Халықаралық терминдерді қалыптастырудағы латын әліпбиінің маңызы

Төлеубек Зайсанбаев

С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті, Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының доценті.

Жазу – кез келген халық мәдениетінің, өркениетінің деңгейін анықтайтын басты белгілердің бірі және адамзат қоғамын дамытушы, өркениетті ілгері бастырушы күш. Жер бетіндегі көптеген халықтар секілді түркі халықтарының өздерінің төл жазулары болған. V-VIII ғасырларда қолданыста болған бұл жазу Араб халифаты үстемдігі кезінде бірте-бірте қолданыстан шығып, ұмытылды. Ислам дінін тарату мақсатында мектеп, медреселер ашқан арабтар өз жазуларын пайдаланып, өз сөздерін қолданды. Сөйтіп, түркі халықтары арасына араб-парсы сөздері көптеп ене бастады. Араб-парсы тілінен тек діни сөздер ғана емес, ғылым мен білімге, мәдениет пен әдебиетке қатысты сөздер де енді. Өйткені, сол кездегі Араб халифаты ғылымы мен білімі, әдебиеті мен мәдениеті дамыған ел болатын. Дегенмен, түркі халықтары, соның ішінде қазақ халқы да пайдаланған араб жазуы қазақ тілінің табиғатына сай келмейтін еді. Араб жазуының бұл кемшілігін пайдаланған Н.И.Ильминский, А.В.Васильев, А.Е.Алекторов, В.В.Катаринский, Н.Ф.Катанов сияқты миссионерлер қазақтарды біртіндеп орыстандыру, шоқындыру мақса-тында орыс әліпбиіне негізделген қазақша әліппелер дайындады. Алайда олардың орыс жазуына негіздеп құрастырған әліпбилері де қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дәл таңбалап бере алмағандықтан, өміршең бола алмады.
1907-1914 жылдар аралығында көптеген қазақ зиялылары араб жазуын қазақ тіліне бейімдеуге талпыныстар жасады. Олар жасаған әліпби нұсқалары баспалардан шығып, аз уақыт қолданыста да болды. Бірақ бұлардың ешқайсысы ұлы ғалым А.Байтұрсынұлының 1912 жылы жасаған әліпбиіне тең келмеді. Ол әуелі қазақ тілі дыбыстық жүйесін ретке келтіріп, сонан соң араб әліпбиін қазақ сөзін дәл таңбалауға бейімдеп, ұлттық тілдің төл дыбыстарымен толықтырды. Бұл әліпбиді қазақ халқы ұзақ уақыт пайдаланып келсе де, тек 1924 жылы ғана ресми түрде қабылданды.
Өткен ғасырдың 20-жылдары Кеңес Өкіметі өзінің құрамындағы түркі тілдес халықтардың жазуын латын әліпбиіне көшіру туралы ұсыныс жасаған болатын. Араб жазуын пайдаланып отырған түркі халықтарын мұсылман дінінен ажыратудың қиын екенін білген сұңғыла саясаткерлер осындай жолды таңдаған сияқты. Бірден кирилл әліпбиіне көшірсе, түркі тектес халықтар арасында толқулар болып кетуі мүмкін деп қауіптенсе керек. Олар кезінде «Қазақ» газетінде А.Байтұрсынұлының: «Араб әрпі ислам дінімен бірге келіп, қазаққа орнаған. Дінмен байланысқан жазу дін жоғалмай жоғалмайды, – деп жазғанын да ескерген болса керек. Оның үстіне араб жазуының ғылымды дамытуда кемшілігі көп екендігін, ғылымы мен білімі дамыған еуропа елдері қолданып отырған латын әліпбиіне көшу қажеттігін түріктердің, әзербайжан мен татарлардың зиялы өкілдерінің біразы XX ғасырдың басында-ақ сөз қылып жүрген.
