Үлпілдеп тұрған үміттерімді өртемеуіңді сұраймын…

Мәриям ҚОСЫЛҒАНТЕГІ

Азаматтық Авиация академиясының 3 курс студенті. Өлеңдері журналымызда алғаш рет жарияланып отыр.

 

Менің сұлу Алматым

Қанша жанның ынтық қылған жүрегін,
Қанша жүрек әлі таппай жүр емін…
Ешкімнің де орындамас тілегін
Менің сұлу Алматым…

Кәрі таулар тыныштығын күзеткен,
Ешкімді де қарсы алмайтын ізетпен,
Талай-талай бұзықтарды түзеткен
Тәкаппарлау Алматым…

Қанша жанды адастырып тұрақтан,
Талай-талай биіктерді құлатқан,
Талай-талай мықтыларды жылатқан
Ерке-шолжаң Алматым…

Өткізіп ап талай түрлі сынақтан,
Қанша жанды жылатып ап жұбатқан,
Көзді тартқан сонау алыс жырақтан
Тым мейірбан Алматым…
Бірде теуіп,бірде тартар өзіне,
Бұл қаладан кете алмайсың безіне,
Күлдіріп ап жас толтырар көзіңе
Құбылмалы Алматым…

Байлап алар көрінбей-ақ,байқалмай,
Бір ауыз сөз қаласың-ау айта алмай,
Жүрегіңді тартып алар кайтармай
Ұмытылмас Алматым…

Қиял қанатында…

Шаршатқанда жыр жазып кетік қалам,
Сөрелерден ең ескі етікті алам,
Ең жұқа пальтомды киемін де,
Такси ұстап Парижге кетіп қалам..

Жалғыз келген мені жалғыз қарсы алған,
Бөтен жандар көркіне тамсанған
Мен үшін сұлу жағы Париждің-
Бұл қалада қазақ атам ән салған..

Биіктігін Алматымның тұмансыз,
Мұнарадан маған ғана ұнамсыз
Тілім жетпей ұқтыруға сонда кеп,
Жанарыма жас толары күмәнсіз.

Сағындырса жүректі жетік қалам,
Дүкенінен ең сәнді етікті алам.
Ең әдемі пальтомды киемін де,
Парижді алып Парижден кетіп қалам!

Өкініштің өзі күшті…

Өмірдің тек мықтыларды
қолдайтындығы,
Көңілдегі бос орындардың
толмайтындығы,
Шынайы өмір ертегідей болмайтындығы
Өкінішті…

Таза жүректің уақытпен
ластанатындығы,
Жақын жандардың жыл өте
қастанатындығы,
Біреудің бақыты басқаның қайғысынан
басталатындығы
Өкінішті…

Тым қымбат өмірдің тым арзан
тұратындығы,
Ең жақсы жандарды қатыгез
қылатындығы,
Тура жолдарды басқа арнаға
бұратындығы
Өкінішті…

Әдемі сезімдердің жанбай-ақ сөнетіндігі,
Бір жақсыға мың зұлымның төнетіндігі,
Мың жақсының бір зұлымға көнетіндігі
Өкінішті…

Армандарымызды өмір бойы
сүйрететіндігіміз,
Өзіміздікін қойшы, өзгенікін
күйрететіндігіміз,
Өзіміз әлсіз болып, сәбилерге мықты
болуды үйрететіндігіміз
Өкінішті…

Өмірдің тек мықтыларды
қолдайтындығы,
Көңілдегі бос орындардың
толмайтындығы,
Шынайы өмір ертегідей болмайтындығы
Өкінішті…

Ойтілек

Кеш қылмай бүгін ертелі күнді,
Еске түсіріп ерте күнімді,
Көбі көтермес еркелігімді
Көтеруіңді сұраймын.

Білмейтін мүлде құрақ ұшуды,
Үйсіздің тапқан тұрағы сынды,
Тым қымбат емес қуанышымды
Бағалауыңды сұраймын.

Жаныма мықтап қадап жарлықты,
Жүрегімдегі аттап тарлықты,
Мендегі мына тәкаппарлықты
Кешіруіңді сұраймын.

Ұмытпай маған күліп келуді,
Сейілтіп барлық күдіктерімді,
Үлпілдеп тұрған үміттерімді
Өртемеуіңді сұраймын.

Тырмалай бермей күйіктерімді,
Талпынып шыққан үйіп терімді,
Сен үшін төмен биіктерімді
Таптамауыңды сұраймын.

Көрсетпей маған күш пен білекті,
Көрсетпей тұнық қара түнекті,
Дірілдеп тұрған қорқақ жүректі
Үркітпеуіңді сұраймын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.