«Қағылмаған қанаттың қаншалықты кең екенін адам білмейді…»

Ол айналасына нұрын шашып жүретін жарық сәуле секілді. Жарқын жүзді, көркем мінезді, сыртқы болмысы мен ішкі мәдениеті тамаша үйлесім тапқан жан. Танымал тележүргізуші, кәсіпкер Жанат Бақыт сән үйін ашу арқылы табысқа жетіп қана қоймай, еліміздің он саусағынан өнер тамған қолөнершілеріне де қолдау көрсетіп отыр. 

– Жанат, жалпы ұлттық киімдер мен ұлттық бұйымдарға арналған сән үйін ашу ойыңызға қайдан келді?
– Бұл сұрақ маған жиі қойылады. Әдетте, адам жетістікке жету үшін қандай да бір мақсат-мұраты болуы керек қой. Менде ондай мақсат болған жоқ. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деген, аяқ асты қолға алынған бизнес. Өмірде барлық нәрсе бір-бірімен байланысты болады. Көп жыл жаңалықтар жүргіздім, сол кезде ұлттық ою-өрнектері бар камзолдарды эфирге киіп жүрдім. Өзі қазақ телевидениесінде қазақша киім киіп, ерекшеленген, батылдық көрсеткен мен шығармын. Қаншама қарсы пікірлер айтылды. Бірақ, бала күнімнен бойымда қалыптасқан жақсы қасиет пе, жаман қасиет пе, білмеймін, алған бетімнен қайтпаймын. Ел не айтса да кие бердім. Кейін Қазақстанның әр өңірінен ұлттық киім тігетін дизайнерлер маған түрлі ұлттық киімдер ұсына бастады. Мен бас тартқан жоқпын, кидім. Көптеген қыз-келіншектер хабарласып, осындай киімдерді қайдан сатып алсақ деп сұрап жүрді. Көпшіліктің сұранысы мені ойландыра бастады. Бізде ұлттық киімдер сатылмайды, бар болса да, отандық өнімнің бағасын аспандатып қояды. Ақыр аяғы, неге халыққа қол жетімді дүкен ашпасқа деген идея келді. Осылайша «Жанат Бақыт» сән үйі өмірге келді.
– Бастапқыда бизнесті жолға қою үшін мол қаражат жұмсаған боларсыз?
– Бизнестегі басты қасиеттердің бірі деп ойлаймын. Мен үш-ақ секунд ойланам. Сол үш секундта шешім қабылдап, іске асыруға кірісіп кетемін. Дүкен ашу идеясын да аяқ асты қабылдап, үйден шықтым да кеттім. Қалтамдағы ақшамды да санаған жоқпын. Үйдің қасынан жалға берілетін дүкен тауып алдым. Бағасы қолжетімді екен, ішін жөндедім. Эфирге киген киімдерім тәп-тәуір, кәдімгідей жинақталып қалыпты. Солардың бәрін әкеліп дүкенге қойдым. Қазір технология, ғаламтор дамыған заман. Инстаграмнан осындай бір дүкен аштым деп хабарлама жасадым. Өзім сатушы, өзім PR-менеджермін, өзім финансист болдым.
– Алғашқыда өзіңіз сатушы болдыңыз ба?
– Иә, өзім саттым. КТК-да кешкі жаңалықтарды жүргізем. Күндіз дүкенімде сатушы болам. Бірінші күн отырмын, кім келеді екен деп ойлап қоям. Қаланың сырты. Жоқ, жұрт келіп жатыр, бірінші күн, екінші күн. Кәдімгідей оншақты адам келді. «Мәссаған! Расымен істеуге болады екен» – дедім ішімнен. Бір айдың ішінде мен айналымға кіре алдым. Кейін қаланың орталығына көшіп келуіме мүмкіндік болды. Жұмысты бастаған кезде менің қалтамда небәрі 100 000 теңге ғана болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен бірнеше дизайнерлер жинала қалды. Құдай өзі ретін келтірейін десе, бәрі оңынан болады екен.
– Бұл киімдерді тойларға алады ма, әлде күнделікті киюге сұрайды ма?
– Басында көйлектерді тойға кию үшін сұрайтын. Кейін біз дизайны заманға сай күнделікті киімдер шығара бастадық. Бір қарасаң ұлттық киім, дегенмен жай күндері киюге де өте ыңғайлы. Менің мақсатым бұл кәсіптен пайда табу емес. Үш қыз-келіншектің біреуі қазақша нақышта киім киетін болса, ол мен үшін үлкен жетістік, үлкен бақыт. Біз шетелдің, мәселен, түріктің киімін киеміз. Оны және қымбат бағаға сатып аламыз. Халық одан шаршады. Қазір байқасаңыз, камзолдар киіп жүрген қыз-келіншектер көбейген.
– Ұлттық киімдерді шығаруда арнайы мамандармен жұмыс жасайсыз ба?
