КЕЗБЕЛІК

Нұрхалық Абдырақын

1976 жылы Өртекестің Ағдала деген жерінде дүниеге келген. PhD доктор. 1997 жылдан бері оқытушылық жұмыспен шұғылданды, 2004 жылдан Түркістан қаласындағы Қ.Яссауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінде оқытушы болды. 2007 жылдан бері Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде аға оқытушы. «Иірім» атты романы, «Аңсау» атты әңгімелер жинағы жарық көрген. «Қытай мифтерін» және Ваң Бонанның «Даналықтың дәйегі» қітабын қытай тілінен қазақ тіліне аударған. Сонымен қатар, «Қазіргі қытай тілінің грамматикасы», «Жаңа заман қытай әдебиеті», «Қытайша-қазақша фразеологиялық сөздігі», «Қазақша-орысша-ағылшынша-қытайша-арабша-түрік-ше қысқаша этнографиялық сөздігі», «Елтануға қатысты мәтіндер топтамасы», «Көне қытай әдебиеті» оқулықтары мен бірге «Қытай-қазақ тіліндегі бастауыш-баяндауыштық сөйлемді салыстыра зерттеу» атты монографиялық еңбектің авторы. Әңгімелері мен ойтолғамдары да мерзімді баспасөзде жиі жарық көріп келеді.

(Әңгіме)

Нұржігіт есіктен кіре, екі ракағат мешіт ақысын өтеуге тәкбір алды, ойы он бөлініп, санасы сан сақты кезді, есінен әлдеқашан ұмыт болған көп жайлар көкейінде жаңадан болғандай бірінен соң бірі жаңғырды, кезінде мүғалімі сенен оңған адам шықпайды дегені құлағында ызыңдады, математика сабағында, апай тақтаға есеп шығаруға шақырды, «мен есеп шығара алмаймын, осы пәнді қатты жек көремін, апай» деді. Жек көрсеңде өмір бойы осы матемнен бір сәтке қол үзе алмайсың, өмірдің өзі есеп, қалай өмір сүруді алдын ала есептемесең опық жейсің. Керегіңді іздеп дүкенге кірсең де, шықсаң да тұнып тұрған есеп, айлығыңды санап басың қатады, демек есепсіз күнің жоқ… Не оқып тұрғанын мүлде ұмытып, сәждеде жерге қанша рет бас қойғанынан жаңылды. Тездетіп бітіріп жан-жағына қарады, ешкім жоқ. Бесін намазына азан шақырып, жамағат күтті. Нұржігіт мектепте матемнен басқа физика, химия сынды жаратылыстық пәндерден ештеңе құлағына кірмеді, барлық сабақтан үлгірімі төмен болып, директор мектептің мәртебесін түсіресің деп, ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын тізімнен алып тастау үшін оның үйіндегі көзі жақсы көрмейтін апасына балкүлше апарып беріп, алдап қол қойдырды.
«Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздыр адам баласын» деп есі шыққан әкесі оны медіресеге ертіп барды, онда ілініп-салынып зорға екі жылды бітіріп, бүгінде осы ауылдың найып имамы болып, қызыметке тағайындалғанына аз күн болды.
Бесін намазын жалғыз өзі оқыды, үйіне келіп шалқасынан жатып ұйқыға кетті, түсінде суда малтып жүрді.
Асыр намазын өтеуге мешітке барды, тағы жалғыз намаз оқуға тәкбір алды, ойына апасының әлі өсесің деген сөзі түсіп, ойдан ой туа берді…өсу үшін ауыл бас имамына жағып, аудан, облыс имамына сыйлық (хадия) деп ақша беру керек, айлығым да жоқ, бұнда жұма намазының өзіне үш жүз түтіні бар ауылдан отыз адам келмейді, келген он шақты адам садақа, не зекет бермейді, тек жаназа намазы мен құдайы тамаққа барғанда түсетін ақшадан кейде жиырма мың теңге, кейде ол да жоқ судағы балықтай аз нәрсені талшық етіп күн кешкен түрім мынау, өсу тұрмақ қалай үйленемін деп өзінің намазда тұрғанын мүлде ұмытып тек тілі жаттап алған аяттарды оқып, денесі спортқа айналған қимылды қайталап екі жаққа сәлем бергенде намазының біткенін білді. Оразаның соңын ала мешітке жұма намазына келетін оншақты адамның иманы аз болса да артты, аштықтан нәпістері әлсіреп, шайтандар кісенделіп, жазғы демалыста балаларын мешітке келіп сабақ алып, құраннан сауат ашуға алып келді, оларға Нұржігіт сабақ беріп қалғып-мүлгіп жүрді. Азанмен келген кішкентай қара бала алқына ауыз ашарға барып түнде келе жатса, жол бойындағы ағаштардың арасында от жанып тұрыпты.
