«ШЫНЫҚСАҢ ШЫМЫР БОЛАРСЫҢ»

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің өркендеп, дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды анықтау арқылы олардың табысқа жету тарихын насихаттап, танымал етуді ұсынған болатын. Сол мақсатты жүзеге асыруда осы жылдың маусым айынан бастап, «100 жаңа есім» жобасы басталып та кеткен еді. Үздіктерді анықтау шарасы көпшіліктің онлайн дауыс беруі арқылы жүргізіліп, нәтижесінде 102 есім іріктелініп алынды. Жеңімпаздар қатарында жүзу бойынша халықаралық деңгейде Қазақстан Республикасының спорт шебері – Зульфия Габидуллинаның да есімі енді.

 

Зульфия Раухатқызы Рио-де-Жанейрода өткен Параолимпиялық жазғы ойындарда еркін стильмен жүзуден жеңіске жетіп, ел қоржынына алғашқы алтынды әкелген спортшы. 100 метр қашықтыққа жүзуде үздік нәтиже көрсетіп қана қоймай, әлемдік рекордты жаңартты. Біз журналдың жаңа нөміріне материалды дайындап жатқан уақытта Зульфия Мексикада мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатына қатысып жатқан еді. Біз спортшыға хабарласқанда 50 метр қашықтыққа еркін стильде жүзуден жеңіске жетіп, алтын алғанын қуана хабарлады. Біз оның «100 жаңа есімге» енуімен және жаңа жеңісімен құттықтадық. «Бұл тізімге енемін деп ойламаған едім. Бастапқыда таңданғаным рас. Дегенмен, мен үшін бұл қуанышты жағдай болды», – деді спортшы қуанышын жасыра алмай. «Бүкіл әлем көз тіккен чемпионат қалай өтуде?» деп сұрағанымызда, Зульфия Габидуллина бізді тағы бір жағымды жаңалықпен қуантты. «Чемпионат жоғары деңгейде өтуде. Биік таулы аймақ болғандықтан, қиындықтар да бар. Дегенмен біздің команда алдын-ала дайындықтан өтті. Сондай-ақ, Халықаралық Параолимпиада комитеті 2017 жылғы Бүкіләлемдік жеңістер сериясы үшін грамота табыс етті. Бұл мен үшін үлкен қуаныш. Қазақстандағы 100 есімге осылайша лайықты түрде енгеніме ризамын. Комитеттің таңдауы маған түседі деп ойламаған едім. Қазір енді әлем бойынша абсолютті тұрғыда чемпион екенімді мақтан тұтамын. Азияда да, Олимпиадалық ойындарда, Еуропада бірінші орындарды жеңіп алып, рекордтарды жаңарттым. Ендігі нысана – Токио» – деді спорт шебері.
Зульфияның спортқа келуі сауықтыру шараларынан басталған. Жол апатына түскеннен кейін, үнемі денесін қимылға келтіріп, өз-өзімен жұмыс істеуге тура келеді. Оңалту жаттығуларының нәтижесі спортпен шұғылдануға ұласады. 1990 жылы бірінші рет арбамен қалалық жарысқа қатысады. Бір жылдан кейін республикалық жарыстарда бағын сынай бастайды. 2007 жылы ол жаттықтырушысы Саттар Бейсембаевпен кездеседі, осылайша кәсіби спортқа деген дайындықты бастайды. Бұл Зульфияны ерекше шабыттандыра түседі. Өйткені, жасы біразға келген спортшымен жұмыс істеуге жаттықтырушылардың көбісі дайын емес еді. Өзінің өмірге деген құштарлығы мен жеңіске деген талпынысы оны үнемі алға жетелейді. «Мен өмірді жақсы көремін. Қолымда бардың бәріне шүкіршілік етемін. Маған ерекше құштарлық пен қуат сыйлайтын бір адам бар. Ол – Руфия есімді қызым. Қазір ол 18 жаста. Пединституттың 1-курс студенті» – дейді Зульфия. Спортшының өзі айтпақшы, «спорт – мықты адамдарды сүйеді». Алдына қойған мақсаттарына жетпей тынбайтын жігерлі жанға қанатың талмасын дейміз. Жеңісті күндері көп болғай!

