Қазақ әдебиеті

Шекспир мен  Нобель елінде

(Тауық жылынан тәбәрік)

Адам ғұмырының мәнді, мағыналы болуы – рухани дүниесінің байлығымен байланыс-ты, сондықтан ішкі түйсігімізбен жанымызға азық іздеп, кітап әлеміне енсек, өмірдің барлық қалтарысындағы тұнып тұрған сұрақтардың жауаптары алдымыздан шыға береді.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру –болашаққа бағдар» бағдарламасы көп жақсы істердің ұйытқысы болып, қазақ елі үшін үлкен серпіліс әкелуде. Қазақ әдебиетінің бүгінгі тынысы да ерекше, себебі мемлекеттік қолдауға ие болған тың жобалар дүниеге келуде.
Дегенмен, ондай олжа бұйырмаса да,теңізге құйған тамшыдай, қазақ қаламгерлерін әлем жұртшылығына таныс-тыруды мақсат етіп, әдеби агент ретінде атқарған биылғы жылғы жұмыстарымның нәтижесімен таныстыруды жөн көрдім. Соңғы жылдары әдебиетке қатысы бар әлемдегі мықты дүниелерді зерделеп, қазан айында алғашқы қадамды британдық әріптестер тәжірибесіне сүйене отырып, Шекспирдің еліне іссапардан бастадым.«BESTSELLERKZ» Қазақстандық бірінші әдеби агенттігінің үсынуымен,Евразиялық шығармашылық гильдиясы кітаптары сериясы бойынша Европа қазақтарына шашу ретінде ұсынған 5 автордың төл туындылары Hertforshire Press баспасынан, Лондонда қазақ тілінде жарыққа шықты. Жаңа кітаптардың тұсаукесерін қазан айының 10 -15 аралығында Шекспир отанында өткіздік. Тұманды Альбион елінде қазақ әдебиеті күндері классик қаламгер, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығына орайластырылды.
Қазақтың ақыны Темірхан Медетбектің «Көк Түрік –Көк Бөрі» туындысы 70 жылдардағы Қадыр Мырзалы ағаның аудармасынан кейінгі, елді елең еткізген мықты дүние,егеменді елдің тәуелсіздігі қанат бітірген бүгінгі Көк Түрік ұрпағының жыр қашауымен «Күлтегін» , «Тоныкөктің» еркін әдеби нұсқаларын және «Көк Түріктер сарыны» жинағынан алынған «Қуат жыры» бастаған, «Көк Түрік абызының тілегімен» аяқталған бірнеше жырларын құрайды.
Қаламы қарымды жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Тағдыр» туындысы 3 әңгіме жинағынан тұрады.Шығармаларының денін Арал теңізін мекен еткен халық тағдырымен байланыстырған қаламгердің бірінші әңгімесі «Жұмыртқаның сары уызы» мүгедек қыздың өмірге құлшынысын қамтыса, екінші әңгімесі «Аптаның ақырғы күндері» жетім баланың жанына үңілуімен ойға жетелейді, ал, үшінші әңгімесі «Түн ортасындағы тосын әуен» саз өнері қонған дарын иесінің қоғамның қайшылықтарына қарсылығын әдемі жеткізеді.
Ашық Евразиялық әдебиет байқауының алтыншы жылы,яғни 2017 жылы байқаудың жүлдегерлерін анықтау Стокгольмде өтті.
Сонымен, өткен жылдың лауреаттары қатарында қазақ әдебиетінде Бейімбет Майлиннің ізін жалғастырушы көрнекті қаламгер Тынымбай Нұрмағанбетов «Періштелердің өлімі» романы бойынша; әлемдік әдебиеттің нәрін бойына сіңіріп, шығармаларында ұлттық бояуды айрықша көрсете алатын дарынды жазушы Қуандық Түменбай «Періште», «Құлыпашар», «Мұнар күн», «Алматыда болған аңыз», «Мылқау етікші» әңгімелері мен «Проза» номинациясы бойынша лауреат атанды.
Қазақтың басына түскен нәубетті жырға қосқан саңлақ ақын Ғалым Жайлыбай «Поэзия» номинациясы бойынша жүлдегер атанды.
