САFЫМ

Бақыт Мерекенова

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Көптеген прозалық кітаптардың авторы. Шығармалары орыс тіліне аударылған.

Жаңа жыл кеші. Делебені қоздыратын шетелдік жеңіл музыка буырқана шиыршық атады. Жаңа жылға арналған жалынды сөздермен қабаттасып, ақ қайнар шәрбаттың шарабы атылып жатыр. Осы сәт көкіректі керген күрсіністі мөлдір күлкіммен тұншықтырып, көңілді кештің шырқын бұзбай мәз болып сырттай күлемін. Би басталған. Жұптарымен жарасқан қыз-жігіттер музыка ырғағымен әсем тербеледі. Көңілді болуға қанша тырысқанмен ешнәрсеге зауқым жоқ, сүлесоқ қалпымнан бірден сергіп кете алмай шеткерірек тасалау орында ойға шомып отырған болатынмын.
– Кешіріңіз, сізді мазаладым білем, қарындас. – Ұзын бойлы аққұба жігіттің бет-келбеті тұлғасына сай тым келісті екен. Оның шаралы қой көзінде бақытты жандарда болатын ойнақы көңілділік ұшқыны бар. Бет-әлпеті бақыттан бал-бұл жанып, жан-жағына жылылық шуағын шашқандай айсәулелі жан.
– Айтыңызшы, осындай тамаша көңіл көтеретін әдемі кеште сіз неге мұңайып жеке қалғансыз? Білесіз бе, сізге осындай мұңды көзқарас жарасады. Қарақаттай жанарыңыз бейкүнә жәудіреп, сәл мұңдылау жымиған күйі такаппар отырған ерке қылығыңыздың өзі сондай керемет әсем, әрі жарасымды көрініс.
– Кешіріңіз, мұңды муза бейнесінде әлдекімге ұнағым келіп отырған жоқпын,-деймін өз-өзімнен күйгелектене ызаланып.
– О, сіз тым қатты кеттіңіз, бикеш. – Ол аппақ салалы саусақтарын сермеп қойып, енді музыка жайлы сөйлей бастаған.
– Қарындас, сіз қандай музыканы ұнатасыз? – Ол үнсіз түнеріп отырған менің жүзіме бажайлай қарап қойып, сөзін жалғастырды.
– Әсіресе, қандай әндерді сүйіп тыңдайсыз? – Естімеді деген болу керек, сұрағын қайталап жауап тосты, мен тағы үндемеген соң еріксіз сөзін тоқтамастан жалғастыра берді. – Әрине, эстрадалық әндерді ұнатуыңыз ғажап емес, кейде халық әнін тыңдайтын боларсыз? Солай емес пе, қарындас?
– Жоқ, классикалық симфониялық шығармаларды ұнатамын. – Мұндай тосын жауапты күтпеген болу керек, алғашында тосылған жігіт бір сәтке аңырып қарап қалды, сонан соң жадырап күлімсіреп, сөйлей жөнелді.
– Онда сіз нағыз романтиксіз. Сазды әуен кең-байтақ сахара даланы, ашық аспан, айлы түнді әсем кештерді еске түсіреді. -Бейтаныс жігіт қанша шешенсіп әуреленгенімен мені томаға-тұйық қалпымнан арылта алмаған соң, менен сыпайы ғана кешірім сұрап, күлімкөз ақсары қыздың жанына барып, теп-тез-ақ тіл табысып, сәлден соң екеуі мәз-майрам болып, би алаңындағы қалың тобырға араласып, көзден таса болған. Ал, мен одан сайын осынау көңілді ортада мүлде жалғыздығымды айқын сезінгем. У-шу, думанды тобырдан жырақ кетіп, дәл осы сәт жалғыздықты қалағам, үй иесі құрбыммен қоштаспай, ақырын ғана қоңыр пәлтемді киіп, ақ түбіт бөкебайымды тартып, көшеге шыққам. Сыртта жапалақтап қар жауып тұр. Түнгі қала көшесінде жүргіншілер легі саябыр тапқан тылсым шақ. Кең көше бойындағы биік бағандардағы сәукеле шамдар бозамық сәуле шашып тұр. Жым-жырт тыныштық.
