ЖҰМАҒЫМ – ТУҒАН МЕКЕНІМ!

Анель Бағдатова

2005 жылы ШҚО Семей қаласына қарасты Приречный ауылында туған. Аудандық, облыстық, республикалық шығармашылық байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы. Алматы қаласы №143 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы.

 

Мен тәуелсіз елдегі талай тағдырлары тоғысқан, ұлыстар бас қосқан достықтың киелі мекені – Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының іргесіндегі Приречный ауылында туғаныма мақтанамын. «Приречный» сөзі қазақша аударғанда «өзен жағалауы» деген мағына береді. Бұл мекеннің орысша аталуының өзі тарих қойнауына кетеді. Біздің қасиетті жерімізді ата-бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтап, бізге мирас етіп қалдырып кетті. Қаншама ұл-қыздарымыз тәуелсіздік алу үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, күрес майданына шықты, қаншама жас-тарымыз қаза тапты. Олардың қанымен әр қадам жеріміз боялған шығар. Сондықтан да топырағымның әр түйірі мен үшін қымбат. Сол қастерлі жеріміздің бір бөлігінде менің ауылым – Приречный елді мекені орналасқан.
Жаздың жайма-шуақ күнінде Семей қаласының шығыс жағынан келе жатсаңыз, көзіңізге күнде таныс табиғат көрінісі бірден өзгеріп сала береді. Күннің аптабына күйіп, күнқақты болған, бір қалыптан аумайтын пейзаж кенеттен жарқырап, көкпеңкөк жоңышқа мен жүгерінің көз тартарлық түсіне ауысып қоя береді. Картоп пен қызылша, сәбіз бен пияз алқаптары, тары мен бидай, қарабидай өскен тақталар жердің реңін мүлде ажарландырып жібереді. Оның үстіне суармалы егістікке арналған заманауи қондырғылар Ертістің мөлдір суын аспанға атқақтатып, күнмен шағылысқан тамшылар әуеде әр түрлі суреттер салып, көңіліңді бір көтеріп тастайтыны тағы бар. Иә, бұл күнде мұндай көріністер ешкімді таң қалдырмайтын шығар, ал, менің әкемнің айтуынша, 90 жылдары осы тамашаны көргенде, өз көзімізге өзіміз сене алмайтынбыз деп отырады. Ол жылдары қираған ауылдар, сынған мал қашарлары мен тозған қоралар, қараусыз қалған егін алқаптары қорқынышты көрінетін дейді. Бұл ауылды көргенде бірден аңсары ауып, осы елді мекенде қызмет істеуге бел буған екен. Қазір қиын-қыстау күндер артта қалды, бірақ «Өткен күнде белгі бар» дейді бабаларымыз. «Өткенді бағамдамай, келешекке бағдар жасай алмаймыз» деп Елбасымыз айтқандай, тарих беттеріне салғырт қарай алмаймыз. Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ, еліміздің қорлық көріп, зарлаған да, қуаныштан жырлаған да кездері аз болған жоқ. Қазақ елі ашаршылықтан азып, «тоңып секірген» шақтарды да, туған жерден мол өнім алып, «тойып секірген» шақтарды да басынан өткерді. Сондықтан мен осы көркем шығармамда қиындықтарға тоқтамай, толағай табысқа жеткен, әр түрлі ұлттар бейбіт өмір кешкен, татулық пен молшылықтың мекені – «Приречный – ғажайып алаңы» туралы жазбақпын.
Атамекеніміздің әрбір боз қарағаны мен торы тобылғысын сөйлетіп көрсеңіз, талай ел қорғаған батырларды, аузынан ән мен жыр төгілген ақындар мен әнші-жыршыларды, айдарынан жел ескен салдар мен серілерді, ай десе аузы, күн десе көзі бар қаракөз сұлуларды айтып, сайрап жөнелетініне сенімдімін. Сол тарихтың қатпарлы оқиғалары менің ауылымды да айналып өтпеген екен, өйткені менің ауылымда соның бәрін тамырымен сезіп, діңімен бақылап тұрған кәрі емен ағашы бар екен. Бұтақтары қарт әжемнің саусақтарындай терең әжім басқан емен ағашы басы салбырап, қабағын түйіп, ойлы қалыптағы жүзін қалың мұң басып, әлі де мүлгіп тұр. Жылдар мен уақыттың аяусыз тепкісіне шыдаған қария емен жүз жылда не көрмеді?! Сол еменге тіл бітсе, былай дер еді:
