Не таптым сәби көңілден?..

Ержан Тоқтарұлы

1986 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы,Қарасаз ауылында өмірге келген. 2003-2007 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясын тәмамдаған. 2010 жылғы Мұқағали Мақатаев атындағы ақындар байқауының жүлдегері. 2014 жылы «Жалын» баспасынан «Сүйектегі таңба» атты прозалық кітабы жарыққа шықты. Бүгінде М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында баспасөз бөлімінің БАҚ менеджері болып қызмет істейді.

Ғасырдың жиған дерегін.
Тас үйлер тастың пірісің.
Тастақ көшемен келемін,
Тасбақа аяң жүрісім.

Үніне салып қарғаның.
Қаланың шуы шаршатты.
Темір тұлпарлар жан-жағым,
Жылқының даусын аңсатты.

Жайлауды жазды аңсатқан.
Қытымыр қыстың үні жоқ.
Ақшаға құл боп тән сатқан,
Қыздар тұр көше гүлі боп.
Топ жігіттер тұр жалданып,
Бөрі боп неге жүрмеді.
Итаяқ асқа алданып,
Ит тірлік болған күндері.

Баратын жолы тым қысқа.
Кесілген аяқ соры боп.
Ақсақал отыр бұрышта,
Алақан жаяр қолы жоқ.

Дегендей бояу сырласым.
Оның да жаны жаралы.
Тағдырдың сызып сұлбасын,
Суретші кетіп барады.

Арылмай рухым кеселден,
Бір күннен әзер жаным қап.
Келемін ілбіп көшемен,
Ұсқыным тірі әруақ.

***
Құмармын неге тұныққа,
Ұната қоймас түнді бір?..
Бүр жарып солған суықта,
Жасама жалған гүл ғұмыр.

Тұрмастай бір күн құлармын,
Толмастан жатып төгілдім.
Жарыққа неге құмармын,
Күнбағыс сынды өмірім?..

Күдерін үзген жарықтан,
Таспадай тілім тілінген.
Тұнықты қолмен танытқан,
Балықпын бастан шіріген.

Дінім де қалды түнекте,
Бөлемін неге кескілеп.
Иманның кілті жүректе,
Кеудеме симас қос жүрек.

Естімес бесік үнімді,
Не таптым сәби көңілден?..
Көрместен жарық ғұмырды,
Құрсақта жатып жеріген.

Періште гүлге тас атып,
Үздірген піспей ұрығын,
Жаратқан қойған жасантып,
Жасампаз жалған ғұмырым.

Түн ғұмыр

Өмірдің айналып көрмесін.
Қайталай беретін ісінде.
Тағдырдың жалғандық бейнесін,
Адамдар көреді түсінде.

Бір сенім ұялап санамда,
Жерге аспан түнегін төгіп тұр.
Адамдар ұйықтайды далада,
Тек тамдар бөліп тұр.
Жанымыз жеті қат аспанда,
Уақытша жер бетін таңдайды.
Қара аспан ұйықтап жатқанда,
Әлемді тыныштық жайлайды.

Түн тылсым жырымен жаңғырып,
Түсініп аспан жер арасын,
Бір ақын кетіпті қаңғырып,
Жалғанның жыртып ап жағасын.

Сезбейді көкірегі көр жандар,
Түн кетер таң ата мәңгіріп.
Ұйықтаумен тәніміз демалар,
Жанымыз мәңгілік.

Түн кетті бір қара кісімен,
Жер әлем боз түске боянар.
Қайталай беретін ісімен,
Адамдар оянар.

***
Тағдыр бізге кесапатын құрған ба,
Тоғышарлық кезеңінен асқан ба?
Аят оқып нан сұрап тұр бір бала,
Ит асырап бір орыс жүр бақшада.

Салт дәстүрден кеттік білем безініп,
Ата заңым айналғандай сағымға.
Жігіт отыр сүйіктісін құшақтап,
Екі көзі келесі бір аруда.

Жоғалтқандай тірлігінің базарын,
Құм санайтын пенделер де сараң құл.
Келтіретін ошағының ажарын,
Міскін болып жалаң аяқ ана жүр.

Иманымыз бұл қоғамда басты үміт,
Құдайына кетер бір күн бас ұрмай.
Шыға салып мешіттен бір жас жігіт,
Айналсоқтап атып жатыр насыбай.

Артымыз құз, алдымыз да құрсаулы,
Мен де адаммын, кімге кінә тағамын.
Жан-дүниең соқыр болса бір сәрі,
Ақырзаман қасыңда жүр ағайын.

Болсадағы бұл дамыған кезіміз,
Кей қазағым өз жерінің ұлтаны.
Бәрі иманнан, кінәліміз өзіміз,
Адам ата, Хауа ана ұрпағы.

***
Қайтсем бұл көңіл шалқымақ,
Бір үрей сезем түнімнен.
Түнгі аспан қара – шамшырақ,
Жұлдызбен безендірілген.

Төзбестей сұмдық күйге енем,
Аптап ыстықта тоңдым мен.
Бұғып жатуға үйренген,
Бұлдырық құстай болдым мен.

Бітеді қашан уайым бұл,
Тұратын жерде құладым.
Күн жарық көкте, айым нұр,
Көк күмбез ал, жер – тұрағым.

Жаратқан болды сынаған,
Жылайды жаным үні жоқ.
Шыға алмай тұрмын бұғаудан,
Түскендей құзға түбі жоқ.

Құс қанат ару

Қауызыңды аштың қырмызым,
Жаныңмен тәнің пәк қандай.
Тандырды естен қылығың,
Шілдеде түскен ақ қардай.

Сиқырлы мас боп сезімге,
Күндерден есті жимадым.
Түсім бе деп ем өмірде,
Ертегі түнді силадың.

Харам сәттерден бездірдің,
Сауапты жолға түсірдің.
Адам атадай сездірдің,
Хауа ана тектес мүсіндім.

Хауа ана тектес мүсіндім,
Ғажайып күйді сезіндік.
Пәктікті сенен түсіндім,
Арылттың жолдан перілік.

Тағы да естен тандырып,
Қоштасып үнсіз жасқана,
Өзімді жерге қалдырып,
Неге ұшып кеттің аспанға.

Дауылды үнім жетті ме,
Ұшып ең бұлт боп мамырлай.
Ақ қарға сіңіп кеттің бе,
Ақпанда жауған жаңбырдай.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.