1924 жылы маусымның 12-18 күндері аралығында Қазақ АКСР-нің сол кездегі астанасы Орынбор қаласында өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» күн тәртібіне қойылған мәселелердің бірі латын әліпбиіне көшу болды. Бұл съезде бір дауыс артықшылығымен араб әліпбиін қолдаушылар жеңіске жетті. Дегенмен, съезден кейін де баспасөз беттерінде араб әліпбиі мен латын әліпбиін жақтаушылар арасында айтыс-тартыс толастаған жоқ. Арада 90 жылдан аса уақыт өткенде латын әліпбиіне көшу мәселесіне тағы оралып отырмыз. Оған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы қазақ жазуын латын графикасына көшіру туралы айтқандары болып отыр. Елбасымыз «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында да бұл мәселені сөз қылған болатын. Содан бері тіл мамандары, тіпті ғылымның басқа салаларының өкілдері де латынға негізделген қаншама әліпбилер жобасын жасады. Әліпби ауыстырудың себебі, мақсаты не деген сұрақтарға жауап бермес үшін әліпби қандай болуы керектігіне тоқтала кетейік.
Жоғарыда айтылған съезде жасаған баяндамасында А.Байтұрсынұлы: «Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жері бойға жуыспай, қолбырап, солбырап тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз; Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып, тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби де қолайсыз болады», – деп әліпбидегі әріптер тілдегі нақты бар дыбыстарды ғана беруі керек екендігін баса айтқан. Яғни, әліпбиде сол тілге тән емес дыбыстарды беретін әріп болмауы тиіс. 1924 жылғы съезде араб әліпбиін жақтаушылар да, латын әліпбиін жақтаушылар да А.Байтұрсынұлының қазақ тілінің дыбыстық жүйесі, емлесі туралы айтқандарын мойындаған. Латын әліпбиін жақтаушылардың басында тұрған Н.Төреқұловтың өзі: «Жазудың емле жағы қазақта бітейін деп қалған. Атақты тарихшы Нажиб Асим (Нәжиб Ғасим») «Түрік» деген сөзді баяғыша «трк» түрінде емес «түрік» деп үйрету үшін 20 жыл ұрынды, «т»-дан соң «уау» хәрпі керек дегені үшін көп заманға дейін «Нажибесімді» «уаули түрік» деп Стамбул келеке қылды, тағдырға шүкірлер болсын, Байтұрсынұлы Ахмет мұнан он шақты жыл бұрын тілге туралап түзеткенде барлық жұрт керектігін біліп, қабыл алған», – деп әділін айтқан.
1929 жылы Қызылорда қаласында ресми бекітілген латын жазуына негізделген тіліміздің әліпбиінің емле ережесі А.Байтұрсынұлының әліпбиінен алшақ кеткен жоқ. Соның дыбыстық құрылымын басшылыққа алды. Бұның себебі ұлтық болмыс пен ұлттық тілдің қадір-қасиетін жақсы түсінетін Алаш арыстарының көзі тірі еді. Олар орыс сөздерін жазып-айтуға бейімдейтін бөтен дыбыстарды латынша түр алған «төл» әліпбиге енгізуге қатты қарсылық көрсетуі мүмкін болатын.
1929 жылғы ережеде кірме сөздер үндестік заңына бағынып жазылуы біршама дұрыс жолға қойылғанымен, қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстардың бір-бірімен тіркесімі, дауысты және дауыссыз дыбыстардың үндесімі жағынан, сондай-ақ орыс тіліндегі кейбір дыбыстарды қазақ тіліндегі қандай дыбыспен беруге болады деген сұрақтарға жауап беруде көптеген кемшіліктері бар екені байқалады. Бұл өз кезегінде кірме сөздердің жазылуында ала-құлалықтар туғызды, сондықтан 1938 жылы толықтырылып қабылданған ережеде х, в, ф дыбыстары қосылып, орыс тілінен енген сөздер орыс тіліне барынша жақындатып жазылатын болды. Бұл қазақ тілінің табиғатын бұзуға жасалған алғашқы шабуыл еді. Ал тіліміздің өзіндік ерекшелігін бүлдіріп, табиғи заңдылықтарын бұзған кирилл әліпбиіне негізделген қазақ жазуы 1940 жылдан бүгінге дейін кең қолданыста болып келе жатыр. 1928 жылдан басталған қазақ жазуын ауыстырудың тарихын зерделеп, ой таразысына салсақ, тереңірек бойлап, кеңірек ой жүгіртсек, жалпы арабшадан латынға, латыннан кирилге көшудің қоғамдық-әлеуметті қажеттілігі мен экономикалық тиімділігі т.б. уәждерінен гөрі саяси астары басым болғанын аңғарамыз. Яғни, бір мақсат – орыстандыру саясаты тұрған.