– Мен ес білгеннен бері Ертістің сол жақ жағалауында, Семей шаһарының шығыс жақ кіре берісінде он шақты үй жатақ отыратын. Жазда аздап егін салып, бірен-саран малдарын бағатын. Қыста мұз үстіне шығып, балық аулап, Ертіс жағасындағы орманнан отын шауып сататын. Менің жас кезім, 1941 жылдың басы болса керек, тыныш жатқан ауылға аяқ астынан дүрбелең келді. «Соғыс» деген суық сөз үйден-үйге лезде тарап, ауылдың ортасындағы қараша үйге тайлы-таяғымен тұрғындар жинала қалды. Ауылдың бас көтерер ер-азаматтары соғысқа аттанып кете барды. Содан біраз уақыттан соң, ауылға жаңа тұрғындар келді. Өңкей бала-шаға, әйелдерден құрылған түстері бөлек: көк көз, өңдері сары бұл қонақтар – неміс ұлтынан болып шықты. Бастарына қара бұлт үйіріліп, тағдыр талқысына ұшыраған бұл жұртты қазақ шаңырақтары құшақтарын ашып, қарсы алды. Өздері үнемдеп жеп отырған бір таба нандарының жартысын шын көңілден құдайы қонақтарына ұсынып жатты. Игерілмей жатқан жұмыстың бір жақ шеті осы тұрғындар көмегімен бітіп кетті. 1950 жылдар ортасында Сталиннен соңғы жылымық кезінде ауылға Ресей мен таяу маңдағы мекендерден басқа да неміс ұлтының өкілдері тағы да жинала бастады. Бір жыл өтер-өтпесте тұрғындардың 90% өзге ұлттар құрап қалды. Жылдар сырғып, талай сулар ақты. Бір кезде өзектері кеуіп, таңдайлары құрғаған елдің өз қолдары өз ауыздарына жетіп, бай-қуатты күн кеше бастады. Фильберт, Морозов, Антонов деген сияқты ел басқарған адамдар өз әлдерінше ауылдың дамуына үлестерін қосты. Ауылдың шын ажары тәуелсіздік алған соң кірді. Сол тұста ауылдың тізгінін ұстаған жас та жігерлі басшы – Тұмабаев Мұхит Тұрысханұлы болатын, – деп кәрі емен басын изегендей болды.
Тәуелсіз елдің мұрат-мақсаттары басқаша. Еңбек етсең, өз елің, өз отбасың, өз болашағың үшін еңбектенесің. Өз балаларым жақсы өмір сүрсін деп тырысасың. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында еліміз дамыған елдер қатарына қадам басып келеді. Рәміздеріміз әлемге танымал болды, көк туымыз мәңгілік желбіреді. Аулымыздағы өсіп-өнген өзге ұлт өкілдері қазақ ұлтына шексіз алғыстарын білдіріп, кейбіреулері өздерінің тарихи отандарына жол тартты. Біршамасы әлі де татулықпен ынтымақтасып, Отанымызға адал қызмет етіп жатыр. Қазір Приречный ауылы мүлдем өзгерген. Жарты ғасыр уақыт бұрынғы Ертіс жағасындағы саман кірпіштен салынған, үстіне сабан жапқан тоқал тамдардың орнын еңселі, биік үйлер басқан. Ыстықта шаңы шығып, жаңбырда лай батпақ боп жататын көшелеріне асфальт төселген. Барлық үйлерге су тартылып, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Ауылдың ортасында үш қабатты мектеп бой түзеп тұр. Біздің мектеп 2002 жылы ең алғашқы 12 жылдық экспериментке кірген 50 мектептің қатарында болды. Ол науқанды 2014 жылы абыроймен аяқтап, жаңаша оқытудың «алғашқы қарлығашы» бола білді. Бұл мектепте кезінде аты айдай әлемге танылған, Абай ауданындағы «Қаламқас» ансамблін басқарған әрі сазгер, әрі домбырашы Тұраров Мұрат Жұртыбайұлы қызмет жасайды. Сол кісінің «Мен – Ертіс баласымын» әні есіме түсіп отыр. Ол әннің сөзін менің әкем Қырықбаев Алмас Бағдатұлы жазғанына қуанамын.
Мен – Ертіс баласымын,
Бұйым ба маған сының?
Бойымда мінезім бар,
Адуын ағысыңның – деп келетін қайырмасындағы сөздер осы ел адамдарына тән бе деп қаламын.
Мен – тәуелсіз елде туған бақытты ұрпақ өкілімін. «Бақытты» деп айтып отырған себебім, тыныш өмірді, еңбек еткен адамның еңселі тұрмысын, әке-шешемнің ыстық ықыласын, ауылдас ағайындардың таудай демеуін, еліміздің толағай табыстарын көріп, өсіп, бой -жетіп келемін. Н.Ә. Назарбаев – біздің тұңғыш президентіміз «Біздің тарихта ата-бабаларымыз үшін ұялатын ештеңе жоқ» деген болатын. Ендеше біздің де болашақ ұрпақтар ұялатын қылықтар жасауға құқымыз жоқ. Біз татулықта, ырыс пен береке ұялап, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» әдемі елде өмір сүруге тиіспіз. Біздің жеріміз мәңгілік елдің мәрт ұрпақтарына қалады. Барлық байлығымыз бен рухани құндылықтарымыз соларға мирас болады. Мен осындай ауылдың – Ұлы дала елінің – баласымын және соған мақтанамын! Сөзімді өзім шығарған мына өлең шумақтарымен аяқтағым келеді.

Тәуелсіз ел қызымын, жүрегім – от,
Бойымда тектілік бар, жігерім көп.
Қазақстан еңселі ел, дамығаны –
Тұрады әр кез ең басты тілегім боп.

Білгенімнен, әрине, білерім көп,
Туған ел тұрса болды тірегім боп.
Тәуелсіздік тұғырын нықтау үшін,
Кедергіні айта алам(ын) жеңемін деп.

Жеңемін мен, білекті түремін де,
Беттен қақпай, белді бу, сене біл де!
Қазақтың қажетіне жарамасам,
Адам болам несіне мына өмірде?!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.