мүлде сиреген, мысық тұқымдас, қожбан, жыртқыш бұл аңның қазақша атауы «ірбіс».
Ғұлама білімпаз ағамыз рас айтады, «ірбіс» атауын біз де талай естіп жүрміз. Тіпті Қазақстанда қайнатылатын сыраның бірі «Ирбис» аталыпты да, қалбырының сыртына біз сөз етіп отырған барыстың суретін салып қойыпты.
Мысықтың орысша каракал, қазақша қарақал, яғни қазақтың қара құлақ деген сөзінен шыққан бір түрі бар. Ол біздің елде Маңғышлақ түбегінде кездеседі. Түсіндірме сөздік «қалың жынысты, көлді жерде мекендейтін сілеусінге ұқсас, дене тұрқы 65-82 см-дей, құлағының сырты қара мысық тұқымдас жыртқыш» деп анықтама береді. Қарақалды кейде орыс аңшылары «степная рысь» деп те атайды.
Қазақстанның таулы ормандарын мекендейтін негізгі жыртқыштардың бірі – сілеусін (рысь). Құйрығы шолақ, танауы таңқы, құлағы ербиген. Ербиген құлағының ұшында желкілдеген шашағы бар ұзын сирақ шұбар аң. Жемтігіне бетпе-бет келмейді, көбінесе ағаштың басынан секіріп, ту сыртынан, жон арқадан басып қалады. Сілеусіннің адамға шабуы сирек құбылыс, бірақ қыс кезінде ашыққан аңнан бәрін күтуге болады. Алтайда сілеусіннің атты адамның үстіне де қарғыған оқиғасы тіркелген. Сондықтан, орман ішінде келе жатқан жалғыз-жарым туристерге, сақтық үшін, көзілдірікті теріс қаратып киіп алу ұсынылады.
Камышовый кот – жабайы мысықтың планетамызда көп тараған түрі, оны қазақ мәлін атаған. Бұл тұқымға, сондай-ақ шағыл мысығы (кот барханный), дала мысығы (кошка пятнистая), сабаншы (манул) жатады. Шағыл мысығын кейде сарбалақ деп те атайды (сарбалақ атауы бүркітте де кездеседі). Бұл мысықтардың ұрғашысын қазақ мырсын деген.

Әлібек Асқаров

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.