Өткен ғасырдың 20-30-жылдары латын емес орыс әліпбиін пайдаланайық дегендер де болған. Ал Н.Төреқұлов: «Орыс әліпбиінің майданы тар. Орыс, бұлғар сықылды елдерден басқа онымен жазбайды. Латын әліпбиінің майданы кең. Мұнымен кең майданға шығамыз»,– деп сол кездің өзінде-ақ еуропаның озық ғылымын меңгеруге латын әліпбиінің зор көмегі болатынын болжаған. Оның үстіне түркі тілдес халықтардың ішіндегі ең ірісі – Түркия мемлекеті латын әліпбиіне көшуді қолға алған болатын. Ортақ әліпби арқылы олармен байланысымыз арта түсетіні сөзсіз еді. Бұл, әрине, ортақ әліпби болса болды түркі тектес халықтар бір-бірімізбен емін-еркін сөйлесіп кетеміз деген сөз емес. Себебі туыстас тілдердің өздері де бір-бірінен дыбыстық құрылымы, сөздік құрамы жағынан өзгешеленіп тұрады. Дегенмен, әліпби ортақ болса, оларды меңгеріп кету тілге бейімі бар адамдарға онша қиын болмайды және туыс-тас тілдер арасында ақпарат алмасу оңайлап, ғылым мен білімді дамытуда ортақтастық көп болар еді.
Кезінде Алаш зиялылары қазақ әліпбиі мен емлесіне (жазуына) қатысты мәселелерді ұлттық мүдде тұрғысынан сөз етіп кетсе, қазіргі уақыттың көптеген ақын-жазушылары мен ғалымдары тарапынан да соның жалғасын тауып, қолдау көріп жатқанын көреміз. Демек, сол ой-тұжырымдардың әлі де өз құнын жоймағанын, әлі де аса маңыздылығын байқаймыз. Сондықтан да қазіргі қазақ қоғамы ғылыми-технологиялық, компьютерлік-бағдар-ламалық, қоғамдық-әлеуметтік, тарихи-мәдени байланыстық (түркілік ұлттардың бірдей әліпби пайдаланып тұтасуын) және т.б. жанама себептерді алға тарта отырып, негізінен ұлттық-танымдық, ұлттық-лингвистикалық мәселелерді қазақ жазуын латынша ауыстыру арқылы шешуге болады деген тұжырымға келіп отыр. Ол үшін тілдің табиғатына сәйкес келмейтін дыбыстарды әліпби құрамынан шығарып тастау керек. Алайда, қазіргі кирилл әліпбиін пайдаланып отырғанда олай істеу мүмкін емес. Себебі оған көзі де, өзі де үйреніп, әбден бауыр басып қалған қазіргі қазақ қоғамы – өзгетілдік сөздерді, ендігі уақытта тіліміздің төл дыбыстарымен қазақша жазып-айтуды бірден қабылдай алмайды. Ол үшін әліпби ауыстыру қажет. Ал әліпби ауыстыру – ұлттық-танымдық, ұлттық-лингвистикалық мәселені шешіп, рухани тәуелсіздік алуға бағытталатын аса маңызды қадам. Тіліміздің дыбыстық жүйесіне негізделген төл әліпбиін құрастырып, емле мәселесін оңтайлы шешіп алған соң ғана жазуымыз өзінің төл табиғатымен табыса алады.
Жаңа әліпби, жаңа жазу, жаңа ереже арқылы ғана кирилл әліпбиінен, сол арқылы күштеп ендірілген жат тілдік дыбыс-әріптерден, сол дыбыс-әріптер қолданылатын өзгетілдік сөздер орысша қалай жазылса, қазақ тілінде сол қалпында жазуға мәжбүрлейтін емле ережелерден құтылуға болады.