– Қазір суретшілермен жұмыс жасап жатырмын. Өйткені, мен басында әр оюдың тарихын білген жоқпын. Зерттей бастадым. Шыны керек мен тіпті матаны білмейтінмін. Велюр қайсы, жібек қайсы ажырата алмайтынмын. Басыңа іс түскенде бәрін үйренуге тура келеді. Кейін: «Сендер қошқар мүйізді адамның үстіне жабыстырып қоясыңдар. Ол көйлекке, алқаға арналмаған. Әр оюдың өзіндік тарихы болады. Неге зерттемейсіңдер?» деген сындар айтылды. Ерлан Сұлтанбек деген суретші біраз киімдердің оюларын салды. Қағылмаған қанаттың қаншалықты кең екенін адам білмейді. Ал қанатыңды жайған кезде сен алар асуыңды сезінесің. Алғашқыда камзол, кейін көйлек, сөмкелер қосылды. Сөмкеден кейін біз әшекейлер өндіре бастадық. Аяқ киімдер де бар. Мәселен, Әлия есімді шебер осы дүкендегі аяқ киімдерді кәдімгі сиырдың, қойдың терісінен тігеді.
– Мысалы, аяқ киімдердің бағасы қанша тұрады?
– Аяқ киім сөмке, көйлек емес. Бір ұстап, не бір киесіз де қоя салатын. Аяқ киімнің орны бөлек. Оның сапалы, әрі ыңғайлы болғаны дұрыс. Аяқ киімдер 25 -50 мыңның аралығында. Қолжетімді. Біз кететін шығын, істелінген жұмыс, матаның бағасы, тіпті қазір жалға алынып отырған жер, қыздардың жұмысын есептейтін болсақ, негізі заттарға бағаны көбірек қосуға болар еді. Сенсеңіз, біз әр киімге қосатын бағамыз максималды түрде 5000 теңге. Биылғы бір жаңалығым, біз әжелерге арналған мәсілер дайындаймыз. Мұның әрқайсысы бисермен қолдан тігілген. Мультибренд дейміз ғой. Мысалы, он саусағынан өнер тамған шебер болуы мүмкін, бірақ атын шығара алмайды. Бір жағынан мені құдай сондай жандарға көмектесу үшін әдейі жіберген сияқты.
– Демек, сіздің сән үйіңізде сатылымда тұрған заттардың барлығы да отандық өндірушілер, қолөнершілеріміздің қолынан шыққан бұйымдар ғой?
– Қазір цехымыз бар. Ол жерде де оншақты адам жұмыс жасайды. Біраз адамдарға жұмыс табуға мүмкіндік беріп отырмыз. Сатылымда астаулар, орамал, әмияндар бар. Қазіргі заманға бренд болған, адамға мотивация беретін кітаптарды да сатуды қолға алдым. Кітап сатқаннан ешқандай пайда жоқ шыны керек. Бірақ халық кітап оқыса деймін. Кітаптар қазақ тілінде бәрі де қазақстандық авторлар, өйткені, мен батыстың кітабын көп оқыдым. Олардың менталитеті біздікінен басқа ғой. Мысалы, Брайан Трейсиді алып қараңыз. Кітаптары қазақ менталитетіне сай келе бермейді. Ал, өз авторларымыздың еңбектерін оқыған адам өмірде өз жолын тауып, отбасында береке орнап, табысқа жетуге септігін тигізеді. Өйткені, бұл кітаптар түбегейлі менің ойымды өзгертуге түрткі болып, мақсатымды айқындауға себеп болған. Сатылымда тұрған әрбір зат отандық өнім.
– Сатылымдағы заттарға сұраныс қаншалықты?
– Негізі мен бұндай сұраныс болады деп ойлаған жоқпын. Тіпті кейде дүкенге кезекке тұрып сыймай қалатын уақыт та болады. Сондай кезде ерекше қуанып қалам.
– Қандай кезде сұраныс артады?
– Әсіресе жаздың алдында. Той мезгілінде. Күзде қыркүйек, қазан айларында. Бірақ менің жалпы ұстанымым сауда саябырсыған кездерде де ешқашан қол қусырып қарап отырмау керек. Үнемі ізденіс үстіндемін.
– Сіздің заттарыңызға өзге ұлт өкілдері қызығушылық таныта ма?
– Орыс қыздары келіп камзол алады. Орамал, әшекей алады. Бұл әрине қуантады. Біз өзге ұлт өкілдерінің қызығушылығын туғызамыз деп ойламаған едік. Қазір олар өз ұсыныстарын да айтып жатады.
– Олар да мейрам кезінде ала ма?
– Күнделікті киім деп алады. Офисте кием, маған ұнайды деп алатын әйелдер бар. Өзге елдерден келетін қандастарымыз сыйлыққа алып кетеді.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда киімдеріңізді өзге қалада тұратын адамдар сұрап жататынын байқадық.