Сонау алыста қалған аяулы күндерді, өзіңді ойлап келемін. Сен туралы ойлаудың өзі сүйкімді. Көңіл түкпірінің тылсым тұңғиығындағы асыл бейнені алабұрта іздегем, таба алмаған болатынмын. Ия, сені мәңгілікке жоғалтқанымды енді-енді ғана айқын сезініп, бүкіл жан-жүрегіммен езіле еңірегем. Айнала бейқам тыныштық құшағында бұйыға қалыпты. Кенет, о құдірет! Мен қалт тұра қалғам. Сол әуен, таныс әуен…
Әлі есімде, осы әуенді екеуміз бірге сүйіп тыңдаушы едік қой. Енді, міне, жабырқау жалғыз өзім. Бір кезде жұбымыз жарасып, жайдары күлімдеп, әдемі әуенді еліте тыңдайтынбыз. Ал, қазір, қазір сол әуенді көзіме жас үйіріліп, қинала тыңдадым. Жүрегімдегі ескі жара сыздағандай ауырсына күрсінем. Жаңа байқадым, мұңды әуен екен ғой, булыға өксігендей, ашына буырқанғандай. Апырмау, мен бұрын қалайша байқамағам? Кезінде түсінбеген екенмін-ау. Расымен бұдан сәл ертерек өмірдің тек жарқын жақтарын – жақсылықтарын ғана біліппін, сөйтсем, қайғы-мұңы, зіл-наласы өте көп екен. Сыны бұзылмаған балауса көңіл алаңсыз балдәурен бақытты шақтың тұрлаусыз болатынын ойламапты. Бақытты күндер неге баянды болмайды екен? Осынау қамшының қысқа сабындай қып-қысқа ғұмырымызда неліктен мұң-нала басым? Бәрі «неге?» деген сұраққа килігіп, тығырыққа тірелген. Жауап беру мүмкін емесін сезем. Тек алабұртқан сергелдең сезім ғана тыншу таппай шарқ ұрады…
Ақ ұлпа қар әлі тоқтаусыз ұшқындап жауып тұр, сол үлпілдек қар өнбойымды аппақ етіпті. Бір сәтке үстіме қонақтаған қарды қағып түсірмек болғам, іле бұл райымнан қайттым, осы күйімде аппақ қарға – ақ нұрға оранып, мақсатсыз жүре бергім келген. Тіпті, ештеңе ойлағым келмеді, тек көкірегімде мұңлы әуен ғана әлсіз булығады…
Неге екені белгісіз, егіліп бір жылағым келген, көптен бергі көп түйткілдің көбесі сөгілгендей ұза-ақ, ұза-ақ өксідім келіп, көптен бері осы сәтті күткендеймін. Оңаша, жалғыз өзім шер тарқатқым келген, мені жұбататын да ешкім жоқ еді…
Ия, осы бір таныс әуенді естіген сайын тұла бойымды белгісіз діріл билеп, жан-дүниемді сиқырлы бір сағыныш сыздатады. Сол сәтте өзімді-өзім біржола ұмытып, ән әуезіне беріле елтитінім соншалық, барша тіршілік тауқіметінен ада болып, өзгеше күй кешемін. Жан-дүниемнің жасауын жайғызған сол әуен, кіп-кішкентай сыршыл жүрегімнің нәзік лүпілімен тілсіз үндеседі. Сиқырлы әуенге деген ессіз құмарлық билеген іңкәр көңіл алып-ұшып байыз таппайды. Бұл іңкәрліктің өзіндік тарихы бар, ие, бәрі қалай басталып еді өзі…
Студенттік күндер думанды жастықтың нағыз қызған шағы. Албырт балалықтың уыз табы тарқамаған арынды жастар үшін әр күн өз қызық-думанымен көз ілеспес шапшаңдықпен өтіп жатты. Екінші курста оқимыз. Курсымыздағы ең алғашқы той Тұрсынның үйлену тойы болатын. Сол күні Айдынмен танысып едім. Қараторы ұзын бойлы жігіттің қой көзі ойға толы тұнжырап қарайтын. Ол халық шаруашылығы институтының соңғы курсында оқиды екен.
Оның өмір туралы өзіндік көзқарасы, ойлы сөздері бірте-бірте мені өзіне тарта түскен. Осы бір қарапайым, ұяңдау жігіт екеуміз өзара үнсіз ұғысқандай едік. Тіршіліктегі адамзат атаулының ең аяулы сезімі – махаббат, өмірдің нәрі, көңілдің әрі де махаббат. Осынау қасиетті сезімнің алдында қаһарлы хан да, қауқарсыз құл да бас иіп өткен. Әлі есімде, алғаш танысқанда Айдыннан керемет ұялатынмын, тіпті оның отты жанарына тура қараудан қаймығатынмын. Әйтеуір, сол жігіттің маған дегенде жұмбақ бір құдірет күші бардай көрінетін. Айдынмен бірге жүргенде бүкіл дүниені, ұсақ-түйек күйбең тіршілікті, айнала қоршаған қым-қуыт дүниені мүлде ұмытатынмын.
