ЕЛБАСЫНА САҒАТ СЫЙЛАҒАН

Жас та болса, Арманның бойында өткірлік, сөзінде мағына, мінезінде ұстамдылық бар. Сұхбатқа уақытымен келіп, сұрақтарға нақты жауап берді. Әр минутын бағалайды. Әңгімелесе отырып, ақылына сүйсіндім. «Отан» деп сағат шығарып, елім деп емірене айтқан әңгімесіне еріксіз риза боласың. Қазақтың әр баласына үлгі боларлық жас кәсіпкердің әңгімесін замандастарының назарына ұсынғанды жөн көрдік.

 

– Арман, «Қазақстандағы 100 жаңа есімге» кіруіңізбен құттықтаймыз. Жалпы осы тізімге ілінетініңізді білдіңіз бе?
– Шынын айтсам күткен жоқпын. Өзіме де жаңалық болды. Министрліктен және Қарағанды қаласынан да қоңырау шалып, құттықтады. Сол кезде бір-ақ естіп, білдім. Одан әрі 1 желтоқсан күні «100 жаңа есім» форумына жиналдық. Сол кезде басқа да 102 адаммен таныстық. Елбасының қатысуымен үлкен шара болды.
– Бірнеше кәсіпті тізгіндеп отырсыз, соның ішінде ең танымалы осы «Отан» сағаттары. Қолсағаттарды дәл қазіргідей ұлттық нақышта шығару идеясы қалай туындады?
– Жоқ болмай бір нәрсе пайда болмайды. Сол сияқты менің өмірімде де дағдарыс болды. 2014 жылы банкротқа ұшырадым. Өте көп қарыздармен. Сонда жаңа идея іздеу қажет болды. Алты ай бойы жұмыссыз жаттым, сол кезде басыма түрлі ойлар келді, бірде сағат жасау идеясы туындады. Осындай сағат жасасам көпшілікке ұнар ма екен деп, ең бірінші нұсқаларын дизайнермен бірге отырып жасадым да, фейсбукқа сала бастадым. Әлеуметтік желі арқылы адамдар позитивті қабылдап, маған осындай сағатты қай жерден сатып алуға болады деп сұрай бастады. Бірақ ол кезде жай нұсқасы ғана бар еді. 6 айдың ішінде мен біраз тапсырыс жинап, Айбек Есенов деген досым екеуміз бірігіп қаражат жинап, сағаттардың бірінші 100 данасын шығардық. Екі айдың ішінде оны сатып жібердік. Әріптестеріміз бар, үлкен командамыз бар, солай ісіміз алға жүрді. Басты мақсат бұл сағаттарда бейнеленген ұлттық нақыштар мен еліміздің Елтаңбасы қаншалықты әдемі екенін көрсету болды. Қазіргі күнде бұл сағаттарға жерлестеріміз АҚШ, Қытай болсын әр мемлекеттерден тапсырыс беріп жатады. Бұл бір жағынан патриоттық сезімді оятады. Жүрген жерде әр қазақстандық азамат Отанын көріп жүреді. Есінде сақтайды.
– Жақсы, ал жалпы бүгін бұл сағаттарға сұраныс қаншалықты?
– Қазіргі күнде біздің сағаттарымызға екі жылдан астам уақыт болды. Бренд ретінде жақсы қалыптастық. Біз Қытайға да сатып жатырмыз. Жақын арада біз Бейжің қаласына барып осы сағаттарды саттық. Бір қызығы, ол жерде сағаттарды жергілікті қазақтар емес, қытайлықтар сатып алды. Қытайлықтарға біздің Елтаңбамыздың бейнеленгені өте әдемі болып көрінді. Болашақта, яғни 2018 жылы Қытай нарығына шығып, осы сағаттарды тұрақты сатуға мақсат қойып отырмыз. Ал, Қазақстан бойынша бізде сатылым өте жақсы. Елбасыға сыйлағаннан кейін сұраныс одан да арта өсті. Сондықтан мен ойлаймын бұл өте жақсы потенциалды іс деп.
– Елбасымен кездесу жайлы айтып өттіңіз. Жалпы, бизнесіңіздің өрге жүзуіне осы кездесудің ықпалы болды ма?
– Елбасына сыйлағаннан кейін сұраныс өсті. Ол кездесу маған қатты ұнады. Жақында ол кісіге кітап та сыйладым. Онда менен басқа да жас кәсіпкерлер болды. Бір көңіліме қонғаны, ол кісі жас кәсіпкерлерге жақсы қолдау көрсетеді. Елбасы мақтаған соң, жергілікті БАҚ өкілдері де іліп әкетіп, ақпарат жан-жаққа тарап кетеді екен. Мысалы, жақында президентіміз Рахат деген композитордың композициясын тыңдап, аяғында «Енді мен Моцартты емес, сенің композицияларыңды тыңдаймын» деп айтты. Ол да бір қолдау. Президент әрдайым қазақстандық брендтерді жүрген жерінде қолдап жүреді. Соның арқасында ол бір жақсы серпін алды.
-Сағатыңыздың көпшілігі ер азаматтарға арналған ба?
-Бастапқыда, әрине, солай болды. Өйткені, көбінесе бұндай ұлттық нақыштары бар сағаттарды ер азаматтар алады. Ал, қазір қыз-келіншектерге арналған сағаттар да бар.
– Сағаттардың дизайнын кім жасайды?
– Барлығы өзімнің идеяларым. Осы сағаттардың барлығының түпнұсқасын өзім жасадым. Кейін графикалық дизайнерлермен түзеп, кейбір жерлерін өзгерте отырып, әрі қарай оны аяғына дейін жеткіземіз.
– Бағасына келер болсақ, қаншалықты халыққа қолжетімді?
