Ақымаққа бақ болған– бақтың өзі ақымақ

Нұртас Тұрғанбек

1993 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің түлегі. Бірнеше халықаралық және республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

 

Күз

Кеш.
Бәрі де кеш білем,
Желдің де қоңыржай мұңды әнін естігем.
Бірақ сен
ең ұлы суретші түсірген,
Бейкүнә кескін ең.

Күз
Тағы сол ақылсыз адасу,
Мен үнсіз
Көңілсіз
Қала шу.
Айналам көңілді көрінген мұңлықтар,
Жасанды жарасу.

Күз
Жапырақ ұшатын желменен,
Сағыныш күттің бе тағы да
сен менен,
Сарыла тосуды білмеймін кешірші,
Ағаштай сағынып көрмегем.

Күз
Жапырақ төселген бақтардан,
… жүре алмай орнымда қап қалғам.
Жапырақ – ол менің жыртылған
хатым ғой,
Табанда тапталған.

Тапталды
Жазбадым
Жүдедім,
Ағаштай үзілмес алайда күдерім.
Күз ол сенің аяулы мезгілің,
Ал менің өртенген жүрегім.

***

Көңіліме күн қадап, жүрегіме мұң қадап,
Балалығым кетті өтіп, жанарымнан
сырғанап.
Мен кіршіксіз сәттерді аңсап кеткем,
содан-соң,
Мынау арсыз әлемде жастығымды
былғап ап.

Содан бері шынайы қуанғам жоқ,
күлгем жоқ,
Жылағам жоқ түндерге көз жасы боп
сіңгем жоқ.
Өзім отпын деп жүріп жанып кете
жаздағам,
Мені мына күйдіріп жатқан кезде
іргемді от.

Сосын жауып ұстағам күйік шалған
іргемді,
Ертеңіме қалсын деп өткенімнен бір белгі.
Жас баланың тағдыры – тас қалада
жоғалған,
Тас қаланың тағдыры – тасырқатсын
кімдерді.

Менің асыл арманым осы жерде тоналған,
Содан кейін күткен жоқ бақыт дейтін
жол алдан.
Ауылынан келгенде адамдығы жоғалған,
Бәрі түлкі әйтеуір, бәрі қасқыр боп алған.

Енді кімнен жасырам дәл қазіргі
хал-жайды,
Әрбір сәттің жарасы сезімі мол
жанға әйгі,
Кіл аңдарға ұқсайтын адамдарды аяғам
Таудың тарпаң ұлы ем деп тасқа
соғып маңдайды.

Несін айта берейін ойларымды сатылап,
Бар қабырғам сөгілді, сынып кетті
қақырап.
Ақылдыға сор қонған – сордың
өзі ақылды,
Ақымаққа бақ болған – бақтың өзі ақымақ!
Бақытсыз боп барамын, бәрін сырттай
бақылап…

***
Ауылдың баласы едім, аңғал едім,
Тағдырыма көшіргем таңғы әлемін.
Жұлдыздың аққанына тілек айтып,
Бір қыздың аңсаған ем арлы әдебін.

Жаным ол кез сезімге жаншылмаған,
Арманым да бар еді таусылмаған.
Тайым қалды мініске үйретілмей,
Қайың қалды қабығы аршылмаған.

Көлікке отырған сәт бекет барып,
Көз алдымда тау қалып, етек қалып.
Жүген ұстап жүгірдің несіне аға,
Жылқыны кете алмадым жетекке алып.

Жазылмас жүрек дейтін ет-шипамен,
Қалаға сап жіберді шеткі үй сәлем.
Соңғы рет балалықпен дұға жасап,
Атам жатқан мазарға бет сипап ем.

Уысымда тұрғандай кей түн, әлем,
Өлең жазсам – мөп-мөлдір, бейкүнәлі ем.
Нілдің суын білмеймін көргенім жоқ,
«Кірдің суын баспашы»,- дейтін әжем.

Білемін жер – мекенім, көк – тұрағым,
Несіне көп төмендеп, көп бұғамын.
Кірдің суын баспаймын деп жүргенде,
Өзім кірлеп кеткендей боп тұрамын…

Мен сені кінәламаймын

Білесің бе
Тынысты тарылтқанда күн,
Төгілген жаңа ұрттар бағым.
Қалайша іздемеді деп,
Жанымды ауыртқанда мұң.
Мен сені кінәламаймын!

