ҚАНАТЫ КҮЙГЕН КӨБЕЛЕК (Әңгіме)

Төкен Әлжантегі

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, проза, драматургия жанрлары бойынша республикалық, Халықаралық бәйгелердің бірнеше мәрте жеңімпазы, оннан астам прозалық кітаптардың авторы. Драмалары көптеген театрларда сахналанса, әндері теле-радиодан жиі беріліп тұрады. Сонымен қатар, бірнеше шығармалары түрік, қытай елдерінде жарияланған, орыс тіліне аударылған.

Табалдырықтан сыртқа аттай бере басын бір жағына сәл қисайтқан қалпында көзін сығырайта жоғарыға қараған. Аспан көкпеңбек екен. Ине-жіптен жаңа шыққан қыз көйлегіндей тым көркем. Басқа емес, дәл Жұпардың жақында дүкеннен сатып алған, артынша көшеге киіп шығып, бөтендердің сұқтарын суырған затындай жанар арбайды. Бір ғана айырмасы бар: аспан жансыздықты жетеңе тоқпақтай тықпаласа, Жоламан ынтық қыз көйлегінің етегі желмен тербетіле әлденендей құпияға деген құштарлығыңды оятады. Елітесің, есеңгірейсің, бірақ ес-түсіңді жоғалта бассыздыққа аттап баспайсың. Өйткені, оны жаныңнан артық жақсы көресің. Ал, жақсы көрген адамыңа ожарлық таныту жігіттігіңе сын. Өйткенше қас-қағымда сеспей қатқаның мың артық.
Тек көйлек қана ма? Жұпардың өзі де көк аспандай тұп-тұнық, көк аспандай мөп-мөлдір жан ғой. Көзін сәл төңкере тастай беріп, екі бетінің ұшына шұңқыршалар қондыра сиқырлы жымиғанының өзі неге тұрады! Әуезді үнінен жүрекке жетер жылылықты сезіну де бір ғанибет екенін жігіт әлдеқашан мойындап қойған. Тым ерке қылықтары қыздың балалықтан әлі де алыстай қоймағанын аңғартатын. Мейлі, алыстамаса алыстамай-ақ қойсын – алақанына салып аялап жүруге жалықпайтыны аян.
Дегенмен… Дегенмен, жігіт сезімін қыз сезіне алды ма? Қияли түйсіктің ең құрымаса бір жаңқасын көруге оның зауқы соқты ма, мұның риясыз көңілін тануға титімдей болса да құлық байқатты ма? Мәселе түйіні тап осы араға тірелгенде Жоламанның тапырақтаған аттай жүрісінен жаңылыса беретіні бар. Өзіне ғана аян сыр: бұл әлі ештеңе айта алмады, қыз да елп ете қояр рай байқатпады. Бірақ бұл үнсіздік қаншаға созылар дейсің, күндердің күнінде жұмыртқадан жаңа шыққан балапандай шиқылдай бастайтыны анық жағдай ғой. Тек, сол шамаға тезірек жетуге жазсын дейді, жүрегі құрғыр алабұртып.
Ол қияли ойын қисынға балай қисайған басын бір жағына қарай сәл бұра, жусан иісінен бе, түшкірікке бастаған жыбырлай қалған тәмпіш танауын қолының сыртымен уқалап-уқалап жіберіп, бәрі басылған тұста қайтадан жоғарыға үңілді.
Жо-жоқ, неғып бұрын байқамаған, аспан көкпеңбек емес, күлгін тартып тұрған сияқты ма, қалай өзі? Тура шешесінің жуа-жуа өңін жоғалта бастаған орамалының көшірмесі. Онысы жаз айларында күн құрғатпай ауладағы кір жаятын жіпте ілініп тұрушы еді жел қағып. Енді, міне, анасы кеткенде көзден де, көңілден де құрдымға жоғалып тынған. Өмір дейді мұны кейбір білгішсымақтар, жазу дейді пәлсапаға байланғандар. Жігіттің ойынша олай емес – бәрі тіршілік заңдылығынан. Туу растығы барда соңынан өлу ақиқаты қара көрсететінін адамзаттың жадынан шығармағаны жөн. Мысалға, Жоламанның да күндердің күнінде тырапай асуы, яғни, кейбір ауылдастары сияқты түнге қарай төсегіне аман-есен қисайып, ертесіне орнынан тұрмай қалуы әбден ықтимал. Өлді деген осы. Әріде жер тепкілеп жыласаң да көрге кірер денені керіге қайтара алмайсың. Бұл шындық. Ал, шындықты мойындамау нағыз көксоққандықтың белгісі. Олай болса, анау деп, мынау деп тападай тал түсте сандалмағаны дұрысырақ.