Жалпы бұл байқаудан түйген ой – елде үлкен бағаға ие болған шығарманың халықаралық байқауларда әрдайым сондай дәрежеге жете қоюы екіталай екендігі болды. Біз күткен үміт ақталмады деп қапа болу керек емес, себебі жүйріктен жүйрік қана озады бәйгеде.Расымен де, жүлдегер ретінде аталған басқа елдерден қатысқан қаламгерлердің еңбектері еленуі әділ болды және олардың еңбектерін оқып танысып үлгеріп, дұрыс шешім екендігіне келіспеске амал болмады. Аудармаға қатысты жақсы ойлар, ұсыныстар айтылды. Аударма транзит тілден емес, тікелей аудару өте маңызды екендігін британдық редактор-аудармашылар баса айтты. Британдық драматургияға жаңалық қосу қажеттігі туындағанын айтып, ойын білдірген Дэвид Перри мырза Евразиялық пьесалардың озық қойылымдарын әлемге таныстыру мақсатымен театр фестивалдерін бірлесіп өткізу туралы маған ұсынысын жеткізді. Тағы бір қуанған жаңалығымыз, соңғы шарада Раза Сиедханымның Олжас Сүлейменовтың бір өлеңін жатқа оқығаны болды.
Стокгольмге сапар алдында Швециядағы Қазақстан елшілігіне әдеби байқаудың ақтық шарасына келетініміз туралы жазып, сол елде тұрып жатқан қазақ диаспорасымен кездесу ниетіміз барын өтінген едік. Елшілік қызметкерлерінің бұл іс-шарадағы қамқорлығы үшін алғысымыз шексіз. Түркиядан және басқа елдерден ертеректе Швецияға қоныс аударған бірнеше қазақ диаспора өкілдері отбасыларымен бізді қарсы алып,қонақ етті. Диаспора жетекшісі Мұрат мырзаға бізге көрсеткен құрметтері үшін алғыс айтамыз. Елден келген қаламгерлер шет жердегі қандас бауырларға кітаптарын сыйға тартып, сол жақтағы диаспораның үлкені, 85-ке келген абыз ақсақалға шапан жауып, өлеңдерін оқып, әндерін айтып, жақсы, есте қаларлық кездесу болуына үлес қосты.
Швециядағы Нобель мұражайында, халықаралық кітапханада, қоғамдық кітапханада болдық. Қазақ қаламгерлерінің кітаптары аз болса да, кітапхана қорында бар екен. Әдеби байқауға қатысқан 20-дан астам елден келген қаламгерлер кітаптарын жоғарыда аталған кітапханалар қорына өткізді. Стокгольмде түс қайта, сағат 4 шамасында күн батып, жұмыс күні аяқталатыны бізді таңғалтты. Халқы өте биязы екен. Метро, автобус қозғалысы уақтылы көрсетілген уақытпен жүруі бізге керемет ұнады. Біздің қонақүй орналасқан аудан өте тыныш, көшеде сенделіп жүрген адам жоқ, тіпті қоғамдық көліктен басқа көлік қозғалысы аз болды десек те болады. Қазақстан азаматтары соңғы оншақты жылда Швецияға қоныстанып, бірнеше отбасы мүшелері Стокгольмде қызметтерін жасап, оқуларын оқып жүр екен. «Абай» мәдени орталығының белсенді мүшесі, Хабира ханым шараларға атсалысып, байқаудың бірінші күні қонақжайлылық танытып, дастарқан жайып, қазақы пейілін көрсетті. Қазақ шығармаларын швед тіліне аударуға атсалысу ниеті бар екендігін айтып, бізді қуантқан Хабира ханымға бек ризамыз. Қазақстандықтар «Иллюстрация» номинациясында биыл тағы да 2 орынды қанжығасына байлады, биыл Дәурен Кастеев бауырымыздың еңбегі еленсе, былтырғы 2 орында мен ұсынған Жеңіс Кәкенұлы «Айгүл Кемелбаеваның әңгімесіне жасалған иллюстрациямен көзге түсіп еді. Лондонда тұратын отандасымыз Нұрым Тайбек арнайы қонақ ретінде қатысса, тағы бір лондондық отандасымыз Диляра Линдсей, Алматыдан Марина Михайловская, Назым Сапарова, Антонина Шустер кітаптарының тұсаукесері өте тартымды өтті. Евразиялық шығармашылық гильдиясына жаңадан сайланған ақылдастар кеңесінің құрамына Қазақстаннан Светлана Юдина көп дауыс жинап өтті.
Қазақтың пейілі әрдайым кең болған, осы күйімізден айырмасын деп тілейік. Бір қызығы, Стокгольмде басқа елдерден келген қаламгерлер арасынан маған әдеби агент болуымды сұрап, өтініш білдіргендер болды. Қазақ қаламгерлері менің еңбегімді қажетсінбесе, шетелдік қаламгерлер зор ынталы екен. Ойлануға әбден болады. Қазақ әдебиеті Шекспир мен Нобель елінде жарқ етіп жарияланатын кез әлдеқашан жетті.

Бақтыгүл МАХАНБЕТОВА,
әдеби агент.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.