Алғашқы махаббат. Сол сәтті күткендей құшағына бұйығып тығыла түскем. Айдын менің тентек қылықтарыма мәз болып, жас баладай бір-бірімізге еркелейтінбіз. Біз тағдыр қосқан қос аққудай жарасымды жұп едік. Ие, бүгін соның бәрі баянсыз бақыттың құр елесіндей болды. Көңілімдегі көгілдір бәйшешек – өзіңе деген балауса махаббаттың ерте көктеп, тым ерте солатынын кім білген…
Айдын оқуды бітіріп, туған ауылына жолдама алды. Бір жылдан соң мен институтты тамамдағасын үйленіп, үй болуға келістік. Әттең, сол кезде келешек жоспарлаған асыл ойлардың – сағымды бақыттың қолға түсе бермейтінін білдік пе? Соңғы кеш. Екеуміз ғана оңаша бөлмеде өзгеше бір рахат сезіммен осы бір әсем әуенді құмарта тыңдап, ән сазымен тербеле толқып, қос аққудай құшақтасып билегенбіз. Тылсым сырлы шалқар әуен бір-бірімізге деген ыстық сезімді, қалтқысыз көңіл-күйін шерткендей, қайта-қайта осы әуенді құмарта тыңдадық. Бұл сенің сүйікті әуенің екенін сол кезде өзің айтқансың.
Сазды әуен еркін қалықтап, адамды өзгеше сиқырлы әлемде әлдилейтіндей біржола ұйытып алған. Бөлме ішін кернеген керімсал әуенмен тербеле билеп, бір-біріміздің жүрек лүпілін үнсіз түсіндік. Әуеннің сазымен қалықтап ұшып жүргендей албырт көңіліміз жеті қат аспанда жүргендей сезіндік. Ертеңінде теміржол вокзалында сені алыс сапарға – Ақтөбедегі үйіңе поезға шығарып салып тұрдым. Қоштасудың соңғы сәті қиын-ақ, мен сені қимай, қатты толқып тұрдым. Сол күні жүрегім әлденені сезді ме, әйтеуір Айдынды енді қайтып көрмейтіндей алабұрттым. Енді бірде көз жасыма булығып, сенің мойныңа асылған күйі кеудеңе басымды сүйеп, солқылдап жылап қоя бергем.
– Аяулым менің, бір жыл қазір-ақ өте шықпай ма? Бір жылдан соң әбден сағынып, бір-ақ қауышамыз,-деген ол мейірлене күліп, менің жасқа шыланған жанарымнан еркелете өпті. Міне, поезд орнынан баяу ырғалып, дөңгелектері сарт-сұрт етіп ептеп қозғала бастаған. Сен ақтық мәрте жанарыңнан өзгеше ұшқын атып, қимай қарағансың маған. Қазір ойласам, бұл біздің соңғы дидарласуымыз екен ғой…
Айдын ауылда жұмысқа орналасқан соң біз үзбей хат жазып, хабарласып тұрдық. Айдынның сағынышқа толы хаттарын дегбірім қалмай алабұрта оқитынмын. Кейде, Айдынды сағынған сәттерде, оның жақсы көретін сүйікті әуенін құштарлана тыңдайтынмын. Осы бір кәусар бұлақтай мөлдір әуенді естіген сайын сағыныштың саумал сезімі толас тауып, Айдынның келісті келбеті, соңғы кеш, бірге болған сәттердің бәрі-бәрі көз алдыма елестеп толқып отыратынмын. Жан-дүниеңе шымырлап енген кәусар нұр – құдіретті әуен, Айдынға деген алау көңілімнің ажарындай аяулы еді. Екеуміздің сүйікті әуенімізді естіген шақта күннің нұрын, табиғат сырын, нәзік гүлдің өзгеше дірілін, жер-жаһандағы барша жақсылық атаулыны көріп білгендей рахат күй кешіп, бал шырын ләззатқа бөленетінмін.
Сол күні әлденені сезгендей елегізіп, сабақ бітісімен жатақханаға қарай асықтым. Көптен бері Айдыннан хабар келмей тағатым таусылып, дегбірсізденіп жүргем. Жатақханаға кірісімен әдетімше пошта жәшігін ақтарып, хат-хабар қарауға кірістім. Үй-ішінен бірнеше хат келіпті. О, көптен күткен Айдынның хаты! Оның әрбір хатын алған сайын дәл алғашқыдай толқып кететінім рас, міне, тағы қуаныштан жүрегім кеудеме сыймай дүрсілдеп, еркімнен тыс дірілдеген қолдарыммен хатын әрең аштым. Әдетте үш-төрт бетті толтырып, қазіргі жан-сезім, ой толғаныстарын, сағынышын жасырмай жазушы еді, бұл жолы жарты-ақ бетке тым қысқа қайырыпты, онысы несі екен? Мен асығыс көз жүгірте бастадым.