Анасы неден өлді? Аурудан деп түйген дәрігерлер соңғы берген анықтамасында. Әрине, атың өшкір жаман сырқаттың алып тынғанына ешкім таласа алмайды. Әйткенмен, сол сырқатқа жеткізген ненің салдары? Дәл осы сұрақтың түйінін тарқатуға айналадағылардың құлық қоймағаны өкінішті. Жоламан бәрін білді. Анасының уақытынан бұрын құлауына себепкер – құса. Ол құсадан көз жұмды. Көр-жердің бәрін ішіне тықпалаған әзіз жан сол тығындының салмағын көтеріп жүре алмады. Ақырында жалғанды талақ ете кетер жеріне асығыс кете барды. Оспадар тағдырға не дауа…
Жарияны жасырмау керек қой: Жоламан тірі жетімдер қатарында өсті, анасы тірі жесір атанғалы қай заман. «Тірі жетім, тірі жесір». Бұл несі дер кейбіреулер? Солай! Әкесін басқа біреулердің әкем, шешесінің байын өзге әйелдің ерім деп танығанына талай жыл. Нәтижесінде торсаңға томсырайған байғұстар томаға-тұйықтықтың тораңғысында тасыр-тұсырға елікпей, айхой да ойхой тірліктің дабылына емексімей бұйығы күн кешті. Болған-біткені осы ғана…
Жо-жоқ, қателесіп барады. Бәлкім, шешесінің сықырлауық есіктің әр дыбысына елеңдеуі соңғы демімен бірге үзілген шығар, ішіне кіріп-шыққан ешкім жоқ қой, оны тап басып айта алмайды, ал, баланың әкеге деген көңілі баяғыда қарайған.
Әлі күнге ұмыта алар емес, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас шамасында болған оқиға. Дүние апай-топайлықтың аласапыранында сүрлігістен көз ашпаған сүреңсіз уақыт еді ғой ол кезең. Сонда дастархандағы кепкен нанды қара суға мала жібітіп жеп отырған анасын аяған бала үн-түнсіз сыртқа шығып кеткен. Жәй шықпаған, әлденеге бекіне, әлденеден үміттене қала шетіндегі дәулеті бар жекелеген адамдар тұрғызған сәулетті сарайларға қарай жөнеп берген.
Арқаның қысы қай күнінде оңған дейсің, әсіресе ақпанның май бораны бас көтергенде айналаның алай-түлей бұрқақтың құрсауында қалатыны белгілі жағдай. Міне, осыған қарамастан көнетоз, қаудырлақ тонсымағын киіп, бүрсеңдей тартқан бала межелі жеріне жеткенде ойлаған ойының болар-болмасына жүрексінгендей аулада біраз бөгелгені бар-ды. Соңынан, шешінген судан тайынбастың керін келтіре, қақпаны теуіп-теуіп қалған. Бірақ, арғы жақтан тырс еткен дыбыс естілмеді.
Бойын ыза кернеді. Тағы тепті. Сонда ғана:
– Мынау кім өзі? Сайтан алғыр, есікті сындыра ма… Қазір, қазір… – деген әйелдің шаңқылдақ үнін құлағы шалды.
Қарымта дыбыс салмастан есікті тағы бір-екі рет теуіп-теуіп қалды.
Сол екі арада: «Ашсайшы, көршілер шығар, болмаса адасқан, жөн сұрамақ біреу де», – деген еркек дауысы құлағына жетті. Таныды – әкесі.
Сөйткенше тиектің сырт етіп ұяшығынан сусып, ішке қарай бу лықсыта темір есіктің ашылғанын байқады.