-Оттан жаралған не, білесіңдер ме, баллар, ол шайтан, алғашқы адам Адам атаны Алла топырақтан жаратқан. Сондықтан да ол Адам атаға сәжде жасамай жанаттан қуылды, ол біздің жауымыз. Сен көрген түнде ағаш арасында жүрген сол бәле, ондай кезде “аятул күрси” мен “ықылас шарифті” үш қайтара оқысаң жоқ болады,- деді Нұржігіт.
Сегізінші сыныпта оқитын ұзын ерін арық ақсары бала, бәсең үнмен:
-Ағай, біз химия сабағында өткенде оқығамыз, жазды күндері ағаштың құрамын-дағы көміртегі мен ауадағы оттегі реакцияласып, көміртегі шала тотығына(шала күйікке) айналады, сол күйген жерден фосфор пайда болады, ол ауадағы екі молекулалы оттегімен тез рекцяға түсіп бес молекулалы фосфор ангритін түзеді де, түн ішінде жанғандай көрінеді, деп қағазға формуласын жазды. Осы бойынша сіріңке шырпысын жасайды,-деп сөзін одан сайын дәлелдеді сары бала.
Не айтарын білмеген Нұржігіт жаңағы балаға қараса, оқушылар ұстаздарына қарап үнсіз отырып қалды. Сол күннен бастап балалар біртіндеп азайып, ешкім келмей қалды.
Мешітте одан сайын жалғыз қалған Нұржігіт ауыл жігіттері сияқты қалашыққа барып қара жұмысқа тұрып, ақша тауып, қатын алуды ойлады, ауылдастарым көрсе ұят деп ол ойдан тез бас тартты. Бас имам жұма намазынан басқа уақытта мешітке бас сұқпайды, бірақ айлықты сол алады, бұл болса содан қалған ыдысты жалайды.
-Асалаумағайкүм, уа баракту, уа рахматуллаһ,-деп дауысын жұмсақ үнмен соза сәлем беріп, сегізінші ғасыр мұсылманынша киінген, иегінде екі тал қылы бар, орта бойлыдан биіктеу, төртпақ денелі қара жігіт кіріп келді.
-Уағалейкумассалам-деп еріншектене жауап бере сәлем алды Нұржігіт. Жігерінің солғындығын бірден байқаған ол хал-жағдайын сұрап іші-бауырына кіре түсті, мұндай жылылықты еш жерден сезінбеген Нұржігіттің іші жылып сала берді. Екеуі дәрет жаңалап бірге намаз оқыды, күндегі намаздағы қалың ой бұл жолы Нұржігітте болмады.
-Сізде жамағат жоқ па, молдаеке.
-Жоқ болып тұр, елдің барлығы ақша қуып жүр, намазға уақыты жоқ,- деп күбірледі.
-Адамның қанша уақыты барын тек Алла біледі, сол уақытты беріп тұрған Жаратушы емес пе,-деп қара жігіт ашына тіл қатты. -Бір адамды Алла жолына шақырсаңыз күнді шығыстан шығарып батысқа батырғаннан да қайырлы деген хадис бар, сондықтан үй аралап, есік қағып иманға шақыру керек, басқа діндегі біреулердің есік қағып, қолыңа кітапшалар ұстатып, қанша қазақты өз дінімізден бездірді,- деп жүрегімен Нұржігітке уағыз айта бастады.
-Ауылымда барлығы таниды, ұят,-деп күбірледі иманы аз болса да көтерілген Нүржігіт.