«Айнагүл» деп бастапты, бұрын «гүлім» деп еркелетуші еді ғой, енді атымды толық атағанынан әлдебір суықтық сезілгендей,-«Айнагүл, мені жақында әскери комиссариат Ауғанстанға соғысқа шақырып, сонда кетіп барамын. Бұл – менің азаматтық парызым. Соғыстан аман-есен қайтам ба, жоқ, әлде жат жерде жазым болам ба, кім білсін. Сондықтан алдын-ала айтарым, егер сені бақытты қыла алмай қыршынымнан қиылсам, сенен кешірім сұраймын. Сен, әрине, бақытты болуға лайық қызсың. Мүмкін аман келермін, онда бірден өзіңе хабарласып, той жағын қамдануға кірісем. Әйткенмен, Айнагүл, егер жазатайым жазым болсам, маңдайыма жазылған тағдырым солай болар, сен ешқандай уайымдама, жаным. Егер соғыстан қайтып оралмасам, шын жүректен бақытты болуыңды тілеймін. Сен бақытты болсаң, мен о дүниеде болсам да сезіп, қуанып жатармын. Міне, қазір, Термез қаласына жеттік, Ауғанстанға жақындаған сайын туған жерді, сені сағына еске алып, хат жазып отырмын. Ия, енді бәрі бір алланың қолында. Әмсе жақсылық болуына тілектеспін. Мен туралы қандай хабар алсаң да, өз-өзіңе бекем бол, сен мықты қызсың. Бақытты бол, жаным, Айдының».
Жүрегім дүрсілдеп, көзім қарауытып кетті. Ауғанстан жеріне, жат жерге соғысқа кетіп бара жатқанына қынжылдым, бірақ қолдан келер қайран жоқ, лажсыз көндім. Сол кезде-ақ сезімтал жүрегім әлденені сезгендей, қайғының қара бұлты қара басыма төнгендей, жанарыма жас толып, одан ары оқи алмадым.
Арада алты ай өткенде Айдынның үй-ішінен хат алдым. Айдын Ауғанстанда ерлікпен қайтыс болыпты. Бұл хат менің үкілі үмітімді күйретіп, мен үшін қаралы қағаз іспетті болды. Айнала қоршаған дүние, барша әлем, бүкіл адамзат, менің бақытсыз махаббатымды аза тұтып, қыстыға күңіренгендей. Булыға өксінен мұңлы әуен. Ызың-шу, қым-қуыт сапырылысқан жұмбақ дүние. Алқымға кептелген ыстық өксік пе, өн-бойым от болып жанып бара жатқандай, бір ысып, бір суынамын. Не істеп, не қойғанымды білмеймін, дел-сал, сүлесоқ күй.
Сол хабарды естіген күннен бері тұла бойым дірілдеп, қалыпты сабыр-күйден ада болып, түні бойы алпарысам. Көзімді жұмсам болды, Айдын түсіме кіреді. Ол маған күлімдеп келе жатады, «көзінде тұнған мұң бар екен-ау» деймін, ол болса жәудіреп қарайды келіп,-«Мен сені шексіз сүюші едім, сенімен бақытты болуды маңдайыма жазбапты. Сен жақсы қызсың, келешекте өз бақытыңды табатыныңа сенем, бақытты бол, гүлім» деп, мұңайып тұрғандай. Ештеме айта алмай көз жасыма булығып, оған қол созып ұмсынсам, ол бірте-бірте алыстап бара жатады, бірте-бірте алыстап бара жатады. «Ай-ды-ыыыын!», мен өз дауысымнан шошып оянып кетем, бөлмедегі қыздар да үрпиіп түрегеліп, менің қайғымды түсініп, жан-жағымнан қаумалап, жұбатуға кіріседі.
– Сен әлі жассың. Бар өмірің алдыңда, тірі адам тіршілігін істейді.
– Сен Ауғанстанда қайтыс болған Айдынды ұмыт. Өзіңе лайық басқа жігітті табасың.
– Қыздар дұрыс айтады, соғыста өлген адамды ойлай берудің қажеті жоқ, бұл – тағдыр,-дейді ақыл айтып. Мен оларды үнсіз тыңдап, үндемей құтылам, өйткені, олар менің жан-дүниемді, жүрек түкпіріндегі мөлдір махаббатымды қайдан ұқсын. Осынау азапты күндер. Қимастық, өкініш, мұң-нала булығып жатты кеудемде. Менің күңгірт көңіліммен үндескен қайғылы әуен Ауғанстан соғысында қыршынынан қиылған Айдынды жоқтап, қоса күңіренеді.
Айдыным! Сүйген жүрек теп-тез ұмыта қойсын ба? Ащы ақиқатқа көз жеткізіп, оның енді бұл өмірге қайта оралмайтынын білгенмен, асау жүрек ащы ақиқатқа сенгісі келмеді, қос аққудың сыңарындай Айдынды іздеп, көңіл түкпіріндегі сүйікті бейнесін елестетіп, қиялыммен шарқ ұрдым. Тек уақыт өте келе, оған деп маздаған сағыныш оты саябыр тапқандай, қалыптағы сабырлы күйге түстім. Терең жүрек түкпіріндегі бейкүнә мөлдір махаббатымның сыр сандығы жадымда мәңгі сақталып қала берді. Соның жарқын белгісі – екеуміздің сүйікті әуеніміз!