Таныды-ау сірә, әйел мұны көргенде жүзі күреңіте, көзі ақшия қарады.
– Бейшара-ау, жеті түнде неғып жүрсің, тентіреп?! – деді шашы қобдырай, бала көзіне сайтанды елестеткен ол зірк етіп.
– Әкемді шақыр, әңгімем бар!
Анау кекесінді мырс етті:
– Әкем?! Ол тағы кім еді?
– Сенің байың!
– Мынау қалай-қалай сөйлейді-ей?! Тілің кесілгір кер екенсің ғой өзің! Сандалма, шырағым! Менің байымның балаларының бәрі сен сияқты түн ішінде ауыл кезе қайыр сұрап жүрген жоқ, жылы жерде отыр. Ендеше, аузыңа келгенді көкімей кет бұл жерден!
– Кетпеймін!
– Кетпесең арам қат!
Әйел бұдан әрі сөзге келместен долдана есікті тарс жауып алды. Сол тарс жабуымен Жоламанға табалдырықтан әрі аттар құқық берілмегенін қапысыз ескертіп қойды.
Енді не істемек керек? Әлде қайтадан қақса ма?
Дәті бармады, батылы да жетпеді. Ана әйелдің бетін енді қайтып көргісі келмеді, көруі екіталай болатын.
Қорынды. Шегіншектей шарбақ аузына жетті де, сол жерге бүріскен күйі жүрелей отыра кетті. Іші қыж-қыж. Басқадай дәрменге қауқары жоғын сезінген сайын жүрегі езіле түседі. Өлгісі келгені сол тұста. Майлы боранда далада қатып қалса өкінбейтін.
Қанша отырғаны беймәлім, жанынан өтіп бара жатқан бейтаныс бір әйелдің жанашырлығымен тіршілікке қайта оралғаны бар. Ол жол шетіндегі бағанада жанған шам сәулесінен мұның қарасын байқап қалған-ау шамасы, өбектей орнынан тұрғызып, икемге келуден айырылған баланы үйіне демей алып барып, ыстық-ыстық шәй ішкізіп, ақырында пеш жанына төсек сала жатқызып, ертесіне ғана қайтуына рұқсатын берген-ді.
Пеш түбінде жатқанда баланың мыйын нелер шиырламады дейсің. Туғанның қатыгездігі, бейтаныстың қамқорлығы – бәр-бәрі бірінен соң бірі кимелеп жуыр маңда ұйықтатпай қойған. Әрі-беріден соң ағыл-тегіл жылағысы келгені жасырын емес. Ботадай боздап, іштегі қақ-соқты сел қылып ағызып жіберуді ниет еткенімен, оны да жүзеге асыра алмай қиналған. Артынан тынышталған да. Басы ауырғанның қасында балтыры сыздамайтындардың барын біліп, сондайлардың алдын көруге өзін-өзі күштегеніне қатты өкінген.
Кейінде Жоламан әкесін іздеуді мүлдем доғарды. Әке тұрмақ туған-туыстан қашқақтап жүретін әдет тапты. Сылдыраған сөзбен ғана тойындыратын олардан не қайыр…
Сап-сап көңіл, сап көңіл.
Жігіттіктің желең шағына жетіп, қалалық газет бетіне өлеңдері жариялана бастаған шамада әкесінің өзін жолықтырғаны бар-тын. Көшеде кездескен.
– Бәсе, менің қанымнан жаратылғандар қап түбінде қалмаса керек еді, жарадың, балам, жарадың! – деген сонда ол қарқ-қарқ күле, құшақтамаққа ниеттене.
Бұлт еткен Жоламан оған жаратпай қараған. Бірақ, қарымта сөз қайтармаған, «әке болғаныңа»… дегенді таныта ернін жымқырған қалпында бұл маңнан жылыстай берген.
Бұл әке мен бала арасын жалғаған соңғы қылдың үзілуі еді.
Жігіт жел қаққан жұқалтаң өңіне ызыңдай келіп қонған шыбынды жасқамастан қайтадан жоғарыға қарады. Аңызақтан шаңытқан аспан күлгіндігін әлі сақтап тұр екен.

