Кейуананың кебежесі

Немере үшін ең мейрімді жан әже екені баршаға аян. Әженің аялы алақаны, мөлдір мейрімі, жылы жүрегі, кіршіксіз таза көңілі немереге ауадай қажет. Менің бала кездегі әжемнің бейнесі әлі күнге көз алдымда.
Жазғы каникул, менің міндетім әкемнің анасы ЖӘМИЛА әженің айналасында жүру, әмірін орындау, бес уақыт намазын қаза жібермейтін әжемнің жез құманына жылы су құйып, өзін жетелеп әжетханаға жақындатамын, әжем ұзақ уақыт дәрет алып жуынып-шайынады, бұл бұлжымайтын әдет. Кейде ойнап кетіп қалсам, намаз уақыты өтіп кеткенін байқамай, әжемнің шақырған даусын естімей де қалам.
Бірде кешігіп келсем әжем құманы сол қолында, оң қолында босағада тұратын аса таяғы әжетханаға қарай өзі кетіп барады екен, дәл табан жолында «құтжол» атты тайыншадай итім жатыр. «Қазір сүрінетін болды-ау деп қорыққанымнан жүрегім аузыма тығылды, жоқ, итті айналып өтіп әжетханаға жетті. Соны көрген мен; «ойпырмай, менің әжем соқыр емес» деп таңдандым. «Соқыр әже» деп, әкемнен басқа жанның бәрі сырттай солай атаймыз, қасына барғанда «дәу әже» дейміз. Екі көзі көрмейтін тас соқыр, қалай көрмей қалғанын ешкім білмейді, өзі де айтпайды, қазақ халқының басына түскен нәубат кезінде жан жарынан айрылып, жеті баламен қалғанда қайғыдан екі көзі тас көрмей қалған шығар, сырттай қарап тұрсаң көрмейтін «зағип» жанға дым ұқсамайды. Еңселі шатырлы кесектен өріліп салынған үлкен үйіміздің ат шаптырым ауласында сегіз қанатты қазақтың киіз үйін арнайы жасатып, ішінің әдемі әшекейін, бәрі қол өнер шебері келінінің қолынан тоқылып шыққан, бау бастырғы көздің жауын алатын. Дәл сол үйдің оң жағында ағаш керуетте аппақ болып, ақ кимегешін киіп, сексеннен асып кетсе де сымбатын бермей әжем отыратын.
Екеуміз оңашада қалғанда әжеме сұрақты жаудырам… «Әже, көзіңіз неге көрмей қалды? Жауап жоқ. Әже, паспортыңызда фамилияңыз неге Нүркеева, ол кісінің неге атын атамайсыз, атам сіздің күйеуіңіз емес пе?» Тақылдап қоймаған соң: «Тәйір-ай, онда тұрған не бар, менің күйеуім де, фамилиям да сол кісі, мен тек Бекжанның қызымын, Әйтілеу датқаның немересімін» дейтін мақтанышпен .
Әкем, осындай үй жасатып, соның ішінде отырған зағип анасының күтімін қатты қадағалайтын, жұмыстан келісімен бірден анасына кіріп құшақтап, маңдайынан искетіп, сосын барып кірген меймандарды таныстыра бастайтын. Ауланы күніне екі рет су сеуіп, сыпырғымен сыпырып қоямыз, көлденең артық зат жатпайтын. Әкем колхоздың мал шаруашылығының меңгерушісі, біздің үйге келмейтін қонақ жоқтың қасы, астанадан артист, сазгер, ақын, уәкіл, тексеруші, одан қалды аудан, ауыл басшылары келеді де, «үлкен қария бар екен» деп сәлем беруге сегіз қанат ақ үйге кіріп, «Дәу әжемен» амандасатын, арнайы сый сиапаттарын, кәмпит, мейіз, набат сияқты тәттілер, кейбірі көйлектік маталар, аппақ әдемі орамалдар ұсынатын. Амандасқан адамның қолын сипап отырып: «айналайын, аман сау келдің бе, кімнің баласысың, т.б. жылы сөздер айтып, алғысын жаудыратын. Сол кезде әжемнің сексеннен асып кеткен кезі, өзі өте бойшаң, ашық жүзді ақжарқын сұлу келбетті жан болатын. Бір көрген адамын (көрмейді ғой) қолынан ұстап амандасып сөйлескен соң, бір аптадан соң қайта келіп амандасып жатса жазбай танитын, есімін де ұмытпайтын, «пәленшесің бе?» деп есімін атап жататын.Қонақтар кеткен соң алған сыйлықтарын бас жағындағы кебежеге қаттап жинап салып қоятын.