Алайда, өткен күннің қым-қиғаш елестері жанымды жай таптырар емес. Мен сені ешуақытта ұмыта алмаймын, Айдыным, әрқашан өзіңді қинала еске алам, тосын ажалға қимай еске алам. Мен бұл күндері қалың ой құшағында өзімді де жоғалттым, уақыттан да жаңылдым. Бұл күндер мен үшін ең бір қайғылы, ең бір ауыр күндер еді. Еңсемді көтертпейтін қайғының қара жүгін серпіп тастауға дәрменім жетер емес. Өйткені, мен сені шексіз сүйетінмін. Алғашында Айдынның қан майданда қайтыс болғанына мүлде сенгім келмеді. Бұл ащы шындық бірте-бірте ғана санама сіңіп, өн-бойымды күйдіре шымырлатып, тамыр-тамырымды иітіп тарап жатты.
Бұл күнде мені қуантатын да, қайғыртатын да – сенің сүйікті әуенің. Қуанатыным – бір кездегі әсем саз аясында армансыз қауышқан аяулы күндерімді еске алсам, көңілім көтеріліп, жадырап сала берем. Қайғыратыным – соның бәрі өткен күннің қайта оралмас құр елесі екені, енді қайтып екеуміздің жұбымыз жарасып, қатар жүре алмайтынымыз. Мен сол күндер еске түскен сайын егіліп, ертеңімнен түңіліп кететінмін. Тегі, маған бұл шақта айналамның бәрі жадау сурет, жалаң дүние ғана еді. Бәлкім, маған солай көрінген болар, бәлкім бұл шақта дүние өз бояуымен бәз-баяғы қалпында құлпыра жайнап тұрған болар…
Міне, тағы сол бір мұңды әуен алыстан талып естіледі. Қазіргі күндері бойтұмардай қасиет тұтар, жүрегімнің түкпірінде сақталған сыр сандығымның сағыныш кілтіндей болған, өткен күннің жалғыз белгісі –сол әуен, ол сүйген ән- менің әнім. Дәл осы әуенді мен сәл бақыттырақ кезімде тыңдаушы едім, енді ше? Мағынасыз, бос қауашақ сүлдерім отырып, тағы құмарта тыңдаймын. Тыңдаған сайын құдіретті әуеннің нұр-шапағатына бөленген жан-дүнием күнделікті күйбеңнің ұсақ-түйек кірбіңінен дүр сілкіне тазарып, аппақ нұрға шомылып, соншалық пәк періштедей күйге енемін…
Менің мөлдір махаббатым жайлы, бейкүнә сезімді жаңғыртып, тағы да сол әуен қалықтайды. Міне, тағы да сол әуен, тыңдашы…

ТӘУБЕ

Дембелше ғана келген, қараторы жігіт ағасы Елеусіннің қиқар мінезі бір басына жетерлік-ақ. Жайшылықта беталды көп сөйлей бермейтін тұйықтығына басып, елеусіз жүре беретін. Ал, енді әлдекім шамына тиіп шамырқатса өз дегенінен қайтпайтын қайсарлығы басым, сол бірбеткей мінезі дүлейлікке ұласып кететін кездері баршылық.
Бүгін бір іске кіріскені анық. Таңертеңнен бері асау қаракерді айналсоқтап тыным табар емес. Биылғы жылы тұңғыш рет мойнына құрық тиіп, бас білгізгенмен қаракер оңайлықпен маңайына дарытар емес, соған қарағанда ежелгі шу асаудың әлі арыны басыла қоймапты. Қаракердің соңына түскен Елеусіннің қолындағы жүгенін көріп, көмекші жылқышылар Қабдікәрім мен Есен әшейінгі байсалды бастықтарының бұл әуре тіршілігіне қайран қалысты.
Айналасы үш-төрт үйлі шағын ғана малды ауылдағы араларындағы жасы үлкені, әрі аға жылқышы Елеусін болған соң ба, әлде үнемі тұнжырап жүретін жұмбақ мінезді адамнан барлығы сескене ме, кім білсін, не жасы үлкендігін сыйлай ма, әйтеуір қай-қайсысы болсын оның айтқанынан шықпай, екі айтқызбай «Елекелеп» елпілдеп тұратын. Ал, Елеусін жұрттың сенімін ақтағысы келе ме екен, әлде тегі мінезі туа бітті ауыр ма, басқалардың алдында әрқашан сызданып, жұмған аузын ашпай, анда-санда ғана шолақ жауап қайыратын, басқалардай ділмарсып ақыл айтып, жөнді-жөнсіз сөйлей бермейтін.