***
«Сонда біз әппақ деп алданып жүрген мына дүниенің аққа да, көкке де жатпай, өңі қашқан күлгінге келгені ме?» деп таңырқады Жоламан алға қарай қадам жасай беріп. «Бәсе, – деді тағы да өз ойын дамыта, – адамзат адалдық пен шынайылықтан неге қашқақтап жүреді десем, олар күлгіндік болмысқа әбден сіңісіп кеткен екен ғой…».
Өсіңкіреген, талайдан тарақ тимеген жалбыр шашын селкілдете басын шұлғып-шұлғып қойды. Ылғый осылай, өзі айтпақшы «жаман әліне қарамай» қақ-соқты суыртпақтап, қағылған-соғылғанды жағалауға құмар-ақ. Төрт құбыласы тең тұрған жандай ойдан ой тарқатуға әуестігі басым. Ондайда көзінен от шаша, жанданып шыға келеді. Саяқтық сартабын жасынан кешудей кешкенінен шығар, болмаса митың-митыңнан жалыққанынан да, әйтеуір құтырған қасқырдай жұғысқанына азу тісін басып қалуға ыңғай беріп тұратыны қиын енді. Ақты ақ, қараны қара деп айыра алмай қалмаймын ба деген күдік те мұндайда күресінге қарай ысырылып тасталады. Данышпандығынан емес, далбаққа дабыр қосқанына да жатпайды, қауашаққа мый орнықтырған соң ол өз қызметін белгілі дәрежеде атқаруы керек деген ұғымынан. Әйтпесе, жүрген жоқ па талайлар иығына бос қауашақты қыстырып алып, онысы қалбырдай қаңғырлап. Сақтаса Құдай сондайынан сақтасын!
Әй, бірақ… Сақтар-сақтамас, ол жағы неғайбыл, сартаптықтың соқпағын алдыңа кесе-көлденең тартқанда уақыт деген пәрмендіге қылар амалың жоқ шығар, сірә да. Ол тосарын тосқанда тырдай жалаңаштығыңды елемей емпеңдей жөнелетінің қиын енді. Мұндайда қайдан шыққаныңды, қайда беттегеніңді ажыратпаған қалпыңда ебіл-дебіл екіленетінің мүлдем түсініксіз. Несібеңнен қалып қоярдай ереуілдейсің келіп, бар мен жоқтың арасын айыруға шамаң жетпей. Сөйтесің де, ақыр соңында бір қалтарыста қыршыныңнан қиылып бір-ақ тоқтайсың. Қиылғаның – өлгенің. Ал, өлген соң қара бақырлық құның қалмайтыны болса-болмаса белгілі.
Сонда дейді ғой, сонда өлмес өмірдің шікірәсін қайдан іздемек? Бүкіл өмірін сарп етіп тентіресе табар ма? Таппас та. Өйткені, Жаратқан ие құлақ кесті құлына көп тылсымның ұшығына жетуді бұйыртпаған. Азбен алдап, сол азды қанағат етуді ғана мансұқ еткен. Ендеше, азбандыққа қимаң қышымай тыраштықты малданып, типың тірлігіңді там-тұмдап жалғастырғайсың, Жоламан…
Әрненің басын шала, айналасындағы күнделікті өтіп жатар құбылыстарды елең қылмастан, танауын көтеріп алған қалпында ешкімді менсінбес тәкәппарлықпен келе жатыр. Бойы бір қарыс екеніне қарамастан қара жерді жалғыз басқан пенде тек өзі сияқты тым кердең. Осы күйінде тірі жетімдігінен жұрнақ жоғалып, болған мен толғанның нағыз піспесін айналасына айғақтайды.
Қаланың батыс қапталындағы жатаған үйлердің қатарын сиреткенде алдынан Тортай ұшырасты. Бұл кәдімгі жасынан бірге өскен, қазір де жұбын жазбаған құрдасы «тобылғы торы Тортай» болатын. Тобылғы торы дейтіндері ыстықта да, суықта да жүзінен қызыл жоғалмайды. Сонысына қарап Жоламан кезінде бір ауыз балама айтқанда, онысы ауыздан ауызға тарап, ақырында жанама есімге ұласып кеткен. Бірақ, оған ыңғайсызданған не шамданған құрдасы жоқ, дәл осылай шақырсаң ыржия жүзін бұрады.