Бірде балалықпен ешкім жоқта кебежедегі тәттіге аңсарым ауып, әжем намаз оқып жатқанда, аяғымның ұшымен демімді шығармай кебежеге жақындадым. Төрге төселген қолдан тоқылған түкті кілемге жайнамазын жайып намаз оқып бола берген әжем: «балам, тәтті жегің келді ме?» деді мен жаққа мойнын бұрып, кебежеге енді қол соза берген мен ұрлық үстінде білегімнен ұстап алғандай, қып-қызыл болып ұялып, жердің тесігі болса кіріп кетердей үнім шықпай қалшидым да қалдым. Әжем болса жайлап тұрып жайнамазын жинап, дәспісін орнына қойып, кебежесін ашып, аңсаған тәттілерімнен ұсынды.
Тағы бірде жақын аталас туысымыз, Сырдарияның арғы бетінде тұратын жылқышы Сағынбай деген үлкен денелі, жуан дауысты, ұзын бойлы ағайымыз біраз кісілермен келді де, киіз үйде отырған кейуанаға сәлем берерде: «тынышталыңыздар, бірінші мен шешейге сәлем берейін, таныр ма екен» деп қос қолын созып «Амансызба, шеше» деп амандасты. Келген адамдар тым-тырыс, бәріміз әжеміздің аузына қарап тұрмыз, ұсынған қолын бір қолымен ұстап, екінші қолымен білегінің басын сипады, бір кезде құлағын ұстаған кезде: «Жаным ау, Сағынбай екенсің ғой, Қатша шешең аман ба? Ташкенттің Янгиюлынан ауылға арқалап келгеніңді қалай ұмытайын, көп болды ғой көрмегелі, құлағыңнан таныдым» деп құшақтап, маңдайынан иіскеді. «Ойпырмай, он жыл бұрын арқалағанымды, құлағымнан ұстағанын қалай ұмытпаған» деп риза болып қарқылдап күлді. Жиылған ағайындар да шат шадыман, мен сол бал кезімде ақ әжемнің «көрмейтін сезім» күш-қайратына қайран қалатынмын.
Сол әжем тоқсан үш жасында 1963 жылы наурыз айының соңғы күндері қайтыс болды, жетісінде әжемнің суретін үлкейтіп астына рөшкемен: «Апа, міне, жансыз бейне суретің. Қолдан келер осы болды құрметім…. деген өлең шумақтарын жазып, отыратын бөлмеміздің төріне іліп қойдым. Сол сурет 1975 жылы институт бітіріп келгенімде астындағы жазулары сарғайып көрінбеуге айналған екен, әкемнің рұқсатын алып, машинкаға бастырып қайта ілдім.
2013 жылы елге барсам, інім Мұқанның үйінде сол сурет сол күйінше әлі ілулі тұр екен, сұрасам бермеді, әкемнің елу жыл бұрын анасына арнап жазған жыр шумағы әлі де мән-мағанасын жоғалтпапты, компьютермен өңдеттім де, орнына ілдім. Міне, мына сурет, өскелең ұрпаққа өнеге болсын деп жариялауды жөн көрдім.

Сансызбай Сыздықұлы.
Астана қаласы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.