Гауһар Нұрмұхамбетқызы

 

«S’YNYQSAN’ S’YMYR BOLARSYN’»

Zy’lfi’a Ray’hatqyzy Ri’o-de-Janei’roda o’tken Paraoli’mpi’alyq jazg’y oi’yndarda erkin sti’lmen ju’zy’den jen’iske jetip, el qorjynyna alg’as’qy altyndy a’kelgen sports’y. 100 metr qas’yqtyqqa ju’zy’de u’zdik na’ti’je ko’rsetip qana qoi’mai’, a’lemdik rekordty jan’artty. Biz jy’rnaldyn’ jan’a no’mirine materi’aldy dai’yndap jatqan y’aqytta Zy’lfi’a Meksi’kada mu’mkindigi s’ektey’li sports’ylar arasynda o’tip jatqan a’lem c’empi’onatyna qatysyp jatqan edi. Biz sports’yg’a habarlasqanda 50 metr qas’yqtyqqa erkin sti’lde ju’zy’den jen’iske jetip, altyn alg’anyn qy’ana habarlady. Biz onyn’ «100 jan’a esimge» eny’imen ja’ne jan’a jen’isimen quttyqtadyq. «Bul tizimge enemin dep oi’lamag’an edim. Bastapqyda tan’dang’anym ras. Degenmen, men u’s’in bul qy’anys’ty jag’dai’ boldy», – dedi sports’y qy’anys’yn jasyra almai’. «Bu’kil a’lem ko’z tikken c’empi’onat qalai’ o’ty’de?» dep surag’anymyzda, Zy’lfi’a Gabi’dy’lli’na bizdi tag’y bir jag’ymdy jan’alyqpen qy’antty. «C’empi’onat jog’ary den’gei’de o’ty’de. Bi’ik tay’ly ai’maq bolg’andyqtan, qi’yndyqtar da bar. Degenmen bizdin’ komanda aldyn-ala dai’yndyqtan o’tti. Sondai’-aq, Halyqaralyq Paraoli’mpi’ada komi’teti 2017 jylg’y Bu’kila’lemdik jen’ister seri’asy u’s’in gramota tabys etti. Bul men u’s’in u’lken qy’anys’. Qazaqstandag’y 100 esimge osylai’s’a lai’yqty tu’rde engenime ri’zamyn. Komi’tettin’ tan’day’y mag’an tu’sedi dep oi’lamag’an edim. Qazir endi a’lem boi’yns’a absoli’y’tti turg’yda c’empi’on ekenimdi maqtan tutamyn. Azi’ada da, Oli’mpi’adalyq oi’yndarda, Ey’ropada birins’i oryndardy jen’ip alyp, rekordtardy jan’arttym. Endigi nysana – Toki’o» – dedi sport s’eberi.
Zy’lfi’anyn’ sportqa kely’i say’yqtyry’ s’aralarynan bastalg’an. Jol apatyna tu’skennen kei’in, u’nemi denesin qi’mylg’a keltirip, o’z-o’zimen jumys istey’ge ty’ra keledi. On’alty’ jattyg’y’larynyn’ na’ti’jesi sportpen s’ug’yldany’g’a ulasady. 1990 jyly birins’i ret arbamen qalalyq jarysqa qatysady. Bir jyldan kei’in respy’bli’kalyq jarystarda bag’yn synai’ bastai’dy. 2007 jyly ol jattyqtyry’s’ysy Sattar Bei’sembaevpen kezdesedi, osylai’s’a ka’sibi’ sportqa degen dai’yndyqty bastai’dy. Bul Zy’lfi’any ereks’e s’abyttandyra tu’sedi. O’i’tkeni, jasy birazg’a kelgen sports’ymen jumys istey’ge jattyqtyry’s’ylardyn’ ko’bisi dai’yn emes edi. O’zinin’ o’mirge degen qus’tarlyg’y men jen’iske degen talpynysy ony u’nemi alg’a jetelei’di. «Men o’mirdi jaqsy ko’remin. Qolymda bardyn’ ba’rine s’u’kirs’ilik etemin. Mag’an ereks’e qus’tarlyq pen qy’at syi’lai’tyn bir adam bar. Ol – Ry’fi’a esimdi qyzym. Qazir ol 18 jasta. Pedi’nsti’ty’ttyn’ 1-ky’rs sty’denti» – dei’di Zy’lfi’a. Sports’ynyn’ o’zi ai’tpaqs’y, «sport – myqty adamdardy su’i’edi». Aldyna qoi’g’an maqsattaryna jetpei’ tynbai’tyn jigerli jang’a qanatyn’ talmasyn dei’miz. Jen’isti ku’nderi ko’p bolg’ai’!

Gay’har Nurmuhambetqyzy

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.