Бұған қарап оны ешкім босбелбеу деп табалай алмас. Аттанға атқақ қосқанда алдына жан салмайтын жігіт. Ерегіскенінің ауызын күншығысқа қаратып жіберетін әдеті барын білетіндер жел жағына шықпақ тұрмақ ығында абайлап жүретіні белгілі.
– Ассалам! – деді ол жалғызсыраған көңіліне демеу болар серік тапқанына қуанғандай сонадайдан ыржалаңдап.
– Уассалам! – деді бұл да өздерінің тілінен жаңылыспай.
– Иә, танауды көкке іліп алып қайда беттедің, құрдас?
– Жөргем ілігер деген үміттің жетегінде жүрген ғой сол.
– Ендеше іліккеніне иланғайсың. Бүгін менің «қолыма қарға тышқанын» ана иісшіл мұрның сезген-ау, сірә, ә?
– Сезді деп өтірік айта алмаймын. Алайда, қара көрсетерлердің кездесетінінен үмітімді үзбегенім анық.
– Олай болса тек алға!
– Үйірімен үш тоғыз!
Бірі зор, екіншісі тәпелтек екі жігіт бұдан әріде ләм-мимге келместен қатарласа алға озды. Екеуі де білді, бас қосар тұста қараларының толыға түсетінін. Білді де ауыз көпіртуді артыққа балады.
Бұлар тұратын қала етек-жеңін жинай алмай далиып жатқан алыпқа жатпайды, мына басынан ана жақ шетіне жаяу тартсаң жарты сағаттың о жақ, бұ жағында жетіп баратын, өзіндік сәулеті өзіне жарасқан жып-жинақы шаһар. Өткен ғасырдың елуінші жылдары іргетасы қаланған кеншілер мекені. Содан да болар, бұрында тас лақтырсаң тигені өзін не кенші, не металлургпін деп таныстыратын. Қазір мүлдем басқаша сипатта: өндіріс қожырағалы екі қолға бір күрек таппағандар салпаң жүріс пен бастары қосылғанда сылдыр сөзді сапырушылар қатарын толықтырған да қойған. Жоламан мен Тортайды да іздесең сол маңнан табасың. Е-е, демеуі жоқтан тоқтық шақыру қалғалы қаша-а-ан-н…
Алайда, дәл осыған қынжылып жатқан құрдастар жоқ. Күнделікті көретіндерін көріп, бұйырғанын нәпақа етуге әбден дағдыланып алған.
Қала сыртын түстігінен орай толқынын өргізген жасанды су қоймасының жағалауына жеткенде бірге жүрерлердің біразы жиналып қалғанын байқады. Олар өздерінше мәз. Газеттен жайылған дастарханға қонақтағандарды кезекпе-кезек қаузай, ара-арасында шишалардағы сұйықтықты өңештей қылғытып ду-ду.
– Мынау ненің құрметіне-ей?!. – деп таңырқаған Тортайға әлдекім:
– Мусиктің жұмысқа тұруының жууы ғой, – дей салды немқұрайлы.
Мусик – Мұса, қақ-соқпен ісі жоқ шикіл сары бала. «Үлкен бір қызметте апайтөс ағасы бар деп естуші еді, соның шарапаты тиген шығар» деп түйді Жоламан ішінен.
Дабыра біразға созылды. Бұл арада ортаға шығарылған азды-көпті тиын-тебенге дүкен жаққа жүгіріп келгендер де болды. Ақырында Тортай жанықты:
– Әй, қиқымбақайлар! – деді ол көтеріле сөйлеп, Мусик алғашқы жалақысын алғанда оның қолына телміретініміз шүбәсіз. Сонда жүзіміз жарқын тұруы үшін оны сора бермей біз де бір мезгіл жомарттық танытайық, мен сендерді дәмханаға шақырамын!
– Пау-ей! Мынау қайдан келген дархандық?!