Тілімізге жат, тілдің табиғатына келмей-тін дыбыстарды әліпби құрамынан алып тастасақ, қазіргі «халықаралық» деп аталып, орыс тілінің үлгісімен жазылып жүрген терминдерімізді қазақ тілінің дыбысталуына бейімдеп жазатын едік. Мәселен, медициналық терминдерді алайық. Медицина ғылымының еуропада ерекше дамуы, сондай-ақ бір кездері ғылым атаулының латын тілінде жазылуы осы саладағы терминдердің латын тілі арқылы қалыптасуына себеп болды. Ал орыс тіліне келетін болсақ, бұл тілдегі медициналық терминдердің 95%-ы латын, грек, ағылшын, т.б. тілдерден кірген сөздер десек те болады. Бірақ бұлар орыс тілінің дыбыстық заңдылығына бағынып енгендіктен, әуелгі тұлғаларынан мүлде өзгешеленіп, орыс сөзі болып кеткен. Орыс тіліндегідей жазылуы тиіс деп күштеп таңған ереже бойынша жазылып жүрген «халықаралық терминдерді» қазақ тілді адамдарға дұрыс дыбыстау да, қатесіз жазу да қиын. Онымен қоса, терминдерге сөйлем құрамында әртүрлі жалғау жұрнақтар жалғануы тиіс. Міне осы жағынан да қиындықтар туады. Оған орысша-қазақша медициналық сөздіктердегі, медициналық оқулықтар мен оқу құралдарындағы дистальды-дистальді-дисталды; латеральды-латеральді-латералды; ракке қарсы – ракқа қарсы (рак деген терминді қазақша обыр деп аударып еді, орыс тіліне басы айналып қалған дәрігерлер өре түрегеліп қарсы болды), бронхқа – бронхыға сияқты қосымшалар әртүрлі жалғанып жүрген сөздер дәлел бола алады. Осы сөздерді латерәлді (тіпті ләтерәлді демей-ақ қояйық, қазақ тілінде құрмет, қасиет т.б. сияқты бір буыны жуан, екінші буыны жіңішке сөздер бар, тек аралас буынды сөздер болмайды), дійстәлді, бронхыға деп жазу арқылы қиындықтан оп-оңай шығуға болатын еді.
Орыс тілді басылымдарда қазақ тілі ғылым тілі бола алмайды, қазақ ғылымы орыс тілінің арқасында дамып жатыр деген сияқты пікірлер айтылып жүр. Олар оған «Медицина университеті стоматология факультетінің студенті» сияқты сөйлемдерді мысалға келтіреді. Мұндай сөйлемдегі сөздердің барлығы орыс тілінің заңдылығымен дыбыс-талып тұрған кірме сөздер екеніне орыс тілді басылымдағы жорналшылардың милары жетпей ме, әлде орыс тілінің «ұлылығын» дәлелдеу ме ол жағын біле алмадық.
Орыс тілінен, орыс тілі арқылы енген сөздерді орыс тіліндегідей етіп жазамыз деген ереженің тағы бір қырын айта кетпесе болмайды. Бұл туралы профессор Б.Қалиұлы былай дейді: «Орысша жазылып, орысша айтылып жүрген терминдерді әспеттеп «халықаралық терминдер» деп атауымыз – қазақ тілінің қамы емес, ол сол термин кірген тілдің қамы. Айналып келгенде сол тілдің сөздерін қолдану, сол тілдің сөздерін дамыту, өсіру, өркендету деген сөз. Сол арқылы қазақ тілін дамытпау, аздыру, азғындату. Нәтижесінде оны біржолата құрту, тамырына балта шабу».
Қазіргі кезде қоғамда жат сөздерді қазақ тілінің заңдылығына бағындырып айту керек, мүмкіндік болса ондай сөздерді туыстас немесе араб, парсы тілдерінен алған жөн деген көзқарастармен қатар керісінше қазіргі жазуымыздағыдай, яғни орыс тіліндегідей етіп алу керек деген пікірлер де аз емес. Кезінде Елдес Омарұлы жат сөздердің түбірін өзгертпей алсақ, олар «бір түрлі ерсі сөз болып қалады» десе, қазір керісінше орыс тілінен және орыс тілі арқылы енген терминдер мен сөздерді қазақша дыбыстау «бір түрлі ерсі» сияқты болып көрінетін дәрежеге жеттік. Жат сөздерді үндестік заңына бағындырып жазу артта қалғандық, кері кеткендік, қазіргі қазақ бұрынғы қазақ емес, кез келген тілдегі кез келген сөзді айта алады деген сияқты пікірлер қалыптасты.