Осы орайды бағып отырған қара жігіт, «Онда менімен бірге жүріңіз, сізді ешкім танымайтын жерге ертіп барамын, үш күндік сапараға шығамыз, дағауат жасап иманға адам шақырамыз, сауапқа батамыз, бұнда ақыры адам да жоқ екен, жұмаға дейін қайтып келесіз деп дағауаттың сансыз сауабын айтты, екі дүниенің бақытына жетудің төте жолы осы деді. Жүректен шыққан сөз жүрекке тез жетті, әлсіреген иманы күшейді.

***
Безектеген қоңырау үні таң намазынан кейін ұйқыға енді кеткен Нұржігітті селк еткізді, сөмкесін арқалаған ол апасына үш күннен соң келемін деп сыбырлап, есіктен жеңіл шықты.
Алматының орталық мешітінде кездес-кен төрт жігіт қалың адам арасынан бірін-бірі бұрын көрмесе де тез таныды, екі студент пен Нұржігітке өзін Омар деп таныстырған шоқша сақалды, қалқан құлақ, арық ұзын бойлы жігіт, «сапарға шығыңдар, тақуалықты серік етіңдер, Алланың хикіметін сезіңдер» деп аз кідірді, екеу болсаңдар біріңді бастық сайлаңдар, болмаса сендердің басшыларың шайтан болды деген хадисті естеріне салып, кім бастық болсын деп үшеуіне қарады. Өзіңіз болыңыз деді үшеуі таласа. Қалқан құлақ сары жігіт сапар басшысы болып сайланып, барлығы оның сөзін екі етпей орындауға келісті, кешегі қара жігітті сұрады Нұржігіт. А, ол кісі біздің бастық басқа жаққа кетті, мені жіберді деп қысқа жауап берді. Мешіттің сол қапталынан гәзелге мініп жолға шықты, Шелекке ерте жетті, бұларға қайсы ауылға барса да бәрі бір, алдымен жүргелі тұрған автобусқа мініп бір ауылға тартып отырды. Иен дала өзімен өзі мүлгиді, күздің суық желі ағаштардың басынан жапырақтарын жерге төгеді, жаздай шуылдап мазамды алдың деп ренжитін кәрі ағаш жапырақтарын жерге қимай жыламсырап қарайды, жапырақтар еш нәрсе сезбей бірінің үстіне бірі сықылықтай күле барып жерге түседі. Тар жол қарсы бағытты тоқтап өткізбесе симайды, жаңағы Шелектегі қалың көліктер жоқ, ауылға жеткенше екі рет тоқтап жол берді. Қас қарая ауыл мешітін тауып, есіктегі қара құлыпты сипап, азан шақырып сары жігіттің артына тұрып ақшам намазын оқыған бұлардың рухтары тәнінен бөлініп көктен қалықтап жерге түсті, орындарында біраз отырып барып, тәлтіректеп тұрды. Жер бетін бір түрлі зілдей ауыр энергия басты, оның не нәрсе екенін жақсы білетін бұлар “аятул күрси”, “фалақ”, “нас” сүрелерін қайта-қайта оқып көшеге шықты, түнерген ауыл сырын ішіне бүгіп тосырқап тұр, мешіттің қарсы бетіндегі ағаш үйдің есігін қақты…
– Ассалаумағайкум, аға, біз құдайы қонақпыз.
-Ол неме, түсінбедім,- деп ұйғырша-қазақша араластыра сөйлеген шомбал еркек қақпасын тез жапты.
Енді бұлар бөлініп бір-бірден дарбаза қақты.
-Шоқша сақал сары жігіт қаққан үйден дәу семіз сары жігіт шығып, «құдай қонақ болсаң үйге кір» деп төріне отырғызды, бір шыны шайдан соң уағызды бастап кеткен оны семіз сары тырқыратып үйінен айдап шықты.
-Алса бойлы, толық қара студентке есіктен басын қылтитқан әйел «жеті түнде не қылған жансың» дегенде, сасып қалған ол бақытқа шақырып жүрмін деп саңқ етті. Айналайын, сенсіз де бақыттымын, бара ғой баратын жағыңа деп есігін тарс жапты.
Нұржігітке қазан бас еркек кім керек саған дегендей құлағын төсеп аз-кем тұрды, айтатын сөзін ұмытып қалған оған «жоғал» деп бақырып жіберді.