– Жоқтық жомарттың қолын байлаған. Күнұзын бақыр санап отырғанда қайдағы дәмхана…
– Даурықпаңдар, Тортай айтса бірдеңені біліп айтып отыр. Олай болса, аузына қақпақ болмаңдар. Солай емес пе, тобылғы торым?
Маңайдағылар бұдан әріде тілдерін тістей жапақ-жапақ Тортайға қарасқанда анау мағұрлана мұрнын шүйірді.
– Сөздің байыбына бармай қарғадай қарқылдаудан жалықпайсыңдар-ау, түге. Бірде бар, бірде жоқ дүниеге үнемі өкпелегеннен гөрі сәтке ғана оған ілтипатпен қараған да дұрыс екен. Мен сөйтіп едім, бере салды. Алыстан келген бір ағатайым қолыма қаудырлақ қағазды ұстатқанда көзімнің қалай жайнап кеткенін көрсеңдер ғой! Ендеше не тұрыс, кеттік!
Тортай ата қаздай мамырлай алға түсіп жол бастағанда қалғандары құнжыңдаса соңынан қалай еріп ала жөнелгендерін байқамады. Даяшыға тапсырыс бергенде де Тортай сөйлеп, басқалары біріне бірі қараса жымыңдасудан аспады.
Барлық пәле сонадайдағы стөл басында отырғандардың жырқ-жырқ күлкісінен басталды. Ойында ештеңе жоқ, Жоламан әлгілер жаққа мойнын бұрғанда өз көзіне өзі сенбеді. Араларында Жұпар бар екен. Жағасы жайлаудағы қыз анаған да, мынаған да үзіле қарап, олардың аузынан шыққан әрбір сөзге жырқ-жырқ күле береді. Әсіресе, қатар отырғанға үздіккенін байқасаң жүрегің тоқтап қалардай. Анау жігіт қолын болса-болмаса қыз иығына артып алған. Тартса кеудесіне басын салады, сәл босатса және алып кетуге асықпайды.
Қаны басына шапты.
Әріде не істеп, не қойғанына есеп бермеді.
– Екеуіміздің сөйлесуіміз керек, – деді қыздың жанына жеткенінде жүзі қарауыта.
Жұпар тартынғанда қолынан шап етіп ұстай алды.
– Мен сені жеп қоймаймын. Сыртқа шық, әңгіме бар.
Осы кезде қыздың жанындағылар өре түрегелісті.
– Жігітім, жөніңді тапсаңшы! – деді біреуі ызбарлана.
– Көңіл-күйімізді бұзбайық, бара ғой! – деді екіншісі сыздана.
Намысы жанықты.
– Ал, бармасақ не істемексіңдер, қырамысыңдар! – деп бұл қырсыға түсті.
– Онда өз обалың өзіңе!
Ананың қалай ұрып жібергенін білмейді, бүктетіле құлағанында апай-топай жүгіріскендердің аяқ дыбысын құлағы шалды. Сөйткенше мұны ұрған да жалп етіп жанына ұзынынан сұлап түсті. Әрине, ішінен сезді, Тортайдың үлесі бар, мына жанның жатысында.
– Төбелес!..
– Полиция шақырыңдар!
– Өй, өңшең бұзақылар! Бұларға дауа жоқ шығар, дауа!..
– Полиция! Полиция!!.
Одан әрі не болғаны түс сияқты. Апыр-топырдың арасында бірнеше досы Жоламанды сүйрете-мүйрете сыртқа атылды. Былай шыққан соң аман-есен құтылғандарына тағы ішінді. Одан арғысы…
***
Есін жиғанында есік алдында тұратын ағаш сәкі үстінде шалқасынан жатқанын аңғарды. Қатып тұрып ұйықтаған-ау шамасы, әжептәуір тыңайып қалыпты. Дәл осы сәтте басы қорғасындай ауыр тартқанымен, қол-аяғында қимыл баршылық. Ендеше, тірілер қатарынан қалыспағаны күмәнсіз. Ал, тірі болғаннан соң әрі-беріден кейін шауып ала жөнелетіні, әлбетте, белгілі.