– Бұл сағаттардың бағасы 130 000 теңгеден басталады және біздің екінші линиямыз бар. Ол қолдан жасалған өте қымбат сағаттар. Сериялық сағаттар 130 мың мен 325 мың аралығында. Ал одан қымбат сағаттар екі мың доллар, он мың доллар бағамында болады. Хэнд мейд дейді ғой қазір, Алматының зергерлерімен бірлесе отырып жасалатын қолсағаттар. Ең қымбат сондай сағат Қытай мемлекетіне сатылды. 960 000 теңгеге. Оны Қытайдың бір үлкен кәсіпкері сатып алды.
– Сіздің сағаттан басқа да айналысатын кәсіптеріңіз бар. Біз сағатты жиі естиміз де өзге кәсіптеріңіз жайлы онша ести бермейміз. Солар жайлы тарқатып айтып өтсеңіз.
– Басқа кәсіптер жайлы ел көп ести қоймайды. Өйткені, олар көпшілікке арналмаған, жеке салаларды қамтитын кәсіп түрлері. Қазіргі күнде ауыл шаруашылығында екі компания жұмыс істейді. «Жаңа жасыл технология» деген компания қысы-жазы мал азығын дайындайды, жылыжайлар бар. Онда гидропондық құралдар сатамыз, яғни адамдардың қысы-жазы мал азығын дайындауға арналған құралдар. Ал тағы да бір компаниямыз «Ертіс» деп аталады. Ол инновациялық түрде Қазақстанда мейрамхана, дүкендерге арналған жасыл шөп өсіреді. Күнделікті мейрамханада қолданатын салат, мята, руккало дейтін шөптерді өсіретін арнайы компания.
– Сіздің жақында кітабыңыз шығады екен.
– Иә, «Идеядан бизнеске» деген кітабым шығады. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде. Ол кітапты мен жазда Еуропаның Турин деген қаласында көпшілікке таныстырдым. 29 мемлекеттен жиналған азаматтарға тараттым. Ол алғашқыда орыс тілінде жазылды. Сосын қазақ және ағылшын тілдеріне аударылды. Неге орыс тілінде? Өйткені, бизнес тілі орыс тіліне жақын болғаннан кейін ыңғайына байланысты жазу керек болды. Кейін қазақ, ағылшын тілдеріне аудардық.
– Жалпылама тақырыбынан түсінікті болғанымен, кітаптың негізгі өзегі не? Ол кітапты жазуға сізге не түрткі болды?
– Өте көп жастар әлеуметтік желілер арқылы менен кеңес сұрайды. Көбінесе бұл кеңестер қайталана береді. Ақшаны қайдан тапсақ болады? Бизнесті неден бастауға болады? Идеяны қайдан алуға болады? Қандай қиыншылықтар туындайды деген және де қазір байқағаным, көп жастар кәсіпкер болуға ұмтылады. Бірақ кеңес алатын немесе барып сұрайтын адамдары жоқ. Мысалы, ата-аналарымыз ешқашан бизнеспен айналыспаған. Өйткені, Кеңес өкіметі кезінде өскен ол кісілер. Сондықтан, осы кітапта мен өзімнің 10 жылдан астам жинаған тәжірибемді бөліскім келді. Соның барлығын осы кітапқа жинадым.
– Бастамаларыңызға қолдау көрсетіп, көмектесіп отыратын жандар бар ма?
– Ешқандай қолдауым жоқ. Оның барлығын өзім және әріптестеріммен жүзеге асырамын. Ата-анам өте қарапайым адамдар. Анам аспазшы, әкем қазір менің компанияларымның бірінде жұмыс жасайды. Анама кафе ашып бердік. Осы 2-3 жыл болды. Бірақ инвестор немесе қолдаушым жоқ. Сондықтан да жаңағы айтқан кітапта мен ешқандай қолдаусыз бастапқы үлкен қаражатсыз осылай кәсіп бастап, оны алға тартып жүруге болатынын айтамын. Соның рас екеніне көпшіліктің көздерін жеткізгім келеді.
– Бастамаларыңыз, жаңа ойларыңыз қандай?
– Әзірге ешнәрсе айта алмаймын. Өйткені өмірде әртүрлі жағдай болады. Мысалға мен биыл криптовалютамен айналысамын деп ойлаған жоқпын. Бірақ заман өзгере келе айналысуға тура келді. Қазір криптовалюта жайлы көбісі біледі. Сондықтан «Union of Miners» деген компания аштым және де ол өз жемістерін берді. Сондықтан да ертең қандай өзгеріс болатынын білмейміз. Бірақ, басты мақсат бизнесті дамыту және де өзім сияқты кәсіпкерлерге қолдау көрсету.
– Әр адам кәсіпкер болғысы келеді. Бірақ идея таппай жатады. Сіз идеяны қайдан аласыз?
– Идея деген негізі түкке тұрғысыз зат. Идея бәрінде бар. Жан-жаққа қараған адамға идея көп келеді. Бірақ көбісі олардың қайсысы өміршең екенін айыра алмайды. Екіншіден, оны ешқашан іске асырмайды. Қазіргі күнде идея өте көп. Ең оңай дегені тауарды алмастыру. Мысалы, бізде шетелден әкелетін тауар өте көп. Соны жай алмастыра отырып, ақша табуға болады. Идея жеткілікті. Бірақ соны іске асыратын адамдар жоқ.
– Сұхбатыңызға рахмет. Еңбегіңізге жеміс тілейміз.
Сұқбаттасқан
Гауһар Түстікбаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.