Көкшіл көз, ұзын жігітке боқ қарын семіз бай «сіздерді Алла жолына шақырып келдім» дегеніне, бетіне былш еткізіп түкіріп жіберді де кеудесінен бірді періп қақпадан шығарып салды. Аз-кем уақыттан соң есікті қайта қақты, не «керек саған» деп тепсініп келе жатқанда мына бетіме тағы бір түкіріп беріңізші, Алла ризалығы үшін деп екінші бетін тоса қойды. Ойланып қалған бай не дерін білмей шегіншектеп үйіне кіріп кетті. Ешқайсысының жолы болмады, қазақ-ұйғыр аралас ауыл үйлерінің шамы толықтай жанды.
Бұларды қондырар бір үй шықпады, сұрап жүріп мешіттің ұйғыр имамының үйін зорға тауып, өздерінің не үшін жүргенін түсіндірді, имам бірден діни басқарманың бұйрығы бар, бөтен адамдарды мешітке қондыра алмаймын, түнге қарай есігін де ашпаймын деп, қасарысқан қасқа бас шал сөзінің артын жөтелге жетелетіп, насыбайын ұртына салып есігін жапты. Түнгі ауырлықты аспаннан түскен бөгде нәсілдің азғыруы деп білген сары жігіт, бар үмітті ертеңге қаратып, кешкі сүйектен өткен суықты елеместен мешіт ауласына жатуға шешім жасады. Келісімдері бойынша үш жігіт тіс жарып бастықтарына қарсы шықпады, шықса да басқа амалдары жоқ еді. Қап-қараңғы түн сұрланып төртеуді қоршап алғандай, қарға адым жер көрінбейді, меңіреу түн, ауылдың жалғыз дүкенінен ішетін су мен жейтін бірдеңе сатып алып, тәнін азықтандырып, құптан намазын оқып, сәждеде ұзақ жатты, осы ауылға жұмсақтық бер, мешіт имамына жылы жүрек бер, елге қидаят-таупиық бер деп көздері сора-сора болып, түннің жарымына дейін дұғада болды. Көп намаз оқыды, өздерінің тоңғанын мүлде ұмытты, қара жерге алғашқы қабыршақ мүз қатып суық ызғар ұрады, намаздарын бітірген бұларды түнгі суық жел тіміскілеп, ашық жері бар ма деп көп искеледі, киімдері жұқа екі студент тістері-тісіне тиіп дір-дір етті, жол басшысы сары жігіт өзінің шапаны мен торжейдесін екеуіне беріп, жалаң шапанмен тістей қатып жатты, бұлар түнде тұрып суық сумен дәрет алып, таһажүт намаз оқып тағы да ұзақ-ұзақ жылады, бізді кешір, Алаһым, деп жалбарына өксіді, осы елдің осыншама қараңғы қалуына біз кінәліміз, кешігіп келгенбіз деп өздерін жазғыра төрт тақуа таң намаздарын өтеп енді жатқаны сол, тысырлаған аяқ дыбысы жақындап келді, «обалай, әбден жаурадыңыздар» деп кеше кештегі қара тастай қатып тұрған мешіт имамы оларды үйіне қонаққа шақырып жылы шайын беріп асты-үстеріне түсіп бәйек болды. Шай соңын ала гүрілдеп көлік келіп тоқтап, түндегі бетке түкіргіш бай бұлардан кешірім сұрады….Ол өзінің жалғыз баласы түнде мас келіп жағын сындыра жаздағанын айтып, кеңкілдеп жылады, соған көмек жасап, намазға шақырсаңдар деп, жынын алған бақсыдай мөлие қарап оларды үйіне қонаққа шақырды…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Таңат Нұрғазы дауыс

    Шығарма жаман емес. Алайда көркемдік деңгейі төмен. Тым қарабайыр. Піспеген десем де болар. Ойы жүйелі, бағыты дұрыс. Бірақ бұл шығарма қазақ әдебиетіне не берер екен деген ойға қалдым… Бәлкім жай әңгімелеуді қойып, шығарманың формасын түрлендіру керек шығар. Не де болса авторға сәттілік тіледім!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.