Кімнен кем, шапқыласа шапқылайды, қашықтықтардың апшысын қуыра. Өйткені, уақыт деген патша бір орнында бөгеліп қалмаған. Ол бөгеліс таппағаннан кейін өмір – керуенге ілескен пенде баласы да арқандаулы аттай қазығын айналсоқтай бермеген. Барарына баруға жанұшырған, кеудесінде жаны бардың барлығы. Бәлкім жетер, бәлкім жетпей орта жолда желкесі қиылып тынар – маңдайындағы жазуға байланысты. Итің тірліктің изеңіне мойынсұнғанның қалбаң мен далбаңның даңғазасын жариялай дабыраға дабыл қоса кернейлететіні сондықтан. Мұндайда жолында ібіліс тұрса жасқанбайтыны, тіпті оны қаға-маға өте шығатыны белгілі. Шаңдақтың шаңын бұрқырата, тастақтың қиыршығын табанында илейтініне сенгенінен сөйтеді. Саппастығынан, әрине. Қарап тұрсаң адамдар саппас-сабылыстардың сартабын сезінуден аулақ кеткен, сол адамдарды топтастырған заман саппас-миллиондардың милығысына тырқ-тырқ күлуден басқаға мойын бұруға ниеті аумаған. Сонда дейді, сонда алқын мен жұлқынның басалқысын қай тұстан іздемек керек? Сүргіннің үстінде мына сұрақтың жауабын табуы мүмкін бе? Білмейді. Білмегенсін ғой не болғанның, не біткеннің елестерін жинақтай алмай тырайып жатқаны…
Шынында бүгін не болды өзі, нендей оқиғалардың ортасына килікті? Ескі таныстарын тапқаны ақиқат. Олармен біраз «ұрттағанын» жасырмақ емес. Дегенмен, бұрын там-тұмдап ішетін шарапқа неге сонша көңілі кетті?.. Тоқта, тоқта! Жұпардың сұлбасы қайдан шықты?.. Қасындағылары кімдер? Е-е, бәрі содан басталған екен-ау.
Сонадайдан біреу артын ашып тұрғандай жырқ-жырқ күлгендерге әуелде әуестікпен қарап отырған Жоламан қыз басы қатар отырған жігіттің иығына қайта-қайта қисайғанда шыдай алмаған. Ішін қызғаныштың қызыл иті тырналап, таныстарының алдында тұрған ыдыстардағы шараптарды бірінен соң бірін жұтып-жұтып жіберген. Ол аздай бөтелкедегіні өңешіне құя салған. Ақырында қызуы көтеріле Жұпарға жақындап, оны оңаша алып шығуға тырысқан. Басқадай ниеті жоқ еді, сөйлеспекке ғана тартқылаған.
Арғы жағы… Одан арғысын айыра алмайды. Жұлқынған қыздың ащы дауысымен көтерілгендер мұны жалпасынан түсірді-ау тәрізі, өзімен бірге келгендер ебіл-дебіл жетіп демегенде еденде жатқанын түсінді. Артынша шарт па шұрт пен шаң-шұң көтеріліп, одан да кейінде жанындағылар мұны сүйрете далаға қарай жөңкіді.
Болған-біткені осы ғана. Сонда мына жатысына не жорық?..
Сабыр, сабыр. Сыртқа шыққаннан соң жаны байыз таба алмап еді ғой. Сонсын тағы шарап алдырып, көні кепкендей оны сілтеді дерсің. Таныстарының тоқтам салғанына көнер сыңай байқатпады. Ақырында… жатқан жерінің түрін. Салқын үй, салулы төсекке де жете алмағаны қай алжасқаны?
Жоламан көзін сығырайта есік маңдайшасында жанып тұрған шамға қарады. Күндіз-түні өшпейтін жарықтың маңайы толған жынды көбелектер. Құж-құж. Әрлі-берлі қалбаңдай ұшып дамыл табар емес. Ғажабы сонда, қара-құрасы көп болған сайын біріне-бірі соқтығысып қалудан аулақ. Жолын біліп, жобасын алдын-ала айқындап қойғандай бәрі жөндерімен қозғалысады. Дәл осы қимылдарында оларды «жынды» деп атағандардың өздерінің жынды екеніне күмәнің қалмайды.