– Қазір ғана бүкіл тауарды тиеп Атырауға жібердім. Алла жазса, сол қалада да осы Алматыдағы сән үйі секілді дүкен ашылады. Астанада бар. Бірақ менің атыммен емес. Абысыным жүргізіп отыр.
– Жанат, сізді тележүргізуші ретінде халық жақсы біледі. Бизнесіңіздің өрге басуына танымалдығыңыз себеп болды ма?
– КТК-да уақытыңыз босқа кетті деп ойламайсыз ба?» деп сұрайды. Мен әр нәрсенің қайыры барын айттым. Егер телеарнада істемесем, қазір дүкен ашпас едім. Дүкен ашқан күннің өзінде ол зат өтпейтін еді. Егер телеарнада істемесем, өзіме осы бизнесті ашуда мотивация болған кітаптардың авторын танымас едім. Түсінгенім, сен әрдайым негатив дегенді мүлдем ойыңнан алып тастауың керек. Мысалы, жаңбыр жауса біреу нұрды көреді, біреу батпақты көреді. Жетістікке жету үшін үнемі іздену керек. Ұшаққа отырыңызшы. Бизнес класта отырғандар міндетті түрде кітап оқып отырады. Газет оқып отырады. Эконом класта отырғандар ұялы телефондарын шұқып отырады. Адам іштей өзін тәрбиелей алса, жетістікке жетеді деп ойлаймын.
– Телеарнаға қалай келдіңіз?
– Телеарнаға аяқ асты бардым. Құдай солай бұрып апарды. Бірақ мен ешқашан өзімді толыққанды журналист, жүргізуші деп есептемегенмін. Біртүрлі адасып жүрген сияқты болдым. «Ана тілі» аруына қатыстым, 30 қыздың ішінен бірінші орын алдым. Сол жерде телеарна қызметкерлері қазылар алқасының құрамында болды. Ол кісілер телеарна жайлы айтып, ұсыныс жасады. Мен жолы болғыш адаммын. Керек кезде керек уақытта тап боламын. Бір бағдарлама жүргізушісі кетіп қалған екен. Мені шақыртты. Өзім екінші курс оқимын. Барсам, көйлекті қолыма ұсынды да: «Мынаны кие ғой. Бар да жүргіз. Мына мәтінді жатта да айт», – деді. Осылайша аяқ асты жүргізуші болып кеттім.
– Сіздің тәжірибеңізге, дикцияңызға, өзіңізді ұстауыңызға қарамады ма?
– Ешкім ешнәрсеге қарамады. Неге солай болғанын түсінбедім. Тығырыққа тірелген кездегі аяқасты шешім болды. Ол бағдарлама бір жылдан кейін жабылды. Кейін НТК арнасында қазақ тілінде тұңғыш рет жаңалықтар шығайын деп жатыр екен, жүргізуші керек деді. Бір ұстазым «НТК жаңалықтар жүргізушісін іздеп жатыр дей ма? Барарсың» деді. Арнаға барып едім, олар да киетін костюм берді де эфирге бірден шығарды. Ол кезде телеарнаның еңбекақысы жақсы. Солай аяқасты жақсы айлық алып, «зона комфорта» дейді ғой, содан шыға алмай қалдым. Менде ешқандай алға ұмтылу, мотивация деген болған жоқ. Ыңғайыма сай жерде сол отырғаннан 12 жыл отырдым. Бірақ жаңалықтан кетіп, жаңа серпіліс болғанына өте қуанам. Өйткені, өзгеріс болмағанда, мен әлі де 20 жыл отыра берер ме едім.
– Керісінше, телеарнаға келген адамдар содан шыққысы келмейді ғой.
– Бұны бір жерде тұрып қалғандық деп ойлаймын. Тұрып қалған су сасиды. Олай болмауы үшін сен ағынды су болуың керек. Заманға сай болуың керек. Сен мысалы, инстаграм парақшаң болмаса, фотоға түсіре алмасаң, түрлі акциялар өткізілмесе жұмысың жүрмейді. Ол маркетинг. Адам да үнемі дамып, өзгерістерді дұрыс қабылап, бір орында тұрып қалмауы керек.
– Әлеуметтік желіде көп отырасыз…
– Әлеуметтік желіні қаласақ та, қаламасақ та бірінші орында тұр. Мысалы, инстаграм болмаса, менің саудам жүрмейді. Бұл менің қаруым. Ол маған ақша, табыс әкеп жатқаннан кейін, менің де уақыт бөлуіме тура келеді. Байқасаңыз, мен ешқашан жарнама шығармаймын. Ұсыныс білдіргендерге ренжімеңдер деймін. Опа-далап, бетке жағатын маска секілді заттарды жарнамалауымды өтініп жататындар бар. Бірақ мен ондайға қарсымын. Өйткені, сен ақша үшін бір жарнама жасайсың, екінші рет жасайсың. Кейін халық саған сенбейді. Мен жарнаманы өзімнің дүкеніме ғана жасаймын.
– Әңгімеңізге рахмет. Еңбегіңіздің жемісін жеңіз.