Қазақ тілін зерттеп жүрген тіл мамандары мен ақын-жазушыларымыздың өздері орыс сөздерін қазақ тілінің заңдылығына салып айтуды кері кеткендік деп бағалап жүргенде қазақ тілін менсінбей мұрнын шүйіріп қарайтын қандастарымыздың не дейтінін айтып жеткізудің өзі қиын. Тіпті орыс тіліне, ағылшын тіліне тән дыбыстарды әліпбиімізге кіргізбесек, жастарымыз компьютерді игере алмай қалады, заман ағымынан қалып қояды деген пікірлер де баршылық. Оған «Латын негізіндегі қазақ әліпбиі» (жобалар жинағы) деген еңбек авторларының латын әліпбиі жобалары туралы айтқан пікірлерін келтіруге болады. Мәселен, олар академик Ә.Қайдари жасаған латын негізіндегі қазақ әліпбиі жобасының кейбір жерлерімен келіспейтінін былай деп түсіндіреді: «Қазақ тіліне тән фонеманың бірі һ әрпін неге қазақ әліпбиі жобасына кіргізбегені түсініксіз. Қазақ әліпбиінің жобасына латынның Cc, Ff, Ii, Vv, Xx символдары кірмеген. Мысалы, компьютерді пайдаланғанда кездесетін «файл» деген түсінікті қалай жазамыз? Каталогтың (папканың), файлдың, программаның, функцияның, модульдің т.б. аттары латын әрпімен жазылады. Латынның бұл символдарын қазақ әліпбиіне қабылдамағаннан не ұтамыз? Жастарымыз шет тілдерін оқымай ма?».
Авторлардың осы сөзіне қарағанда кірме сөздерді қазақыландырып жазсақ, компьютермен жұмыс істей алмай қалады екенбіз және тіліміздегі жат дыбыстар жастарымыздың шетел тілдерін тез меңгеруіне ықпалын тигізеді-мыс. Компьютердің бағдарламасын адам жасайтынын, бағдарламаға қандай таңба кіргізсең де компьютер оқи беретінін дәлелдеудің қажеті бар ма? Әрине, мүмкіндігінше компьютердің пернетақтасындағы әріптерден асып кетпеуге тырысу керек.
Әліпбиде әріп саны көп болған сайын, басқа тілден енген сөздерді айта алу қабілетіміз арта түседі деген көзқарас дұрыс емес. Қанша жерден әліпбиді жат дыбыстармен сықап толтырып қойса да, олар тілдің ғасырлар бойы қалыптасқан артикуляциялық табиғатына өзгеріс енгізе алмайды. Бұл домбыраға балалайканың ішегін тағу арқылы орысша да, қазақша да ән айта беруге болатын музыкалық аспап жасап шығарамыз деумен бірдей.
Тағы да қайталап айтамыз, латын әліпбиіне көшу орыс тіліне қарсылық емес. Елбасымыз жүргізіп отырған үштұғырлы тіл саясатын бәріміз жақсы түсінеміз. Орыс тіліндегі ғылыми еңбектер, көркем шығармалар ұшан-теңіз. Оларда қажеттісін ала білу – болашақ ұрпақ үшін аса қажет. Қазақ мектептерінде орыс тілі сабағы болатынын, ал орыс тілі кирилл әліпбиінде оқытылатынын естен шығармайық. Сондықтан байбалам салып латын әліпбиіне қарсы шықпай, мәселеге мән беріп қарап, Елбасымыздың саясатын қолдайық. Латын әліпбиіне қазақтың өзінің төл дыбыстарымен, қазақ тілінің заңдылығын басшылыққа алған емле-ережелермен ауысу арқылы тіліміздің күмбірлеген қоңыр үнін болашақ ұрпаққа аманат етеміз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.