Бұл шақта үйірлі жылқыны дүбірлетіп, қаракердің соңынан түскен Елеусінге Қабдікәрім салт атпен шауып келіп, құйғыта шапқан Елеусінге аттың тізгінін тартып, әзер құйысқанымен жанасып, сауал тастады.
– Елеке-ау, астыңыздағы жүрісі жайлы торы жорғадан жерініп, көлеңкесінен қос көргендей үркетін қаракерді шаужайлап жүргеніңізге жол болсын?!
– Е-ее, мен мұны торы жорғамен айырбас-тап, қара басып па?! Жап-жаңа арба есік алдында қаңтарулы тұрып, соған жегетін жөні түзу көлік таппай сарсыламыз. Қайдағы бір жаман-жәутік жуастарын митыңдатпай, ауыздығымен алысқан, ала жаздай қоң жинаған, қаракерді жегіп үйретсек болмай ма?!
– Ең алдымен көнбіс қылып, мініске әбден дұрыстап үйретіп алмай, әлі жуаси қоймаған ту асауды арбаға жеккеніміз ерсілік, асығыстық болар. Елеке-ау, қолдағы мал ғой, тап бүгін көлік қат болып тұрған жоқ, соны бүгінше жайына жіберейік, бекерге әурелеп қайтеміз, Елеке.
– Ей, сен өзің аяқ астынан білгішсіне қалып, – Елеусін қатты ашудан демі булығып, тұтығып кідіріп қалды, сонан соң барып дауысын көтере сөйледі: -Немене, маған ақыл үйретпексің бе?! Жолымды кес-кестеп міңгірлемей, ары таман жүргеніңе не ақы аласың?!
Елеусіннің қиықтау келген сілеусін көзі шарасынан шыға шатынап, күнге тотыққан қараторы жүзі одан сайын қаракүрең тартып, тершіген маңдайын жеңімен сүртіп тастап, Қабдікәрімді жақтыртпай зілдене қараған күйі шоқырақтап шаба жөнелді. Енді бірде ол расында да қаракерді жетектеп бара жатты. Қабдікәрім мен Есен оның әрекетін үнсіз бақылап, сырттай торуылдап, салт атпен аяңдап келеді.
Елеусін қамыт, доға ат-арбаның әбзелдерін алып, жанына жақындағанда асау қаракердің тана көзі үдірейіп, үрке шегіншектеген қаракер ат содан әбден жегіп біткенше өн-бойы дір-дір етіп, жер тарпып пысқырынып, екі құлағын кезек-кезек қайшылаумен болды. Елеусін барынша еппен тырысып, әзер дегенде жегіп болды-ау. Сырттай салқынқандылық көрсеткенімен тыпыршыған асаудан сескеніп ығыр болған Елеусін «жегіп болдым-ау» деп тоқмейілсігендей, айналасына «мені көрдіңдер ме, қандаймын!» дегендей келте танауы делдиіп, қысық көзімен еліре қарап, делбені бос ұстап, арба үстіне қарғып мінді. Бағанадан бері үрке осқырынған қаракер мұндай оқыс қимылдан шошына бұлқынып, арбаны дырылдатып артқы аяғымен тепкілеп, ала кеп жөнелсін. Қапелімде тосын екпіннен ұшып түсе жаздаған Елеусін бей-берекеті кетіп, әрең дегенде бойын тіктеп, әупірімдеп құламай қалды.
– Тррр,тррр, жануар, ой, мынау қайтеді ей! Арам қатқыр! Қасқыр жегір! – деген Елеусін делбені бар күшімен жұлқа тартып, арбаны тоқтатпақ болды. Осқырынып, құлағын қайшылап, танауы делдиген қаракер ат Елеусіннің қарлығыңқы жіңішке дауысы естілген сайын ауыздығымен алысып, өлген-тірілгеніне қарамай алға ентелейді. Енді бірде арбаны сындырардай салдыр-гүлдір еткізіп, қосаяқтап дәртені тепкілеп, тағы өңмеңдеп алға ұмтылды. Мұндай пәрменді екпіннен Елеусін тағы жалп етіп, абырой болғанда арбаның ішіне құлап, қалбалақтап ұшып түсе жаздап, әле-шала әрең дегенде басын көтерді. Жан-дәрмен ышқынған оның дауысы қырылдап қосарлана шықты.
-Мына жамандатқыр, өлтірді-ау, ойбай, енді қайтейін, өлтірді-ау! Қайдасыңдар?! Көмектесіңдер, ойбай!?
Ащы дауыс зарлана шықты, көз алдында өткен, бұл қызыққа аузы ашылып, аңырып қарап қалған аңқау Есен мен әшейінде сабырлы Қабдікәрім енді ғана естерін жиғандай тіксіне қалып, арбаға қарай тұра жүгірді.