Әңгімелескен
Гаухар Түстікбаева

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

8 Пікір

  1. Дина дауыс

    Жанат Бақыт әлеуметтік желіде танымал

  2. Ару дауыс

    “Ана тілі” аруының жеңімпазы Жанаттай болсын. Қазіргі арулар байқауының жүлдегерлерін әлеуметтік желіден қарасаңыздар жұлдыз болып шыға келеді. Бір-ақ күнде. Ең болмаса ана тілін құрметтесе ғой солар

  3. Таңжарық дауыс

    Жүргізуші, журналист деп есептемесе КТК-да сонша жыл жаңалық жүргізбес еді

  4. Данияр дауыс

    Телеарнадан ұсыныс жасайтындар журналистика факультетінің студенттеріне мүмкіндік жасау керек.

  5. Ибрагим дауыс

    НТК жаңалықтарын жүргізіп пе еді. НТК-ның эфирі босқа өтіп жатыр. Бағдарлама ашу керек. Мамандарды үйрету керек. Ревю, Найнти уан мен телеарна жұмыс істеп жатыр

  6. Шынар дауыс

    Бірінен бірі қалыспаса болғаны. Бизнес бастау сәнге айналды

  7. Елубаева дауыс

    Адасып жүрдім деп айтты ғой. Оған несіне жінігесің. Өз ісіңмен айналыссаң кім қой деді

  8. Айбек дауыс

    шоу бизнестегілер біресе кино түсіреді магазин ашады қайткенде байысам ғой. Ақша тапса болғаны

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.