Менде күш қалмады ма деп,
Ұмтылдым арманыма көп,
Қан жұтып қамыққанымда,
Қоңырау шалмады ма деп
Мен сені кінәламаймын!

Бар шуақ төгілгенменен,
Мен сенсіз көңілденбегем.
Мына төрт қабырға қамап,
Қабырғам сөгілгенменен
Мен сені кінәламаймын!

Сезімді біліп,танып ек.
Сен соны ұмытпа, жүрек.
Қамығып құлап жатқанда
Құшақтап жылытпады деп
Мен сені кінәламаймын!

Жығылдым жырылды жаным,
Тек қалай ұғындырамын.
Мен өзім суынып жатып,
Өзіңді жылындырамын.
Тағдырдың сынағы шығарсың,
Мен сені кінәламаймын,
Бәлкім кінәлі шығарсың!

***
Намысымды көрмеп ем жарға жығып,
Жанарымда сырғиды жалған үміт.
Бардың өзі – жоққа тең сәттер қанша,
Жанның өзі қойған ғой жалға алынып.
Тағдырымды қайтемін тасқа басып?
Онсызда көкте күнім, аспан ашық.
Адымымды тарылтқан жас баласып,
Танымымды кеңіткен тас қалашық.
Шыдамым шыңдалғанда сүрлеп, қайрап,
Күдерімді үзбеп ем күрмеп байлап,
Бұл дүние дегенім – қу дүние,
Дүдамал ғып жіберді дүрмекке айдап.
Өткенімнің тұрғанда жетіп әні,
Ертеңге үйренген жоқ етім әлі.
Қай кезде де сезімді қорғамаппын,
Қорғаусыз ардың өзі не тұрады.
Өтірік қой көңілді қош дегенім,
Өшкен жоқ көңілімнен көшкен елім.
Бостандық деп жүргенім бос дүние,
Бодандықта оқылды босқа өлеңім.
Жуасып қайтем оған, жоқ, асаумын,
Ауыздық салмай кеңге жол ашар кім?!
Бұл күнде бәрі мықты, бәрі ақылды,
Мен әйтеуір ақымақ бола салдым.
Арқаласам кешерсің көп күнәні,
Бес күн жалған беделі бетке ұрады.
Әр жаққа талас-тартыс басталғанда,
Тау жаққа тартып кеткім кеп тұрады.

Мұң. Мен. Түн.

Мұң…
Тәтті ме, білмеймін, ащы ма?
Қалады жанымда жас тұна.
Жүректі сезім де езгілеп,
Салады табанның астына.
Мен…
Сол мұңды қабылдап аламын,
Жас болар – шық тұрған жанарым.
Масқа да серік боп, жасқа да
Тасқа да мұңымды шағамын.
Түн…
Ойлар мен ойнақтың мекені,
Басымда онсыз да жетеді.
Жалғыздық жатады жаңғырып,
Сездіріп сорымды екі елі.
Ал…
Бәрін де түсінсең, қабыл ал,
Жанымды мұң тұнған танып ал.
Біреуді сүйеді тек үнсіз
Біреуді тек үнсіз сағынар.
Бұл…
Көмейден шықпайды біркелкі үн,
Жыр түнек – өмірім, жыр – көркім.
Ақындық – өзіндік әлемім:
Мұң мен түн.
***
Күрсіндің бе?
Білемін, қуана алмай жүрсің мүлде.
Мөлдіреп қарап тұрып бір-ақ сәтте
Тырс етіп тамайын деп тұрсың кімге?

Жыладың ба?
Менен бетер ғашықсың, сірә мұңға.
Түндегі жалғыздықтың жан айқайы
Жаңғырып әлі тұр ма құлағыңда?

Мұңдысың ба?
Өмірдің сезім дейтін тұрғысында
Мен аңсаған жылылық, әттең, қалқам
Пыр етіп ұшып кеткен жыл құсында.

Ойландың ба?
Қарауыл етіп мені қойған мұңға
Айрандай ұйып тұрған жүрегім бар,
Ойран қылма!

Жаздым бәрін,
Алайда, періште емес азғын-жаным
Күнәнің жасап алған күнәсі үшін
Сен мені жазғырмағын.

Лайықты бақ,
Жанардан жоғалады тайып, құлап
Сенері әр адамның біреу болса,
Жалғыздық лайықтырақ!

Сен де, мен де,
Жүректі бекінгенбіз емдемеуге.
Ең ауыр мұң арқалап қоштасармыз,
Кем дегенде.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.