– Тррр, трррр, тоқта қаракер, тоқта?! Тррр,трррр! – десіп, қосанжарлана айқайлап, оқыс ұмтылды. Өзіне қарай жанұшыра айқайлап, ербеңдеп жүгіріп келе жатқан бұларды көрген асау ат жұлқи тартып, айдалаға безе жөнелді. Салдырлаған арбаның үстіндегі Елеусіннің жан дауысы шықты.
– Әй, жаның бар ма өзіңнің, секір, секірсеңші!, – деген Есеннің барлығыңқы жуан дауысын естіген соң, қаракер жаңағы қарқыннан асып түсіп, одан бетер беталды құладүзге құйғыта шапты.
– Ойбай! Мына ит өлтірді мені, құтқарыңдар! Аттан! – деген Елеусіннің жыламсырағандай аянышты үні де алыстай бере сап тиылды. Осынау оқыс оқиғаның куәсі болған Есен мен Қабдікәрім ғана не істерін білмей, дал болып дағдарып тұрып қалды. Ес-түстері шығып, шарасыз қалып танытып, абдырап тұрғандары бүкіл кескін-кейіп, өн-бойларынан айқын білінеді. Осынау тымырсық үнсіздікті бұзып, Есен қарлығыңқы үнмен күйіне тіл қатты.
– Қап! Мынау адам емес екен! Айналайын-ау, асау атты арбаға жегіп, желіккені несі?! Енді әлгі Әкрамның аяғын құшып, бұның да атқа сүйретіліп өлмесіне кім кепіл?!
– Тәйт ары! Жағың қарысқыр, жағыңа жылан жұмыртқалағыр! Жаман ырымды бастап, о несі, ей?! Қайдағыны айтып қақылдағанша құтқарып алуға қарекет жасамайсың ба, түге,-деп, үлкендігін білдіріп, жас жігіт Есенге жекіріп тастағанымен, жасы ұлғайған жігіт ағасы Қабдікәрімнің көкейінде де түйткіл бар еді. Іле-шала сайдың тасындай соқталдай бес-алты жігіт шабандоз аттарға ертоқым салмай-ақ, жайдақ салт міне салып, қаракер кеткен жаққа қарай далақтап шауып ала жөнелді. Міне, қаракердің соңынан қуғанына сүт пісірімдей уақыт болды.Құладүзге бет түзеген ту асау әлі маңайына дарытар емес. Артынан қуғыншының қарасы көрінген соң одан сайын өршелене шапты ма, әзірге тың ат бос арбаны салдырлатып сүйреткен күйі құмды жердің борпылдақ шаңын соңына будақтата қалдырып, алды-артына қарамай безіп барады. Есен мен Қабдікәрім басқаларынан қозыкөш жер алда шауып келеді. Жолай кездескен қия беткей, ылди, еңістерден жан-дәрмен шоқырақтай өтіп, межелеген нысана – алыстан қарауытқан қаракердің шаңына көміле құйрық тірестіріп, бірте-бірте жақындай бастады. Енді бір сәтте Есен мен Қабдікәрім салдырлап сүйретілген арбаның екі жағынан қапталдаса шауып, деңгейлесті-ау, әйтеуір. Аузынан ақ көбігі бұрқырап, сауырын тер жапқан қаракер қатты қарқыннан болдырып шаршағанмен әлі де үріккен асау өңмеңдеп алға ұмтылуда. Олар енді ғана байқады, арбаның артқы бір дөңгелегі ұшып кетіп, белтемірі жерге бойлай кіріп, жазық жерді соқадай жыртып барады екен. Ал, бір жағына қыңырайған арба үстіндегі адамда ес-түс жоқ, соңдарындағы екі қуғыншының қарасы көрінісімен жанталасып әлденені айтып айқайлайды келіп. Белтемірдің жерді соқадай жыртып бара жатқанына қарамастан қаракер әлі тың көрінеді, өйткені, арбаны қаңбақ құрлы көрмей дырылдатып сүйреп барады. Арба бір-екі рет қиябеткейде қалт-құлт етіп, аударылып құлауға шақ қалды, әйтеуір дес бергенде жазық жерге кез болып, қайта оңалып кетті. Осы шақта бәйге торыға мінген Есен басакөктей шапқылаған қаракердің алдынан оза шауып, ауыздығымен алысқан аттың үзеңгісіне жармасты. Біраз жерге дейін қапсағай денелі әлуетті жігітке дес бермей, Есенді қоса қабаттай жұлқына ұмтылғанымен екінші жақтан шаужайлаған Қабдікәрімнің қарулы күшінің мысы басып, алғашында үрке бұлқынғанымен бірте-бірте саябырлай тоқтады. Екеуі де бірден уәделесіп қойғандай арбаның үстіне шыдамсыздана жалт қарасты.