Жынды болмаса Жұпарда несі бар еді. Иемденердей сөз салып, қыздың жар болуға уәдесін алып па еді. Сөз салған, уәдесін алған күнде де көрден көрге, жерден жерге тығар, басқа адаммен кездесуге еркіндігін шектер құқықты бұған кім бере қойғандай? Соны білмегені ме?
Білмейді. Өйткені, өзімшілдік деген батпан сор пенде баласынан аспаған. Мына көбелектерді «жынды» деп атауы да тегін емес – өз жындылықтарын жасыруға талпынған ниеттерінен. Шын мәнінде адамнан озбыр, адамнан кесапатты таппассың мына дүниеден. Соның біреуі, міне, жатыр сәкі үстінде тырайып…
Ернін жымқыра жадына тағы бірдеңелерді түсіруге тыраштанғанымен, одан нәтиже шығара алмады. Көмескілеу суреттердің сұлбасы санасында көлбеңдей береді де, артынан мүлдем жоғалып тынады.
Жүрегі алабұртқандай болды. Тамағын қырнады:
«Бұлаң күндер тасасын сыз ықтаған,
Сыздауытқа тағдырын түзіпті адам.
Жалған дейміз жап-жарық дүниені,
Жалғандықта сыр көп-ау біз ұқпаған.

Тұрған шақта оң-солдан себелеп кер,
Қисынсызға айналған кереметтер.
Бақыттырақ адамнан байқасаңыз,
Отқа ұмтылған есалаң көбелектер…
О, жынды көбелектер!..»
Өз-өзінен мырс етті. «Иә, осы жынды көбелектердей де бола алмағанымыз ба?» – деді сонсын күбірлей сұрақ қойып. Жауабын өзі берді: «Бола алмаймыз, өйткені, біз екі аяқтылармыз. Ал, екі аяқтыларға жерде төрт аяқтылардай нық тұру нәсібі бұйырмаған. Кей адамдардың арсы-гүрсіде шатқаяқтай қалатынын осыдан аңғара бергейсің».
Тапқырлығына мәз бола екі езуін екі құлағының түбіне жеткізе ыржиды. Сонсын жанарын қайтадан жарық айналасында топырласқан жынды көбелектерге қарай аударды. Дамыл таппайтын бір мақұлықтар шетінен. Қалбаң-қалбаң етеді. Күйемін деп ойламайды да.
Неге күймек? Тағдыры соған жазып тұрса бәрін басынан өткереді де. Жоламан да бала кезінде қанат байлап ұшуды, сөйтіп әкесіне нақ төбеден қарауды армандайтын. «Мен сенен биікпін! Қара, мен сенен жоғарыда тұрмын!» деп жар салуды қиялдайтын. Жетті ме арманына? Жете алмады. Мына сұлап жатысы қанатының күйіп қалғанын айғақтайды. Осы қалпын көрген күлгін аспан миығынан күліп тұрған шығар…
Әлденеден секемденгендей жанарын жоғарыға аударды.
Мәссаған, сұмдық қой мынау! Аспан күлгін емес қап-қара екен ғой! Жұтып қойса қараңды таптырмас тұңғиық бір. Төсіндегі самсаған жұлдыздары жымың-жымың ете Жоламанды да қатарларына шақырғандай. Несі бар, олар шақырса бұл барады.
– Әуп!
Орнынан шатқаяқтай көтерілген жігіт аяғын әпіл-тәпіл баса әлдеқайда беттей берген.
Анасы жатқан қорымға қарай бағыт алғанын түсінбеген де. Бәлкім, тірілерден таппағанын өлілер арасынан іздегенінен шығар…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Бақыт дауыс

    Әдемі жазылған әңгіме екен. Әсерлі. Тілі сүйсінтті. Автордың тіл байлығы көрініп тұр.

  2. Аноним дауыс

    Әңгіме ұнады. Шығармашылық адамдарының басында болатын жайт. Автордың жан толқынысын. ішкі әлемінен сыр шертеді. Жынды көбелектерше…

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.