Ойлы-қырлы жерлерден салдырлата сүйреткен жап-жаңа арбаның сиқы қалмапты. Дертесінің біреуі сынып, сыңар дертеге ілінген арба ақсақ балапандай қиралаңдап қалыпты. Артқы бір дөңгелегі ұшып кетіп, белтемірі ортасынан опырылып, жерге сүйретіліп жатыр, әр жерге бір соғылып, шабақтарының сау-тамтығы қалмаған. Сол бір шоғыр ағаш қаңқасындай арбаның үстінде көште қалғандай сүмірейіп, Елеусін етпетінен бүгіліп, жабыса қалыпты. Оның осы түрі тым аянышты-ақ еді. Өзі мүлде шала-жансар күй кешіп, баспен оңбай соғылған ба, бір көзі көгеріп, таңқиған танауынан жылымшы қан ағып, бір аяғы жансыз салбырап қалыпты, беті әлем-тапырық бұзылып, есі бір кіріп, бір шыққандай, көзі алайып, есеңгіреп қалыпты. Асау қаракердің тізгініне жармасып, әрең тоқтатқан Есен мен Қабдікәрімге жәутеңдей қарап, шегір көзі жиі-жиі жыпылықтап барып, шыдай алмай еңкілдеп жылап жіберді. Бағанағы арындап бой бермей, өзімдікі жөн деп есерленген қиқарлықтың ізі де жоқ.
– Амансыз ба, Есеке?! Мына аяғыңыз бұралып қалған ба?-деп, арбадан салбырап тұрған аяғын оңап, арбаға салмақ болып еді.
– Ойбай, қозғама! Аяғым сынып қалыпты, қозғалта алмаймын. Қап! Аяғым-ай!-деп, тағы өкіріп жылады.
– Онда біз мына арбаның үстіне төселген киіз қомшаға сізді жатқызып, Есен екеуміз екі жақтап, үйге көтеріп апарайық,- деген Есен мен Қабдікәрім Елеусінді ептеп киіз қомшаға дұрыстап жатқызып, екі қарулы жігіт тік көтеріп үйге қарай ала жөнелді. «Ойбай! Аяғым, аяғым-ай, аяғым-ай», деп, қомша қозғалған сайын шалқасынан сұлап жатқан Елеусін ойбайлап жатты. Ауылдан біраз ұзап кетіпті, әжептеуір жер екен, соған қарамастан Есен мен Қабдікәрім ақ тер, көк тер болып, қиқар бастықтарын үйіне әкеліп жеткізіп, құрақ көрпе төселген төр үйге жатқызып, сынықшы шақыруға бір баласын жұмсап жіберіп, төрде сұлап жатқан бастықтарының қасында демалып отыра кетті.
– Қатын-ей, тезірек шай демде, қазан көтер. Мына жігіттер әбден шаршады, мені сонау ауыл шетіндегі Тереңөзек сайынан бері көтеріп әкелді, – деп, Елеусін әйеліне бұйыра сөйледі.
– Қазір, міне, қазан асайын. Самауыр қайнап тұр, дастархан жайып жіберейін,-деп, зыр жүгірген қысқа бойлы толық келіншек әп-сәтте дастархан мәзірін жасап үлгерді. Жаңа піскен ыстық бауырсақ пен құрт, мейіздерін салып, қаймақ қатып, иісі бұрқыраған үнді шайын ұсынды. Шай ұрттай беріп, Елеусін алғысын жаудырды.
– Айналайын, Қабеке, Есентай-ау, бүгін сендердің арқаларыңда бір ажалдан аман-есен қалдым ғой. Сендердің бұл жақсылықтарыңды тірі жүрсем ұмытпаспын, – деп, тағы көңілі босап, еңкілдеп жылап жіберді. Есен мен Қабдікәрім, – Қойыңыз, Елеке. Бәрі жақсы болады, деп басу айтып жатты. Шай ішіп бола берген кезде қартаңдай жігіт ағасы сынықшы келді. Елеусінді біраз «ойбайлатып», ақ тер, көк тер болып, аяғының сынығын орнына келтірді. Елеусін төр алдында сұлап жатып, Есен мен Қабдікәрімге тағы алғысын жаудырды.
– Тезірек жазылып кетіңіз.
– Сауығып кетуіңізге тілектеспіз, – деген Есен мен Қабдікәрім сыртқа шықты. Сабырлы-салиқалы жігіттер бір-біріне ашылып, ештеме айтқан жоқ. Ештеме деп айтпағанмен сол кезде екеуінің де «Елеусін бастығымыз енді ғана тәубесіне келіпті, жөн сөзге дес бермеп еді, әйткенмен бүгінгі жайт ұмытылмас сабақ болды. Асауға тұсау деген осы» деп, ойлағандары хақ. Ия, арындаған алапат сезімнің арандап қалуы қандай тез еді десеңші…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.